Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017
Әне, көрдің бе? 2172 27 пікір 4 Желтоқсан, 2017 сағат 10:58

Алаш идеясын қолдаған  қазақ байлары. Олар кімдер еді?

 

Алаштану ғылымының соңғы жылдары мән беріп қарастырып жатқан бағыты қазақ байларының Алаш идеясын қолдауына қатысты болып жатыр. Қазақ байларын кешегі совет өкіметінің заманында «алашшылдар» десе, алаштықтарды «байшылдар» деп айтқан. Расында қазақ байлары коммунисттік күңгірт идеяны емес, алаш идеясын қолдады. Ал біз қазақ буржуазиясының алашордалықтарды қолдаған іс-әрекетін сол кездері хатқа түскен деректерге ғана сүйеніп айтамыз, жазамыз. Ал жасаған істері хатқа түспеген бізге белгісіз қаншама байлар бар. Алаш идеясын бағдар еткен азаматтар халықты бай, кедей деп екіге бөлу саясатын ұстанған емес, ұлтты тұтас қабылдады. Байлар болса, сол ұлттың әлеуметтік тұрғыдан алғанда басым қаржылық материалдық капиталына қол артқан топтың негізі еді.

Айталық, Алашорданың орталығы болып саналған Семей қаласы мен оның өңірлеріндегі қазақ байлары Алаш қозғалысына 1905 жылдан бастап қолдау көрсеткен. Мәселен, 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған Қарқаралы петициясын қостаушылардың ішінде ауқатты адамдар көп болған. Мәселен, “Дело об агитации среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург для представления от Киргизского народа петиции царю” деп аталатын құжатқа 42 адам қол қойыпты. Аталмыш науқанды іске асыру барысында петицияны ұйымдастырушылар қырдағы халыққа беделді, сөзі жүретін ел ағаларына, байларға сенім артты. Осы саяси науқан Алаш қайраткерлері мен енді ғана қалыптаса бастаған ұлттық буржуазия өкілдерінің тізе қосып қимылдаған алқашқы қадамы болғаны анық[1].

Жоғарыда аталған саяси оқиғалар Алаш қайраткерлерін ұлт мүддесі жолында қызмет етуге, туған халқының құқығын қорғауға жұмылдырды. Осы әрекеттері үшін ұлт зиялыларының кейбірі жергілікті отаршыл әкімшілік тараптан қуғынға ұшырап, бірі түрмеге жабылса, өзгесі отаршыл орыс империясының ішкі губерниялары мен «ит жеккенге» айдалды. Сондай қиын-қыстау сәтте Алаш қайраткерлеріне көмек қолын созып, демеу болған қазақ байлары еді. Оған төмендегі деректер айқын дәлел бола алады.

Қазақ байлары негізінен Алаш қозғалысының халық арасына кең таралуына септігін тигізді. Қазақ баспасөзінің насихатшысы болып, қаржылық қиындықтарын шешті. Алашорда автономиясы жаңадан құрылған кезде де қаржылық және материалдық қажеттіліктерді өтеген осы қазақ байлары болатын. Олардың қатарында Қаражан Үкібайұлы, Медеу Оразбайұлы, Ике Әділұлы, Хасен Ақайұлы, Ыбырай Ақбайұлы, Иса Көпжасарұлы бар еді.

1917 жылдың желтоқсанында Орынборда Алашорда үкіметі құрылып, алайда қиян-кескі азаматтық соғыстарға байланысты уақытша тұратын орын Семейге ауысқанда Қаражан Үкібаев, Әбдірахман Жүсіпов, Әнияр Молдабаев тәрізді тағы басқа ауқатты адамдар өздерінің басы артық үйлерін, дүние-мүліктерін Алаш игілігіне пайдалануға берген. Мысалы, Ахат Шәкерімұлы «Менің әкем, халық ұлы - Шәкерім» атты естелігінің Белгібайдың қызының басында болған дауға байланысты оқиғаны: «...ертеңінде Жаңасемей базарының жоғары жағында, Қаражан байдың мектепке жалдаған үйі болатын. Сот сонда болатын болды» деп жазады. Ал Семейдегі қазіргі заман тарихы құжаттама орталығында сақталған құжаттар (қор-37, тізбе-01 іс-10) 1918-1919 жылдары осы үйде облыстық қазақ сотымен қатар уездік Земство басқармасының кеңсесі де орналасқанын айғақтайды. 1918-жылдың 11-наурызында Семей уездік Земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаровтың қол қоюымен алаш мектептері комиссиясы мүшелеріне жіберген ресми шақырту қағазында:

«Семипалатинская Уездная Земская Управа от 11/26 марта 1918 года. Повестка членам Семипалатинской уездной Земской школьной комиссий.

