Жұма, 22 Қараша 2024
Елім-ай 7007 12 пікір 24 Мамыр, 2018 сағат 16:37

Қытай түрмесінен шыққан қазақтардың зары. 3. Гүлзия Мөгдінқызы

Өткенде Қытайда саяси оқыту лагерлері мен түрмелерде болып, босап шыққан қазақ азаматтары Алматыда бас қосып, дөңгелек үстел өткізген еді. Аталған жиынға біз де барып, Қытайда саяси оқыту лагерлерінде болып, босап шыққан азаматтардың әңгімесін тыңдап қайтқанбыз.

Осыған дейін «Abai.kz» ақпараттық порталында Қытайдың саяси лагерлерінде болып келген Қазақстан азаматтары: Қайрат Самархан мен Аман Жансейіттің бастан кешкен қиындықтары жайлы жазған едік.

Ендігі кезек - Гүлзия Мөгдінқызы жайлы болмақ. Қытайда 6 айдай уақыт қамауда болган ол басынан кешкен жайтты бізге баяндап берді.

Гүлзия Мөгдінқызы. Қытайда 6 ай қысымда болып келген. Күйеуі ҚР азаматы:

- Мен Гүлзия Мөгдінқызымын. Қытайдың Алтай аймағынан келгенмін. Өзім Қытай азаматымын. Жолдасым Қазақстан азаматы. 2017 жылдың маусымында осы жаққа көшіп келгенмін. Сосын қыркүйек айында құжаттарымның мәселесімен Қытайға қайта баруға тура келді. Шекарадан өте сала сақшылар паспортымызды жиып алды. 10 күннен кейін мен кері қайтатын болдым. Ол кезде паспортымды қайтарып берді. Бірақ, «1 айдың ішінде қайтадан келіп, тіркеліп кетуің керек» деді.  Мен: «Өзім ғана келейін. Екі балам келмей-ақ қойсын» деп ем, оған көнбеді.

Содан, 1-тоқсанның демалысы кезінде, 30-қазан күні мен екі баламды алып, қайтадан Қытайға бардым. Бұл жолы паспортым  мен телефонымды алып кетті. Телефонымды түніменен тексеріп, ертесінде қайтарып берді. Бірақ, құжаттарымды бермеді. «Әлі тексеріп жатырмыз. Біраз уақыт осында боласыз» деді.  Содан мен: «Балалардың мектепке баратын уақыты болды. Қайтуым керек» дедім. «Оған уайымдамаңыз, балаларыңызды осы жерге мектепке кіргізе тұрамыз. Қазір сізге шығуға болмайды. Сіз шетелдің бағдарламасын алып келгенсіз. Сондықтан телефоныңызды тексереміз» деді.

Балаларымның сыныбындағы ата-аналардың «уатсап» тобы бар еді. Соны сылтау етіп ұстады. Екі баламмен сол жақтағы бұрынғы ауылымда тұрдым. Балаларымды өздері құжаттарын реттеп, бұрынғы мектептеріне қайта кіргізді. Мен ешқандай құжат тапсырған жоқпын.

Біраз уақыттан соң, мына жақтағы мұғалімдері іздеу салып, күйеуіме хабарласқан екен. Жергілікті ауылдың басшыларынан Қазақстанға барып, балалардың мектебін реттеп келуге рұқсат сұрадым.  Маған 15 күн ғана рұқсат берді. Балаларым сонда қалды. «Егер 15 күнде келмесең, өз обалың өзіңе» деп қорқытты.

Желтоқсанның 25-і күні түнгі сағат 12:00 шамасында сақшылар маған телефон соқты. Мен телефонға жауап бермей қойдым. Сағат 12:30 мөлшерінде қақпадан ыршып түсіп, терезені қақты. Мен: «Не болды?» деп ем, «Киіміңді киіп, дайындалыңыз. Бір жұмыстар бар» деді.

Қасымда кішкене балам бар еді. Үлкен ұлым жатақта жатып оқитын. Баламды жалғыз қалдыра алмайтынымды айттым. Баламның қасына бір сақшыны қалдырды.

