Қабылсаят ӘБІШЕВ: Мүйіз сұрап жүріп құлақтан айрылдық
Көші-қон комитеті тарап, оның ендігі қызметі Ішкістер минситрлігінің құзыретіне берілгелі жатыр. Бұдан былай қазақ көшінің тағдыры қалай болмақ? Толассыз ағылған миграция мәселесі толайым шешімін таба ала ма? «Abai.kz» порталын алаңдатқан осы сауалдарға орай Көші-қон комитетінің қазірігі төрағасы Қабылсаят Әбішев өз ойын ортаға сала отырып: «Агенттік құру керек!» деп айқайлап жүргендер Көші-қон комитетіне зар болып қалды», - деді.
- Қабылсаят аға, көші-қонның құзыретін ІІМ-не бергелі жатыр деп естідік. Бұл мәселеге Сіздің көзқарасыңыз қандай? Онсыз да проблемасы жетіп артылатын күрделі саланы полицейлерге бергеннен қандай пайда бар?
Көші-қон комитеті тарап, оның ендігі қызметі Ішкістер минситрлігінің құзыретіне берілгелі жатыр. Бұдан былай қазақ көшінің тағдыры қалай болмақ? Толассыз ағылған миграция мәселесі толайым шешімін таба ала ма? «Abai.kz» порталын алаңдатқан осы сауалдарға орай Көші-қон комитетінің қазірігі төрағасы Қабылсаят Әбішев өз ойын ортаға сала отырып: «Агенттік құру керек!» деп айқайлап жүргендер Көші-қон комитетіне зар болып қалды», - деді.
- Қабылсаят аға, көші-қонның құзыретін ІІМ-не бергелі жатыр деп естідік. Бұл мәселеге Сіздің көзқарасыңыз қандай? Онсыз да проблемасы жетіп артылатын күрделі саланы полицейлерге бергеннен қандай пайда бар?
- «Көші-қонмен түбегейлі айналысатын жеке агенттік құру керек!» деген мәселені оралмандар да, зиялы қауым да көптен бері айтып жүр. Өйткені, көші-қон деген әрі үлкен, әрі күрделі мәселе. Тіпті, 21 ғасырды «Миграция ғасыры» деп атап жатыр. Күллі әлемде адамдардың көші-қон қозғалысы қарқын алуда. Шекара ашық. Мысалға Ресейді алайық. Ресейден жылына 12,5 млн. орыс Еуропаға миграцияға қатысса, сол Ресейдің өзіне жыл сайын 14 млн. адам миграциялық құбылысқа қатысады екен. Миграциялық құбылыс дегеніміз - көшіп келеді, көшіп кетеді, уақытша тұруға қоныс аударады. Ал біздің еліміздегі миграциялық ахуал 2 млн-ның маңында. Оның ішіне еңбек миграциясы, заңды және заңсыз миграция да кіреді. Мысал үшін, өзбек, тәжік, қырғыздар қазақ жеріне келіп, нәпақасын тауып, күнін көріп кетіп жатыр. Содан соң, өзіміздің этникалық миграциямыз, босқындарымыз тағы бар. Мінеки, бұлардың бәрі күрделі мәселе болғандықтан, бір құзырлы орган айналысуы керек. Көптеген мемлекеттерде көші-қон жеке орган: министрлік, агенттік немесе қызметтік (миграционная служба). Айталық, Ресейде федерациялық қызмет, Әзербайжанда министрлік, іргеміздегі қырғыздың өзінде министрлік... Ал бізде ше? Көші-қон мәселесімен екі министрлік айналысады. Еңбек миграциясымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысса, мигранттарды тіркеу, виза беру және оның уақытын созу Ішкі істер министрлігінің құзырына берілген. Сондықтан да, осы құзырет 2-3-ке бөлініп кеткен соң, барлығы бір қолда болса темірдей тәртіп болар еді деген мәселе көтеріліп жүрген. Бұл мәселе шешімін қалай табады? Ата заңымыз бойынша, құзырлы органды құру президенттің құзырында болғандықтан, биылғы жылдың 17-нші тамызында: «ІІМ-нің құрамынан миграция полициясы құрылсын» деген жарлық шығарылды. Кейіннен оған өзгеріс енгізіліп, 22-нші қыркүйекте басқа жарлық шықты. Осы қаулы (қосымша жарлық) бойынша, Көші-қон комитеті жойылып, миграция полициясы комитеті құрылатын болды. Алайда, сырттан еңбек күшін тарту, оралмандарға үстеме жәрдемақы төлеу сияқты функциялар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде қалсын деп көрсетіліпті жарлықта... Сонымен қоса, көші-қон комитетін жою туралы 30-ншы қыркүйекте Үкіметтің де қаулысы шықты. Яғни, жаңа комитетті құруға қажетті нормативтік-құқықтық құжаттар түгел дайын деген сөз.