Отдел народного оброзования просить т.т членов комиссии пожаловать на заседания, назначенное на 14 марта с.г. (четверг) в помещении Земской Управы – г.Алаш, дом Укубаева, к 5 часам вчера...», - деп көрсетілді.

Осындай тағы бір құжатта төмендегідей мәселе айтылған:

«Земство Семипалатинской области, Семипалатинская Уездная Земская Управа от 12 августа 1918 года, N3755.г. Семипалатинск.

Повестка

Настоящим Семипалатинская Уездная Земская Управа приглашает Вас пожаловать на заседания (г. Алаш, дом Каражана Укубаева) сегодня, 12 (30) августа с.г., в 8 часов вечра для обсуждения договора по мясной загатовке.

Зам. Председатель ЗемУправы Воробьев».

Өз кезігінде бұл жиынға қатысуға Аңдамасов, Күшкікбаев, Болатханов, Дүйсенбаев, Оналбаев, Балғабаев, Құлғарин шақырылған. Осылардың ішінде Ахметжан Аңдамасов, ағайынды Оңалбаевтар сынды Семейдің басқа да белгілі байлары Алашорда үкіметін жақтап, үнемі материалдық көмектер жасап тұрған[2].

Ахмет және Мұстафа Оразайұлдары Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясына 2 мың рубль төлеп, Әлихан Бөкейханды қазақ жұртының атынан делегат етіп ұсынды. Кейін тағы да қаражатын шешіп, екінші өкіл ретінде Мұстафа Шоқайды ұсынды. Екі өкілдің де бүкіл шығынын қазақтың осы екі байы көтерген болатын. Белгілі қоғам қайраткері, меценат, І Мемлекеттік Думаның депутаты болған Сәлімгерей Жантөрин де Мұстафа Шоқайдың V Мемлекеттік Думаға депутат болуы үшін өзінің жерін Мұстафаның атына аударды. Өйткені депутат болатын адам ауқатты болуы керек деген заң болатын. Алайда V Мемлекеттік Думаның сайлауы сол күйі өтпей қалды.

Алашордашыл ардагерлердің қаракетін қолдағандардың қатарында Салық Омарұлы (Сырым батырдың шөбересі), Тобанияз Әлниязұлы, ағайынды Мамановтар, ағайынды Бекметевтер болды. Олар Алла берген несібені қарапайым халықпен бөлісіп, меценаттықтың жарқын үлгісін көрсетті. Атап айтсақ, Есенқұл Маманов «Қазақ», «Айқап» секілді газеттерге жәрдем берді[3].

«Қазақ» газетінің бір санында қол ұшын созған ауқатты азаматтар туралы бүй дейді.

Газетаға көмек

Ойламаған жерден «Қазақ» төтенше шығындарға ұшырап, халі ауырлағанын байқаған азаматтар азды-көпті көмек берісті. Бұлар көмектерін әрқайсысы айрықша әр уақытта жіберген еді. Біз бәрін жиып, бірақ жариялап отырмыз. Халыққа көз-құлақ болғандай ортасындағы бір газетасын бұлайша көтермелеген азаматтарға шын көңілден Тәңірі жарылғасын айтамыз. Бейбітшілік заман кешікпей қайта айналар, мезгілді ауырлықтар ұмытылар, сол кезде, инша алла, ісіміз де ілгері басар. Бізге  қымбаты халықтың ықыласы еді, мұны міне көріп отырмыз.

