Жұма, 29 Мамыр 2026
Абай мұрасы 246 0 пікір 29 Мамыр, 2026 сағат 13:05

Абай да саясат құрбанына айналар еді...

Суреттер: zhaikpress.kz, png.klev.club сайттарынан алынды.

31 мамыр – Саяси қуғын - сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні!

Кезіндегі залым саясат «тап жауы» деп көзге шұқып, Құнанбай мен Абайдың да әруақтарына тыныштық бермеу өз алдына, балалары мен немерелерін де аяған жоқ. Біздің ғана  білетініміз, қажы әулетінен 14 ұрпағы саяси қуғын - сүргіннің құрбанына айналды. Осыны айтқанда, «ұлы Абай кәрілікке жеткен күнде, тағдыры қалай болар еді...» деген ойдан жанымыз түршігеді. Әңгіме, бірақ Хакімнің дүниеден ертерек өткенінде емес. Біздікі, «теңдік, әділдік» деп ұрандатқан большевиктер партиясы мен оның үкіметінің қазақ жеріне әкелген қисапсыз қасіретін ақынның көрмегеніне шүкіршілік етуге ғана  келіп саяды.

Барша адам баласын бауыр тұтқан ұлы адамды жарымжан қоғам «хайуандарының» талауына қалайша қиярсың?! Хакім Абай қараңғылық «бұғауы» барған сайын тарылып, сығымдала түскен бодандағы қазақ даласының мүшкіл хәлін аяусыз әшкереледі. Бұдан патша үкіметін «қанаушы, зорлықшыл билік» деп, өзі құлатқан «қызыл» диктатураға  келіп, кетер дәнеме жоқ сияқты. Алайда,  ұлттар теңдігі шовинистік саясатқа көз алдайтын жылтыр ұран ғана екен. «Қып-қызыл» содыр билік сол баяғы империалистік пиғылды желеп-жебеп, орыс халқының мүддесіне «қайшы әрекеттердің» бәріне  тіксіне қарады.

Бұқар жыраудан басталған зар заман ақындарының терістіктен төнген қауіп-қатер  туралы ескертпесінің шындыққа айналғанын көрген Абайдың қабағын мұң басады. «Қайран қазағының» бөтен жұртқа күні түсуінің себебін, оның оқу-білімге салқын тартып, қараңғылық қапасында қамалуынан көреді. Сондықтан надандықтың обыр дерті секілді қасіретін  айтудан жалықпайды. Себебі, надан «өзімдікі ғана дұрыс» дейді, оған «қарыны тойса, ұйқысы қанса» жетіп жатыр. Мұндай қауымға кешіре білу жат, кемшіліксіз жанның жоғын түйсініп, іштарлық пен қызғаныш зарарына көз жұма салу қолдарынан келмейді.

Орыс патшасының «құрығына» түскеннен кейін бұрынғыдан бетер өршіген жағымпаздық пен арызқойлық та сол надандықтың салдары еді.   Осыған қынжыла отырып Хакім қандастарын оқу-білімге, ерінбей еңбек етуге және адалдық пен әділдікке шақырады. «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп, жастарға «пайда ойламай, ар ойлап, артық білуге талап қылуды, оқалы киім киіп, бос мақтанға салынбауды» өсиет етеді. Алайда, «ақыл сөзге ынтасыз  айналасы көнгенім-ақ соған деп табандағанның» кебін киеді. Айналасының  «баяғы жартас – бір жартас,  қаңқ етер түкті байқамас» қалпынан еріксіз жабығады.

Әсіресе, ата дәстүрді басқыншы биліктің, «көкпарға» тартқандай, жан-жақтан «жыртысқа» салғанын «көңілінің көзі ашық сергек» жанға көруден асқан азап жоқ. Хакімнің алдағы күнге деген үміті  күңгірт тартып бара жатты: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған...», - деп, «іші толған у мен өрт». Қазағының қараңғылық ұйығына батқан алакөз тірлігінен «қайғы мен ыза қысып, тілінен зар шығады». Халықты «бай мен кедей»  деп екіге жарып, өзара жауластыратын Қазан төңкерісінің «дүмпуі»  талып жетеді.

