Бейсенбі, 8 Қазан 2026
Әдебиет 320 0 пікір 8 Қазан, 2026 сағат 14:40

Айттым ғой сендерге!

Сурет: 24.kz сайтынан алынды.

Әңгіме

«Ерен еңбегі үшін», «Ерекше батырлығы үшін» - деген сияқты ордендер болуы мүмкін. Ол атаққа кімдер лайықты?

Сатушы дүкенде тұрып, көрші үйдің өртке оранғанын көреді. Саудасын тастап, оттың ішіне кіріп, екі баланы аман-есен алып шығады. Келесі күні барлығы сол туралы шулап, сатушы орден, медаль, марапатқа ие болады. Тіпті, бір бай оған көлік немесе пәтер сыйлауы мүмкін.

Оның қасында, өрт сөндіруші бір аптада ондаған адамды құтқарады. Бірақ бәрі тыныш. Ордені де жоқ, медалі де жоқ. Адам өмірін құтқару, бар болғаны, оның жұмысы, күнделікті атқаратын қызметі.

Сол секілді, бір орында табжылмай тұрып, 10-16 сағаттап жүрекке ота жасайтын дәрігерлердікі ерлік емес пе? Олар қанша қыршынды сақтап қалып жатыр?

Соғыста өлім мен өмірдің арасында жүретін сарбаздар ше? Олардың әрбір басқан қадамын ерлік деп есептеуге болады емес пе?

Екінші жағынан, соғыстағы батырлық – қисынға келмейтін ұғым.

Бейбіт күні бір адам басқа елге барып, кісі өлтірсе, ол жазаланып, өмір бақи түрмеге қамалуы ықтимал. Ал соғыста екі тарап бірін-бірі қырады. Қанша қарсыластың жанын қиды – сонша медаль.

Сонда «Ерен еңбек», «Ерекше батырлық»-тың сипаты қандай? Абстракция.

Адамның қиялында ғана бар дүние.

Осындай абстракция ішінде өмір сүріп жүрген жандардың бірі – кеншілер.

Әңгіменің басты кейіпкерлері солар болмақ, бірақ астары басқа жақта.

«Айттым ғой сендерге!»

Толықтай ойдан шығарылған оқиға және кейіпкерлер. Шанайы өмірмен жанасқаны – кездейсоқтық.

Күздің басы. Түнді қоңыр салқын әлдилететін кез. Таң атпай далаға шығып қалсаң, суық ауа өкпеңе кіріп, бойды бірден сергітіп алады.

Мығым аға таңғы төрт жарымда далада серігу үшін тұрған жоқ. Ол аялдамада жұмысына алып кетер автобусты күтіп тұр. Қолтығының астында кітабы, екі қолы қалтасында. Аяз басталмаса да, қол тоңатындай салқын.

Бір тірі жан жоқ. Көшенің көкжиегінен автобус шамының жарығы көрінді. Аға ақырын жолдың жиегіне қарай жақындап, мұхиттағы жалғыз кеме секілді келе жатқан, көліктің жақындағанын күтіп тұр.

Автобусда қаншама жылдар ішінде әркімнің өзінің орны пайда болған. Мығым ағаның орны соңғы қатардан төрт орындық алға және сол жақ терезенің тұсы. Сол орнына жайғасып, әдет бір: әуелі телефонын алып, түнде болған жаңалықтарды бір көз жүгіртіп өтеді. Арасында қызығы болса, оқып алады. Содан кейін өзінің участкісіндегі әріптестері жанына келіп отырмайынша, кітабын оқиды.

Бүгін де сол әдетінен жаңылмай, телефонын қолына алып, мұрнының астынан мақаланың атауын «Астрономия әлемінің соңғы жаңалықтары» деп оқи бастағана сәтте, Мығым ағаның жұбайы қоңырау шалды. Телефонын көтергенде, арғы жағынан жасы алпыстан асқан апаның дауысы:

– Мығымжан, автобусқа отырдың ба? Мығымжан, келгенде не пісірейін: күріш басайын, әлде сорпа қайнатайын ба?

– Туууу! Осы сендер немене, айналдырған бір тамақты шеше алмай отырасыңдар да қоясыңдар. Не пісіресің, соны жейміз ғой. Менен несіне сұрай бересіңдер? – деп, наразылығын енді жаудыра бастағанда, арғы жақта телефонды кіші немересі жұлып алып.

– Ата, Ата! Кешке келегенде маған балмұздақ сосын шекалад әкелші! Немересінің дауысын естіп, бірдеп жібіген Мығым аға:

– Құлыншағым, неге оянып алғансың? Жақсы, құлыншағым. Саған екі балмұздақ, екі шоколад алып келемін. Тағы не алып келейін?

– Болды, ата! Ата, сосын тез келші. Екеуміз ойнаймыз. Сен ат боласың.

– Жақсы. Жақсы. Тез келемін. Ұйықта. Телефонды әжеңе бере ғой. Телефонды әжесі алғанда:

– Әй, баланы неге таң атпай оятып алғансыңдар?

– Мығымжан, біз оны неге оятамыз? Өзі сенің кетіп бара жатқан дыбысыңнан оянып алды. Қазір жатқызамыз қайтадан. Айтпадың ғой, кешкі асқа саған не пісірейік?

– Не пісірсеңдер де, өздерің біліңдерші? Ұсақ-түйекпен қоңырау шалып мазаны ала беру деген не әдет осы сендердікі? – деп, телефонының қызыл батырмасын баса салды.

