Жексенбі, 4 Қаңтар 2026
Билік 6550 0 пікір 3 Қаңтар, 2026 сағат 18:59

Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағыты: саяси жаңғыру, цифрландыру және Қазақстанның орнықты дамуы

Сурет: Спикердің жеке мұрағатынан алынды.

Қазақстан үшін соңғы жылдар жүйелі саяси және экономикалық трансформация кезеңіне айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған реформалар елдің мемлекеттік басқару моделін жаңартуға, саяси ашықтықты арттыруға және ұзақмерзімді орнықты даму негіздерін қалыптастыруға бағытталды. Конституциялық өзгерістер, партиялық жүйені ырықтандыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект саласына басымдық беру — мұның барлығы жаңа қоғамдық келісім мен заманауи мемлекет құру логикасына сай келеді.

Осы тұрғыда саяси реформалардың мазмұны, олардың болашаққа әсері, сондай-ақ ішкі өзгерістердің Қазақстанның халықаралық позицияларымен байланысы жөнінде біз саясаттанушы Шарип Ишмұхамедовпен сұхбаттасып, Президент Тоқаевтың реформалар күн тәртібіне кешенді баға беруді жөн көрдік.

– Президент Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылған қандай реформаларды елдің орнықты дамуы мен ашықтығы тұрғысынан ең маңызды деп санайсыз?

– 2020–2022 жылдары кеңінен талқыланған реформалар Конституциялық реформа мен референдуммен аяқталды. Дәл осы кезеңде, менің ойымша, елдің орнықты дамуы мен ашықтығына нақты әсер еткен ең маңызды өзгерістер жүзеге асты. Ашықтық дегенде мен ең алдымен демократияландыруды, азаматтық қоғамның рөлінің артуын және оның дамуын меңзеймін.

Бұл бағыттағы алғашқы әрі ең маңызды қадам – саяси партияларға қатысты өзгерістер болды. Мемлекеттің ашықтығы мен орнықтылығы тек саяси жағдайды ашық талқылау мен сын болған жағдайда ғана мүмкін, ал бұл үкіметтік емес ұйымдар, әсіресе саяси партиялар бар кезде жүзеге асады. Оппозициялық партиялардың сайлауға қатысуына мүмкіндік берілуі, Парламентке өту шегінің төмендетілуі және өзге де шаралар, меніңше, бұрын-соңды болмаған қадамдар. Қазақстан тарихында алғаш рет Парламентте шынайы әрі ресми оппозициялық партия — Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) бар. Депутаттар саны көп болмаса да, олар саяси үдерістер мен елдегі жағдайды талқылауда ең белсенді әрі нәтижелі қатысушылардың бірі.

Сондай-ақ ауылдар, кенттер және шағын қалалар әкімдерін сайлау жүйесін енгізу процесі жалғасып, толық аяқталады деп үміттенемін. Бұл демократияны, ашықтықты және жергілікті деңгейде пікір айту мен сын мүмкіндігін кеңейткен екінші аса маңызды өзгеріс. Кеңес Одағы кезеңінен бастап, кейін тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында бұл аумақтар саяси өзгерістерден шет қалып келді. Ал демократиялық қағидаттар ең алдымен жергілікті деңгейде қалыптасып, нығаятынын ескерсек, бұл қадамның маңызы ерекше. Демократия бір ғана шешіммен орнамайды — ол уақыт өте келе қоғамда қалыптасатын ұзақ процесс.

– Президент Жолдауында Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық трансформация дәуіріне қадам басатынын атап өтті. Бұл қадамдардың ел мен өңір болашағы үшін маңызын қалай бағалайсыз?

– Бұл мәселе бүгінгі күні аса өзекті. Әңгіме цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні енгізу және дамыту, олардың шешім қабылдауда, бизнесте және өндірісте атқаратын рөлі туралы болып отыр. Президент бұл бағыттың маңызын және жасанды интеллект саласында университеттер мен зерттеу орталықтарын құру қажеттігін дер кезінде әрі дұрыс атап өтті.

Бұл – Қазақстанның орнықты дамуы мен экономикада түбегейлі өзгерістер жүргізу үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды қадам. Мен бұл шешімді уақтылы әрі болашақты көздейтін бастама ретінде жоғары бағалаймын. Дәл осы бағыт XXI–XXII ғасырларда Қазақстанға жаңа даму серпінін береді. Өйткені дәстүрлі тауарлардың, соның ішінде көмірсутектердің рөлі мен олардан түсетін табыс біртіндеп төмендеп келе жатқанын қазірдің өзінде байқап отырмыз. Сондықтан табысты болуды мақсат еткен кез келген заманауи мемлекет цифрлық технологиялар мен инновацияларды дамытуға ерекше назар аударуы тиіс.