Полиция мәшинесіне отырғызып алып, больницаға апарды. Сол жерде тексеруден өттім, бастан-аяқ. Ол кезде менің аяғым ауыр болатын.  Бірақ, полицияға ол туралы айтпаған ем. Содан менің аяғым ауыр екенін білді де, мені қайтадан үйге әкеліп тастады.

Баламды емес, бауырымды таңдадым!

Сол оқиғадан екі күн өткенде, ауылдағы балаларға жауапты бір ханзу мен бір қазақ, екеуі үйге келді. «Сіздің мына балаңыз біздің саясатқа қарсы. Сіздің үш балаңыз бар. Қазір мына баланы тууға болмайды» деді.

«Мен Қытайдан көтерген жоқпын. Бұл - Қазақстан азаматының баласы. Ол жақта ешқандай шектеу қойылмайды.  Мен баланы бұл жерде босанбаймын. Босансам, Қазақстанға барып босанамын. Сіздерге ешқандай қатері болмайды» деп едім, сөзімді тыңдаған да жоқ. «Сіз әлі біздің елдің азаматысыз. Біздің елдің тәртібіне бойсынуыңыз керек. Әйтпегенде кесірі өзіңізге тиеді» деді.

Мен қасарысып тұрып алдым. Ешқандай аборт жасатпаймын дедім. Бұлар күнімен, түнімен келіп мазалай берді. Онысына да көнбедім.

Негізі бұлар өзі түнгі 00:00 мен 01:00-ден аса жұмыс істейді. Содан тағы түнде машинамен келді. Мен кішкене баламды салып алдым. Ауыл басшылары отыратын кеңсеге бардық.

Менің ол жақта жалғыз ағам бар. Өзі ауылдың имамы. Үлкен саяси құрылтайларға қатысып жүрген. Қытайдың арнайы рұқсат қағазы бар имам еді. Соны да шақырып алыпты.

Барсам, сол ағама қысым жасап, «егер қарындасың біздің тәртіпке бағынбай, аборт жасатпайтын болса, ол үшін бар жауапкершілікті өз мойныңа аласың» деп қол қойдырып жатыр екен. Мен не істеймін енді?..

Мен баланы емес, бауырымды таңдадым. Мына жақта Аман сонша шыр-пыр болды. «Ол бала менің балам. Ол Қазақсатнда туылады» деп жалынды, әлгі басшыларға. Олар сөзімізді елеген де жоқ.

Ақыры келістім. «Баланы түсіртейін. Бірақ, бауырыма тимеңдер, аборт жасайын ал, бірақ, содан кейін мені Қазақстанға жіберіңдер» дедім. «Сені шетелге шығаруға келісім бере алмаймыз. Бізде ондай құқық жоқ. Қазірше біздің айтқанымызды істей тұр. Артынан тағы көре жатармыз» деді.

Ішімдегі баламды түсірді

Содан мен үйге қайттым. Менің артымнан ағамды қоя беріпті. Айтпақшы, ағамды жіберіп, менің азаматтық куәлігімді алып алды. Содан күн сайын хабарласады. Күн сайын келеді. Ең соңында, «менің аборт жасатуға ақшам жоқ» деп сылтаураттым. «Қаражаттан еш қысылма. Біз көлікпен апарамыз. Ақшасын өзіміз төлейміз» деп қыспаққа алды. Ағама тықыр таяды. Ол менің жалғыз ағам. Оның үш баласы бар. Маған көнуге тура келді. Мына жақтан Аман неше рет хабарласып, түсіртпеймін деді. Ақырында өздері машинамен апарып, баланы түсірді. Сол күні кешкісін-ақ, мені қайтадан үйге әкеліп тастады. Содан ешкім хабарласпады.

Содан бір аптадан кейін мен есімнен танып, жығылып қалдым. Сөйтсем, кішкене балам туыстарға хабарласыпты. Ал олар ауыл басшыларына хабарласқан.  Себебі, менің азаматтық куәлігім жоқ. Еш больница қабылдамайтын болған соң, олар басшыларға хабарласқан. Олар екі адам шығарып, машина жіберіпті. Өздері апарды больницаға. Сол аралықта ағама хабарласып, шақыртыпты. Ағам сол жерде 1000 сом ақша төлеп, больницаға жатқызды.  Таңғы сағат 5-6-ларда есімді жинасам, әлсіреп қалыппын. Әлгі аборттан кейін дұрыс күтім болмаған. Сол жерде 1 апта жаттым. Денсаулығым «құлан таза дұрыс» деп өздері қағаз жазып берген.

