Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Біздің шенеунік 6505 3 пікір 12 Қыркүйек, 2017 сағат 11:05

"Prado" мінбеген әкім - әкімдердің сорлысы

Біздің Қостанайдың шенеуніктерін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдырып жүрген бір жайт бар. Ол жаңадан алған машинасын әртүрлі себеппен одан сайын жаңа машинаға айырбастау. Дұрысы, бюджет ақшасын әкесінен қалған байлықтай есепсіз жұмсау. Оларда «қой, бұл көлікті халықтың ақшасына алдық қой. Әбден тозғанша мініп, сосын-ақ алармын дұрысын» дейтін ой үш ұйықтаса да түсіне кірмейді. Қайта түсіне кеңсесінің есігінің алдында былайғы жұрттың сілекейін шұбыртататын кілең бір су жаңа темір тұлпарлар тізіліп тұрғаны кіреді. Ал бір қызығы, осы түстің көбіне өңге айналып кететіндігін қайтерсің.

Мәселен, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы осыдан үш-ақ жыл бұрын су жаңа Ssang Yong көлігін сатып алған еді. Бастығына, әрине. Мұны азсынғандай жақында ғана биылғы жылы бір мықты кроссовер алуға деп аттай 8,8 миллион теңгені бюджетке салып қойған. Ал пайдаланғаны бас-аяғы үш жылға жетер-жетпес машина бастыққа неге жақпай қалғандығы мүлдем түсініксіз.

Мұндай мысалдар облысымызда жетіп артылады. Машина көп жүрмесе де «ескіреңкіреп қалды» деген мықты сылтау тауып алған шенеуніктеріміз осылайша жаппай жаңа машина сатып алудың оп-оңай  әдісін әбден меңгерген. Өзгелерден қалғысы келмеген Рудный қаласының әкімі 2013 жылы шыққан екі бірдей Kia Sorento машинасының орнына дәл осындай маркалы, алайда бағасы 11миллион 460 мың тұратын сылаңдаған су жаңаларын сатып алды. Бұған осы әкім аппаратының жетекшісі Азамат Ысқақов бұрынғы  Kia Sorento машиналары басқа мемлекеттік мекемелерге пайдалануға берілді деген уәж айтады. Дәл осындай таптырмас тәсілді Лисаков қаласының әкімдігі де ұтымды пайдаланып отыр. Мұндағы 2001 жылы шыққан машинаны мемлекеттік ұйымға итере салды да, өздері 2015 жылы шыққан Kia Optima көлігіне жайғасты. «Сынықтан басқасының бәрі жұғады» деген емес пе, одан енді облыстық білім басқармасы да қала қоймады. Басқармадағы 2010 жылы алынған Toyota Kamry 2015 жылғы Kia Optima машинасымен алмастырылды. Әбден тозған деп есептелінетін  Toyota бастықтың орынбасарына бұйырды.

Баяғыда бір қазақ «Әкесін сабағанды көріп едік, алайда арбаға байлап қойып сабағанды бірінші көруіміз» деген екен. Сол секілді жаңа машина алуда облысымыздағы Әулиекөл ауданының әкімі бәрін де шаң қаптырып кетті. Бастық биыл жалпы құны 21 миллион 410 мың теңге тұратын Toyota Land Cruiser Prado 120  маркалы сылаңдаған көлікті жамбасқа басты. Бұл биылғы жылғы машиналардың ішіндегі ең қымбаттысы болып табылады. Ол 2007 жылы шыққан дәл осындай дерлік Toyota Land Cruiser  джипті ауыстырып отыр. Әкіміміз бір джипті екіншісімен ауыстырып, шалқая мініп, шіреніп отырғанда осы аудандағы интернаттың тірі жетімектеріне облыстық мемлекеттік мұрағаттың 2004 жылы шыққан, оның үстіне Қытайда шала-пұла құрастыра салынған, 400 000 километр жүріп әбден шаршағаны соншалық, тозғандық көрсеткіші 100 пайызға жеткен, яғни күні ертең қоқысқа лақтырып тастауға әбден жарап қалған дімкес Volкswagen Santana 3000 деген машина деген аты ғана бар әбден қаусаған бірдеңені бере салған. Сонда дейміз-ау, арғымақтай ойнақтаған машинаның жұмсақ орындығында отырған әкім жетімектердің салдыр-салақ машинасымақпен бір жаққа қарай ілдалап бара жатқанын көріп қалғанда жүрегі бір шым етпей ме екен?