Көмек берушілер:

 Есенқұл қажы Маманұлы – 100 сом, Ғайнижамал Есенқұл қажы жамағаты – 100 сом, Тәңірберген қажы Тұрысбекұлы – 429 сом, Айтмұхамет Тұрысбекұлы – 100 сом, Қожа Ахмет Маманұлы – 50 сом, Баймұхамет Тұрысбекұлы – 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы – 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы – 20 сом, Егеубек Жиенбайұлы – 10 сом, Ғ.Әлібекұлы – 150 сом, Хұсайын Үкенұлы – 25 сом 50 тиын, Жолымбет Тұрымбетұлы – 25 сом, Ерназар Жауқашарұлы – 20 сом, мұғалім Нығметолла Күзембайұлы – 15 сом, Нұғман Қанатбайұлы – 5 сом, Өмірәлі Пәнтешұлы – 5 сом, Тілеген Бадырақұлы – 5 сом...

Барлығы: 1274 сом, 40 тиын[4].

«Қазақ байлары «Қазақ» газетін толықтай қаржыландырып тұрды» деп нақты байлам жасауға болмайтын сияқты. Бірақ, «Қазақ» газетіне қолдау жасау, қиын сәттері оны жабылудан, салынған айыппұлдарың төлеп аман қалуына өз үлестерін қосқан. Байлар тақырыбын қарастырғанда кешегі кеңестік коммунисттік таптық ұғым мен бүгінгі батыстық қоғамдағы тап ұғымның негізгі критерийлерін алып қараған дұрыс емес деген ойдамыз. Себебі, ол кезде қазақ қоғамы белгілі бір деңгейде  ағайынгершілік ұстанымдарды ұстанды. Ал сол қоғамның негізін түсінбеген коммунистер болса, бірден оларды феодалдық орта ғасыр түсініктерімен шатасырып отырды. Осы жерде бұл мәселеге қазақы өткен дүниетаным тұрғысынан қараған орынды. Қазақ байларының «Қазақ» газетін, «Айқап» журналын қаржыландыруы  таптық тұрғыдан болған еді деу негізсіз. Олардың қолдауы жалпыұлттық ұғымнан туды. Мәселен, шетте оқыған қазақтың балаларына тұрақты шәкіртақы төлеп тұрған байлар, ертең оқуын бітіргенде байлардың мүддесін ғана қолдаушылар болсын деген ұғымда болған деуге келмейді. Сол сияқты шәкіртақы, газет шығарудағы қолдау болсын ұлт болашағына қатысты жұмсалған қаражат деуге негіз бар.

Орал өнірінен шыққан «Қазақстан» газетіне де Маман байдың әулеті қаржылай қолдау жасаған екен. Оған сол заманда шыққан «Қазақстан» газетіндегі мына ақпар дәлел.

Ағана

Семиреченский облысынан Сейітбаттал қажы Маманов, Құдайберген Тұрысбеков, Ишанғұл қажы Маманов, Ғайдымахмұд Тұрысбековтердің «Қазақстан» газетасының пайдасына берген жәрдемі мағлұм Ғабдолғазиз Мусин арқылы жетісті. Бұларға миллет адамдары Алла разы болсын.

Басқарушы[5].

«Қазақстан» газетіне қолдау жасағандар тек қазақ елінен емес, әзірбайжан, татар жұртынан да болған екен. Бақытжан Қаратаевтың «Азаматтарға және бір-екі ауыз сөз» деген мақаласында осының жай жапсарын баян етеді. Газетке қолдау жасаған қазақ байы, әрі төресі, ақыны Шәңгерейдің де есімін ауызға алып, олар туралы қысқаша хабар береді.  (Ескерту: мақаланы түпнұсқада беріп отырмыз).

Азаматтарға және бір-екі ауыз сөз

Троитскі шахарында қазақ тілінде «Айқаб» журналы шықды деб, Оралскі шахарында «Қазақстан» ғазитасы шықды деб қазақ азаматдары қуанысыб жатқан көрінеді. Мұны біліб, азаматдарға айтатұғын аз ғана сөзім бар: «Айқаб» журналының шығуына расхуд шығарыб, себеб болған Троитскі мұсылманы Иаушиев болады, «Қазақстанның» шығуына себеб болған Баку шахарының мұсылманы генерал Зейнелғабиден Тағиев һәм Жаһангир ханның нибересі сұлтан Шһангирей деген мұсылман болады. Тағиев мың сом берді, сұлтан Шһангирей бес жүз сом берді.

