ҚМДБ. 940 адам радикалды райынан қайтты
940 адам радикалды райынан қайтқан. Бұл туралы мәлімет Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2017 жылғы қорытынды есебінде ресми жарияланды.
ҚМДБ Діни істер және талдау бөлімінің мәліметіне сәйкес, еліміз бойынша 940 адам дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына қайтқан. Дәстүрлі діни мектепті таңдаған азаматтар саны бойынша Ақтөбе облысы бірінші орында. Облыс бойынша 308 адам радикалды діни көзқарасын өзгерткенін ресми мәлімдеген. Алматы қаласы бойынша 127 адам радикалды діни райынан қайтқан. Қарағанды облысында 123 адам ханафи мәзһабын таңдаған.
«Жат ағымға кеткен азаматтарға уағыз-насихат, түсіндіру шараларын жүргізу – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Бұл бағыт бойынша жұмыстар жыл сайын жанданып келеді. Имамдар теріс жолға түскен азаматтармен бірнеше сағат сұхбаттасады, кездеседі, түсіндіру шараларын жүргізеді. Сонымен қатар, дін қызметкерлері деструктивті діни ағым өкілдері арасында мәдени, рухани, спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Мақсат – жамағатты мешіт төңірегіне топтастыру, бірлікке, ізгілікке ұйыту. Соның нәтижесінде 940 адам дәстүрлі дінге оралды. Бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жалғаса береді», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Жылдық қорытынды жиналыста 2018 жылдың жұмыс жоспары бекітіліп, облыстың бас имамдарына нақты тапсырмалар берілді.
Abai.kz