Жаңалықтар оқитын қосымшасын ашып, соңғы тоқтаған мақаласын қарайын десе, ол кетіп қалып, орнына басқалары шығыпты. Ішінен «Осылар да бір! Керек емес сәтте қоңырау шалып. Қызық мақала еді жаңағы» деп, кітабын оқуға кірісті.

Кітабын оқып отырғанда, автобус қаланы аралап ақырындап ішін кеншілермен толтыра бастады. Соңғы аялдамадан Мығым ағаның теліміндегі үш адам отырып, маңындағы бос орындықтарға жайғасты. Соңғы аялдамадан кейін, автобус қаладан шығып, көкжиегі көрінбейтін даламен 10-15 минуттай жүріп, шахтаның аймағына келіп тоқтайды. Жол қысқарсын деп әңгіме басталады.

– Мығым аға, осы сіз неменесіне бірнәрселерді оқисыз да отырасыз? – деп, қасында отырған Әуесбек атты жас жігіт сұрағын қойды.

Оған Ақылбай алдыңғы қатардан артқа бұрылып:

– Сенің шаруаң қанша?! Сен сияқты ставка тігіп, әркімнен ақша сұрап жүргеннен жақсы. Айтпақшы, алдында менен алған ақшаны қашан қайтарасың?

– Қайтарамын ғой! Не болды соншама? Осы демалыста ставкам шықсын, процентімен қайтарамын.

– Сен процентін қоя тұр. Алдымен алған ақшаңды қайтарып ал.

Бұл сөзді Әуесбек естімегендей, Мығым ағаға қайтадан бұрылып:

– Осы сіз былай оқи бергеннен мүйіз шығады ма? Не пайда ол, баяғыда жазып кеткен, алжыған шалдардың сөзін оқып. Алдында бір қарап қалсам, «астрономия» дей ма, бір бәлелерді оқып отырсыз. Телец, близнецы, овен дегендерге қалай сенесіз?

Ақылбай күліп:

– О, Топас! Ол Астрономия емес, сенің айтып отырғаның астрология. Астрономия – ол планеталар туралы, жалпы ғарыштағы нешетүрлі объектілерді зерттейтін ғалым. Сен өзі мектепте оқығансың ба? Он бір жыл бойы ауырып, сабаққа мүлдем бармаған сияқтысың ғой.

Беті де қызармаған Әуесбек:

– Астрономия, астрология, астрогогия – бәрі бір емес пе! Жарайды, жаңағы астрономия ма, не дедіңіз? Соны оқыдыңыз. Жұлдыздар туралы, планеталар туралы білдіңіз. Одан не шығады? Ойбай, планеталар осылай екен деп, адамдар ар-ұятпен өмір сүріп кетеді ме? Мына әлемде ақшаң болмаса, оның бәрі беш тиын. Бес емес, беш тиын. Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін дейді. Сіз мынаның бәрін білгенмен, сізге ешкім сөйлетпейді. Ақша кімде, микропон сол адамда.

Ақылбай Мығым ағаға қарап:

– Аға, бұл нигилистке назар аудармаңыз. Айта береді бұндайлар. Әуесбек ызаға ерік беріп:

– Жақсы! Сендер ақылды екенсіңдер! Бәрін біледі екенсіңдер! Астрогогияны да, химия, физика, билогия, дене тәрбиесі – бәрін біледі екенсіңдер! Онда неге шахтада қатардағы жұмыскер болып жүрсіңдер?

Мығым аға іс насырға шаппасын деп:

– Өй! Әуес. Ренжіп қалдың ба? Оған Ақылбай қосылып:

– Болды. Болды. Ашуыңызды басыңыз. Сіздікі де дұрыс шығар. Сөзіңіздің жаны бар сияқты, - деп, жартылай әзілмен Әуесбектің жанына тыныштық ұялатқандай болды.

Әуесбекті бұл жібітпей қоймады:

– Кім ашуланған? Мен бе? – әлі де болса, ашуға басқанын мойындамай тұр, - Жаңағы «нигерист» дедің бе? Жаман сөз емес пе өзі?

Жан-жағындағы адам атаулының бәрі күліп жіберді. Мығым аға:

– Нигилист дегені – барлық затты жоққа шығаратын адам. Жаңағы білімнің керек екендігін жоққа шығарып отырсың ғой. Сол сияқты. Білімді жоққа шығарып жүрген екенсің. Құдайға шүкір, жұмысты жоққа шығармай, әйтеуір бізбен бірге жүрсің.

Әуесбек, бір жағынан, нигилисттің жаман сөз емес екендігіне қуанып, екінші жағынан, өзіне ресми атақ алғандай сезімде болып, еңсесі көтеріліп:

– Аға, мені жұмыста өз еркіммен жүр дейсіз бе? Үйде әкем миді шірітіп отырған жоқ па. Оқыттық, тоқыттық, киіміңді киіндірдік деп. Мен осы жерде туылуды таңдағандай. Осындай жүретінімді білсем, туылмая қоюды таңдаушы едім.

– Жә-жә! Бұлай қатты кетпе, - Мығым аға Әуесбекке мойнын ғана емес, денесін де бұрып, - Туылып, тірі жүргеніңе шүкір деу керек. Аяқ-қолың сау, ата-анаң аман, жұмысың бар, ақшаң келіп жатыр. Енді анау ставкаларыңды тастап, үйленіп алсаң. Осы ставканың орнына такси болып па, басқаша ақша тауып көрмейсің бе? Айлығың да жақсы, ставканы қайтесің?