Құфиа емес, жариа ғой, танық емес анық ғой, қазақ халқы мұсылманның бір бөлегі, елі һәм былайғы мұсылмандарға қарағанда өнер-білімнен махрұм болыб кейін қалуны. Русиядағы дін қарындастарымыз Қазан, Қавқаз, Түркістан мұсылмандары соңғы уақытдарда өнер-білімдерін асырыб ілгері кетді. Қазақ халқы бұ мұсылмандардың шаңына да араласа алмай қалды. Қазақдың қибат көргені һәм алаң болғаны упрауител-ыстаршина, народный судиа лауазымлары болды. Бұ лауазымлар үшін азаматлар бірі-бірімен таласыб, көб сомалар шығарыб келе жатыр. Бірақ оларға өкбелеуге тиіс емес, аның үшін бұл талас – надандықдың белгісі. Мойнымызға алайық, орысша һәм мұсылманша оқығандарымыздан да көбіміздің көңіліміз надан, өнер-білім сүйегімізді сындырыб, етімізді жыртыб, бойымызға әлі сіңген жоқ. Солай болғансын сыртымыз сұлу, көңіліміз лас болуы ғажаб емес. Сол себебді данышман мұсылман қарындасдарымыз ғинарал Тағиев, Йауишов һәм сұлтан Шһәңгирей хазратлары қазақ сықылды қарындас халқын айаб, көзін ашар үшін ұйқысынан ойатар үшін өнер-білім жолына айдар үшін дәулетдерін айамай, «Айқаб» һәм «Қазақстан» ғазиталарының шығуына жәрдем беріб жатыр. Енді шылбыр беріб, бәйгі атындай көтермелеген данышмандарға ілесе алсақ жарар еді. Ғинирал Тағиев, Йауишов һәм сұлтан Шһангирей хазіретдерінің жәрдемінен түсіндік: қазақдың «Ойда он сиырдың мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды» деген мақалы осы екен. Қазақ мұсылмандарының надан болыб, ғайри халықдан өнер-білім жолында кейін шегініб қалыб бара жатқанына арланыб, бұл данышмандар қазақды қызғанғандығын білдірді. Ғинирал Тағиевдің нәсілі әзірбайжан татары болады. Йауишовдың нәсілі Қазан татары болады. Сұлтан Шһангирей қазақдың өзінің төресі болады. Арғы атасы Әбілхайыр хан, аның ұғлы Нұралы хан, аның ұғлы Сейдгирей сұлтан, аның ұғлы данышманымыз сұлтан Шһангирей болады.

Сол себебді бұл данышмандарды Алла тағала бұ дүниадағы һәм ол дүниадағы мақсұддарына жеткерсін деб біз оларға фатиха беріб, дұғада тұрмыз һәм тұралық [6].

Қазақ байлары мен Алаш арыстарының арасындағы қатынастарда негізінен құжаттық деректерге сүйеніп мәлімет беріп отырмыз. Енді қазақтың өзіне тән жомарттық қасиетіне салып қарайтын болсақ, құжаттарға түспей қалған қаншама байлардың қолдауы болды. Медеу байдың әкесі тобықты Оразбай Алашқа бес жүз жылқысын садаққа еткен. Бір күн күткен қонағына құтты қонақ екен деп кемі бір атын тарту ететін дәстүрімізге сүйенетін болсақ, қолдау жасаған қазақтың дәулетті жандары бұдан да көп болған, тек қосқан қаражаты мен алдына салып берген үйірлі жылқылары Қаражан бай мен Оразбай байдай болмаса да, шама-шарқынша қолдағанына негіз бар деп топшылаймыз. Қазақ елінің барша аумағында қолдау тапқан қозғалыстың облыстарда, ауылдық аймақтарда орталықтары болғандығын қазір айтылып жатыр. Сол жергілікті жердегі өкілдері мен тіректері, халықты сол идеяға нандырушысы қазақ байлары болғандығы рас. Біз қазақ байларына қатысты зерттеулерді Алашқа қызмет еткені тұрғысынан алсақ та ел алдында олардың жазықсыз жапа шеккендігін ақтап (1928 жылы байларды кәмпескелегеніне қатысты айтып отырмыз) алуға болады. Барша қазақтың сол кезде өмір сүрген байлары Алаш партиясына тайлы-тұяғы  қалмай қолдау жасады деуге келмейді. Олардың арасында ішкен қымызы мен көрген қызығына мәз болып жүргендер де болған. Бірақ, ақпан төңкерісінен кейін көп нәрселер төтенше жағдайда өрбіді. Демек, бұл уақытта алашқа үйірлі жылқы бермеген байлардың өздері алаштықтарға ниеттес еді деп топшылай аламыз. Себебі, оларда басқа таңдау жоқтығынан да алаштық тарапқа бет бұрды.