Алайда тапқырлықтың көкесін Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Дауытбаев танытты. Ол бұрынғы Toyota Kamry машинасын әбден тозған деп есептеп, өзі басқаратын басқармаға пайдалануға берді. Ал өзі болса құны 7 миллион 798 мың теңге тұратын су жаңа машина алғалы отыр. Сонда дейміз-ау, өзі әбден тозған болса ол  басқармаға пайдалануға қалай жарайды? Оны неге тендерге салып, азғантай ақшаға болса да сатып жібермеске немесе біржолата есептен шығармасқа. Әлде ылғи тек жаңа машинаға ғана тақым артуға құмар әкімдердің бұл ойлап тапқан қулығы ма? Енді бұл жұмбақтың шешуін оқырмандарға қалдырдық. Шешімі онша қиын бола қоймас деп есептейміз.

Айтпақшы, Дауытбаев мырзаның алайын деп отырған жалғыз машинасының құны халыққа қызмет көрсететін санитарлық машинаның екеуіне татиды. Сірә халықтың денсаулығы біздегі бастықтардың қызметтік машинасының жарты құнына да татымайтын секілді.

Медициналық қызмет дегеннен шығады, егер шенеуніктер өздерінің онша тоза қоймаған көліктерін 4-5 жылда «ескірді» деген сылтаумен міндетті түрде ауыстырып тұрса, облысымыздың медициналық мекемелеріндегі машиналардың басым бөлігінің орта жасы 10-15 жылдан асып кеткен. Міне осыдан-ақ шенеуніктер алдымен ненің жағдайын ойлайтындарын талдап түсіндіріп жатудың өзі артық шығар.

Бір қызығы, облыстық әкімдік аудан мен қала әкімдерінің қандай машина алып жатқандығын мүлдем бақыламайды. Өйткені оған шығатын қаржы сол ауданның бюджетіне енгізілген. Яғни бұл жерде өзім би, өзім қожа. Ендеше неменеге ұсақталады. Ақша өзінікі емес, халіктікі. Ал әкімдер сол халыққа өз көліктері туралы айтуға онша құлықты емес. Өйткені ол сол халыққа бағынбайды, оған есеп бермейді. Ендеше өзі бағынышты емес халыққа көлік секілді ұсақ-түйек әңгімені қоқырсытып қайтеді. Күндіз-түні бала-шағасын асыраудың қамымен жүрген қара қазақты мұндай түкке тұрмайтын әңгімемен басын ауыртпағаны дұрыс та шығар. Ал біздің естігеніміз мынау. Биылғы жылы аудан әкімдері жалпы құны 203,3 миллион теңге тұратын 16 машинаны жаңартатын көрінеді. Бұл әлі де нақты цифр емес. Өйткені машина ауыстыру науқаны--үздіксіз жүретін, одан еш уақытта ши шықпайтын мықты конвейер. Білетіндердің айтуына қарағанда жаңағы су жаңа көліктің ішінде  Prado секілді тым қымбат машиналар да аз кездеспейтін көрінеді.

Әкімдердің қымбат машинаға деген құмарлығының шектен шыққандығы соншалық, бұл әңгіме Парламентке де жеткен сыңайлы. Мәжіліс депутаты Кеңес Әбсатаров өзінің еліміздің премьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында мемлекеттік қызметшілердің аса қымбат шетелдік көліктерді жаппай сатып алуларын сынады. Халық қалаулысының мәліметіне қарағанда биылғы жылдың басынан бері мемлекеттік қызметшілер 400 шетелдік қымбат көліктерді алғандығын, оның ішінде  Land Cruiser 200 және  Land Cruiser Prado модельдердің, сондай-ақ 100-ден аса Toyota Kamry секілді қымбат көліктерді сатып алғандығын жеткізеді. Осы орайда депутат шенеуніктердің шетелдік машиналарды сатып алуына заң арқылы тиым салу керектігін айтады. Мемлекеттік қызметшілер елімізде жасалған машиналармен ғана жүрулері тиіс. Әйтпесе еліміздегі машина құрастыру зауыттарына бюджеттен соншалықты қомақты қаржы бөлудің қажеті не? Ал егер әлгі зауыттар сапасыз дүниелер шығарса, онда біржолата жауып тастау керек шығар. Әйтпесе өзіміздегі зауыттарға қыруар қаржы жұмсаймыз да, сөйте тұра шетелдік машинаға аңсарымыз ауып тұрады.

Бұл мәселенің айтылуынан кенде емеспіз. Президентіміз де үнемі назар салып отырады. Статистикалық деректерге қарағанда біздегі де, Өскемендегі де машина құрастыру зауыттары қарқынды жұмыс істеп, машиналарды тоғытып-ақ жатқан көрінеді. Сөйте тұра әкімдерің астынан неше шетелдік көліктерді көресіз. Сонда олар Елбасының сөзіне де онша мән бермейді-ау деген ой келеді. Мүмкін мұндай асып-тасуды тек қана қатаң заң күшімен ғана жөнге салармыз. Әйтпесе бұл мәселе де «Баяғы жартас, бір жартас» күйінде қала берері сөзсіз.

Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай

Abai.kz

   

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3287
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5850