– Президент Парламенттің тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін бірпалаталы жүйеге көшу мүмкіндігін ұсынды. Бұл саяси жүйенің дамуына қалай әсер етуі мүмкін?

– Бірпалаталы Парламент — бұл өте маңызды әрі ауқымды саяси реформа. Мен оны уақтылы қабылданған шешім деп бағалаймын. Бұл жағдайда тиімділік, жауапкершілік және мемлекеттік органдардың, әсіресе заң шығарушы биліктің нәтижелілігі алдыңғы орынға шығады.

Бірпалаталы Парламент әрбір депутаттың жауапкершілігін арттырады, өйткені заңдардың, нормативтік актілердің және қажет болған жағдайда конституциялық өзгерістердің қабылдануы немесе қабылданбауы тікелей олардың дауыс беруіне байланысты болады. Сенат тәуелсіздіктің алдыңғы кезеңдерінде маңызды рөл атқарды, алайда қазіргі саяси жағдайда заң шығару қызметіне мүлде жаңа талаптар қойылуда, сол себепті оның өзектілігі біршама төмендеді.

– Президент ұлттық жобаларды іске асыруда мемлекет пен бизнес серіктестігінің маңызын атап өтті. Бұл бағыттағы Қазақстанның әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Президент ірі бизнестің, қоғамдық және мемлекеттік жобаларды қолдаудың, сондай-ақ ең ірі салық төлеушілердің жауапкершілігін арттыру қажеттігін үнемі атап өтеді. Әңгіме олардың өңірлік, ауылдық және қалалық әлеуметтік, гуманитарлық және мәдени жобаларға қатысуы туралы.

Алайда, менің ойымша, тек бастамалар мен үндеулер жеткіліксіз. Олардың артынан нақты заңнамалық шешімдер, соның ішінде салық және фискалдық саясаттағы өзгерістер қабылдануы тиіс. Ірі бизнес үшін әлеуметтік жобаларға қатысу тек пайдалы ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді болуы қажет. Бұл компанияларға салық жүктемесін оңтайландыру арқылы әлеуметтік жобаларға тұрақты түрде қатысуға ынталандырар еді. Президенттің бұл ұсыныстары алдағы уақытта Парламент деңгейінде талқыланып, нақты шешімдер қабылданады деп үміттенемін.

– 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қандай бастамаларын ең маңызды деп санайсыз? Олар жаһандық сын-қатерлерге қаншалықты сәйкес келеді?

– 2025 жылы көптеген шешімдер мен мәлімдемелер болды, бірақ мен мұнай мен газ секторының болашағына қатысты мәселеге ерекше назар аударар едім. Мұнай мен газға сұраныс әлі де сақталып отырған кезде, оларды өндіруді жалғастыру маңызды. Алдағы онжылдықтарда бұл ресурстардың тағдыры мен бағасы қандай болатынын ешкім нақты айта алмайды.

Сонымен қатар газ өңдеу зауыттарын салу мәселесі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Қазақстанда газдың толық өңделмеуі — өткен жылдардағы стратегиялық қателіктердің салдары. Елде өндірілетін және тұтынылатын газ Қазақстан аумағында өңделуі тиіс, әрі болашақта бұл стратегиялық тауарды Орталық Азия елдеріне экспорттауға мүмкіндік бар.

– Сіздің ойыңызша, өткен жылы Президенттің қандай реформалары немесе сыртқы саяси қадамдары Қазақстанның халықаралық позициясын нығайтты?

– Халықаралық имидж ең алдымен ел ішіндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке және экономикалық орнықтылыққа байланысты. Егер ішкі жүйеде шешілмеген мәселелер болса, сыртқы бедел де тұрақты болмайды.

Меніңше, ең басты жетістік — Қазақстанның өзін өңірлік держава ретінде орнықтыруы. Екінші маңызды жетістік — Президент Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси реформалардың бірізділігі мен қисындылығы. Бұл реформалар міндетті түрде соңына дейін жеткізілуі тиіс. Мен оларды дәл осы Президент аяқтай алады деп сенемін. Біз, сарапшылар мен ғалымдар, бұл үдерістерді қолдауға дайынбыз және 2026 жылы барлық жоспарланған шешімдер толық жүзеге асады деп үміттенеміз.

Abai.kz

0 пікір