- Сонда көші-қон комитеті түгелдей ІІМ-нің құрамына өте сала ма?
- Бұл жерде бір үлкен мәселе туындап тұр. Алғашында біздің қызметкерлеріміздің жартысы сол министрліктің құрамына өтеді деген әңгіме болған. Бірақ, өмір бойы осы көші-қонмен айналысқан мықты мамандарымызды Ішкістер министрлігі (ІІМ) жұмысқа алмаймыз деп жатыр. Өйткені, біздің қызметкерлеріміздің көбісі 50 мен 60-тан асқан адамдар. Олардың айтатын сылтаулары мынау: көші-қон полициясында әрі жас, әрі шенді, әрі әскери адам жұмыс істеуі керек. Ал, бүгінге дейін Көші-қон комитетінің аумақтық жергілікті жердегі департаменттері қалыптасқан жүйемен жұмыс істеп отыр еді. Бізде оралман базасы (дерек қоры) бар. Қоныс аударған әр қазақты осы дерек қорына енгізетін едік. Енді, бұл департаменттер де екіге бөлінбек. Ең өкініштісі, көші-қон саласында өмір бойы жұмыс істеген адамдар жұмыссыз қалмақшы. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Жаңа орган көші-қон мәселелерін бақылау комитеті болып құрылуы керек еді. Бір бөлігін мемлекеттік қызметшілер, екінші бөлігін көшедегі мигранттармен күресетін полицейлер құраса... Бұл жерде қызметтің бәрі полицияға ауысты да, көші-қон саясатымен айналысатын орган жойылды. Өйткені, миграция полициясына тек жүзеге асыру функциясы берілген. Болды. Жарлықта олар көші-қон саясатымен айналысады деген сөз айтылмаған.
- Сонда бұл жұмысты кім қолға алады?
- Бұған дейін көші-қон саясатымен біз айналысатынбыз. Мысалы, «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асырдық. Жұмысымыздың нәтижесі сол - қазір Қазақстанда 4 үлкен оралмандарды бейімдеу орталықтары жұмыс істеп тұр. Маңғыстауда биыл 197 пәтерлік бейімдеу орталығын аштық. Сондай-ақ, Қарағандыда 140 орындық, Ақсукеннтте екі үлкен орталығымыз бар. Тіпті, әр облыста оралмандар 1-2 күн уақытша тұратын орынжайлар да ашылды. Енді осылардың барлығын ІІМ-не өткізіп жатырмыз. Ол министрлік бұл шаруамен қалай айналысады, ол жағын білмейміз. Мықты, тәжірибелі мамандарымыз қысқартуға ұшырады. Қазақша айтқанда, оларға обал. «Араларыңыздан 1-2 адамды ғана жұмысқа аламыз» деген кертартпа көзқарас пайда болды. Бұл мәселені кім шешетінін білмейміз?.. «Мұртқа өтпелеп жүргенде сақал шықты» деуші еді қазақ. Бұған дейін «Көші-қон комитеті жаман», «Комитеттің құзыры төмен», «Агенттік құру керек» деп айқайлап жүрген жазушылар, оралмандар, ағайындар Көші-қон комитетіне зар болатын болды. Өйткені, комитет тараған соң, оралман шаруасымен енді полицияның ішіндегі бір басқарма не бір бөлім ғана айналысады. Міне, бүгінгі күні осындай жағдай қалыптасып отыр. Біз 1 қарашаға дейін жұмыс жасаймыз да, сол күннен бастап мөрімізді жойып, қызметімізді тоқтатамыз.