– Аға, мен өйтіп, такси болып, біреудің қызметінде жүргенше, бір байдың үйін тонағаным артық. Айлықты жақсы ақша деп отырсыз ба? Мен бір ставкадан сендердің 6-7 айлықтарыңды шығарып алатын күнім болады. Міне, нағыз ірі ақша!

Осы уақытқа шейін Ақылбайдың қасында отырып, әңгімені мысқылдап тыңдап отырған Сараңжан:

– Дұрыс айтады. Жүрген соң қадамды алшаң басып жүру керек, - деп, Әуесбекке жағымпазданғандай болды.

Олай істеген себебі, оған да осындай көз-қарас жақын еді. Оның үстіне, Әуесбектің әке-шешесі қаладағы ауқатты адамдардың бірі болғандықтан, бұндай достық болашақта пайдасын алып келуі мүмкін.

Сараңжан туралы айтатын болсақ, жұмыртқадан жүн қырқып, пайданың ортасында жүретін адам. Керек емес кезде балықтан да мылқау бола алады. Қанша исең де, майысып, сынбайтыны бар. Ең басты дарыны – пайдасы тиетін кісіге жағымды сөз айтып қалу. «Құлақтан кіріп, бойды алар» адам десек, қателеспейміз. Өзінен басқасының барлығын ақымақ, надан деп іштей ойлап қоятыны да бар. Өмірлік құндылықтарына тоқталсақ, «Жұрт қатарлы өмір сүру. Шама келсе, біреуден асып түсу. Асып түсе алмасаң, өзіңнен мықтылармен жауласпау. Басыңды артық қатырмау».

Оны сипаттайтын тағы да бір оқиға жаңа жылда болған. Жұмыста ауысым 31 желтоқсанға түсіп қалды. Жаңа жылды шахтада қарсы алатын болғандықтан, әріптестер болып ақша жинап, дастархан жайды. Түнде отырыс болды, сағат 01.00 шамасында үстел басынан тұрып, барлығы қайтадан жұмысына кірісті. Қалған тамақ келесі ауысымның жігіттеріне қала берсін деп, дастархан үстін шүберекпен жаба салды.

Сараңжан болса, бір-екі сағаттан кейін үстел басына тығылып барып, тойып тұрса да, қалған тамақтың бәрін өзі жалғыз жеп қойған. Не үшін олай істегенін өзі де түсіндіре алмайтын болса керек. Қулығы өзінің басынан артылатын, есесіне зардап келтірмей жүретін адам.

Осы сәттің өзінде де, әңгімені құйтырқылықпен тыңдап отырып, керек кезінде кірісіп кетті.

– Сіздер Әуесбеккке жабылып кеттіңіздер. Бұның айтқан сөзінің жаны бар. Сіздердің «Менікі ғана дұрыс» деп, дардай Әуесбек секілді, миы өзінен артылатын жігітке ақыл үйреткендеріңіз жарамас. Не істесе де өзі біледі. Ең бастысы ешкімге зиянын тигізіп жатқан жоқ. Не шаруаларыңыз бар, - Әуесбек шайқасы жоқ соғыста одақтас тапқандай, мәз болып тыңдап отыр. Сараңжан ішкі төс қалтасына көрсетіп, - Әуесбек, қазір шахтаға түскеннен кейін көреміз бе? – деп көзін қысып қойды.

Мығым аға серпіліспен:

– Жігіттер, ондайларыңды қойыңдар. Өзі онсыз да күнде тәуекелге бас тігіп, шахтаға түсеміз. Ондағыларыңмен біреуді жазым қылып алсаңдар. Осы жылдар бойы қаншама жігіттерден айырылып қалдық.

Сараңжан жым болды. Әуесбек болса:

– Аға, ол жігіттердің кеткені мына зат үшін емес қой. Ажалдары сол жерде күтіп тұрған шығар. Қаншама жылдар бойы ешнәрсе болмады ғой. Жүрміз ғой міне.

Мығым аға:

– Қаншама жылдар бойы жүрдіңдер, бірақ дәл бүгін осы үшін біреу жазым болып кетсе, не істейсіңдер?

Әуесбек:

– Аға, сіздің зейнетке шығуыңызға екі ай ма, үш ай ма, қанша уақыт қалды? Әрнәрсеге араласа бермей, тыныш қана жүріңізсей. Абыроймен зейнетіңізге шығарып саламыз.

Әңгіменің ұшы қазір маған да тиіп кетер деп сескенген Сараңжан, диалогты басқа жаққа бұрды:

– Участкіге жаңа күректер келді дейді ғой. Соны бір-бірден алып шықпадық па?

Ақылбай басын шайқап:

– Ол күректерді қайтеін деген едің. Керек болса базардан барып сатып алсай.

Әрі кетсе екі мың ақшаң кетер. Керек десең ертең менімен бар, өзім алып берейін.

Сараңжан жымиып:

– Тегін тұрған затты, сатып алып қайтесің? Құдайдың өзі «Алып кет» деп, мүмкіндік беріп тұр ғой.

Ақылбай даудың пайда әкелмейтінін түсініп:

– Құдайдың өзі солай деп тұрса, онда менің құдай әміріне қарсы шығатын әдетім жоқ екен, - деп, әңгімені жаба салды.