Енді Алаш идеясын тұтас әулет болып қолдаған Маман ұрпақтары кәмпескеге іліккенде оларға Кеңес өкіметінің таққан айыптарына тоқталып өтейік. Бұл турасында кеңестік қызыл белсенді Бектің Омарбегі дегеннің «Ақсу ауданынан 6 ірі бай айдалды» деген кәмпеске тұсында жазылған мақаласын қаз қалпында беруді жөн көрдік.

Бектің Омарбегі. Ақсу ауданынан 6 ірі бай айдалды

Жетісудағы Атаман Анненковтың жендеті болған, «Алаш орданың» белсендісі болған атақты Маман Тұрысбекұлдарының алтауы айдалды. 1720 қара, 26 ақ үй, ағаш үй: өзге мүліктерімен кәмпескеленді. Науқанда ел кедейлерінің белсенділігі күшті болды.

 Маманұлы Есенқұл – бұл Маман ұлдарының ересектерінің ішінде ертеден аты шыққан алаяқ пысығы, ысылған қу саудагер, саяси көзі ашық, кәдімгідей саяси беті бар адам. Бұл баяғы Әлихандардың Орынборға жалпы қазақ съезіне алаштан арнап шақырылған шонжарлардың өзі, 800 ірі қарасы бар бай. Алашорда мен атамандардың әскеріне ынтасымен көмек қылған деседі. Ондаған малай-жалшылары бар. Балшебекке көмек көрсеттің, ат-айғырымды ұстап бердің деп, өзінің малайлары Бүршікбайұлдары деген екі ағайынды жігітті өлтірген екен. Қала-даламен қатынасы зор. Кеңес қызметкерлеріне де ықпалы болып келген тәрізді. Ел еңбекшілері атын тура атай алмай «Есен қажы» дейтін көрінеді.

Сейдахмет Маманұлы – әлде неше жыл патша тұсында би болған. 500 қарасы бар ірі бай. Ұры ұстап, ұры аттандыратын көрінеді, ақ пен Алашордаға көмектескен, сол кезде жұмысынан қашқан бір малайды ұстап әкеп мұрнын кесіп, көгендеп қойған. Кедейлерді қосшыға, союға, съездге жібермей, барғандарын жалап қудалаған.

Қожахмет Маманұлы – бұл 3 жыл болыс болған.

Махмұтбек Маманұлы –  мұның еншілес ағасы Бидахмет оқыған. Алматыдан бастап Қызылордаға шейін байланысы күшті. Мұндай ел ішіндегі Маманұлдарының білімді басшысы, не түрлі қитарлыққа нұсқау беруші көрінеді. Аудан кедейлерінің жүздеген арыз пікірлеріне қарағанда жоғарғылардан көрі Бидахмет, Мақсұтбектің зорлықтары күшті көрінеді. Өйткені бұлар ел кедейлерін езгенде кәдімгі сәбет атынан істейтін жері де көп екен. Кедейден тартып алу, кедейге теңдік бермеу,  сәбетке қарсылығын кәдімгі бетке айтатын қитар көрінеді.

Айтмұхамбет Тұрысбекұлы – малды ірі бай, 20 шақыт малай ұстайтын. Елде ықпалы күшті жуан.

Тәңірберген Тұрысбекұлы – бұл  байлығымен бірге саяси жұмысқа кірісіп жүрген адам екен. Алашорданың белсенділерінің бірі екен. Осы жақта Абылайхан деген төремен екеуі әскер құрып, балшебектерге қарсы тұрыпты. Сол кезде өздері бала оқытуға әкелген Мұқамади деген мұғалім балшебек болады. Соны ұстап алып Тәңірберген өз қолымен өлтіреді.  Бейсенбай Кедесұлы деген совдеп болған, осы елдің бір кедейін қол-аяғын артына қайырып байлап, талтүсте ел көзінше қылыштап өлтіреді. Алаш әскеріне ат бермейсің, қарсы екенсің деп Арыстанбек дегенді тағы атады. Талайды шабады. Мал-мүлік талайды. Хандық құрады. Ондаған малайы бар 200-ден астам ірі қарасы бар. Отыншының орағын, сушының шелегін алған қу көрінеді. Осы күні қашқын. Қашқын болғанда кәмпеске жұмысынан бұрын қашқын болып жүр екен.