«Туберкулезссің» деп, күштеп дәрі берді

Сөйтсем, артымнан ауыл басшылары менің диагнозымды тексеріп барған екен. Сол күні түнде ауыл басшысы маған телефон соғып, «сенде туберкулез бар екен. Сондықтан, таңертеңгісін сені басқа докторға тексертеміз» деді. Мен 1 апта жатқанда туберкулез туралы ештеңе айтылмағынын, мені шығарарда бәрі тап таза дегенін айтып ем, онымды тыңдаған да жоқ.

Күйтің деген қалада Аманның дәрігер әпкесі бар еді. Соған барып емделейін деп рұқсат сұрадым. Оған баруға болмайтынын, өздері апарған дәрігерге емделетінімді айтты. Мен қоярда қоймай сол қайын әпкеме барамын деп шештім.

Ол жаққа бару үшін құжат керек. Содан ауылдағы басшылыққа барып, құжатымды алмақ болып едім, сол жерде бізге жауапты бір қазақ кісі маған дүрсе қоя берді.

Өзінің інісін ұстап беремін деп қорқыттым

«Сен Күйтіңге барамын депсің. Саған ондай құқықты кім берді?! Қазір біз қайда бар десек, сонда барасың. Сен деген саяси мектепке кіретін адам едің. Біздің арқамызда осылай жүргеніңе қуанбаймысың» деді.

Ол кісінің өзінің інісе де Қазақстанға келіп-кетіп, сауда істеп жүрген. Менімен бір сыныпта оқыған. Соның алдында ғана, бір күн бұрын ауылда жолығып қалып, әлгі інісі: «Алматыдан келдім» деп айтқанын білемін.

Содан әлгі кісіге:  «Шетелге шыққанның бәрін осылай қамай беретін болса, бізге бар заң сіздің ініңізге жоқ па екен?!» дедім.

«Адамның жақсылығын білмейді екенсің. Азаматтық куәлігіңді дәтің жетсе өзің ал. Мен саған алып бере алмаймын» деп, кетіп қалды ол. Сөйтіп, Күйтіңге бара алмадым.

Содан тағы екі күннен соң, ауыл басшылығының мәшинесімен, Қытайлар тұратын Бейтүң деген ауылға апарып, сол жерде тексертті. Олар маған ешқандай туберкулез емес, жай ғана өкпенің қабынғаны бар деген диагноз қойып берді.

Содан мен, менің денсаулығым тап таза екенін, олардың бекерден-бекер бүкіл ауылға мені туберкулез болған деп жаман атымды шығарып, дабыралатқанын айттым.  Олар: «Ой, бұлар түк білмейді екен», - деді.

Содан, мені үйге әкеп тастады. Қытайда, больницада істейтін сіңілім бар еді. Сол хабарласты. «Әпке, сізге больницаға кеп дереу жатсын деп жатыр. Әйтпесе болатын емес. Сізде сондай ауру бар деп айтты. Ауылдың басшысы маған телефон соқты. Сен анау әпкеңе айт, сондай ауруы бар. Біз соның дәрісін өзіміз беріміз. Сол дәріні сен қадағалап ішкізіп тұрасың. Жауапты сен боласың. Егер әпкең ол дәрілерді ішпейтін болса, жауапқа сені тартамыз деп айтты» деп зар қақты.

Әлгі аборт жасағаннан кейін ағамды саяси оқыту лагеріне қамап тастаған еді. Содан, енді сіңілімді қысты.

Тіпті больницаға бұйрық түсіріп, маған бір дәрігер бөліп қойған екен. Уақытылы дәрі ішіп, соны видеоға жолдап отыру үшін. Содан больницадағылар дәрігер жетіспеушілігіне байланысты, үйіме келіп қарап отыратын адам бөлмеді. Ауылдың больницасына шақырды. Больницаға жауапты қазақ кісі еді. Бұрыннан танитын едім.

