Сейсенбі, 27 Маусым 2017
4 Маусым, 2017 сағат 23:49 Әдебиет 2432 2 пікір

Бұл кітапты баспаған жөн дұрысы...

Гейне – 220

Генрих ГЕЙНЕ

 (1797 – 1856)

Неміс ақыны

ҚАЗІРГІ ӨЛЕҢ-ЖЫРЛАР

ДОКТРИНА

 

Еш тайсалма, қақ дабылды ертемен,

Еркіңше сүй маркитантка* қатынды!

Міне, саған кітап сыры ең терең,

Міне, саған ғылым мәні татымды.

 

Ұйқыдағы бұз халықтың ұйқысын,

Қақ дабылды, қалсын қолда қан ізі,

Қарышта алға, тәрк ет көптің күйкі ісін,

Міне, саған бар ғылымның маңызы.

 

Міне, саған Гегельдің бар дәрісі,

Ұқтым оны, ақылдан еш ұтылман;

Міне, саған ғылымның шын мәнісі,

Себебі мен дабылшымын құтырған!

------------------

Маркитантка* – әскердегі еркін сауда жасаушы әйел.

 

 

  САҚТАНДЫРУ

 

Бұл кітапты баспаған жөн дұрысы,

Бәлесін ол жұқтырады, сүйіктім!

Атақ, ақша керек болса күн үшін,

Аяғына жығыл әрбір биіктің.

 

Ал мен болсам, тәрік еттім бар сәнін –

Иелігін бәріне ие бектердің,

Дінбасын да алдындағы баршаның

Барлық жалған болмысы үшін жек көрдім.

 

Тек жоғалу қалды саған шыбынша!

Бек біткеннің қолдары ұзын, себебі,

Не демейді тілі ұзын поп қызынса,

Ал халықтың құлағы ұзын келеді.

 

 

   СЫР

 

Мүлде бөлек күрсініс те көзде жас,

Тіпті, кейгі күлкіміз де жат енді.

Еш бір қимыл, сәлдекендей көзғарас

Сыр ұшығын ұстатпайды қатерлі.

 

Жатыр жаным қанға бөгіп бүгіп сыр,

Қасіреттің жым-жырт отын жағысып;

Қайнайды тек мендік жүрек бүлікшіл,

Жағым, бірақ қалған мүлде қарысып.

 

Сұра, не дер бесіктегі бөбегің,

Сұра барып қабірдегі өліктен,

Бәлкім, солар айтып қалар себебін,

Сырды жаймай қалғанымды неліктен.

 

 

ТАМБУРМАЖОР*

 

Мынау сол бір тамбурмажор баяғы,

Бейбақ сонша кеткен екен құлдырап!

Бонапарттың қол астында аялы,

Албырт жүрек жүрді төсін ұрғылап.

--------------------

Тамбурмажор* – француз әскеріндегі унтер-офицер шенді дабылшылар басшысы.

 

Сәнді асасын түсірмеді еш қолынан,

Жанарлары отты көсеп жарқылмен.

Күннің көзі бөліп алып тобынан,

Ақ сүртүгін зерлеуші еді алтынмен.

 

Астаналар тұрушы еді қалтырап,

Ол кіргенде маршпенен күркіреп.

Арулардың жүздерінде жарқырап,

Серпілетін басқан барлық түн-түнек.

 

Келді, көрді, жеңді жебеп құдірет,

Бұл ғажайып жатжерлікке төзім тән.

Қара мұртын тоғытпады ол бір ірет

Неміс қыздың көз жасына сезімтал.

 

Шыдау қалды! Қысты тарлық шеңбері!

Әскер біткен шеттерінен сатылды, ал:

Наполеонға берілді де ерлері,

Тамбурмажор еркінде еді – қатындар.

 

Біз, немістің еменінің ырқында

Төзіп келдік мұншама ұзақ азапқа,

Биік қауым қалмай жаттың құлпында

Қашан шық деп бұйырғанша азатқа.

 

Біз шайқастық, мүйіздері айбарлы

Бұлт шайқаған жабайы өгіз тәрізді,

Франктер тастай қашты майданды,

Әнмен жазып қалдырдық сан аңызды.

 

Қаһарлы әндер! Жауға мүлде жат әуен,

Осқылады ол тиран мыйын тасқұлақ,

Тамбурмажор жетегінде Наполеон

Ыршып қашты етектерін басқылап.

 

Қандай зауал кесілсе де хақылы,

Қаралы атақ қалдырды олар соңына.

Наполеон масқара боп ақыры,

Британның түсті барып қолына.

 

Еленаның аралында қай кісі

Оның ашық қалған жерін қымтамақ?!

Ақыры оның жербетілік қайғысы

Дауасы жоқ дертті қылды қылтамақ.

 

Тамбурмажор – атағынан ада боп,

Сыпырады мейманханам ауласын,

Өлген даңқ, жерді сүзіп қара бет,

Бүкшеңдейді көтере алмай дәу басын.

 

Күнұзаққа тасып су мен отынын,

Ыңқылдайды, жалаулы шақ – бәрі ұмыт.

Баспалдаққа басады аяқ ақырын,

Қалтылдатып қойған басын кәрілік.

 

Кейде үйімде Фрицті қарсы алам,

Бірге онымен – әжуә да, мазақ та,

Тілмен шағып әлгі шалды қаусаған,

Итзықы ғып салады әбден азапқа.

 

«Әзіліңді доғар, Фриц сойқан-ай!

Неміске кім артылмады бұрыннан –

Кім күлмеді келекелеп,

байқамай

Сырғып түсіп кеткенінше тұғырдан?!

 

Жарасардай қылған бұған тәжімің,

Не түседі құр шаққанмен бүрге-тіл?