Қысқаша байлардың жәйі осы, бұларды ел «Көк үйлілер» дейді. Үйткені көк үй, жемісті бақша, жер шұрайы Шалқар көлі, Самал бел бұларда екен.

Маман балаларынан 1720 ірі қара алынды.

Сүйтіп октябрдің 1-2-інде жоғарыда айтылған 6 байдың мал-мүлкін кәмпескеледік. Барлығы  1720 ірі қара, 13 ақ үй, 13 ағаш үй мен там үй, 5 бақша,  13 орамақ киіз, 6 асыл кілем, 2 жердегі жоңышқа орны, 2 су диірмен, 1 тай тұяқ, 1 жамбы. Қолдарынан малын алған уақытта ешбір дау-жанжал қарсылық қылғандары жоқ. Осымен 6 байдың кәмпескесі бітті. Қазірде де жаңадан кәмпескеленсін деген үш бай бар еді, соған кірісіп жатырмыз[7].

Мұны оқып отырған оқырман арасында «мына деректі неге пайдаланып отыр» деген мағынада қандайда бір пікір қылаң беруі мүмкін .  Біз кейде өзіміз жанымызға жақын тұтатын жандарға қатысты оғаш және керағар ойларды қабылдай алмаймыз. Мәселенің мәнісіне үңілу үшінде қарсы тараптың ойына ыждақат етіп, ол деректі қолданып, қос тартпаны тең тартып отырып қарастырсақ, мәселені  объективті бағалай аламыз. Яғни, азамат соғысы уақытында Маман ұрпақтары кедейге қысым жасады деп сол заманда өмір сүрген қызыл шолақ белсенді осындай пікірді хатқа түсіріпті. Біріншіден, соғыс уақытында бәрі де мүмкін. Екіншіден, ол заман «жоқты бардай қылып, барды құдай ұрғандай қылып» айтатын уақыт еді. Жалпы қазақ байларына кедейге зорлық жасады деген айып тағылды. Демек, оған тым қатты таңқалуға әсте болмайды. Себеп: саясаттың бағыт бағдары солай еді.

Сонымен, жоғардағы деректердің бәрі   Маман ұрпақтарының алашқа әскер бергенін, қолдау жасағанын  дәледеп, тіпті, қуаттап отыр.

Төңкерісшіл белсенді топ Алаш үшін малын да, күш қуаты мен жанын да берген әулеттен алты адамды Орал жаққа жер аударып жіберді. Кейінде бұл әулетке кеңестердің қысымы азайған жоқ.

Алаш арыстары мен қазақ байларының арақатынасына қатысты соңғы жылдары ғана қалам тербеле басталды. Ал бұл алдағы уақытта бізге беймәлім жайттарды зерттей, зерделей түсуді қажет ететін сияқты.

 

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Еркін Рахметуллин. ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ меценаттары: тарихы мен тағдыры. //e-history.kz
  2. Кенемолдин М. Қаражан Үкібаев кім?. //Абай, №4, 2010
  3. Серікбол Хасан. Қазақтың байлары қазақтың қорғаны еді. //aikyn.kz
  4. «Қазақ» газеті /Бас редактор Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энцеклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет.
  5. «Қазақстан» газеті №11. 24 сәуір,1912 жыл.
  6. Сұлтан Бахытжан Бисғәлі ұғлы Қаратаев. Азаматтарға және бір-екі ауыз сөз. // "Қазақстан" газеті, №5, 19.01.1912 жыл.
  7. Мамания: Тарихи деректер, естеліктер, өлеңдер, құжаттар, пікірлер (Құраст.: Ж.Қалиұлы). – Алматы: Атамұра, 1991 – 272 бет.

Руслан Ахмағанбетов

Abai.kz  

 

 

27 пікір