Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2024
Елім-ай 10814 14 пікір 23 Мамыр, 2018 сағат 11:09

Қытай түрмесінен шыққан қазақтардың зары. 2. Аман Жансейіт

Кеше Алматыда «Атажұрт жастары» бірлестігінің ұйытқы болуымен жиын өткенін хабарладық. Ұзын саны 40-қа жуық адам жиналған бас қосуға  Қытай түрмесі мен саяси оқыту лагерьлеріне түскен азаматтардың туыстары мен Қытайда саяси оқыту лагерьлерінде қамауда болып, босап келген азаматтар қатысты.

Жиылыстың жалпы мақсаты – Қытайда қамауда болып, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің араласуымен, аман-есен елге оралған азаматтармен кездесу, олардың бастан өткерген қиындықтары жайлы пікір алмасу болды. Жиын барысында елге оралған азаматтар Қазақстан Үкіметі мен осындағы ағайынға алғыстарын айтты.

Аталған жиын жайлы күні кеше «Abai.kz» ақпараттық порталында «Қытай түрмесінен шыққан қазақтардың зары. 1. Қайрат Самархан» атты мақала жария болды. Онда Қытайдың саяси оқыту лагерьінде қамауда болып, босап шыққан, Қытайдағы үй-жайы мен 1 миллион теңге көлемінде ақы төлеп, Қазақстанға келген Қайрат Самарханның бастан кешкен оқиғасы толық баяндалған еді.

Бүгін Таяуда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің араласуымен Қытайдағы саяси үйрену орталығынан босап шығып, елге оралған Қазақстан азаматы Аман Жансейіттің оқиғасын баяндаймыз.

Аман Жансейіт, Қытайда 2 ай қамауда болған. ҚР Азаматы:

- 2018 жылдың 18-ақпаны күні Алматы қаласынан Бейжіңге ұшақпен бардым. Барған кезде-ақ, полиция мені ұстап, Шәуешекке қайтарды. Қарасам, мені қол-аяғымды кісендеп апаратын түрі бар. Мен "билет сатып алып, өзім барамын" дедім. Содан Үрімжіге барған кезде, әуежайдан 3 қытай сақшысы күтіп алды. Олар мені мәшинеге отырғызып, Шәуешекке апарды. Сол жерде 4 күн тергеді. Тергеп болған соң, саяси оқыту лагерьіне апарды. Сол барғаннан мол бардым. Осы жақта ел-жұртымның, мемлекетімнің іздеу салуының арқасында 2 ай дегенде әлгі лагерьден босап шықтым.

Ол жақта қалай? Ол жақта сыртқа шығармайды. Таңғы, түскі, кешкі асты ішерде міндетті түрде Қытайдың әнұранын айтамыз. Ең қиыны, бізге уақыт белгісіз болды. Осындай күні, осындай айда шығасың деген мерзім жоқ. Біз ол жерде 1 жыл ма, жоқ 2 жыл ма, қанша жатарымыз белгісіз болды..

2 аптада бір рет бізге арнайы сөйлесу группасы келіп, сөйлесіп кетеді. Мен талай рет жағдайымды айттым. Қазақстанда 4 балам бар екенін, әйелім осы жақта қалғанын, мен әке-шешем, әйел-бала-шағамның жалғыз асыраушысы екенімдi айттым. Сақшылар: «Oлар сенсіз де өмір сүре береді. Сен осы жақта тыныш жүр» деді.

Ол жақта аяқ-қолымыз кісендеулі болды. 2 аптада бір болатын сөйлесу кезінде 1 сағат отырып өз жағдайымызды айтамыз. Оларға мәжбүрлі түрде «жағдайымыз жақсы» деп айтқызды. Әр сөзге «мақұл» деп қана жауап береміз. Басқасын айтсаң, бітті жалғыз апарып қамап қояды. Ол жер енді адам төзгісіз жер. Қап-қараңғы, суық. Зындан ғой. Сондықтан, амалсыз мақұлбай болып жүрдік.

Олар маған әр сөйлескен сайын, «сен екі мемлекеттің азаматтығын қатар алып жүрдің» деп кінә тақты. Мен: «Жоқ мен Қазақстан азаматымын. Осы жақта тіркеуім өшірілмегендіктен, келген едім. Келгендегі мақсатым тіркеуді өшіру болатын» деп айттым. Олар қайта-қайта маған сол кінәні таға берді.

Мен: «Қытай азамаы басқа елдің азаматтығына өткен кезде, Қытайдағы азаматтығы автоматты түрде жойылады деген заң Қытай Республикасының заңында бар емес пе?» деп сұрадым.

Ең соңында, 53 күн дегенде, менің заң бұзбағаным дәлелденді. Қытайдың саясаты солай болып жатқанын айттып өздері мойындады.