Әңгіменің тоқтаған сәті сол еді, жол ортасында автобус тоқтап, ішіне екі орта жастағы ер кісілер кірді. Автобуста жарық сығырайып жанып тұрғандықтан, арттағы кісілер кімдер кіргенін бірден түсіне алмады. Жаңағы кісілер артқы қатарларға жақындай бергенде, Әуесбек:

– Әй! Мына ақсаусақтар біздің сасық автобуста не істеп жүр? Не жоғалттыңдар?

Сараңжан да осындай пікірлі отырғанымен, өлсе де ойындағын сыртқа шығармайтын еді. Тіпті, Әуесбектің осындай оттың ішіне түскеніне қуанып та отырғандай. Ал Әуесбекке бәрібір.

Автобусқа кірген инженерия бөлімінде, кеңседе отыратын екі жігіт еді.

Бірінің есімі Тәкап, екіншісі – Мұрат.

Тар автобустың ішінде Тәкап талтаң-талтаң етіп жүріп, Әуесбекке қарап:

– Сен сияқты жарыместірді қадағалауға келдім. Жолда көлігіміз бұзылып қалмағанда, сенімен отырмаушы едім.

Тәкап университетті қызыл дипломмен тәмамдаған. Білімге құштарлықтан емес, мақтану үшін, біреудің бетіне басу үшін, қызылға бітірген. Сабақтан топ болып қашса, Тәкап қана кабинеттің алдында тұратын. Топтағы балалардың бұзықтығын профессорларға айтып, ұстаздардың аз кемшілігін деканатқа жеткізіп отыратын.

Жүрген жерінің бәрі ұрыс-керіс, жанжал. Бір де бір адаммен тіл табыса алмайды. Адамгершілігі бар адам емес, машинадағы бір бөлшек секілді. Функция. Ұстанымы «Барлық жерде тәртіп болуы тиіс».

Университеттен кейін шағымданатын барлық жерге барып шағымданып, өзіне осы бір лауазымды орынды алып алды. Есеп-қисабын шығарып, жұмыскерлерге тас құламайтындай белдіктерді орнату, тасты бекіту – Тәкаптың жұмысы.

Жер астындағы жұмыскердердің өмірін ойлағандықтан емес, өзінің атына кір келмесін деп, жазадан қорыққандықтан, барлық шараларды талап бойынша жасатқызады. Ожданының емес, қорқынышының құлы. Соның арқасында, дәл осы бір шахта неше жылдар бойы ең қауіпсіз аталып келе жатыр. Бұндайдың да, өзі қаламаса да, пайдасы тиеді екен.

Мына кісілермен төбелес басталып кетуі мүмкін екендігінен хабардар Мығым аға:

– Жігіттер, көліктерің бұзылып қалғаны өкінішті екен. Тұрып тұрмайсыңдар ғой. Артқы жақта бос орындар бар.

Талтаңдап, жолда отырған адамдарды қағып бара жатқан Тәкап:

– Онсыз да тұрып бармаймыз. Керек десе, мынаны тұрғызып жіберіп, орнына отырып барамыз, - деп, Әуесбекке көрсетті.

Оған ашуланған Әуесбек, атып тұрып, Тәкаптің бұтын бұт қылайын деген еді, қасындағылары ұстап қалды.

– Сен осындай сасық оңбаған болудан шаршамайсың ба? Бір досың, бір жанашырың жоқ қой. Барлығымен қырқысасың да жүресің. Аға, іні, туыс, қарындас, ата-анаңа шейін – барлығымен жанжалдасып. Кішкене ойланбайсың ба? Барлығымен қырқысасың да, менікі ғана жақсы, менікі ғана дұрыс, қалғанының бәрі не сонда? Барлығы жаман болып, сенің ғана жақсы болуың мүмкін емес қой! Кішкене ойлансаңшы. Ес жиып. Істейтін барлық тірлігің... Мұрныңды бет қылар едім, жігіттер ұстап тұр әттең. Ол аздай, басқалардың артынан сөз айтасың. Басқаларды жамандайсың. «Өзінің көзіндегі бөренені байқамайды, кісінің көзіндегі қылды көреді» деп мына нағыз сен туралы айтылған сөз. Әлде, сен мінсіз періштесің бе? Періште болсаң, қане? Мен көп затты білмейтін шығармын, маған «жарымес» деп отырсың. Мына жерде нағыз наданның өзі сенсің, - автобустың алдыңғы қатарындағы адамдар бастарын артқа бұрып алған, - Отбасыңның түрі анау, не өзіңнің құрған отбасың жоқ, не саған болысатын бір адамың да жоқ. Өліп қалсаң, жерлейтін кісі табылады ма сені?

Тәкап орнына жайғасып:

– Бір затты қайта қайта айта бересің бе? Фантазия бар өзі сенде? Кішкене сөздерін ауыстырып айтсай, тым болмаса.

Әуесбек одан бетер ашуға беріліп:

– Мынаны атып тастайтын екен!

Тәкап құлаққабын алып, құлағына салып, соңғы айтқан сөзі:

– Кетші, эй! – болды.

Әуесбек бірнәрселерді айқайлап айтып жатты, бірақ ол кезде Тәкаптің құлағына құлаққабынан әсем әуен ғана кіріп жатты.

Шамалы уақыттан кейін, Әуес те тынышталды. Жолдың қалған бөлігін барлығы тып-тыныш, Мығым аға кітабін оқып өткізді.