Абайды сырттай білетін және Ресейдегі елдің толқуынан хабардар зиялы азаматтар қиыр-қиырдан хат-хабар жолдап, ақыл-кеңес қосуды сұрайды. Бұған басқан ізін қалт жібермей аңдыған жаулары «алақандарын» ысқылап, ояз бен ұлыққа арыздарын жаудырады. Жандарал кеңселері Хакімге жала жапқан шағымдарды шұқшия қарап, оның елдегі дұшпандарына астыртын «көпшік» қойып, қолдап бағады. Халық арасында қадірі асып, патшаның шен-шекпенділерін сынап, мінеген сөз сүлейін сәті түссе, омақа асырғылары-ақ келеді. Ақынға келген хатты сылтау етіп,  1903 жылы бір топ жандармның Абай үйінде тінту жүргізетіні белгілі.

Бұл жайында біз Ысқақов Әрхам Кәкітайұлының естелігінен қанығамыз. Ақынның шөбере інісі Жидебайға «үш аттан жеккен екі арба орыс» барып, тінту жүргізгенін» жазады. Әлгілер «патша үкіметін жамандап жазған хатты іздегендерімен,  түк таппайды. Сонда отағасы «іздеп келгеніңіз осы хат па?» деп, төс қалтасынан бір қағаз алып береді. Тергеуші мынадай «жомарттыққа» разы болып, оның жөн-жосығын білген соң, арты тыныш бітеді. Бірақ, өзіне дейінгі ақын-жырауларды уайымға салған отарлық құлдықтың ауыртпашылығын Абай әлі талай бастан кешеді. Мәселен, ақынның Бөрібаев дегеннің домалақ арызы бойынша Семейде бірнеше ай тергеуде болатыны мәлім.

Елдің атқамінерлері, өкінішке қарай, «заманның илеуіне» көнбек түгілі «ұлық пен ояздың арқаға қағып, шенді шекпен жапқанына» мәз болады. «Күштілері сөз айтса, шыбындап, сияз бар десе, жүрегі суылдап, құр күледі жымыңдаптың» кері. Хакім «жұрт меңгермектің» кез-келгеннің қолынан келмейтінін айтып, мақтан үшін болыс болатын «қайратсызға» «өткір тілді найзасын» кезейді. «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келе бермейді, - деп жазады ол. - Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның   «Жеті жарғысын» білмек керек».

Қазақтың дәстүрлі құқық ережелерін білетін адам аз болған соң, қоғамды жағымпаздық пен сатқындық, арызқойлық пен арамдық кеулеп бара жатты. Табысқа тез жетуді аңсап, «бір-ақ секіріп шығам, бір-ақ ырғып түсем деп, яки ұрлықпен мал табам деп» масқара болатындар онда да аз емес еді. Ақын, сондай-ақ,  «сыбырдан басқа сыры жоқ, шаруаға қыры жоқ,  өтірік арызбен қалаға шабатын пысықай мен арамды «сойылмен жығып, шаңға аунатады». Қайран қазағының қараңғылық пен надандық  қапасында қамалмай,  «жарыққа» – білім мен ғылымға жетуін аңсап, әсіресе «жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп, ел келешегіне  үміт артады.

Осы тынымсыз талап пен ізденіс үстінде ғұламаның тапқан арқатірегі – білім мен ғылым «даңғылы» еді. «Бес күндік» тірлікте сүйініш пен күйінішті аз көрмеген ақынның өмірден суынатын кезіне дейін де көп қалмаған. Қоғамды «қанаушы мен қаналушыға» бөліп, іргеден жау тауып беретін аласапыран шақ та алыс емес. Абай тірі болса, 72 жасқа толатын  жылы, қазан айының қара суығында «езілген елді жарылқаймын» деп, қандықол диктатураның «қасабы» жалаң қағады. Азамат соғысының түтіні сейілмей жатып,  ұлт тарихы пен әдебиетін, дін мен ділді, тіл мен дәстүрді терістеудің «кіші қазаны», большевиктік «тазалау» науқаны өршиді. Бірде аяздай қарып, енді бірде аптаптай шыжғырған билік Абайдың асыл мұрасына да «қызыл» көрген қырғидай шүйілген  болатын.