Ол лагерьлерде көп қазақ жатыр. Олардың арасында ықтиярхаты бар немесе мешіттерде ұсталған қазақтар көп. Ешкім шығатын мерзімін білмейді. Рухани жағынан өте ауыр жағдайда, қысымда жүреді.

Менің қасымда жатқан бір қазақтың өзі де, әйелі де лагерьге қамалған. Бірақ кездесе алмайды. Себебі, ерлер мен әйелдер бөлек-бөлек орналасқан.  Жаңағының 2 баласын 70-тен асқан әке-шешесіне тапсырған. Шешесі ауырып больницаға түскен. Қазір сол екі бала анау қарияның қолында. 

Саяси оқыту лагерінде күніне 3-4 сағат сабақ оқытады. Бірақ мені оқуға жібермеді. Мен Қытайда қытайша оқығанмын. Соңғы 1 айда ғана сабаққа қатыстым. Олардың айтқанына бағынбағандарды қамайтын зынданы бар. Шұңқыр қазып қойған. Соған тастап жібереді. Бірақ, мен оны көрген жоқпын.  Ол жерге түскендерді түрлі тәсілмен жазалап жатады. Оны біз білмейміз. Тек соған жақын жақтағы бөлмелерде жататындардың сыбырлап айтқаны есімде. Оған қамағалғандардың шыңғырған, бақырған дауыстары естіледі екен. Мен сәл шеткері жақта жаттым. Ол дауыстарды естіген жоқпын. Кішкентай ғана терезеден адамдарды алып бара жатқанын көргенбіз.

Ол жақта тіпті бір-бірімізбен әңгімелесудің өзі қиын. Тек кітап оқу кезінде ғана алдымызға кітапты қойып қойып, бір-бірімізбен сыбырласып қана сөйлесе аламыз.  Егер қатты сөйлесіп қойсақ, камерадан қарап тұрғандар ұрсады.

Ара-арасында дауыстап «орындарыңнан тұрып әрекет қылуға болады. 10 минут» деп айтып тұрады. Біз 10 минут тұрып, аяқ-қолымызды жазып аламыз. Сосын қайтадан кітап оқуға отырғызады.  

Айтпақшы, кешегі жиынға Қырғыз астанасы Бішкектен арнайы келген Әселдің де күйеуі қазір Қытайда, саяси оқыту лагерьінде. Әселдің күйеуі - Қытайлық қазақ. Екеуінің арасында бір бала бар.

Әсел Алымқұлова, Қырғыз азаматшасы. Күйеуі қазақ. Қытайда лагерьде:

- Мен Қырғызстан азаматымын. Өзім қырғызбын. Күйеуім Қытай азаматы. Ұлты - қазақ. Екеуіміз Қырғызстанда жолықтық. Тұрмыс құрдық. Сонда тұрамыз.  Қырғызстанда Қытай компаниясында жұмыс істейді. Бәрі заң шеңберінде. Бір баламыз бар.

2016 жылы өзі жұмыс жасап жатқан компаниямен бірге Қытайға барған. Содан жұмыстарын бітіріп, қайтайын деп жатқанда аяқ астынан байланыс үзіліп қалды. Біз енді ойымызда жаман ештеңе жоқ, жұмыстарынан қолы босамай жатқан болар дедік. Сөйтіп жүргенде 10 күндей хат-хабар алыспай қалдық.

10 күн дегенде Қырғызстандағы компаниядан хабарласып, менің күйеуімді іздей бастады. Содан, мен вичатпен емес, бірден қоңырау шалдым. Телефоны өшіп жатты.

20 күн өткенде Қытайдан хабарласты. Өзі істейтін компаниядағылар, күйеуімнің қайда жүргенін сұрады.  Міне, содан бері 8 ай болды.

Бір күні, кешке интернеттен ақпараттарды қарап отырып, мына Қазақстандағы Қытайдан келген қазақтардың бас көтеріп, ағайындарына сұрау салып жатқанын көріп, бірден осы жаққа келдім.

Күйеуімнің із-түссіз жоғалып кеткеніне 8 ай болды. Оның қамалған-қамалмағаны жайлы еш хабар жоқ.

Мен Қытайдағы компанияға хабарласып ем, олар: «Бізде заң күшейіп кетті. Оқуға кіріп кетті» деді. Мен оқу десе, компания өзі оқытып жатқан екен ғой деп ойлаппын. Біліктілікті арттыратын курстар бар ғой.

1 айдан кейін осы жақтағы компанияға Қытайдан адамдар келе бастады. Солардан сұрасам, ол саяси үйрену лагерьлері екен. Ол жаққа қанша уақыт ұстайтыны белгісіз екенін айтты.

Күйеуімнің аты Шайырбек Дәулетхан. 45 жаста. Балам 11 жаста.

(Жалғасы бар...)

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1889