Сенбі, 21 Желтоқсан 2024
46 - сөз 11581 2 пікір 2 Қараша, 2017 сағат 21:05

Шерхан Мұртаза: қазіргінің жемқоры Құдай болсам дейді

Мына дүниені оқи отыра жазушы Шерхан Мұртазаның қазіргінің жемқорларына қаншалықты дәл әрі әділ баға бергенін көріп қайран қаласыз. 

Біздің шенеуніктеріміздің санасы ортағасырлық теңіз қарақшыларының санасы дәрежесінде қалған. Тек тонау! Ұрандары осы.

Қазақстан, қайран Қазақстан, Құдай тағала бай жаратқан Қазақстан талапайға түсіп кетті! Осыны айтсаң, басшылар ашуланады, шамданады. Оу, шындықтың несіне шамырқанады.

Қазақстан байлығы қорқаулардың тонауына түспесе, сол байлық өз халқын асырауға жетеді ғой, жетіп-артылады ғой.

Камал, сен өзің емес пе едің алғашқы: «Қазақстан. XXI ғасыр» деген мақалаңда Қазақстан байлығы бір миллиард адамды асырауға жетеді деген?! Ал қазіргі халқы он жеті миллионға жетер-жетпес. Соның қаншауы бай, қаншауы кедей! Есепке жүйрік едің ғой, шығарып көрші. Солай, Камал дос. Адамның санасы, ниеті, пейілі түзелмей, түк те түзелмейді…

Президенттің өзі өзінің уәзірлеріне «қомағай, қанағатсыз» деп ашынса, демек қоғамның басы ауырады деген сөз. Ондай шенеуніктер қоғам денесіндегі қатерлі ісіктер. Дер кезінде сылып тастап отырмаса аса қауіпті. Ал біздің прокуратура, тергеу, милиция, сот, қауіпсіздік органдары ұры-қарылардың, парақор, жемқорлардың шабақтарын ғана ұстайды да, жайындарын, акулаларын ұстауға шамасы жетпейді. Яки қорқады, яки сыбайлас.

Әрине, халық төзімді. Бастық барып: «Халің қалай?» – десе, «Құдайға шүкір, бұдан жаман күнімізде де шыдағанбыз», – деп тәубасын айтады. Халық төзімді. Бірақ халық төзе береді екен деп тасыраңдауға болмайды. Халық тымық жатқан мұхит сияқты. Ал бір буырқанса… Құдай оны көрсетпей-ақ қойсын.

Камал дос! Экономикалық реформа түзу болу үшін алдымен адамның санасын, құлқынын, нысабын түзетіп ал.

«Кедей – бай болсам дейді, бай – Құдай болсам дейді». Кедей бай болсам деген жерде тоқтай қалса ғой. «Стоп!» десе. Жоқ, бай Құдай болсам дейді. Бұл – қанағатсыздық. Бәленің бәрі осы қанағатсыздықтан туа береді. Қомағай құлқын обыр оппа. Оны толтыра алмайсың. Өзі тойса да, көзі тоймайды. Өлгенде топырақ қана тойдырады.

Казіргі жегіштердің көбі сондай. Акуланы сойғанда қарнынан тас та, тасбақа да, темір де, терсек те шыға беретін көрінеді. Ал біздің адам-акулаларымыздың қарнын жарып жіберсең – Қазақстанның прокаты да, алтыны да, мырышы да, хромы да, мұнайы да, арақ зауыттары да, қант зауыттары – бәрі-бәрі ақтарылып шыға келер еді.

Шерхан Мұртаза

Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның арасындағы

 «Елім, сен тыңда, Елбасы, саған айтамын» тақырыбында

жазылған хаттар желісінен үзінді

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1935