Ақын мұрасына шабуыл

Ұлт қайраткерлерінің ата тарих пен салт-дәстүрге ара түскен әділетті талабына кеңес үкіметі  пысқырмай,  зиялы қауымды қыспаққа алды. Ұлы Абайды «қанаушы таптың ақыны» ретінде жазғырып, ақынның асыл мұрасына коммунизм мұратына жат әдебиет деп «күйе жағу» басталды. «Абай» романының 1-2-ші кітаптары мен «Абай жолы» романының 3-ші кітабын талқылауға арналған жазушылар жиналысының (12.08.1953 ж.) стенограммалық жазбасын қабырғаңыз қайыспай оқу қиын («Мұхтар Әуезов. Өнегелі өмір», А., «Қазақ университеті, 2017 ж.). Әріптестерінің бірінің түсінбей, екіншісінің қасақана жапқан «жаласынан»  жалыққан Мұхтар Омарханұлы «сыншыларын» түсінген сыңай танытуға мәжбүр.

Мәртебелі автор, «Абай» романын  талқылау кезінде айтылған сын-ескертпелерді «бәлкім кей тұстарында асыра көрсету бар шығар, мұнымен келісемін» деп, мойындағандай болады. Сондай-ақ, «жауапты қарап, шығармашылығына көмектескендері, Әуезовтің «Абай» романы қазақтың ұлы ақынының жарқын бейнесіне лайық болсын деген» жолдастық жанашыр пікірлері үшін «ризашылығын» да білдіреді. Ол, бірақ, өзіндік ұстанымымен сыйыспайтын мәселелерге келгенде мәймөңкеге салмайды. «Жалпы алғанда маған көмектессек деген жолдастық көзқарасқа түсіністікпен қараймын десем, бұл менің әрбір тұжырыммен келіскенім болмаса керек?» - деп,  турасына көшеді.

«Сіздер өз ойларыңызды жауапкершілікпен салмақтадыңыздар, мен де жазғанда көп ойландым, яғни зерттедім, - дейді ол ашығын айтып, - демек менің де белгілі бір тұжырым жасауға өз себептерім бар. Бұл шығармалармен мен сегіз жыл (1942-1950 ж.) жұмыс жасадым. Сондықтан айтылғанның бәрі жөн, түзеймін десем, дұрыс болмайды... Әдебиеттен мүлде аулақ кейбір адамдар жарымжан ойларымен бәрін мансұқтамақ болады...». Осылай жан сырын жасырмай, «әдебиетті, оның төңірегінде өздерінің жүргенін ақтау үшін ғана келгендерден қорғау керектігін»,  баса айтып, көрсетеді.

Бұл жазушының бір немесе бірнеше сынға ғана берген жауабы емес, «сын шын болсын, шын сын болсын» деген азаматтық берік көзқарасы еді. Аяқтан шалуды азсынып, абақтыға жаптырудан дәмелі «достарының» қанша «тістерін қайрап», жанталасса да арам пиғылдарына жете алмай, зығырданы қайнайды. Табиғи дарыны мен суреткерлік шеберлігінің және қайраткерлік табанды күресінің арқасында М. О. Әуезов  Кеңестер Одағының бірінші дәрежелі Мемлекеттік  және Лениндік сыйлықтарының лауреаты атанады. Ұлы жазушының шығармашылық табысы, жоғарыда айтқандай, оның барша адамзаттың биік мақсатына сай еркіндікті көксеген ерік-жігері мен шығармашылық дарынының жемісі болатын.

Абайдың асыл мұрасына «қалқан әрі қамқор» болудың көпе-көрінеу қатерге бас тігу екенін Әуезов білмеді емес. «Абай» романын талқылаған аталмыш жиналысқа «қатыса  отырып»,  сойқанды пікірлерден сабырымыз ширығады. Әуелде әңгіменің беталысы дұрыс-ақ: бірінші боп сөз алған Ғали Әбетов қаламгердің еңбегіне объективті баға беруге тырысады. Ол «Абайдың шыққан ортасын сыпаттайтын сюжеттің желісі бүкіл романның арқауына айналып, автордың оны кең тыныспен көркем суреттейтініне» назар аударады. Оның бұлай айтуына,  кейбір «сыншылардың» автор өткен заманды «тым боямалап жіберген» деген жаласы себеп еді.