Ол кісі: «Тықыр жалғаз саған емес, бізге де келді. Сен бізге қарайлас, біз де саған қарайласамыз. Больницаға кеп жат» деді. Мен жаттым. Сол дәргерлер ішетін тамақтан маған да үш уақыт беріп отырды. Бір бөлмесін берді. Сонда жаттым. Ара-тұра бақылаушылар келіп, менімен сөйлесіп, саяси лекциялар оқып кететін. Былтырғы құрылтайдың кітаптарын беріп қоятын. Соны оқып жаттым.  Соны көшіріп жазып, жаттап жүрдім. Келіп, мазмұнын сұрап тұрды. Қытайдың жоғары дәрежелі басшыларының аты-жөндерін жаттатқызды. 11 күн жаттым. Балаларыммен де кезіктірмей қойды.

Олар маған туберкулездің дәрілерін әкеп беріп қойған. Ол жердегілер қазақ дәрігерлер еді. Қатты қысып, бақылаған жоқ.  Күнделікті графа беріп қойған. Соған «іштім» деп белгілеп отыратынмын.

Саяси оқыту лагеріне апарды

«Күнделікті іштім» деп белгілеп, бірақ, қағазға орап, туалетке тастап отырдым. Әлгі бір қорабы таусылғанда, өздері әкеліп беріп кететін.  Бір күні таңғы сағат 8 шамасында, «жоғарыдан бұйрық келді. Үйіңде дайын отыр» деп хабарласты. Екі балам да үйде еді.

Ауыл басшылығының мәшинесі келіп, «мені ауылда бір жиын бар, соған барып келеміз» деп әкетті. Содан мені саяси оқыту мектебіне бір-ақ апарды.  «Мені мектепке кіргізетін болды ғой» деп ойладым.

Сол жерде маған: «Сен ештеңеден қорықпа. Жоғарыдан саяси бұйрық келді. Екі елде бөлініп қалған отбасыларын қосамыз деп жатыр. Жоғарыдан адамдар хабарласады. Соларға өз ойыңды айт. Кететін болсаң, кететініңді айт» деді.  Содан мектепке кірдік.  Сол жерде аудандық сақшылардың бастықтары отыр екен. Жандарында бір аудармашы бар.

«Егер мен кетемін десем, бір пәле болып қала ма деген қорқыныш болмасын. Ашығыңды айт.  Егер кететін болсаң, барлық құжаттарыңды біз өзіміз жасап береміз. Үйіңде дайын отырсаң болды» деді. Мен бірден Қазақстанға кететінімді айттым.

Маған «Баланы өз еркіммен, денсаулығым келмегендіктен түсірдім» деген құжат дайындап, соған қол қойдырды.

Содан бір күні таңғы 07:00-де телефон соғып, «Дайын отыр, балаларыңды алып. Сағат 9-да жүреміз. Қазақстанға жібереміз» деді. Мамырдың 8-күні шықтық. Сағат 12-ге дейін шекарадан өтіп болуымыз керек екен. Сөйтіп, аяқ-астынан бізді шығарып жіберді.

Түйін.

Гүлзия Мөгдінқызы - Қытай азаматы. Қазақстанда жүріп-тұруы үшін ықтиярхаты жоқ. Гүлзияның күйеуі Аман Аңсаған деген азамат. Қазақстан азаматы. Аманның анасы, яғни Гүлзияның енесі – Қытай қазақтарына кең танымал этнограф, ғалым – Әлима Ысқаққызы. Аман Аңсаған өзінің әйелі мен екі баласын Қытай шығармай отырғанын айтып, Фейсбукте бейнеүндеу жариялады. Аман Гүлзияға қысым жасап, аборт жасатқан жергілікті басшымен телефон арқылы сөйлескен. Аман Аңсағанның арыздануы және оның арызы бұқаралық ақпарат құралдарында жария болғаны – Гүлзияның елге оралуына ықпал еткені сөзсіз. Аман Аңсаған өзінің баласын өлтірген Қытай Үкіметінен 1 миллион доллар өтемақы талап етті. Ол ағылшын тілді ақпаратта жария болды.

Аманның арыз беруінің арқасында Қытай азаматы Гүлзия Мөгдінқызы екі баласымен Қазақстанға оралды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5273