Жұма, 26 Сәуір 2024
3042 0 пікір 13 Наурыз, 2018 сағат 08:38

ЕО: Тәжікстанда азаматтардың бостандығы шектеліп отыр

Брюссельде Еуропалық Одақ пен Тәжікстан арасындағы әріптестік жөніндегі комитеттің алтыншы отырысы өтті. Тәжікстан атынан бұл жиналысқа елдің сауда және экономикалық даму министрінің бірінші орынбасары Завкизода Завки Амин қатысты.

Еуропалық Одақ баспасөз хабарламасында айтылғандай, тараптар демократиялық реформалар мен адам құқығының сақталуы - ЕО мен Тәжікстан қарым-қатынасының басты бағыты деп есептейді.

Еуропалық Одақ Тәжікстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары шектеліп отыр деп есептейді. "Сөз бостандығы және тұрғындардың елде саяси, демократиялық көзқарастарын еркін айта білуі - экономиканың тұрақты дамуына негіз бола алады", - делінген комитет отырысының қорытындысына арналған мәлімдемеде.

Еуропалық Одақ Душанбе қаласында биыл мамыр айында терроризмге қарсы тұру, зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі халықаралық конференциясы өтетінін құптады.

Еске салайық, өткен жылы күзде халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Еуропалық Одақты оппозиция жақтастарын қудалауын доғарту үшін Тәжікстан билігіне қысым жасауға шақырды. HRW мәлімдемесіне қарағанда, биліктің қысымынан кейін Тәжікстаннан көптеген азаматтар көшіп кетуге мәжбүр болған.

Abai.kz

0 пікір