Дүйсенбі, 19 Қазан 2026
Қоңырау 295 0 пікір 19 Қазан, 2026 сағат 15:00

Qajet Taxi ресейлік Яндексті ығыстыра ала ма?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Отанға қажет сервис. QAJET TAXI Алматы нарығында Яндекстің 10% үлесін өзіне қарата ала ма?

Алматыда такси нарығы үшін жаңа бәсеке басталды. Енді отандық Qajet Taxi сервисі нарыққа кіріп жатыр. Екі ай бұрын Вьетнамның Green SM компаниясы жұмысын бастап кеткен еді. Енді отандық жобаның әлеуетін патриоэмоциямен емес, нарықтың нақты картинасы арқылы бағалап көрейік.

Ұлттық статистика бюросына сай, 2025 жылы Қазақстандағы такси кәсіпорындарының табысы 186,1 млрд теңгеге жетті. Соның 47,4 млрд теңгесі Алматыға тиесілі. Қалада бір жыл ішінде 33,2 млн жолаушы тасымалданған. Орташа жолақы 1 400 теңгені құрады.

2025 жылғы наурызда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда Яндекстің нарықтық үлесі шамамен 90 пайыз екенін мәлімдеген болатын.

Демек, Алматының ресми тіркелген такси нарығының көлеміне осы үлесті шартты түрде қолдансақ, Яндекстің үлесіне жылына шамамен 42,7 млрд теңге сәйкес келеді. Бұл компанияның жарияланған нақты қалалық айналымы емес, біздің есептік бағалауымыз.

Енді Qajet Taxi осы нарықтың 10 пайызын иеленді делік. Бұл жылына 4,74 млрд теңгелік сапар айналымы деген сөз. Орташа жолақыны 1 400 теңге деп алсақ, жылына 3,4 млн-ға жуық, тәулігіне 9 мыңнан астам сапар орындау қажет.

Әрине, бұл әзірге сценарий ғана. Бірақ математикалық тұрғыдан қарасақ, қол жеткізуге болатын нарықтық мақсат. Qajet уникалды сауда ұсынысымен келіп отыр. Жүргізушілерге комиссия бастапқыда 0 пайыз деп бекітілген. Барлық ақшаны таксист алады. Ал 2025 жылы антимонополиялық орган Яндекс сервисінің комиссиясын шамамен 16 пайыз, таксопарктердің қосымша үлесін 4 пайыз деп көрсеткен болатын.

Егер Qajet ұзақ мерзімде төмен комиссияны сақтай алса, жүргізушілер үшін тартымды баламаға айналады. Ал жүргізуші көбейген жерде көлік күту уақыты қысқарады. Бұл өз кезегінде жолаушыны тартады. Бірақ такси нарығында тек арзан тарифпен жеңіске жету қиын. Яндекстің басты күші қалыптасқан экожүйесі, пайдаланушылар базасы, алгоритмдері және көліктердің көптігінде болып тұр.

Qajet үшін негізгі сынақ та осы. Алдымен жеткілікті жүргізушіні, содан кейін тұрақты жолаушылар ағынын қалыптастыруы қажет. Оның үстіне нөлдік комиссиямен ұзақ уақыт жұмыс істеу инвестицияны талап етеді. Меніңше, Qajet-тің Алматыдағы такси нарығының 10 пайызын иеленуге мүмкіндігі бар. Бірақ ол үшін отандық сервис көп ұзамай экономикалық артықшылыққа өтуі тиіс.

Бұл жерде мәселе Яндексті толық ығыстыруда емес. Нарықта екінші мықты ойыншының пайда болуының өзі такси бағасына, комиссияға және қызмет сапасына оң ықпал ете алады. Ең маңыздысы, қазақстандық IT-жобаның миллиардтаған теңгелік нарықта өз орнын қалыптастыруына мүмкіндік бар.

Бәсеке жүргізушіге де, жолаушыға да тиімді. Монополияға қарсы мемлекеттік орган басшылары да тыныш ұйықтайтын болады.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1089
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1478