Баяндамашыны одан әрі тыңдасақ, ол «феодалдық ортаны суреттемейінше, Абай өмір сүрген заманның тарихи шындығын көрсету, сондай-ақ тарихи - ғұмырнамалақ романның жанрлық ерекшеліктерін сақтау мүмкін емес, - деп, өз пікірін таптық қоғам талабына лайық негіздейді. - Жекелеген сыншылар ол ортаны суреттеуді автордың ескіні әспеттеуі деп көрсетеді олар еңбекші халықтың есебінен жонданған ортаны, оның байлығымен, қатыгездігімен бейнелудің қажеттігімен санаспайды... кейбір жолдастар шектен шығып, Әуезовтің жазғандарын түгелдей жоққа шығаруға және оны халық жауы ретінде көрсетуге тырысады...».

Амал қайсы, «тап күресі туралы» насихаттан «уланған» немесе жеке басынының қызғанышынан ширыққан кейбіреу ұлы жазушы «өз қателігін» мойындап хат жазған 1932 жылдан кейін де  «Әуезов бұған дейін қандай болса, сондай болып қалды» деп, оның «ізіне шам алып түседі». Ғалымның түбіне жетуді көздеген жала жабу «науқаны», ең өкініштісі, оның өмірінің соңына шейін дерлік тоқтамайды. Бұған байланысты Мұхтар Омарханұлы өз күйінішін былайша жазып қалдырыпты: «Біреу адал ниетімен, ақ жүрегімен сынаса, енді біреулер барыңды жоққа шығаруға, аяқтан шалуға, сүріндіруге, түңілдіруге тырысып бағады. Өз басым мұндайларды көп кездестірдім».

Мұндай қасақана дұшпандық әрекетке қалай күйінбессің?!  Тіпті, «Абай» романы үшін бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілгеннен кейін де  Әуезовті сынап-мінеушілердің «шабуылы» тыйылмайды. Пәле-жала іздеушілердің сондағы бар тапқан кінәсі, жаңа айтылғандай, жазушы қазақтың өткен өмірін «тым әспеттеп» көрсетеді-міс. Тоқтам таппаған саяси қудалауларға 1951 жылғы 6 шілдедегі «Әлеуметтік-экономикалық пәндер, оның ішінде марксизм-ленинизм негіздері, тіл мен әдебиет, тарих кафедралары меңгерушілері жиналысының стенограммасы» да куәлік етеді. Онда ректораттың, партбюроның, ректордың немкеттілігінен ғылым академиясынан қуылған ғалымдардың университетке қызметке орналасқаны айыпталады.

Жиналыста, әсіресе, ҚазМу-дің физика-математика, филология мен химия факультеттерінің оңбай «былғанғаны» сынға алынады. Университет ректоры Т. Тәжібаев «Кенесары Қасымовтың реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалысына баға беруде буржуазиялық - ұлтшылдық, саяси қателерге жол берген профессор Бекмаханов ұзақ уақыт университетте оқытушылық жұмыста қала берді» деп «бармағын» тістейді. Бұған кінәлі «өмірбаяндарында теріс  деректері бар  немесе түрлі саяси қателер жіберген: Кеңесбаев, Ақпаев, Неминханов, қазақ тілі кафедрасының Маманов, Төлегенов, қазақ әдебиеті кафедрасының Ысмаилов, Кенжебаев, Әуезов, Шалабаев секілді оқытушылары-мыс».

