Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Көршінің көлеңкесі 11484 87 пікір 19 Ақпан, 2018 сағат 08:20

Ұлы Дала еліне ұлы реформатор Дэн Сяопин мектебін көрген кәнігі Дипломат керек

 

 

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпараттардың растығына әбден көз жеткен соң, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қытай Халық Республикасына ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ НОТА жіберді.

Бұл – оқиғаны естіген ел іші-сыртындағы сары уайымға салынып отырған қандастарымыздың «Міне, мемлекет деген осы! Отаны бардың – оты сөнбейді!!»-деп, рухы демде асқақтап шыға келді.

Әрине, Біз – Мәңгілік Ел болуға жұдырықтай жұмылып отырған жұртпыз. Бүкіл дүниежүзі мойындаған Тәуелсіз Мемлекетпіз. Дүниежүзі мемлекеттерінің қандай  басшысымен болса да тең тұрып сөйлесе алатын кемеңгер басшымыз бар! Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев басқарған Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет болғаны үшін ғана емес, ұлтаралық қатынасты шешуде де әлемге үлгі. Біздің еліміздің ең басты ұраны – ұлтаралық тұрақтылық, татулық және келісім! Бұл құндылық – Қазақстанның гүлденіп, өркендеуінің негізгі кепілі болып отыр.

Қытайдағы қандастарымыздың осынау қиын жағдайын Қазақстан Сыртқы істер министрлігі кеше ғана естіп, бүгін НОТА жіберіп отырған жоқ. Ең алғашқы ақпарат Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында – өткен жылдың 23 маусым күні Германиядағы қандасымыз Өмірхан Алтынның аузымен айтылды. Сол күннен бастап бұл мәселе отандық және шетелдік БАҚ бетінен бір күн түскен жоқ. Туысқандары қамауда қалған жерлестеріміз «Нұр Отан» партиясына ағылды. Партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі, ретіне қарай, олардың өтініштері мен БАҚ бетіне шыққан ақпараттарды көшіріп алып, тіркеп, Сыртқы істер министрлігіне жолдап отырды. Бейсен Ахмет, Қыдырәлі Оразұлы, Қайрат Байтолла  бастаған ұлтшыл азаматтар бірнеше рет баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған  арыздарды тең-теңімен әкеліп, Астанадағы Қытай Елшілігі мен Еліміздің Сыртқы істер министрлігіне тапсырды.

Бекер обалы кәне, еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені өз бақылауына толық алып, қытайлық әріптестерімен түсінісуге тырысты. Министрдің орынбасары арғы бетке сапар да шегіп келді. Өтініш түсірген әрбір адамның тағдыры үшін алаңдап, дипломатия ережелері аясында Қытай Елшілігіне хаттар жөнелтті. Тамырын басып, бір-екі мәрте мәлімдеме  жасап та көрді. Ал, Шыңжаң өлкесінде жәбір көрген қандастарымызға Үрімжідегі Консулдық қызмет өкілдерін  жіберіп, сан мәрте араша түсті.

Өкінішке орай, біздің білуімізше, Қытай тарапы сол азаматтардың санаулысына ғана бостандық бергені болмаса, басым бөлігіне, тіпті түгелге жуығына, беті бүлк етпестен, «Бұл – біздің ішкі ісіміз!» деді де отырды. Оған «Құрметті Ауыт Мұқибек! ...Аталған Елшілік өз жауабында хатта көрсетілген мәселелерді қарастыру үшін Қытайдың тиісті мекемелеріне жібергенін, алынған ақпараттан хабардар ететінін айта келіп, Қытай азаматтарына қатысты сұрақтардың барлығы Қытайдың ішкі ісі болып табылады. Қытай басқаның ішкі ісіне араласпайды, басқаны ішкі ісіне араластыртпайды деп мәлімдеді» немесе «Сіздің арызыңыз негізінде Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Елшілігіне нота жолданды. Қазіргі уақытқа дейін ҚР-дағы ҚХР Елшілігінен жауаптың келіп түспегендігіне байланысты, Сізге белгіленген мерзімде жауап берудің мүмкіндігі болмауда...» деген Сыртқы істер министрлігінің маған жазған жауаптары дәлел.

Қысқасы, Қытай Елінің басшылығы өзі қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын» қаперіне де алмағаны – Үлкен мемлекет үшін үлкен сын. Елімізбен болған «Тату көршілік сыйластық», «стратегиялық әріптес» дегендері сөз жүзіндегі әңгіме ме деген ойға да қалдырады бізді.

«Елдестірмек – елшіден» деген аталы сөз бар. Ең өкініштісі, Қытай халық республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхойдың (суретте) осынау келеңсіздіктерді түзетіп, екі ел арасындағы байланысты  жақындата түсуге ұйтқы, дәнекер болудың орнына «СІЗДЕР БІЗДІҢ КІМ ЕКЕНІМІЗДІ БІЛЕСІЗДЕР МЕ?» (http://www.qamshy.kz/article/qitaydinh-qazaqstandaghi-elshisi-sizder-bizdinh-kim-ekenimizdi-bilesizder-me vydeo.html) деп, айбат шеккенін қайтерсің!

Ол аз десеңіз, көзімізді бақырайтып қойып, Еліміздің «Ұйғыр мәдениет орталығы», «Донгандар ассоциациясы», «Алматы Ұйғыр мәдениет орталығы», «Дүңген бірлестігі» сынды ұйымдарын жиып алып, оларға «Мұғажыр» деген мәртебе беріп, шырғалауды әдетке айналдырғаны тағы бар.  Әлгі «мұғажырлардың» қатарына «Бейжің көрген» қазақтар да қосылып, бетімізді шимандай қылды.

