Жұма, 29 Наурыз 2024
Бұ не мазақ? 8921 12 пікір 26 Сәуір, 2019 сағат 10:27

Қостанай латынға емес, бірден ағылшынға көшіп жатыр

Біздің Қостанай секілді терістік облыстарда ана тіліміздің жағдайының мәз еместігі көзі қарақты жұрттың бәріне де аян. Бұрын ылғи үстемдік етіп келген ұлттың қазіргі таңда санының аздап азайғаны болмаса, әлі да қауқары мықты. Мәселен, бұрын біздің Қостанай облысында олар басым көпшілік болса, қазір де тоқпағы мықты. Өңірімізде бұлар қазірдің өзінде тұрғындардың 60 пайызын құрайды.

Енді оларға өзіміздің санасы орыстанып кеткен шала қазақтарды қоссаңыз, сол баяғы таз қалпымызға қайта түсеріміз анық. Міне, сондықтан да біздің облыс көлемінде өткен жиналыстың бәрі де ресми тілде жүреді. Қазақша бас қосу дегеннің ауылы алыстап кеткелі қашан. Бұған таң қалудың да реті жоқ шығар. Бәріне де өзіміз кінәлі. «Жығылғанға жұдырық дегендей»  заңдарымыздың бәрінде де орыс тілін өзіміз мемлекеттік мәртебе берген ана тілімізбен қай жағынан да теңдестіріп қойсақ, кімге ренжиміз? Ал олар әрине, бұл солқылдақтымызды шебер пайдаланып, сәл бірдеңе болса «құқымыз бұзылды» деп өре түрегеледі. «Олай емес, мемлекеттік тілдің үстемдігі болады» деуге аузымыз бармайды. Өйткені заң соларды қолдайды, солардың жағында. Сосын өзіміз «қой мінезді қазақ» деп мақтанғанымыздай, үндемей жүре береміз.

Шынын айтқанда, ана тілімізді өзгелерге жығып беруде кей-кейде өзіміздің шалалығымыз бен даңғойлығымыз себеп болып жатады. Мәселен, елімізде қазақ әліпбиінің латын жазуына сатылап, бірте-бірте көшуі, ал ең бастысы оның сауатты да қатесіз жазылуы қажет екені талай айтылып, талай жазылды да. Алайда осыған қарамастан кейбір шенеуніктер қалайда көзге түсіп қалуды ойлап, асыра сілтеп жатады. Оның аяғы кезекті ұтылысымызға ұласып, жерге қаратып кетеді.

Мұның айқын көрінісін біздің Қостанай шаһарынан байқауға болады. Бізде аяқ астынан, бір күннің ішінде көше атаулары күрт өзгеріп шыға келді. Үйлердің қабырғаларындағы жазулар екі тілде-қазақ және ағылшын тілінде жазылып, жұртты айран-асыр етті. Өзіміз көшеміз деп жүрген латын тілінде емес, тұп-тура ағылшын тілінде жазған шенеуніктердің не ойлағандығын кім білсін, алайда мұның өзі кезекті дау-дамайды тудырып, билік басындағылардың асыра сілтеуін тағы да айқын байқатты. Енді осындағы орыс тілді журналистер бірден айқайға басып, «көше атаулары неге тек қана қазақ және ағылшын тілдерінде жазылады, бұлайша тіл жөніндегі кемсітушілікті қашан қоясыңдар?» деп өре түрегелгенде осы бастамаға мұрындық болғандар не айтарын білмей қатты састы.

Саспай қайтсын, олары «Тіл туралы» заңның 21-бабындағы «барлық бланкілер, хабарландырулар мен жарнамалар секілді көрнекі ақпараттар мемлекеттік және орыс тілінде, керек жағдайда өзге де тілдерде беріледі» дегенді көзге шұқып, көрсетіп отырса. Ал олар болса, кінәні бір-біріне артып, бастарын алып қашу науқаны басталсын. Орыс тілінің «жанашырлары» прокуратураға жазады. Бұлар «аш пәледен қаш пәле» дегендей мұны осындағы тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға итере салады. Олар да қатты сасады. Әуелі «бүлінген ештеңе жоқ, бәрі дұрыс» деп өтірік сылтаумен құтылғысы келеді. Алайда бұл ұстанымының солқылдақ екенін сезді ме, бұл ойынан қайтып, енді «Біз мұның дұрыс-бұрыстығын анықтау үшін министрлікке хат жаздық» деп әзер құтылды.

Енді мұны қалай түсіндік? Тіл басқармасындағылар сол тіл туралы заңнан хабарсыз ба? Неге басында сол асыра сілтеуге құмар шенеуніктерге дұрыстап түсіндірмеді? Енді міне, осы әйтеуір көзге түсіп қалуға құмар, шолақ ойлайтындардың кесірінен ана тіліміз тағы да бір саты кейін шегініп, оның қарсыластарының тағы да еңсесі көтеріліп қалды.

Шындығында да  ойланып қарасақ, жаңарған көше атауы ақыл-ойы пісіп жетілмеген жас баланың шалдыр-шатпағы секілді. Мәселен, қазақшасы кирилица жазуымен «С.Баймағанбетов көшесі» деп көрсетіледі де, оның астында «S.Baymaganbetоv street» деп бадырайтып жазып қояды. Ау, мына «street» дегені ағылшын тілінен аударғанда «көше» болып шықпай ма? Мұның қай жері латынша? Тіпті сол «street»-тің орынына «koshe» деп жазса екен-ау.

Ал енді «Әл-Фараби даңғылы» да аяқ астынан «avenie» яғни «авеню» болып шыға келді. Міне осылайша, «артық етемін деп тыртық» еткенін, латынша жазамын деп, таза ағылшынға көшіп кеткенін аңғармаған шенеуніктерімізге не дерсің?

Сосын, біз әлі латын қарпіне біржолата көшкен жоқпыз ғой. Ендеше, бұл не деген асығыстық? «Асатпай жатып құлдық» деуден кім ұтты? Осылайша «Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды» дегендей, ана тіліміздің қадірін кетіріп, өзгелерге жығып беретіндей асыра сілтеуден қашан құтылар екенбіз? Мұндай қателіктердің ана тіліміздің аяғына тұсау болып, еңсесін көтеруге кедергі келтіретінін қашан түсінер екенбіз?

Жайберген Болатов

Abai.kz

 

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551