Мемлекеттік тіл – барша азаматты біріктіретін факторға айналуы тиіс!
2026 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер ел өмірінің түрлі салаларын қамтып, қоғамда кеңінен талқыланды. Соның ішінде тіл жағдайына қатысты нормалар ерекше назарға ілікті. Қоғамда «жаңа өзгерістер мемлекеттік тілдің мәртебесін түбегейлі күшейтті ме?», «орыс тілінің құқықтық жағдайы өзгерді ме?» деген сұрақтар жиі қойыла бастады. Бұл – заңды әрі орынды қызығушылық. Себебі тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана демейік, ұлттық бірегейліктің, мемлекеттік тұтастықтың өзегі.
Аталған конституциялық өзгерістерді талдай отырып, ең алдымен бір маңызды жайтты атап өткен жөн: тіл жағдайына қатысты негізгі қағидалар түбегейлі өзгеріске ұшыраған жоқ. Яғни, Конституцияның мемлекеттік тіл туралы базалық нормасы сақталды. Бұрынғыдай, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып қала береді. Бұл – өзгермейтін конституциялық негіз.
Сонымен қатар, жаңа редакцияда тіл саясатына қатысты кейбір нақтылаулар мен акценттер күшейтілді. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуын қамтамасыз ету – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі ретінде айқындала түсті. Бұл – декларативті норма емес, нақты іске асырылуы тиіс стратегиялық бағыт.
Қоғамдағы ең көп талқыланған проблеманың бірі – орыс тілінің мәртебесі. Конституциядағы ескі нормаларға сәйкес, орыс тілі талай жылдар ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылды. Қазіргі түсінік өзгеше.
Өзгерістердің мәні басқа тұста жатыр. Жаңа редакцияда мемлекеттік тілдің басымдығы нақтырақ сезіледі. Бұрынғы мәтінде қазақ тілі мен орыс тілінің қатар қолданылуы көбіне тең дәрежеде қабылданып келсе, енді мемлекеттік тілдің жетекші рөлі айқындала түсті. Бұл – құқықтық тұрғыдан нәзік, бірақ саяси тұрғыдан маңызды өзгеріс.
Бұл өзгерістер қоғамда түрлі пікірлер туғызды. Бір топ азаматтар мұны қазақ тілінің толық үстемдікке шығуына жасалған қадам ретінде қабылдаса, енді біреулер көптілділік саясатының әлсіреуінен қауіптенеді.
Ендігі жағдай – бұл нормалардың нақты өмірде қалай жүзеге асатынында. Әсіресе қызмет көрсету саласында тілдік талаптардың күшеюі қоғам үшін маңызды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік тілде қызмет көрсету – тек формалды міндет емес, сапалық стандартқа айналуы тиіс. Яғни, кез келген азамат дүкенде, кафеде, мейрамханаларда, супермаркеттерде, қоғамдық орында, көлік жүйесінде немесе мемлекеттік мекемеде қазақ тілінде толыққанды қызмет ала алуы керек.
Бұл талап – заңдық тұрғыдан бұрын да көрсетілген. Бірақ, жаңа конституциялық өзгерістер оның маңызын арттырып, орындалуына деген қоғамдық сұранысты күшейтті. Енді бұл норма қағаз жүзінде ғана демейік, нақты тәжірибеде жүзеге асуы тиіс.
Мысалы, әуежайда немесе вокзалда ақпарат алдымен қазақ тілінде берілуі тиіс. Бұл – мемлекеттік тілдің басымдығының көрінісі. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда ғана ағылшын тілінде және басқа да тілдерде ақпарат ұсынылуы – халықаралық стандарттарға сай келеді. Бұл жерде жағдай бір тілдің екіншісін ығыстыруында емес, мемлекеттік тілдің бірінші кезекте қолданылуында.
Тіл саясатының тиімді жүзеге асуы тек заңдарға ғана демейік, қоғамның дайындық деңгейіне де байланысты. Егер қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер қазақ тілін жеткілікті деңгейде меңгермесе, ең қатаң заңның өзі нәтиже бермейді. Сондықтан кадр даярлау проблемасы алдыңғы қатарға шығады.
Білім жүйесінде мемлекеттік тілдің сапалы оқытылуы, ересектерге арналған тіл курстарының қолжетімділігі, бизнес өкілдерінің тілдік жауапкершілігі – осының барлығы жаңа конституциялық нормалардың табысты жүзеге асуына ықпал етеді.
Тағы бір маңызды аспект – тілдің экономикалық құндылығы. Егер қазақ тілін білу жұмысқа орналасуда, мансаптық өсуде нақты артықшылық берсе, адамдар оны өз еркімен үйрене бастайды. Сондықтан, бұл – мәжбүрлеуден әлдеқайда тиімді жол. Жаңа Конституциялық өзгерістер осы бағыттағы саясатты күшейтуге негіз болады әрі солай көрсетілді.
Сондай-ақ, цифрландыру дәуірінде тілдің дамуы жаңа форматқа көшуде. Мемлекеттік қызметтердің, онлайн платформалардың, жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тілінде қолжетімді болуы – тілдің болашағын айқындайтын факторлардың бірі. Конституциялық деңгейде мемлекеттік тілдің мәртебесін бекіту – осы процестерге серпін береді.
Қорытындылай келе, 2026 жылғы наурыздағы Конституциялық өзгерістер тіл проблемасында радикалды төңкеріс жасаған жоқ. Бірақ, олар мемлекеттік тілдің рөлін күшейтіп, оның қоғамдық өмірдегі нақты орнын айқындауға бағытталған маңызды қадам болды. Мемлекеттік тілдің басымдығы айқынырақ сезіле бастады.
Ең бастысы – осы өзгерістер қоғамды бөлуді емес, біріктіруді қолдайды. Мемлекеттік тіл – барша азаматты біріктіретін факторға айналуы тиіс.
Тіл саясаты – ұзақ мерзімді процесс. Конституция тек оның құқықтық негізін қалайды. Ал нақты нәтиже қоғамның санасына, мемлекеттік саясаттың жүйелілігіне және әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz