Қандас балалар мектепке қабылданады, бірақ…
«Бұл — Ақпарова мен Айтбаев телефон арқылы ауызша шектей салатын құқық емес!» атты мақаламызда көтерілген мәселе бойынша — Атажұртына оралған қандастарымыздың балаларын мектеп директорлары мен білім бөлімдері мектепке қабылдамай жатқаны туралы мәселге байланысты, бүгін ҚР Оқу-ағарту министрінің Бірінші орынбасары Шынар Ақпарованың қабылдауында болып, аталған жағдай бойынша әңгімелестік.
Жақсының жақсылығын айту — парыз!
Шынар Қуанышқызы өте жылы қабылдады. Қарапайым, алды кең адам екен. Әлдебіреулер құсап, «Мені неге сынайсың?!»,-деп шытынап, шақшиған жоқ. Еркін отырып, ашық сөйлестік.
Иә, Шынар Қуанышқызы министрдің Бірінші орынбасары болып келгелі бір-ақ жыл болыпты.
Шынар ханымның бір жылдың ішінде барлық мәселеден хабардар болып кетуі де мүмкін емес қой, ол жағын да түсіністікпен қарауға болды.
Бірақ, аталған «Бұл — Ақпарва мен Айтбаев телефон арқылы ауызша шектей салатын құқық емес» атты «Ашық хат» Ақпарованың назарын Көші-қон, оның ішінде қандас балалар мен олардың ата-анасының бұзылып жатқан ҚҰҚЫҒЫНА бірден аударғаны көрініп тұр.
Біраз мәселені өзім ауызша айтып, жан-жақты түсіндіруге тырыстым.
Бірлескен бұйрықтың бүкіл Заңды істен шығарып, билік институттарын жұмыс істеуден қалдырғанын және Көші-қон саласының Заңмен емес, ТҮСІНІКПЕН БАСҚАРЫЛЫП қалғанын, соның кесірінен Қасым-Жомарт ағаның беделіне нұқсан жетіп жатқанын шегелеп тұрып жеткіздім.
Өз кезегінде, Шынар Ақпарова бүгін не ертең он жеті облыс пен үш қаланың Оқу-ағарту басқармаларының басшыларын жиып, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың балаларын түгел мектекен қабылдау туралы тапсырма беретін болды.
Бұл тапсырманы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ханым беріпті.
Сондай-ақ, министр Жұлдыз Сүлейменованың атына жазған төмендегі ұсыныстарды бердім.
Жұлдыз Досбергенқызы мен Шынар Қуанышқызына алғысым шексіз!
Рахмет Сіздерге!
Сонымен бірге, Шынар Ақпароваға телефон шалдырып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың қабылдауына кіруге мүмкіндік алдым.
Насымжан Жамбекқызына да болған жағдайды ауызша баяндап бердім.
Енді Балалардың құқықтарын қорғау Комитетіне ресіми хат жазып, бұл мәселені кешенді түрде қолға алатын боламыз…
Бірақ, бір мәселені баса айта кетейін!
Атажұртына оралған қандастарымыздың балалары мектепке қабылданумен бұл мәселені шешілді деп айтуға әлі ерте!
Ол үшін, төмендегі ұсыныстар түгел шешілуі керек!
Бекер обалы қане, Шынар Ақпарова оған қарсы емес, құлшынып отыр.
Ал, мен оған көмектесуге 24/7 дайынмын!
Осыған уәделестік.
Бірлесіп жұмыс істейтін болдық!
Енді бір әңгіме.
Негізі, мен біреуге орынсыз тиісуден, біреуді, әсіресе, билік өкілдерін қисынсыз сынаудан аулақ адаммын.
Билік өкілдеріне байланысты айтар болсам, туындаған мәселе туралы, шешу жолдарын ұсына отырып, сыпайылап тұрып, үш хат жазам. Бір емес, үш мәрте хат жазам…
Тыңдамаса, үштен кейін ашыққа шығаруға, айғайға бауға тура келеді.
Себебі, мен көтерген мәселенің бәрі адам құқығана, тағдырына қатысты Заңдар туралы.
Заң дұрыс болу керек және атқарушы билік оны бұлжытпай орындауы тиіс!