Сен шешеңнің қазып көрсең тамырын,

Әкең боп бұл шықпасына кім кепіл?!»

 

 

              ӨМІРЛІК ЖОЛ

 

Біз ән салдық, күлкіміз күн күлдіріп,

Ақ қайықпен шат теңізді тілдіріп,

 

Ал қайықта, жайбарақат, сымбатты

Достарыммен отырмын мен қымбатты.

 

Соқты, алайда сұрапылдың толқыны,

Малтығыштар болды балық жемтігі.

 

Жан достарым жете алмады жағаға,

Мені дауыл ылақтырды Сенаға.

 

Және жаңа достар таптым қапада,

Жаңа кеме жалдап алдық, о тоба,

 

Бөтен өзен жатырқайды, бірақ та...

Қандай қайғы! Отаным тым жырақта!

 

Біз тағы да ән саламыз, күлеміз,

Аспан тұнжыр, теңіз қатал, білеміз.

 

Көкжиекті қап-қара бұлт жалмаған,

Аңсатты отан! Қандай ауыр, ал маған!

 

 

     ТОҚТАЙ ТҰРЫҢДАР!

 

Нажағайша жарқ етуді меңгергем,

Шешіпсіңдер: дауыл емес деп мені.

Жаңылдыңдар! Мен сендерді тең көрмен,

Тілімде тұр найзағайлар көктегі.

 

Сәтті сағат соққан күні себеппен –

Айтып тұрмын ескертейін деп мұны –

Менің үнім күркірейді кенеттен,

Тым қаһарлы сөздерімнің екпіні.

 

Ұлы дауыл соқса, сөніп күн көзі

Көкірегімнен шын айбарлы тарайды үн,

Күйреп қалар мұнаралы күмбезі

Ескі храм, салтанатты сарайдың.

 

 

          ТҮНГІ ОЙЛАР

 

Туған өлке жайында ой торлайды түн болса,

Аласұрад дертті жан ұйқы көзді жұмғанша;

 

Ұмыту жоқ қайғымды ұйқыда да, ал, бірақ,

Көзім ащы жас төгіп, көрген түсім сандырақ.

 

Кешкен жылдар жатады көшіп өтіп көзімнен...

Туған анам, әлі күн ұзай алман өзіңнен!

 

Өткен өмір көгінен көрінесің күн сынды,

Өткен сайын әр күнім, кетіреді тыншымды...

 

Келеді өсіп күн сайын мұң қайғыға жамырап,

Туған анам әзелден қойған мені жадылап:

 

Өшіре алман ойымнан кейуананы аяулы, –

Түсірме оның өңіне, иә, Жасаған, қаяуды!

 

Сәбиінің жүзіне шын махаббат тап салып,

Көріп тұрам мен оның – жатырғанын хат салып:

 

Хатты жазған шағында кетті қолы қалтырап,

Жүрек сыздап, азаптан таба алмайды жан тұрақ.

 

Ұмыттырар туғанды әлемде күш жоқ, бірақ!

Азаппенен тым ұзақ он екі жыл өтті жат –

 

Он екі жыл тұсымнан маған соқпай кетті ағып,

Он екі жыл анамның мейірімінен шет қалып.

 

Берік менің отаным, ол тұрады мәңгілік

Ай мен күннің астында сыны кетпей сән құрып;

 

Басылмайды ешқашан жылдарының дулы әні,

Орманының шулары,

тулап аққан сулары.

 

Көрінбейді көкірек аңсар менен жарадан,

Себебі онда тұрады сол аяулы кәрі анам;

 

Алаңдатпас мені түк отанымның тағдыры,

Анам бар ғой, алайда, санаулы оның әр күні.

 

Білем бәрін, амал не, мен кеткелі елімнен,

Талай қимас жандарым қауышыпты өліммен.

 

Сүйіп едім кімдерді… Сәулелеп тұр санамды –

Көкіректе сақтаймын барлық ескі жарамды.

 

Бастасам-ақ шығара өлгендердің есебін,

Көкірегім қабынып, білем қайғым өсерін;

 

Қуқыл мәйіт жатады мүрделердің сыртында,

Жаным сыздап, ой-санам жүзер қайғы бұлтында.

 

Шүкір, бірақ Құдайға!

Сәуле түсіп түнектен,

Кенет тарай бастайды қайғы бұлты жүректен.

 

Жарым маған қарады,

Күндей ашық жанары,

Бұлтын қуып таратты ол түндерімнің қаралы.

Тәржіман – АЙТ-МАН

Светқали Нұржан

Abai.kz

 

 

 

2 пікір
Көгедай Шәмерхан 2017-06-07 08:47:00
Міне, талғажу етуге тұрарлық тұшымды дүние. Іздеп сабылғанымыз осы еді, өз табылып арнаға құйылды. Рухани жаңғырғың келеме оқы деген сыңай танытып тұр. Сәтті сағат соққан күні себеппен – Айтып тұрмын ескертейін деп мұны – Менің үнім күркірейді кенеттен, Тым қаһарлы сөздерімнің екпіні. осы жолдардың жүгі тоқсан тоғыз нардың белін қайыстырар болса, кінәлі біз емес шығармыз. Адам өзінен өзін жоғалтып алып, көлеңкесімен соғысқан қоғамда, шындық мым астынан бүр жарып, алғы күндерді тағатсыздана күтіп жататын болса керек.
Албан 2017-06-06 13:05:50
"Өшіре алман ойымнан, кейуананы аяулы, Түсірме оның жүзіне, иә, Жаратқан, қаяуды!". Рахмет аудармашыға! Мың тағзым Абай,кз -ке! Тұңғышбай, Баян, Үсеновтардың "сагасынан" сансыраған оқырманды бір сергіттіңдер!...

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 18720