- Ал өзіңіз жұмыссыз қаламын деп қорықпайсыз ба?
- Мен мемлекеттік қызметшімін. Қайда жіберсе - сонда барамын. Үкіметке тәжірибем керек болса, жұмыс істеймін. Өйткені, осы күнге дейін Үкіметке адал қызмет етіп келемін. Президенттің қолынан екі рет алғыс хат та алдым. Керек болмасам, ғылыммен не кәсіппен айналысамын. Мақала жазамын. Ешкімнен ешкім артық тумаған. Көп қазақтың бірі болып күн көреміз-де.
- Жуырда жалған оралмандардың мемлекет қазынасына айтырлықтай зиян келтіргені жария болды. Жалпы, бұл індетпен қалай күресіп жатырсыздар?
- Жалған оралманмен күресуді мен осы комитет басшылығына келгеннен бастадық. ҰҚК, қаржы полициясы, жергілікті жерлердегі әкімшіліктермен белсенді жұмыс жүргіздік. Жалпы бұл көшіп келіп жатқан ағайынға, көшті ұйымдастырып отырған адамдарға ұят әкелетін нәрсе. Жасыратыны жоқ, 2005 жылдан бастап жалған оралмандық Қазақстанда етек алды. Себебі, 2005 жылы оралмандарға квота бөлініп, қосымша жәрдемақылар беріле бастады. Мысалы, бір отбасына 1 млн. теңгедей қаржы бөлінеді. Жыл сайын бөлінетін 10 млрд. теңге, соңғы екі жылда 16 млрдқа жетті. 16 млрд. дегеніңіз - 120 млн. АҚШ доллары. Бұл - оралманның қалтасына салып беретін ақша. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, біздің алаяқтар да, оралманның алаяқтары да осы ақшаға қызықты. Мынадай фактіні айтайын: Қазақстанда соңғы 5 жыл ішінде 200-300 мыңға жуық оралман қолдан жасалған құжатпен тіркеліпті. Олардың барлығына азаматтық берілген. Бірақ, олар санақта бар да, өмірде жоқ адамдар.
- Қызық екен. Сонда биыл елімізге қанша оралман көшіп келді?
- Биыл 1 млн. оралман келген жоқ. Бәлкім, 300-400 мыңның шамасында болар?!. Өйткені, бұл мәліметті Статистика агенттігіндегі карточкамен көріп отырмыз. Сондай-ақ, зерттеу жүргізуге өзіміздің дерек қорымызды пайдаландық. Егер Үкімет мұны шындап қолға алғысы келсе, оралмандарға санақ жүргізуі керек. Оларды бас-басына санаудың қажеті жоқ. Тек қана дерек қоры арқылы оралман құжатын алғандарды санау керек. Мысалы, қай жерде баласы оқу оқып жатыр, қай жерде салық төлеп жатыр, қай жерде жәрдемақы алып отыр және т.с.с. Егер дені сау комиссия құрылса, нақты оралмандардың санын шығарып алу қиын емес. Негізі, жалған құжат алғандарды оралман санатынан шығарып, нақты қанша оралманымыз бар екенін санап алуымыз керек. Тіпті, 200 мың оралман болса да, шындығын көрсетуіміз қажет. Егер де осының барлығын іздейтін, тәртіпке салатын орган болса, барлығы басы ашық әңгіме.
- Қабылсаят аға, сіздер Парламентке «Көші-қон туралы» заңның жобасын енгізбеп пе едіңіздер? Енді комитет жойылса, ол жобаның тағдыры не болмақ?
- Иә, енгізген едік. Ол заң жобасының тағдыры не болатынын мен білмеймін. Бір білетінім, сол жобада сенімхат дегенді алып тастағанбыз. Яғни, көшіп келген оралман Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана сол құжатымен барып, оралманға тиесілі ақшаны ала алады деген норма кіргізгенбіз. Сол норма күшіне енсе, жалған оралмандық мәселесін шешер едік. Ал, ол норма заңға енбей қалса, онда арғы жағы белгілі...
Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ,
«Абай-ақпарат»