Бұл — бүгінгі Қасым-Жомарт аға жолға қойған Заң мен Тәртіп қағидатының басты талабы!
Мен — Ауыт Мұқибек — сол Заң мен Тәртіп қағидатының солдатымын!
Ал, осы қандас балардың мәселесі бойынша, қағидатты Заңға сәйкестендіру туралы Жұлдыз Сүлейменоваға үш мәрте хат жаздым.
Тіпті, 3 тамыз күні қағидатты дұрыстауға қарамай, «Білім туралы» заңның 66-бабы негізінде қандас балаларды мектепке қабылдай беру туралы ұсыныс жасадым.
Ол хат Жұлдыз Сүлейменова мен Шынар Ақпарованың екеуіне де тіркелді.
Тыңдаған жоқ!
Бер жағында отырғандар ескі жауапты қайталап бере салды.
Сонымен, соңы — мынау болды…
Жасыратыны жоқ, біз заңдық басқару шеңберінен шығып қалдық. Бұйрықпен, түсінікпен басқарылатын деңгейге жеттік!
Жазбаша бұйрықты қойып, адам құқығын телефон арқылы шектей беретін болдық…
Бұл — өте қауіпті жағдай!
Сондықтан, құрметті атқарушы билік пен өзге де орган басшылары, Ауыт Мұқибектің хаты мен ұсыныстарына баса назар аударып жүріңіздер!!
Түбі, мен айтқанға келесіздер!
Келіп те жатырсыздар…
Ұсыныстар:
Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!
Мен Ақмола және өзге облыстардағы мектепке түсе алмай отырған Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар балаларының қолыма түскен тізім тізімін осы хатқа қосып, Сізге жіберем, тез арада шешім қабылдап, алдағы дүйсенбіден бастап оларды мектепке қабылдатыңыз.
Екінші, маған 5 қыркүйек күні WhatsApp желісі арқылы: «Қосшы қаласының білім бөліміне жұма күнгі түскен ақпарат бойынша, оқушыларды қабылдады. Бірақ, ол балалар ауада /оқиды/, НОВД-ға тіркелмейді, Хододайстова берілмейді, мұғалімдер арнаулы қағаз күнделік ұстайды, 1 тоқсан ғана оқиды...» - деген ақпарат келіп түсті.
Аталған ақпараттың шын-өтірігін тексеріңіз және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар балалары сырттай емес, түгелімен НОВД-ға тіркеліп, хододайстовасын алып оқитын болсын!
Үшінші, Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Насымжан Оспановамен бірлесе отырып, әріптесіңіз Ішкі істер министрі Ержан Саденове шығып, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасындағы мекептерде білім алып жатқан балалары мен олардың ата-анасының визасын ашуға, ұзартуға және оларды тұрған жеріне қарамастан белгіленген тәртіппен құжаттандыруға ықпал етіңіз!
Егер, визасының мерзімі өтіп кеткендер болса, оларға ескерту беру жазасын қолдану керек деп есептеймін.
Себебі, олар баласын тастап, келген Еліне қайып кете алмайды ғой. Оларды осындай әкімшілік құқық бұзушылыққа мәжбүр еткен – №468 Бұйрықты «Білім туралы» Заңға уағында сәйкестірмеген Сіздің әрекетсіздігіңіз бен үш министрдің шығарған «Бірлескен бұйрығы»!
Соның кесірінен, «Бала құқығы туралы» заңдағы баланың өз ата-анасымен бiрге тұруға құқығы бұзылуда...
Үшінші, тез арада мен ұсынған жобаны ескере отырып, аталған №468 Бұйрықты «Білім туралы» Заңға сәйкестіріп жасаңыз!
Әйтпесе, Қасым-Жомарт ағаны ұятқа қалдырасыз!
Егер, осы ұсыныстарым орындалмаса, онда Бұйрыққа емес, Заңға сілтемей отырып, Өз қолыңызбен жауап беріңіз!
Мен Сізге көмектесуге және осылай қолдауға 24/7 дайынмын!!!
Ескерту: 38 отбасының 59 баласының тізімі қоса тіркелді.
Құрметпен, Ауыт Мұқибек,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері
Abai.kz