Әуесбектің де, Тәкаптің да көздерінде бір емес, бірнеше бөренеден тұр. Адамның табиғаты сондай: өзінің оғаштығын, мінін мойындағанша, біреуді кінәлі қыла салған жеңіл.

Өзіңнің кемшілігіңді өзіңе-өзің мойындату, ішіңе атом бомбасын салып, аттырып жіберумен тең. Ондай құрбандыққа көпшілігі бара алмайды. Надандықтың жемі болып отырғандарға, ондай ой мүлдем кіріп шықпайды. Іштей айтатындары «Тек қана мен жақсымын, менікі дұрыс, қалғанының бәрі маған зиянкестер». Осындай қиялдың ішіндегі өмір.

Сонымен ғана тоқтап қалса жақсы ғой, басқалардан өзіне адалдықты, өзіне деген кіршіксіз қызметті талап етеді. Кішкене жаны ашитын адамның мойнына отырып алып, кілт етсе, айла-амал, манипуляцияға басып, жағдайының мүшкілдігін айтып, ешкім жоламайтындығына шағымданып, өзінің пайдасына керектіні істетіп алады. Бұның бәріне кім кінәлі? Адамның өзі кінәлі – басқа ешкім емес.

Сөзбен де, күшпен де, ақылмен де, айламен де ойын өзгерте алмайсың. Өзінің қиял зынданының ең терең нүктесіне әбден батып, ішінен жеті құлыппен бекітіп алған. Сырттан келіп, көмектесемін деген адамды өзінің зынданына кіргізіп алыға дайын тұр. Өмірінің соңғы күніне шейін, бақытсыз күйде, ұрыс-керіс, жанжалмен өткізеді. Жақсы атаулының бәрінен жиіркеніп, өзі іспеттестермен отырып, жан-жағын жамандағаннан қуат алатындай. Өрісі уланғаны соншалық, істеген ешқандай ісі алға баспай, тек қана жамандық шақырып отыратын сияқты.

«Құдай сақтасын», адамзат баласына сана-сезім, ақыл-ой, парасаттылық берсін деген дұға айтқаннан басқа амал жоқ.

Автобус шахтаның аумағына келіп тоқтады. Болған жанжалдан кейін бәрі өз бетімен. Ешкімнің ешкіммен сөйлесуге зауқы жоқ. Жеті қат жердің астына кірместен бұрып, бір қыр бар. Сол қырға шығып, әлі ұйқыда жатқан қалаға бір қарап алып, жігіттер өздерінің ауысымын бастауға аттанады.

Жұмыс екпісі қарқын ала бастағандықтан, жер астында келе жатып, бір-бірінен кілтті сұраса да, сайманның жатқан жерін сұраса да, аз-аздан әңгіменің ұшқыны шығып келе жатыр. Бірнеше уақыттан кейін шахтаның ішіне жаңғырық болып естілетіндей, күлкінің дауысы шығып, бәрі қалпына келгендей.

Жүректе еш алаң, уайым жоқ келе жатқанда, кенеттен тарс-дүрс, апыр-топыр, шахтаның іші қап-қараңғы болып, шаң басты. Техникасы дамыл таппай, у-шу болып жататын жер астында үрейлі тыныштық орнады.

Әуесбек көзін ашса, тас қараңғы, өзінің қолын көре алмай тұр:

– Эй! Біреу бар ма? Қайдасыңдар? Ақыл! Мығым аға! Сараңжан! – деп айқайлап, тіпті Тәкапті да айтты.

Шамалы минуттан кейін қалта шамының жарығы көрінді. Әуесбек ақырындап, дымқым шахтаның қабырғасын жағалай, жарыққа қарай кетті. Жақындаса, ыңырсып жатқан Ақылбай екен. Аяғын тас басып қалған.

– Қазір... Қазір... Шыда, Ақыл. Бізді алып шығады,- сасқалақтап, жан-жағынжағы тастарды көтеріп, не істеп жатқанын Әуесбек өзі түсінбей жатыр.

– Белбеу..., - Ақылбай ақырын ернін жыбырлатып айтты.

– Ау. Не дейсің?

Әрең демін алып, Ақылбай:

– Белбеуді ал да, аяқ жағымды орап таста. Қан көп кетіп қалады.

Осы күнге шейін еш алаңсыз, бұндай жағдайды тіпті елестетіп те көрмеген Әуесбек:

– Қазір... Қазір... Ақыл. Белбеуді қайдан табамын... Белбеу... Белбеу..., - деп, тастап басқа ешнәрсе жоқ шахтаның ішінде белбеу пайда болып кететіндей әрі-бері қолын жыбырлатып отыр. Өзінің белбеуі бар екендігі есіне түсіп, тез ара шешіп алып, Ақылдың белінен төмендеу, аяғы көрінетін жерін орап қойды.

Енді-енді ес кіре бастаған Ақылбай:

– Рахмет саған Әуесбек. Мына жерде өлгім келмейді. Үйде қызым мен ұлым күтіп отыр. Солардың болашағы үшін, басты тәуекелге тігіп, жер астына түсіп жүрмін. Осылай өліп кетсем, оларға кім бас-көз болады? Бізді алып шығады ма? Тас қараңғы. Не болғанын да білмейміз.

