Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Осы ғой енді... 9072 10 пікір 27 Қыркүйек, 2017 сағат 10:18

250 қандас Сағынтаевтан араша сұрайды

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Б.Ә. Сағынтаевқа

 

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Біз ҚХР-оралып, Жамбыл облысы, Тараз қалалық Көші-қон полициясынан Ықтиярхат алған 250-дей этникалық қазақ шілде айынан бері үреймен күн көріп жатырмыз.

Себебі, біздің тұрақты тіркеуге тұрып алған Ықтиярхатымыз жалған екен деген ақпарат тарады. Оны рәсімдеген қалалық көші-қон полициясы басқармасының басшысы мен оның бірнеше инспекторы қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Біз бұл жайсыз жағдайды 2017 жылғы 17 шілде күні «КТК» телеарнасының «Жаңалықтар» бөлімінің журналисті Руслан Әбдіхалықтың «Тараздағы көші-қон полициясы арқылы құжат рәсімдеген қандастар елден қуылуы мүмкін» деген ақпаратын естігенде бір-ақ білдік.

Содан бері бұл мәселе БАҚ пен әлеуметтік желілерде жиі-жиі көтеріліп, қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл мәселе Тараздан ықтиярхат алған қандастарымызды да, жалпы қауымды да, бізді де қатты алаңдатып отыр.

Жақында Қазақ көшіне жанашыр болып жүрген ағаларымыздың ақылымен сол жапа шеккен қандастарымыздың басым бір бөлігі «WhatsApp» желісінде «Тараз-Лука (ықтиярхат)» деген топ құрып, ортақ пікірге келіп, осы жұмыстың мән-жайын ұғу үшін, «Нұр Отан» партиясы арқылы хат жазып, ҚР Ішкі істер министрлігінен және Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті, Көші-қон қызметі басқармасынан жауап алдық.

Ол жауапта «...аталған 250 ҚХР қазақ азаматын Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қайта құжаттандыру, не мәселені оң нәтижеде шешілуі қылмыстық процестің әлі де жалғасуына және соттың нақты шешімінің жоқтығына байланысты мүмкін емес» делініпті.

Шынын айтқанда, біз делдалдар мен жемқорлардың құрбаны болып отырмыз. Сондай-ақ, бұл жағдайға ұшырауымызға 2013 жылы 15 желтоқсанда оралмандарға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп қатаң қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы да басты себептің бірі екені шындық! Себебі, аталмыш Заңда Алматы мен Астана қалаларына оралмандарды тұрақты тіркеуге тұру шектелген. Тіркелген күннің өзінде төлем қабылетін көрсету шарты қойылған. Сол себепті, біз ол кезде қалайда Қазақстанда тұрақтап қалудың қамын ойладық.

Құдайға шүкір, бәріміз Елбасымыздың дана саясатының арқасында,  қасиетті Қазақстанымызда өсіп-өніп, көбіміз балалы-шағалы болдық. Өз тіршілігімізді өзіміз жасап жатырмыз. Ұлы Елімізге үлесімізді қосамыз деген нық сенімдеміз!

Әрине, біздің көбіміз тіркелген үйде тұрмадық. Бұл кемшіліктерімізді мойындаймыз, ол үшін айппұл төлеуге де дайынбыз. Бір бөліміздің  ықтиярхатымызды базада жоқ дейді. Ал, бұл ықтиярхаттардың заңды немесе заңсыз екені туралы шешімді, әрине, Сот шығарады. Сосын басшысымен бірге қамауға алынған Тараз қалалық көші-қон полициясы басқармасының бірнеше инспекторы Заң алдында өз жазаларын алары сөзсіз.

Сізден біздің құжаттарымызды қайта реттеп, қалпына келтіріп, Қазақстанда қалуымызға көмектесуіңізді өтіне сұраймыз.

Кеткен кемшіліктер екі жаққа да ащы сабақ болды!

Зор құрмет және үмітпен:

Қытайдан келіп, Жамбыл облысы,

Тараз қаласынан

Ықтиярхат алған

250 қазақтан (66 адамның қолы қойған)

Хатты ұйымдастырып, редакцияға ұсынған Ауыт Мұқибек

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1984