Дүйсенбі, 7 Қыркүйек 2026
Білгенге маржан 179 0 пікір 7 Қыркүйек, 2026 сағат 14:11

Күлкінің де жауапкершілігі бар!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды / Хужахметов Жамшид Жаңабайұлы.

Күлкі — қоғамды түзейтін қуатты құрал. Алайда ол адам бойындағы мінді әшкерелеуден тұтас қауымды кемсітуге ауысқан сәтте тәрбиелік мәнінен айырылады.

Алдар көсе туралы хикаяларда молда бейнесі жиі аңқау, ашкөз немесе екіжүзді кейіпте суреттеледі. Ал Қожанасыр жайындағы анекдоттарда күлкі кейіпкердің әрекетімен ғана шектелмей, оның атындағы «қожа» сөзімен де астасып қабылданады. Сөйтіп, бір жағынан, молда атауы надандықпен байланыстырылса, екінші жағынан, Қожанасырға бағытталған келеке қожа руы мен қожа қауымына ауысып кетуі мүмкін. Осы екі құбылысты бір-бірінен ажыратып қарау қажет.

Бұл жерде мәселе Алдар көсе мен Қожанасыр мұрасын жоққа шығаруда емес. Бұл хикаялар әзіл мен парадокс арқылы сараңдықты, озбырлықты, пайдакүнемдікті және екіжүзділікті әшкерелейді. Негізгі мәселе жеке кейіпкердің мінін молдалардың бәріне немесе қожа қауымына теліп жібермеуде. Қожанасырды қазақтағы қожа әулеттерінің тікелей өкілі деп тарихи тұжырым жасап отырған жоқпыз. Әңгіме — оның атындағы «қожа» сөзінің қазақ ортасында қожа руы мен қожа қауымына байланыстырылып қабылдануы жайында. Нақты адамның надандығын, ашкөздігін немесе екіжүзділігін сынау орынды. Бірақ сол мінді тұтас атауға таңу — әділетсіз жалпылау.

Бізде қадірлі ұғымды сөзбен дәріптеп, іс жүзінде қадірсіздендіріп алатын қайшылық бар. «Молданың орнын құрметтейміз, қожаны сыйлаймыз» дейміз, бірақ кейде осы атаулардың өзін келекеге айналдырамыз. Сонда біз нақты бір адамның теріс қылығын сынап отырмыз ба, әлде молда мен қожа қауымының бәрін мазақ етіп отырмыз ба? Осы екеуін ажырату сөз мәдениетімен қатар, әділетті ойлауды да талап етеді.

Құрмет дегеніміз көзсіз мадақтау немесе атағына қарап мінсіз санау емес. Дінді адал түсіндіріп, адамды ізгілікке, білімге және жауапкершілікке үндеген кісі құрметке лайық. Сонымен бірге шынайы құрмет әділ бағалаумен ұштасуға тиіс. Адамның кім екені оның тегімен немесе қоғамдағы орнымен ғана емес, сөзі мен ісінен танылады. Сондықтан құрмет те, сын да нақты адамға және оның әрекетіне бағытталғаны жөн.

Бұл мәселе әсіресе бала тәрбиесінде маңызды. Бала үлкендердің нені құрметтеп, нені күлкіге айналдырғанын тез қабылдайды. Егер біз қасиетті ұғымды, білімді адамды және надан кейіпкерді бір-бірінен ажыратпай келемеждесек, баланың санасында құрмет пен мазақтың арасы бұлыңғырланады. Кейін «неге жас ұрпақ үлкенді сыйламайды, сөздің парқын білмейді?» деп таңдануымыз мүмкін. Алайда баланың санасына құрметтің орнына келекені сіңіріп алып, кінәні заманнан іздеу — өз жауапкершілігімізді мойындамау.

Сондықтан балаға «күлме» деу жеткіліксіз; оған «ненің үстінен және не үшін күліп тұрғаныңды түсін» деу керек. «Бәріне сене берме» деумен де шектелмей, ақиқатты жалғаннан, білімді надандықтан, шынайы қызметті атаққұмарлықтан ажыратуды үйреткен жөн. Құрмет пен сыни ойлау бір-біріне қарсы емес: шынайы құрмет әділетті бағалаудан басталады.

Күлкі әлсізді кемсіткенде — мазақ, ал әділетсіздікті әшкерелегенде — тәрбие. Сондықтан Алдар көсе жайындағы әңгімелердегі молда бейнесін де, Қожанасыр анекдоттарындағы «қожа» атауын да бүгін жауапкершілікпен түсіндіруіміз керек. Ондағы күлкі нақты қылыққа бағытталсын, молда мен қожа қауымын тұтас кемсітуге айналмасын. Тұтас қауымды келемеждеу емес, нақты қылықты әділ сынау — сөздің де, қоғамның да мәдениетін танытады. Сонда ғана күлкі кекесінге емес, кемелдікке бастайтын күшке айналады.

Хужахметов Жамшид Жаңабайұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 956
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2455
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 657
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 637