Әуесбек те ойын жинап, «аяқ-қолым сау. Ақылбайдың қасында байбалам сала бергенім жарамас. Ақылбайды алып шығу керекпін. Қане, есіңді жи» деп, іштей өзін қайрап алып:

– Қазір, Ақылбай, сен күшіңді текке сарп қылма. Осылай жата тұр. Мен сенің қалта жарығыңды алып, тірі қалғандары бар ма іздеп келейін, - қолын тастың астына салып, аяғын көрейін десе, аяғы толықтай езіліп кеткен, - қан кетіп жатқан жоқ сияқты. Былай істейік: мен қалта жарығын алып адамдарды іздеймін. Ешкімді таппасам сен айқайла, сенің дауысыңа қайтадан келемін.

– Жақсы. Бар. Көмек алып кел.

Мал бағып жүріп, қамшыны сермегендей, Әуесбек жарықты әрі-бері бағыттап, жүріп келе жатыр. Шаңнан жарық алысқа түспей тұр. Келе жатып жұмсақ бірнәрсеге тап болды. Жатқан Сараңжан екен. Бетінен ұрғылап, есін жиғызып, екеулеп іздеуге кетті. Ешкімді таппай, қайтадан Ақылбай жаққа қарай беттеді. Әуесбек айқайлаған еді, Ақылбай да оларға айқайлап, бағыт берді.

Енді біреу емес, үшеу болып отыр.

– Жігіттер, менің басым айналып бара жатқан сияқты, - Ақылбай күші таусылып сөйлеп жатыр, - Біткен сияқтымын. Шығып жатсаңдар, менің ұлым мен қызыма бас-көз болыңдаршы. Аманатым сол болсын сендерге. Ренжітіп алған жерлерім болса кешіріңдер. Пендеміз ғой бәріміз, - деп, екеуіне қарап бір күліп алды, - балаларыма қараңдар, жігіттер. Көмек беріп тұрыңдар.

– Балаларыңа өзің көмек бересің, - деп, Әуесбек шарп жауап берді. Алыстан тағы бір айқай естілді.

Әуесбек селк ете қалып:

– Қайсың бұл? Қайдасың?

– Көмектес. Кел тез, көмектес.

– Қазір, - деп, Әуесбек, дыбысқа қарай жүгірді.

Жерде Тәкаптің жатқанын көрді. Аяқ қолын тексеріп, иығына асып алып, отырған жігіттерге қарай барса, Сараңжан жылап отыр. Мұқият қараса, Ақылбай өліп кетіпті.

– Ереже бойынша кезекшіге апат жайында дабыл түседі. Содан кейін кезекші құтқару қызметін шақыруға міндетті. Құтқару қызметі тірі адамдарды іздеп бастайды. Бірақ оған шейін мына шахтада ауа бітіп қалуы мүмкін. Тұншығып өлеміз. Оттегі балондарын іздеу керек, - деп, Тәкап нұсқайлықты жатқа айтып болғандай, қалған екеуіне басын көтеріп қарады.

Әуесбек пен Сараңжан көз жастарын сүртіп, балондарды іздеуге кірісіп кетті. Жолай бес-алты қалта шамын тауып алды. Екі оттегі балоны табылды. Біреуі тесіліп қалыпты. Қолында бармен базар болып, қайтадан Тәкапқа қарай беттеді. Шахта ішіндегі шаң да басылды. Кішкене тыныс алу жеңілдеді. Тәкап есін толық жинап, аяқ-қолын өзі сипалап, мүшелерін түгендей отыр екен.

– Бары осы. Бір балон ғана. Үшеуміз бірнәрсе қылып, құтқару келгенше амалдармыз, - деп, Әуесбек тастың үстіне отыра кетті.

Арада бірнеше сағат өтті. Қалыпқа айналып кеткен тыныштық.

Тыныштықты жарып, жаңғырық болып біреудің айқайы естілді. Үшеуі қуанып кетіп:

– Біз осындамыз! Келіңдер! Құтқарыңдар! Осында отырмыз! - деп, жан-жағына қолдарын сермеп, жарықпен белгі беріп, көмекке шақыра бастады. Жүректерінде құтқару қызметі келіп қалған екен деген үміт.

– Әй! Бұл мен, Мығым. Мына жақта жатырмын, келіп көмектесіңдер. Әуесбек пен Сараңжан тас қараңғының ішіне кіріп кетті.

Арттарынан қалған Тәкап:

– Тезірек келіңдер, - дейді.

Бірнеше минаттан кейін екеуі Мығым ағаны сүйретіп Тәкаптің қасына келді. Сол баяғы тыныштықтың ішінде енді тағы да төртеу болып отыр.

– Әй, инженер сымақ! Жер сілкінсе де құламайды деген шахтаң қайда? – деп, Әуесбек Тәкапқа тисе бастады.

– Жер сілкінбек түгіл... Бұл мүлдем құламауы керек еді. Өзім есебін 10 рет тексеріп шығарғанмын. Компьютермен баламалап та көрдім. Олай ешкім істемейді. Мен ғана істеймін, өйткені жұмысты ретімен істейтін мен ғана барлық шахтада. Менің не жазығым бар? Жұмысымды адалынан істегеннен басқа? – Тәкап алдын ала басшылықтың алдында ақталып тұрғандай.

Мығым аға ақырындап қабырғаға сүйеніп:

– Жігіттер, қойыңдар. Оны талқылап, ұрыссып тұратын кез емес. Аман қалудың әрекетін істеу керек.