Тумаларынан тірі айырылып, арғы беттегі ағайын-туысымен тілдесуден қалып, ашуға булығып отырған елдің алдында осын топтың арқа-жарқа болып наурызшылап, шағаншылап тайраңдауы – жұрттың ашу-ызасын тудырды, намысын қоздырды.

Бұл топ өздерін екі ел арасындағы «ұлы достықтың дәнекері», «берекенің ұйтқысы» санайтын көрінеді.

Қытайдан ертерек оралған ғалым Құрмет Қабылғазыұлы жақында керемет мақала жазып, «Қытайдың диаспорасын қолдау саясаты “қытайлық болса болды, ол бөгде ел азаматы болса да, тұлғаның ықтиярлығымен, тұрғылықты елдерінің және халықаралық заңдардың аясында қамқорлыққа алынуы тиіс” дейтін ұстанымды басшылыққа алады»-деп, Қытайдың диаспора саясатының (http://abai.kz/post/65585) қыры мен сырын егжей-тегжейлі ашып берді.

Демек, мұғажыр болғысы келетіндерге Қытаймен «Ұлы достық» орнату онша қиын емес екен, Астана мен Алматыдағы Қытайдың Елшілігіне немесе Консулдығына барып, кезінде Қытайдан келгеніңді, онда жоғары оқу орнын бітіргеніңді айтып, шала-пұшық ханзу тілін білетініңді білдіріп, құйрығыңды бұлғаңдатсаң жеткілікті, Елшілік саған құшағын айқара ашып, арқаңнан қағып, ала жөнелетін көрінеді. Ал, бір мемлекеттік емес ұйымның басшысы немесе мүшесі болсаң, тіпті рахат секілді, сені ішкі Қытайға қонаққа шақырып, қыдыртып қана қоймай, Алматыдағы Мұғажырлар ұйымының төрағасы сайлап, «Шетелдегі отаншыл қайраткеріміз» деп,  мемлекетінің үлкен-үлкен Құрылтайларына уәкіл етіп қатыстырып жіберетін сияқты... Сөйтіп, өзіңнің қалай мұғажырлардың СЕРКЕСІ болып шыға келгеніңді сезбей қаласың.

Менің таң қалғаным – тым қытайшыл болып бара жатқан осы ағайындарға алаңдап артық-кем өкпе-назын айтқан намысты қыз-жігіттерімізге олардың «заңдық жауапкершілікке өздігінен сұранып тұрғандығын қатаң ескерткіміз келеді», - деп, империяға арқаланып, тап-тап бергені болды. Мейлі шеттен оралайық, мейлі жергілікті болайық, біз – қазақтар ең бақытты халықпыз. Себебі, біз – мемлекет құраушы ұлтпыз! Алла берген сол бағымыз бен қадыр-қасиетімізді сақтауға, қорғауға міндеттіміз. Қытайдың қызыл сөзі мен  өтірік қошаметіне шұлғып, диаспоралардың деңгейіне түсу – Төлқұжатына «ҚАЗАҚ» деп жазылған азаматтар үшім өлімен тең жағдай! Әсіресе, бүгінгідей Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырап жатқан уақытта! Бұл – бір.

Халықты мақтаса – көреген, сын айтса – тобыр санау да есті азаматқа тән қылық емес!! Бұл – екі.

«Қытай алып ел, оған бәрібір төтеп бере алмаймыз» деген сандырақты қою керек. Біз дүниедегі барлық елмен тереземіз тең мемлекетпіз. Қандастарымыздың мүддесін заң аясында қорғауға, заңды ақпарат құралдарында мәселе көтеруге толық құқығымыз бар! Бұл – үш.

Төртіншіден, Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 1992 жылыдың 3 қаңтарынан бері Қытайдың қанша Төтенше және өкілетті елшісі  Елімізге келіп қызмет атқарғанын білмеймін.

Бірақ, дәл осы Чжан Ханьхуэй елші болған кездегідей екі елдің арасындағы этникалық қазақтың құқығы тапталған жоқ және мәселесі ушыққан  емес.

Қытай Елшісі Чжан Ханьхуэйдың бұл дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуге өресі, Біріккен Ұйымы Бас Ассамблеясының «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына» құрмет етуге сауаты жетпегені шындық. Бәрінен де Қытайдан көшіп келген қазақтардың өзін  екіге бөліп, арамызға жік салып жібергені дұрыс болмады. Бізді осы жағы қатты алаңдатады.

Сол үшін, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі  Чжан Ханьхуэй мен Алматы қаласындағы Бас консулы Чжан Вэй Елшілік пен Бас консулдық қызметтерінен кетуі керек!

Біз жақсы білеміз, Дэн Сяопин (邓小) билік жүргізген отыз жылға таяу мезгіл – Қатай дипломатиясының «Алтын дәуірі» есептеледі. Дэн Сяопин дипломаттары Қатайды үшінші бір үйек елі деңгейіне көтере отырып, дүниежүзілік екінші соғыстан кейін екі үйекке бөлініп, қырғиқабақ күйге түскен АҚШ пен Кеңес Одағының өзін икемге келтірген жоқ па еді?! Алыстағы арал – Тайвань, Ұлыбританияға жүз жылға сатылып кеткен Гонконг, Португалияға кеткен Мака́о мәселесін майдан қылшық суырғандай етіп шешкені кеше ғана біздің көз алдымыда өткен оқиға ғой.

Ендеше, Қытай басшысы, Си Цзиньпин жолдас, Сізге өтініш, Орта Азиядағы ең жақын және ең стратегиялық маңызға ие серіктесіңіз болған ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНЕ Ұлы реформатор Дэн Сяопин мектебінің кәусар бұлағынан сусындаған кәнігі дипломат керек!

Ал, «қытайшыл» атанған туыстар естерін жиып, елінен кешірім сұрасын!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

 

  

87 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1992