Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Бетбұрыс 4591 2 пікір 16 Ақпан, 2018 сағат 09:43

Моңғолиядағы қандастар туралы фильмнің тұсаукесері өтті

Моңғолия қазақтарының тарихы мен бүгінін баяндайтын «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аталған жобаны 2017 жылдың маусым айынан бастап «Нational digital history» порталының базасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жүзеге асырды. Деректі фильм ұлттық сана мен төл тарихты жаңғырту, алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың шынайы өмірін көрсету мақсатында түсірілген. Фильмнің демеушісі - Оралбек Ботбай.

Түсірілім тобы өте ауқымды жұмыстарды атқарған. Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Ұланбатыр қаласын, Өзбекстан астанасы Ташкенттегі Кенимех ауданына дейінгі және Тәжікстанның Худжанд қаласына дейінгі жерді, бас аяғы он мыңдаған шақырым жолды басып өткен. Ғажайып тарихи орындарды көзімен көріп, ерекше тағдыр иелерін таспаға түсірген.

Астанада тұсаукесері өткен «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмдер топтамасының Моңғолия қазақтарына арналған бөлімі көптің көңілінен шықты. Туындыда Ұланбатыр қаласы мен оған жақын орналасқан Налайхан ауданында ғұмыр кешіп жатқан этникалық қазақтардың бүгінгі тіршілігі көрсетіледі.

«Бұл - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жоба. Ең бастысы, бұл жобаны тек қана бастама деп есептейміз. Шетелде 5 миллионға жуық қазақтың тұрып жатқаны бізге белгілі. Сондықтан, оларға біз ерекше назармен қараймыз. Екінші жағынан Елбасы айтқандай, оларға Қазақстанның әрқашан есігі ашық. 25 жылдың ішінде 1 миллионға жуық қандастарымыз елге келді. Деректі фильмді демеушілік еткен Оралбек Ботбай мырзаға, «Қазконтент» басқармасының төрағасы Евгений Кочетов мырзаға зор алғысымды айтқым келеді. Қаны қазақ болмаса да, заты қазақ (Кочетов туралы - авт.). Осындай жобаны өзі (Евгений Кочетов - авт.) өзі ұсынды», - деді фильмнің тұсаукесерінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Маңызды іс-шара қандастардың тарихи отанынан бейімделу мәселеріне тағы бір назар аударуға және тарихи отанынан тыс өмір сүріп жатқан этникалық қазақтардың мәселелерін көтеруге жол ашады.

Деректі фильм жуық арада «Нational digital history» порталында жарияланады.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1984