Әуезовті жазықсыз қудалау

Мұндай ауыр сыннан соң, «халық жауына» айналу оп-оңай болатын. Алайда, қазақ ақын-жазушылары мен  ғалымдары коммунистік қатал цензура заманында да ұлт  әдебиеті мен тарихын ұлықтаудан бас тартпады. Жазушылардың қалалық жиынының стенограммасы соның тағы бір дәлелі (24.08.1951ж.). Онда қазақ қаламгерлеріне «кеңес халқының өмірлік шындығының орнына революцияға дейінгі феодалдық ауылдың детальдарын жырлайды, Отан ұғымын географиялық тар шеңбермен шатастырып, атамекенін мадақтаумен шұғылданады, ұлтшыл ақындарға тән көңіл-күй аңғарылады» деген айыптар тағылады.

Осы жиналыста, сондай-ақ тапшылдық қарабайыр желеумен Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Мамыр», «Айман-Шолпан», Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы-Көрпеш», «Ахан сері», Құсайыновтың «Шаншарлар», «Алдар Көсе», Тәжібаевтің «Жомарттың кілемі», «Біз – қазақтар», Жұмалиевтің «Едіге» секілді шығармаларын «қайта қарауға міндеттіміз, бұларда өткеннің мұрасын сын көзімен игерудің ойдағыдай емесіне күмән жоқ» делініпті. Бірақ, жаңағыдай дауасыз сынға жауап беріп, дұрыс-бұрысын түсіндірмек түгілі, ондай емеурін білдірудің өзі орыс шовинизмі үстемдік құрған қоғамда мүмкін емес болатын.

Ұлы ақынның асыл мұрасының мөлдір қайнарынан сусынын басып, терең ұлағат түйген Әуезов үшін, тегінде жалпыадамзаттық құндылық – бостандық пен тәуелсіздіктің өмірлік темірқазық екені де табиғи нәрсе.  Мұхтар Омарханұлының азаматтық жолы, аса көрнекті ғалым З. Қабдолов жазатындай, «Абайдың күллі шығармаларында желі боп тартылып жатқан «қалың елі – қазағы, қайран жұртының қамын ойлауы. Абай жарық дүниеге тек осы оймен келді, осы оймен өмір сүрді, осы оймен дүниеден өтті... Бағамдап байқасақ, Әуезовте де осы ойдан, мақсаттан, арманнан тыс тіршілік болмаған секілді». Қайраткер жазушы есіл елінің күйзелісін көре тұра үкіметтің қолшоқпарына айналмақ емес-ті.

Жалпы, Мұхтар Омарханұлының ұлтжанды қызметі мен тәуелсіз ұстанымына тиісті «жазалау» органдары ерте бастан назар аударады. Олар Әуезов өз еркімен партиядан шыққанда,  «қолдан ескен  бұғалықтарының» ұшы уыстарынан сусып шығып бара жатқанына өкінгенімен, ашу-ызаларын іштеріне бүгіп, қолайлы сәтті күтуге мәжбүр. Аңдыған қарақшы «көздің» сұғынан уақытша болса да сырт айнала тұру қаламгерге де аса қажет еді. Ол ендігі өміріне жазушылық пен ғылыми зерттеушілікті таңдап, тіпті «тыңшыларын» бір уақ «адастырып» кеткендей-ді. Алайда, бұл уақытша ғана тыныс алу екен.

Сондықтан тағдыры «қыл үстіндегі» Мұхтар Омарханұлы үшін тиісті органдар мен жауларының  нысанасына қайтара ілікпей тұрғанда   Ағарту халық комиссары О. Жандосовтың атына өтініш жазып, ғылыми-педагогтық қызметке оралу өмірлік қажеттілік еді. Өз өтінішінде ғалым «Соңғы жылдары әдебиетті зерттеудің әлеуметтік-имманентті тәсілінің (марксистік ұстаным - Б.Ж.) иланған жақтаушысына айналдым» немесе «ғылыми-оқытушылық қызметсіз  болашағымды елестете алмаймын» деп, өзін Ташкенттегі педагогикалық институттың оқытушылар қатарына қосуды сұрайды. Аталмыш өтініш қолдау тауып, бұл таңдаудың  Әуезовтің ғылыми ізденісінің  мәуелі «жеміс беруінде»  дұрыс шешім болғаны кәміл.

