Виват Франция!
Франция ұлы ел!
Бұл ел Еуропада алғашқы болып 1789 жылы революция жасап, тұңғыш рет абсолютты монархияны құлатқан, жаңа мемлекетті ‑ Франция республикасын құрған еді. Ол тарихта Франсуз буржуазиялық революциясы деген атпен қалды. Франция елі 1789 ж. тамыз айында Адам мен Аазаматтар құқы туралы Декларация қабылдады, ал 1792 жылы монархияны ресми түрде жойды.
Қазір Францияда әлеуметтік және саяси дағдарыс өршіп тұр. Осыған қарсы жаппай шерулер өтуде. Наразылықтар тәртіпсіздіктерге, тонауға және полициямен қақтығыстарға ұласқан. Президент Эмманюэль Макрон қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге тырысқанымен, наразылықтың негізгі себептері әлі шешімін таппай отыр.
Франция Ішкі істері министрлігінің мәліметінше, 17 қазанда ел бойынша өткен шерулерге шамамен 550 мың адам қатысқан. Олардың арасында мектеп оқушылары, студенттер, кәсіподақ өкілдері және «сары кеудешелілер» қозғалысының жақтастары бар.
Парижде, Марсельде және басқа қалаларда тонау, өрт қою және дүкендерді қирату оқиғалары тіркелген. Reuters агенттігінің 18 қазандағы хабарлауынша, ұсталғандар саны шамамен 2 400 адамға жеткен. Наразылыққа қатысушылардың бірі қаза тапқаны және көптеген полиция қызметкерінің жарақат алғаны туралы хабарлар бар.
Макрон жағдайды бақылауда ұстауға тырысуда. Президент бейбіт шерушілердің наразылығына негіз болатын нақты себептер бар екенін мойындаған. Үкімет тәртіпсіздіктердің салдарын жою және кәсіпорындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар әзірлеп жатыр. 19 қазанға үкіметтің дағдарысқа байланысты кеңесі жоспарланған.
Француздар неге көшеге шықты?
- Тұрмыстың қымбаттауы: күнделікті тұтынатын тауарлардың, жанармайдың және отбасын асырауға қажетті шығындардың өсуі;
- Білім беру саласындағы мәселелер: мұғалімдердің жетіспеуі, сыныптардағы оқушы санының тым көп болуы, мектеп ғимараттарының тозуы;
- Бюджетті үнемдеу саясаты: үкімет бюджет тапшылығын азайту үшін мемлекеттік қызметтердің жалақысын қысқартуды жоспарлаған. Халық бұл қызмет сапасын төмендетеді деп қауіптенеді. Мысалы, 2027 жылғы бюджет жобасында 54 миллиард еуро көлеміндегі үнемдеу және салықтық өзгерістер пакеті қарастырылып отыр.
- Билікке деген сенімнің төмендеуі: 2023 жылғы зейнетақы реформасына қарсылық, бұрыннан қордаланған әлеуметтік қайшылықтар халықтың билікке сенімсіздігін күшейтті.
Билікте не болып жатыр?
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес тәртіпсіздіктерден кейін доғарысқа кетуге өтініш білдірді. Алайда Макрон оның өтінішін қабылдамады. Премьер-министр Себастьян Лекорню дағдарыс штабының жұмысын үйлестіріп, келтірілген залалды бағалауға тиіс. 2027 жылғы президент сайлауының жақындауы да саяси ахуалға әсер етуде. Оңшыл және солшыл оппозиция жетекшілері қазіргі дағдарысты Макронның саясатын сынау үшін пайдалануда.
Жағдай қаншалықты күрделі?
Қазіргі оқиғаларды өткір әлеуметтік дағдарыс ретінде бағалаған жөн. Әзірге бұл мемлекеттің күйреуін білдірмейді. Жаппай бейбіт шерулер, жекелеген топтардың зорлық-зомбылық әрекеттері және биліктің оларға жауабы — бір дағдарыстың әртүрлі қырлары. Соңғы хабарламаларға сәйкес, ел аумағында жалпыұлттық төтенше жағдай жарияланбаған. Қазіргі басты мәселе ‑ үкімет халықтың тұрмыс құны, білім беру және мемлекеттік шығындар жөніндегі талаптарына нақты шешім ұсына ала ма? Бұл мәселе шешілмесе, наразылық ұзаққа созылатын саяси қақтығысқа ұласуы мүмкін.
Франциядағы демографиялық және миграциялық қайшылықтар
Франциядағы демографиялық жағдайдың басты ерекшелігі — халық саны әзірге өсіп отырғанымен, елде туу азайып, халықтың қартаюы күшейіп, табиғи өсім теріс көрсеткішке ауысқан. Сонымен бірге иммиграцияның ел халқының саны мен еңбек ресурстарын сақтаудағы рөлі артып келеді. Осы үдерістер қоғамда әлеуметтік, экономикалық және саяси қайшылықтар туғызуда.
