Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 5222 13 пікір 15 Қыркүйек, 2017 сағат 10:21

Мұрат Әуез. Тұқымым түрік

Сурет Азаттық радиосының сайтынан алынды

Латын әліпбиіне көшу халқымыздың талай жылдардан бергі аңсаған арманы ғана емес, заманның өзі тудырып отырған қажеттілік екендігі сөзсіз. Сондықтан да жаңа әліпби мәселесінің Парламент отырысында талқыланып, оның бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға деген ұмтылыс барша қазақтың рухани жаңғыруға деген сенімін арттырып, ерекше серпіліс туғызып отыр. Ел болашағының өзегі болып саналатын осы әліпби мәселесін шешерде мақсат-мүдде де,  бағыт-бағдар да  барынша айқын болуы тиіс деп есептеймін.

Кириллица отаршыл саясаттың басты құралдарының бірі болғандығын уақыттың өзі әлдеқашан дәлелдеп қойған. Кеңестік дәуірде тілі де, діні де, ділі де, тіпті тіні де бір туысқан халықтардың әліпбиінің арасына жік қойылып, бір-бірінің жазуын тіпті түсінбейтін жағдайға жеткізді. Ортақ тарихымыздағы осы ақтаңдақты ұмытпауымыз және оның қайталануына ешқашан жол бермеуіміз керек.

Біз бүгінгі таңда латын әліпбиінің өзіндік үлгілерін қалыптастырған өзбек, азербайжан бауырларымыздың тәжірибелерімен, Түркия әліпбиімен мұқият танысып, осы елдердің лингвист ғалымдарының басын біріктіріп, барша түркі тілдес халықтарына ортақ болатын әліпби стандартын жасауға тиіспіз.

«Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» дейді халқымыз. Түбі бір дыбыстарды бір әріппен белгілеу арқылы туысқан халықтарды түсіністікке бастап, тарихи-саяси, мәдени саралауда ортақ мүддеге қызмет етуге жол аша аламыз. Міне, жаңа әліпбиге көшудегі басты мақсат та, мүдде де осы болуы керек. Бұл аса үлкен қаражатты қажет ететін шаруа емес, тек ынта мен ыждағаттылық, уақыт пен төзім керек.

Латын әліпбиіне көшудің басқа да артықшылықтары толып жатыр. Қарқынды дамып келе жатқан жаңа технологиялар мен ғаламтор жүйесі де осы латын әліпбиіне негізделген. Жер шарының түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың да атамекенде болып жатқан жағдайлармен дер кезінде танысып, ел тағдырына біріге араласып, біте қайнасуына да тікелей дәнекер болатын бірден бір құрал –  осы латын әліпбиі.

Төл әліпби үлгісіне көшу еліміздегі басқа ұлттар мен ұлыстар арасында басқаша жаңсақ пікір тудырмауы тиіс, бұл тек тәуелсіздігімізді тұғырлап, тарихи әділеттілікке апарар жол деп қабылданады деп сенемін.

 

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052