Сөз орайында Әуезовтің сыншыларын, біз үш топқа жіктер едік. Мұның біріншісі ақиқатын айтып, әділ бағасын бере тұрып та партия саясатының ықпалынан шыға алмағандар; ал екіншілері таптық саясат ұранымен әбден «уланғандар» болса, үшіншілері – «жарымжан ойларын» лапылдатып, жазушыны жеке бастың қызғанышымен «күйдіретін» пәлеқорлар мен жандайшаптар. Осы соңғыларының Әуезовті халық жауы ретінде көрсетуден дәмесі зор болатын. БКП(б) өлкелік комитетінің мәдениет және ленинизмді насихаттау бөлімінің жанындағы «Хан Кене» пьесасын талқылаған 1934 жылғы 8 мамырдағы мәжілістің стенографиялық есебі де соның айғағы.

Сонымен қатар Қазақстан кеңес Жазушылары одағының қалалық жиналысында «Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы, «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы, Мұқановтың «Балуан Шолағы», «18-19 ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері», Ысмайылов және Жұмалиевпен бірігіп жазған оқулықтары мен Бекқожиннің шығармасы  қатал сынға алынады. Алдын ала сайланып келген «сыншылар», тіпті қисынсыз «қылбұрау» салады. Аталған авторлардың  шығармаларында «Кенесары халық көсемі, ал қозғалыс прогрессивті деп көрсетіледі... орыс халқының қас жауы – Едігеден басталатын феодалдық-құлдық  батырлықтың кезекті толқыны болып шығады» деген айыптар тағылады.

Сонда қалай, «Ресейді халықтар түрмесіне» айналдырған зұлым патшаның басқыншылығына қарсы күрескен қаһармандар «орыс халқының қас жауы» болып шыққаны ма? Кеңес үкіметі «екі Ресей бар...» деп қаншалықты жар салғанымен, жеме-жемге келгенде орыс патшасына, отаршылдыққа, құлдық пен қанауға қарсы әділетті көтерілістің бәріне де «аға халыққа» қарсы күрес деген «қара таңба» салынғаны анық. Олай болса, әңгіме ескіні көксеуде де, байшылдықта да емес болатын. Бар мәселе, тарихи шығармалар мен  ғылыми зерттеулердің империялық, шовинистік үстемдік саясатқа жат көзқарас ретінде қабылдануында еді.

Сайып келгенде, елдің «соқтықпалы, соқпақсыз» өткен дәуірі мен жол-жоралғыларын жазуды кеңес үкіметі бодандыққа түскенге дейінгі бостандықтың артықшылығын көрсетіп, халықты еркін ел болуға үндеу деп қабылдап, тәуелсіздік туралы ой салатын кез-келген пікірге үрке қарады. М. Әуезовтің «Хан Кене» спектаклінің бірінші және соңғы қойылымында  әскерін жаулары қоршап алғанда Кенесарының «қазағы үшін өлуге даяр екенін» мәлімдеп, «еріңдер соңымнан» деп ұран тастағанда сахнадағы әртістерге қоса көрермендердің де ере жөнелуге дайын тұрғаны-ақ коммунистік диктатура «қолшоқпарларының» үрейін ұшырғаны даусыз.

«Қызыл» билік ұлы Абай мұрасын насихаттаудың да ұлттың оянып, өзінің өткен жолын, бүгінгі өмірі мен  болашағын пайымдауының  рухани серпілісіне себеп болуынан қатты сақтанды. «Ескіні жазу жаңаны жатырқау» ғана емес,  тәуелсіз заманды көксеу, тіпті оған іш тарту ретінде үкіметтің үрейін ұшырды. Мұхтар Омарханұлының екі жастың махаббатын дәріптеп, қараңғы қоғамның қасіретін көрсеткен «Еңлік – Кебек» пьесасы/спектаклін «жаңа адам тәрбиелеу міндеттеріне қайшы келеді» деген сылтаумен оқшаулап, саяси астар іздеуден өткен масқара бар ма!? Ендеше, ұрпағының тоз-тозын шығарып, шығармаларын отқа тастауға құлшынған коммунистік жүйенің ұлы Абайды да тірі болса, саяси қуғын-сүргіннің құрбандығына шалатынына күмән болмаса керек.

Болат Жүнісбеков, жазушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3336
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2440