Сейсенбі, 12 Қараша 2019
Ел іші... 2147 14 пікір 27 Шілде, 2019 сағат 12:03

Бүгін - Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Ләззат Асанованың туған күні

Ләззат Асанова - (27.07.1970 - 25.12.1986).  Алматы облысы, Панфилов ауданы, Ақжазық ауылында дүниеге келген.1985 жылы Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түседі.1986 жылы қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол небәрі 16 жасында отарлық жүйенің құрбаны болып кетті... Осыған орай, біз Ләззатың анасы Алтынай Асанованың "Ақжазықтың аймаңдай аруы" атты кітабынан үзінді жариялап отырмыз.

-Мен анамын. Бес бала тәрбиелеген, өмірге әкелген, солардың қызық-шыжығын көрген анамын. Қазақ даласын қалың ұйқысынан оятқан ұлы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінің құрбаны марқұм Ләззат Асанова секілді ержүрек, халқын шынайы сүйген арудың анасымын. Кезінде қорланып, мына қас-қағым өмірден он екіде бір гүлі ашылмай, өкініш пен қасіретті артына, мына мен бейбаққа мәңгілікке тастап кеткен Ләззаттың анасымын. Мәңгілік арман мен өкінішті кеудеме құйып, содан арылмастай етіп, қанша жыл өтсе де, заман өзгеріп, дүние жаңарып, еліміз Тәуелсіздікке ие болып, егемен атанып жатса да қайғы-мұңы бір сәт ортаймайтын анамын. Күрсінуім мол. Аһ ұруым шексіз, мұңды да зарлы анамын. Қайта жыл өтіп, Ләззатым менен алыстаған сайын қайғым еселеп, сағынышым артып, арманым мұңға, көңілім құмға айналған анамын. Көз жасымды күнде бұлаймын. Құрғыр, көз жас дегенде шек болмайды екен. Неткен көп дүние екенін. Күнде-күнде, қара түн құшағында жатып аямастан, қашан шаршап, қалжырап біткенше төгемін. Жастығымды көз жасым күнде жуады. Мен періштедей күнімді, тас емшегімді жібіткен тұңғышымды күнде іздеймін. Қара түнмен сөйлесемін, көк аспанмен сырласамын, аймен мұңдасамын. Адамдардан, төңірегімдегілерден көңілім қалып, әбден суып, зәрезап болсам қайтейін...

Айналайын Ләззатым, көзімнің қуанышы, жанымның рахаты, сенен айырылып қаламын, артыңда зарлап отырамын деп ойлаппын ба? Жарығым-ау!.. Сенің өмірге келуің, өмірге құштарлығың, намысқойлығың, жаратылысың, нәзіктігің, сүйкімділігің бәрі өзгеше, бәрі әдемі еді. Қайтейін, қай дінсіз, Құдайдан безген адам емес хайуан, үрім-бұтағы мына мен секілді аңырап өткір, ешкімге жамандық ойлап, қарғап-сілеп көрмеп ем, қайтейін, күйіндіріп, онсызда жанымды жегідей жеп жүрген дертімді қоздырып, маза бермеді ғой мына жетесіз бейбақтар етегіне жармасып.

Сенің сүйегіңді алып келген бір топ адам: "Жылауға болмайды! Бәріне қызыңның өзі кінәлі. Өкіметте, саясатта несі бар? Оқуын оқып, тыныш қана жүрмей ме? Дұрыс бала тәрбиелей алмаған, партия мен үкіметке тіл тигізген,олардың ісіне қарсылық білдіретін ұрпақ өсіргенің үшін жауап бересің! Сен мұғалімсің. Кеңес үкіметінің мұғалимасы өз баласын тәрбиелей алмады деген не сұмдық?! Бұл үшін үлкен кінәлісің. Тездетіп көму керек. Халық жиналмасын! Ешкім жыламасын! Ауыздарыңнан шыққан әр сөздерің үшін күні бүгіннен бастап жауап бересіңдер!" деп, көк жағалысы да, жай жағалысы да зірк-зірк етіп, өзі де өлі мен тірі арасында отырған жанымды жаралап, ауыздарына келгенін айтпады ма?

Сонан сүйегіңді арнайы машинамен арнайы алып келгендер ауданнан ба, облыстан ба, әлде Алматыдан келгендері ме, әйтеуір білмеймін, өзді-өзі сыбырласып, күбірлесіп, жау қуып бара жатқандай апас-қапас жерледі.

... Тіпті қызымның қаралы күніне берілетін соңғы асына ешкімді келтірмеді. Жетісіне, қырқына жайылған дастарханыма ел-жұрт келмеді, босағамыздан аттап, Ләззаттың қаралы дастарханында отыруға КГБ қызметкерлерінен қорқып, қара көрсетпеді. "Мұншама жазығың не еді, күнім-ау" деп мен отырдым аңырап. Сүйегіңді әкелген күннен бастап, аудандық ІІБ, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері мені күнделікті ермегіне, зорлық-зомбылығын көрсететін нысанасына айналдырған жоқ па? Тергеуге, жауап алуға кешке шақырып, кеңселерінде түн ортасына дейін ұстайды. Сұрамайтын пәлелері жоқ, айтпайтын сөздері жоқ.

О дүниелік қызымның да, өзімнің де ар-намысыма тиеді. Мектепте мұғалім едім. Ләззат қаза тауып сүйегін алып келгенде кішкентайым бес айда еді. Соны жылатып-еңіретіп үйге тастап кетемін. Ашып-тасыған, табаға салуын күтіп тұрған нан қалады. Мен бес-алты сағаттан кейін қайтіп келгенде айнала төгіліп, шашылып, рәсуа болып жатқаны.

Көресіні Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінен көрдім. Төрт-бес жыл бойы қыр соңымнан қалмады. Мені халық жауының анасы етіп шығарды. Біздің үйге кім келеді, кім кетеді аңдып, көріп-біліп отырады.

Құрысын, халқым, айналайын, ақ ниетті адамдар, аналар, Алла Тағала менің басыма түскен қасіретті, қорлықты тірі пенденің пешенесіне жазбасын деп тілеймін. Денсаулықтан түбегейлі айырылдым. Екінші топтағы мүгедекке айналдым. Бірақ, қызымның ақ-қарасына жеткенше, қашан ақталғанынша бір сәт тыным көрмедім. Ақыры, ақталды, менің күнім!

Abai.kz

14 пікір