Францияның Ұлттық статистика және экономикалық зерттеулер институтының (INSEE) 2026 жылы жариялаған деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтарда ел халқының саны 69,1 миллион адамға жеткен. Алайда 2025 жылы туғандардан қайтыс болғандар саны алғаш рет Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнен асып түсті: 2025 жылы дүниеге келген балалар саны 645 000. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 24%-ға аз. Яғни, Францияда бір әйелге шаққандағы бала саны 1,56. (2024 жылы — 1,61). 65 жастан асқандар 22%. Бұл ел халқының шамамен бестен бірі. 2025 жылғы табиғи өсім: − 6000. Сөйтіп, туғандар санынан қайтыс болғандар саны артты.
Бұл көрсеткіштер Францияның қалыптасқан демографиялық артықшылығы әлсіреп келе жатқанын көрсетеді. Бұрын Франция Батыс Еуропада туу деңгейі салыстырмалы түрде жоғары елдердің бірі болатын. Қазір отбасылардың бала санын азайтуы және алғашқы баланы дүниеге әкелу жасының ұлғаюы демографиялық жаңаруды баяулатып отыр.
Иммигранттар мәселесі
Франциядағы ең күрделі демографиялық-саяси қайшылықтардың бірі — елге шетелдік жұмыс күшінің қажеттілігі мен иммиграцияны шектеуді талап ететін саяси күштердің арасындағы тартыстың пайда болуы. Бір жағынан, Францияға құрылыс, ауыл шаруашылығы, қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтандыру, күтім және басқа салаларда жұмыс істейтін адамдар қажет. Халықтың қартаюы мен еңбекке қабілетті азаматтар санының салыстырмалы азаюы бұл қажеттілікті күшейтеді. Екінші жағынан, иммиграция мәселесі ұлттық бірегейлік, француз тілінің қоғамдық ортадағы орны, мәдени бейімделу, қауіпсіздік және әлеуметтік қызметтерге түсетін салмақ туралы пікірталастармен астасып жатыр. Оңшыл саяси күштер көші-қонды шектеуді талап етсе, көптеген жұмыс берушілер шетелдік жұмысшыларға деген қажеттілікті алға тартады. Мұндағы басты қайшылық — экономикаға жұмыс күші қажет, ал қоғамның бір бөлігі иммиграцияның ауқымы мен салдарына алаңдайды. Онымен қоса, иммигранттардың елге келу себептері, кәсіби біліктілігі, әлеуметтік жағдайы мен француз қоғамына бейімделу тәжірибесі әртүрлі.
Франциядағы қазіргі демографиялық жағдайдың ерекше тұсы ‑ халық санының көбеюі енді негізінен табиғи өсімге сүйенбейді. Ол елге көшіп келуші мигранттар есебінен жүзеге асуда, мысалы, ондағы жылдық өсім 176000 адамды құрайды. Әрине, мұны француздар елден кетіп жатыр деп түсінбеу керек... Елде қарттар саны көп артты. Негізі, бұл көрсеткіш тұрмыс сапасының артықшылығын білдіреді. Бірақ, сонымен қатар, әлеуметтік салаға қосымша жүк артады. Мысалы, Францияда 1960 жылы жұмыс істейтін төрт адамға бір зейнеткерден келетін. Ал, 2024 жылы бір зейнеткерге шамамен 1,7 жұмыс істейтін адамнан келгені көрсетіледі. Осыдан мынадай қайшылық туындайды: мемлекет зейнеткерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктерді сақтағысы келеді, бірақ оны қаржыландыратын еңбек ресурстарының өсуі баяулап барады.
Францияда орын алған иммигранттармен легі елде ұлттық бірегейлік пен қоғамға бейімделу мәселесін тудырды. Шет елден келген азаматтар көбейген сайын қоғам «Франсуз ұлты дегеніміз не?» деген сұрақты ашық қоя бастады. Бірі – франсуз тілі мен мәдениеті үшін алаңдаса, екінші жағы ‑ демократиялық қоғамға тән тең мүмкіндікті пайдаланып, «кемсітушілікті болдырмау» мәселесін көтеруде.
Франция тәжірибесінен шығатын негізгі сабақ: демографиялық мәселе — жай ғана халық санының өзгеруі емес. Ол экономикалық даму, әлеуметтік әділеттілік, ұлттық бірегейлік және мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы өзара тоғысатын күрделі құбылыс екендігін көрсетеді. Сондықтан, әрбір дамушы мемлекет өз еліндегі демографиялық өсімді қамтамасыз етуді және шет елден келетін миграциялық ағынды мұқият бақылап, оны қатаң заңдармен реттеп отыруы тиіс екен. Болмаса, ретсіз миграция болашақта елдің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе, бұл мәселенің қазіргі Қазақстан мемлекеттілігіне тікелей қатысы бар десек ‑ қателеспейміз.
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz