Бейсенбі, 22 Тамыз 2019
625 4 пікір 17 Шілде, 2019 сағат 12:35

Атыраулық полицейлер Абайдың өлеңін оқыды

Видеодан скриншот

Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жалғасып жатқан «Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасына қатысты. 

«Біз қазақ ұлты ежелден сөз қадірін ұғатын халықпыз. Абайдың ерге қажет қасиеттерді көрсетіп, жігіттерге ой саларлық өлеңін таңдадық» деген Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Сұлтан Молдашев эстафетаны бастады.

Атыраулық полицейлер Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңін жатқа оқып, эстафетаны Қарағанды, Маңғыстау облысы ішкі істер органдары қызметкерлеріне жолдады.

«Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасының кең көлемде жалғасуына 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақ Ерланқызы түрткі болды. Ол ұлы ақынның өлеңін оқып, оны президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған болатын.

Мемлекет басшысы эстафетаға қолдау білдіріп, ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқыды. Әрі эстафетаны одан әрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған.

Әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген де мемлекет басшысы ұсынған эстафетаны қуанышпен қабыл алып, ұлы ақынның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңін оқыды. Димаш бұл challenge-ді жалғастыруды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалинге, РФ-ның халық әртiсi Игорь Крутойға және өзінің барлық тыңдарманына тапсырған еді. Осыған орай ресейлік өнерпаз да ұлы Абайдың өлеңін оқыған болатын.

Игорь Крутойдан бөлек, әлемнің әр түкпірінен Димаш Құдайбергеннің тыңдармандары Абай өлеңдерін жатқа оқып жарысқан. Осылайша, «Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасы республикалық деңгейден асып, халықаралық деңгейге дейін жетті.

Abai.kz

4 пікір