Бейсенбі, 23 Қараша 2017
Бәсе... 2177 5 пікір 17 Шілде, 2017 сағат 11:36

Қазақстанда диаспора өкілдерінің ассимиляцияға түсуі прогрессивті үрдіс

Қазақстаннан Ресейге көшу үрдісі 1970 жылдан 1994 жылға дейін қарқынды жүрді. 1995 жылдан кейін ол көш саябырсып қалды. 1988 жылы еліміздегі неміс диаспорасының өкілдеріне Германияға көшуге рұқсат берілді. Бір миллион немістен 130 мың адам қалды. Елдегі халықтың 50 пайызға жуығын құраған орыс қазір 19 пайызға жетпейді. Осылайша, тоқсаныншы жылдары Қазақстанда демографиялық миграциялық отарсыздану жұмысы қарқынды жүре бастады. Қазір, Құдайға шүкір, еліміздегі орыс диаспорасының тарихи отанына көшу үрдісі жандана бастады.

Соңғы жылдардағы мәліметтерге көз салайық. Мәселенки, 2014 жылы - 24 мың адам, 2015 жылы - 32 мың, 2016 жылы - 38 мың адам тарихи отандарына көшкен. Поляк секілді аз диаспоралар саны эмиграция себебінен таусылды десем болады.

Орыстың саны 1991 жылға дейін қазақпен тең болған, одан бұрын тіпті қазақтан үлес салмағы басым еді. Қазір қазақ 18 миллион, жалпы тұрғынның  71%, ал орыс 19% болды. 1999-2009 жылдарда Қазақстандағы қазақ 26.3 пайызға өсті. Келесі онжылдықта (яғни 2009-2019 жылдарда) 20-23 пайызға өсетіні анық.

Орыс, украин,белорустар мен татарлар 1992 жылдан бері депопуляцияға түсті: оларда туғандардан өлгендер саны артық. Осылайша сепаратизм қаупі сейіліп келеді. Орыс пен немістің көшу себебін Ресей мен Германиядағы тұрмыс деңгейімен байланыстыру керек. Кейбір басылымдар қазақтар қысым көрсетті деп өтірік байбалам салып жүр. Ресей мен Германияның тұрмыстық ахуалы Қазақстанмен салыстырғанда тым жақсы. Мұның сыртында орыс пен неміс ата мекенін аңсайды.

1994 жылы кері миграциялық сальдо 410 мың болып, эмиграция  жайы төмендей бастады. Соңғы эмиграцияның өршуі 2016 жылы болды. Бұған Солтүстік Қазақстандағы көктемдегі су тасқынының зардабы мен үрей әсері болуы мүмкін. Петропавловск, Қостанай, Павлодардан сол жылы тарихи отанына көшкендер саны артқан. Әсіресе, Атбасардан соңғы бес жылда көшкендер қала халқының санын біраз азайтып тастады.

Есесіне бұл өңірге Оңтүстік пен Батыс Қазақстаннан көшіп келіп жатқандар баршылық.

Қазір оралмандар легі негізінен Өзбекстаннан (61- 64%) келіп жатыр. Қытайдан көшіп келетіндердің саны азайды. Алдымен Қазақстан жағы көптеген  құжат тауқымет қолдан тудырды, енді қытай жағы қазаққа көшіп кетуге кедергі жасап отыр.

Ұзын саны Қазақстанға бір миллион оралман келді деп есептеледі. Солардың есебінен Солтүстік және Орталық Қазақстан қазақтанып келеді. Қазақ мектебінде оқитын қазақтардың  үлесі - 91%, ал орыс мектебіндегі қазақ баласы бар болғаны - 9%-ды құрап отыр.

Қазақстанда тұрғын саны миллионнан асқан үш қала пайда болды: Шымкент, Алматы және Астана. Қазақтың 60% қалада тұрады. Сөйте тұра біріншіден, тіл саясатын тым бәсең жүргізіп отырмыз. Екіншіден, ассимиляциялық үрдістер стихиялы түрде ғана жүріп жатыр. Яғни, арнайы мемлекеттік саясат  жоқ. Үшіншіден, қазақтың бір бөлігі орыстілді жеке жұрт болып бөліну қаупі туып отыр. Билік осы үрдістердің қауіпті бағытын бөгеу керек.

Германияда түріктердің белді азаматтары түріктерге түрік мектептерін ашуды сұрап, талап қойғанын білеміз. Демократ Меркель бұл талапқа «Жоқ» деп жауап беріп: «Германияда тұрғыларың келсе, интегрцияланыңдар, ассимиляцияға түсіңдер» деді. Батыс  елдерінде тұрған елге сіңу, яғни ассимиляцияға түсу - прогрессивті үрдіс болып есептеледі.Қазақстан Үкіметі де интеграциялық үрдістерді ынталандыру керек: өз еркімен қазақ болам дейтін өзбек, ұйғыр тағы басқаларға кедергісіз қазақ болуға жол ашқаны жөн.

Қазақ мектебін орыстандыру Кеңес дәуірінде басталып, «Проект интернационализации казахской школы» атты жоба жасалған еді. Қазақ наразы болғандықтан ол билік бұл саясаттан бас тартты. Бірақ Кеңес Үкіметі қазақ мектептерін бірте-бірте азайтуды жоспарлап, қазақ баласының 50% орыс  мектебіне еріксіз ауысты. Бүгінгі күні «Үштұғырлы тіл бағдарламасы» сол «Проект интернационализации казахской школы» жобасының жалғасы болып тұр. Қазақ мектебі орыс мектебінің бір түріне айналмақ. БжҒМ бірнеше тіл енгізу арқылы қазақ мектебіндегі білім дәрежесін төмендетпек. Осы жолмен қазақ мектебінен қазақ ата-анасын жерітпек. Қысқасы, Қазақстанда диаспора өкілдерінің ассимиляцияға түсуі прогрессивті үрдіс болып табылады десек те, қазақтарды етекбасты етудің жымысқы саясаты жалғасып келеді.

Әзімбай Ғали

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10407
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18631