Сараңжан көмектен күдерін үзгендей:

– Аға, қайдағы аман қалудың әрекеті. Біздің үстімізде сегіз жүз, ол болмаса мың екі жүз метр тас мен тау жатыр! Қайдағы аман қылу. Құтқару қызметі келгенше мына жерде ауа бітіп, осылай отырып, қырылып қаламыз.

Ары қарай ешкім ешнәрсе айтпады. Отырып, әлсірегеннен, төртеуі де ұйықтап қалыпты.

Алғашқы болып Тәкап көзін ашып, қалғандарын оятты. Қалай ұйықтап қалғандарын өздері білмейді. Мығым аға сағатына қараса, арада он сегіз сағат өтіп кетіпті.

– Біз он сағатқа ұйықтап кетіппіз, - деп, сағатының жарығын өшірді.

– Инженер сымақ. Ақылгөй. Неше сағаттан кейін құтқару қызметі келетін еді? – Әуесбек баяғы әдетімен.

– Негізі он екі сағатта бір белгілері болуы тиіс. Тым болмағанда бір техниканың дыбысы шығуы тиіс еді.

Сараңжан үрейлене:

– «Он сегіз сағат өтіп кетті» деп тұр ғой, бұл қалай болғаны? Тәкап ашуға басып:

– Білмеймін! Білмеймін! Мен құдай емеспін. Сендермен осылай отырғым келген деп ойлайсыңдар ма? Мен мүлдем бүгін бұл жаққа түспеу керек едім. Қарғыс атқыр бөлімше бастығы мені жіберген жоқ па? Тексеріп келсін деп. Е, құдай, не жамандық істеп қойдым!

Негізінде Тәкапті шахтаға бөлімше бастығы конструкция беріктігін тексеру үшін емес, жай кеңседе өздерінің құлағы тыныш болу үшін жіберген еді.

Арада тағы да бірнеше сағат өтті.

– Байбалам сала бермей, амал жасайық, - Мығым аға жан-жағын қарайлай бастады, - төртеуміз төрт жаққа бөлініп шахтаның жағдайы не болғанын барлап келейік. Қалта жарығы артығымен бар. Сен мына жаққа, сен мына жаққа, сен мына жаққа, ал мен мына жаққа барайық, - деп, төт адамды төрт жаққа бөліп тастады.

Оған Тәкап жұлқына:

– А! Жоқ! Жоқ! Мен осы жерде отыра тұрамын, сосын үшеуің мен жақты барып тексеріп келерсіңдер.

Әуесбек айтқан сөздің астарын түсінбей:

– Неге сен бармайды екенсің? Бар! Тұр! – деп, Тәкапты орнынан жұлқылап тұрғыза бастады.

Тәкап Әуесбектің қолынан сытылып шығып:

– Өткені мен инженермін! Сен сияқтылар көшеде мыңдап жүр. Сен өліп қалсаң, орныңа басқа біреуді таба салады. Мен болмасам мына шахтаң қараң қалады. Мен болмасам, менің есептерім болмаса, осы күнге шейін жүздеп қырылушы едіңдер. Сен сияқты күрек ұстап, бес-алты тас қопару ешкімнің қолынан келмейді дейсің бе? Маған өлуге болмайды, - деп, балаша шыр етті.

Әуесбек ашуға одан бетер булығып:

– Өй, осы тұрған жеріңнен басыңды таспен бір жарайын ба? Төбеден түсті деп айта саламыз, - деп, үлкен тасқа ұмтылған бетте, оны Мығым аға мен Сараңжан ұстап қалды.

– Жә, өзіміз тексеріп келейік, - деп, Мығым аға екеуін көш бастап кетті.

Үшеуі келе жатып, қандай учаскіде, шахтаның қандай бөлігінде тұрғандарын, шахтаның басқа аман қалған бөлімдерін анықтап, Тәкапқа қайта оралды.

Мығым аға сөз бастады:

– Біздің мұнда жүргенімізге жиырма төрт сағаттан асып кетті. Ешкім бізді құтқаруға келмейтін сияқты. Келсе бір белгісі болар еді. Өзіміз амалдайық, - деп, әңгімені жалғастырмақ еді, Сараңжан тағы да байбалам салып.

– Алжыған шал! Амалың таусылмайды екен. Қалай амалдайсың? Сиқыршысың ба? Төбеміздегі бір километр топырақты жоқ қылып жіберетін қасиетің бар ма?

Әуесбек Сараңжанның кеудесін басып:

– Соңына шейін тыңдайық. Көпті көрген кісі ғой. Мығым аға баяндауын жалғастырды:

– Ауа әлі біткен жоқ. Негізінде баяғыда бітіп қалуы керек еді, - бәрі басын изеді, - демек шахтаға бір жерден ауа келіп тұр. Кікшене ғана тесіктен емес, мына көлемді толтыратындай болып тұр.

Осыдан, отыз-қырық жыл бұрын қала қарақшылары осы шахталарда алтын бар екен деп ойлап, шахтаға түсетін өздерінің заңсыз тесіктерін жасаған болатын. Олармен билік біраз күресті. Осы шахтаның ішінде полиция жүріп қуатын. Ол заман өтті де кетті, бірақ жаңағы тесіктер қалып қойған болса керек. Қазіргі біздің мақсат сол тесікті тауып, өзіміз сыртқа шығу. Мен білетін соңғы тесік осы жерден елу метр жерде еді. Біздерге оны жауып тастасын деген. Ауысымның соңы, үйге асыққаннан, біз оны шала-пұла бітеп кеткенбіз. Сол тесікті тапсақ, жоғарыға лифтіміз.

Төртеуі белгіленген жерге барып, ақырындап тасты қопара бастады. Мығым ағанын айтқаны айдай келді. Сараңжан бір тасты ұрып қалған еді, артында қалған тастар опырылып түсіп кетті. Төртеуі бір-бірін жетектеп, жолда опырылған тастарды тазалап, тауға шығып келе жатқандай, әрбір метрді сағаттап еңсеріп келеді.

Үш ай қыс бойы шатырдан салбырап тұрған мұз сүңгілер, басқа кезде құламай, дәл астынан адам өтіп бара жатқанда құлап, алаңсыз пендені мерт қылатыны бар.

Қаланың орнын таңдағандай не ойлады екен? Шеті қиыры жоқ ғарышта ұшып жүрген астероид, миллиондаған шаршы шақырымды алып жатқан мұхитқа құламай, дәл осы Мығым, Сараңжан, Әуесбек тұрып жатқан қаланың үстіне келіп құлайды деп ойлады ма екен? Осынашама халықты ажалдары бір жерге жинады ма екен?

Не болса да, шахтадан аман қалған төрт адамның жер бетінде көргені жанды түршіктірмей қоймады.

Темір мен бетоннан құрастырылған қала ғайып болып, қаланың орнында отқа оранған үлкен шұңқыр ғана жатыр.

Әуесбек өз көзіне өзі сенбей, болған жайытты түсінбей:

– Не болған? Соғыс басталды ма? Біреу бомба тастаған ба? – деп, жан-жағына алақ-жұлақ қарап, қаланы басқа жерден іздеп жатыр.

Мығым аға қала орнындағы шұңқырдан көзін алмай:

– Жоқ. Бомбадан бұндай шұңқыр ешқашан пайда болмайды. Осыдан бір ай бұрын жаңалықтардан жерге жақын ұшып жүрген астероид туралы оқыған едім. Сол келіп жазықсыз тұрғындардың үстінен құлаған секілді.

Бұны естіген Тәкап:

– Айттым ғой сендерге! Мен шахтаның есебін он рет тексеріп шығардым. Шахтаның қараптан-қарап құлай салуы мүмкін емес еді. Осындай бірнәрсе болса ғана құлатуы мүмкін. Астероидтың құлауын есепте қалай шығарамын... – деп, бірнәрселер айтып жатқан еді, қалғанына Тәкапқа алғашқы рет бәрібір болды. Ешкім оған назар аудармады, айтқан сөзін тыңдамады.

– Құдай, күнде-күнде тәуекелдің ортасында жүрген бізді алмай, мына жазықсыз қара халықта нең бар... – Әуесбектің дауысы естіліп тұр, бірақ ешкім тыңдап тұрған жоқ.

Мығым аға көз жасып сүртіп, дірілдеген еріндерімен ақырын ғана:

– Күріш баса салыңдар, Зәурешім, - деді.

***

Әлемді түсінгісі келген сыныптасыма

Мағжан Жұмабаев «Педагогика» кітабында адам жаман болса, тәрбиешісінен дейді. Келісуге болады, бірақ туылғанда адамның өзінің дара болмысы болатын сияқты.

Кіп-кішкентай бала, оған әлі ешнәсре әсер етіп үлгірген жоқ. Алдауды, арбауды, қуанышты, шаттықты көрмеген. Алайда, сол бүлдіршіндердің өздері, біреуі бұзық, біреуі жуас, біреуі жанашыр, біреуі қатал болып жатады.

Менің сыныптасымнан қалған естелік.

Бірінші немесе екінші сынып кездері. Баламыз. Бізге әлі ешнәрсе әсер етіп үлгірген жоқ. Болмысымыз қандай, сондай болып жүрміз.

Мектеп үйден алыс еді. Автобуспен баратынбыз. Он бірінші автобусқа отырып алып, менің анам бар, бір топ сыныптастарым бар, өзім де бармын, аялдамадан түсіп, мектепке қарай беттейміз. Сол күндердің бірінде жаңағы сыныптасым менің анама бұрылып, тек қана балаға тән ізгілікпен:

– Тәте, міне, куртка сатып алдым. Двухстрони куртка. Мына жағы кірлесе, былай шешіп, мына жағын кие саламын, - деп, мақтанып, бізге де сондай куртка алуға кеңес берген болатын.

Тағы басқа бір күні, бас киім кимей жүріп, анам маған ұрссып тұрғанда, жаңағы сыныптасым менің анама таянып:

– Тәте, алдамшы жылы деген болады, иә? Қазір жылы сияқты, бірақ ауырып қаласың, - дегенінен «алдамшы жылы» ұғымымен алғаш танысқан едім.

Одан бөлек, бір жерден ағылшынша онға шейін санауды үйреніп алып, аялдамадан мектепке жеткенше санап жүретін.

Сол сыныптасым 2026 жылдың жазында суға батып қайтыс болды.

Біраз затты түсінгісі келіп жүретін. Кім біледі, біраз затты түсініп те қойған шығар.

Қазақ халқы қызық. Өлген адамды қайтты дейді. Ағылшындардың бақилық адамға «Returned» дегенін, немесе орыстардың «Вернувшийся» дегенін естімеппін.

Бәріміз бір күні жаратушымызға ораламыз. Ерте оралғаның өкінішті, сыныптасым!

Есімде бірінші-екінші сыныптағы бала болып сақталдың.

Төрехан Үсембай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 905
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1201