Жұма, 9 Қаңтар 2026
Қоғам 4800 0 пікір 8 Қаңтар, 2026 сағат 14:27

Қазақстандықтарды – қазақ деп айтатын уақыт келді!

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз төрт жылдан асты. Осы уақыт ішінде мемлекет ретінде қалыптастық, шекарамызды бекіттік, төл теңгемізді айналымға енгіздік, әлем картасында өз орнымызды айқындадық.

Бірақ, негізгі маңызды проблема әлі де толық шешімін таппай келеді. Ол – ұлттық атау, ұлттың өзін-өзі тану жағдайы. Қоғамдық дискурста «қазақстандық» деген жасанды ұғымды алға тартып, байырғы халықтың тарихи атауын көмескілеуге тырысу әлі де кездеседі. Енді осыған нақты әрі батыл жауап беретін уақыт келді: Қазақстанда тұратын ұлттың аты – қазақ, ал бұл елдің мемлекеттік, тарихи, мәдени өзегі де – қазақ ұлты. Еліміздегі өзге ұлт топтары – олар этнос өкілдері. Тағы бір айтарымыз, олардың саны өте кем.

«Қазақстандық» сөзі алғашында азаматтық бірегейлікті түсіндіру үшін енгізілгені рас. Ол белгілі кезеңде елдегі этносаралық татулықты сақтауға, көпұлтты қоғамда ортақ саяси кеңістік қалыптастыруға қызмет етті. Алайда уақыт өте келе бұл ұғым шектен тыс қолданылып, ұлттық болмысты алмастыратын деңгейге жетті. Соның салдарынан «қазақ» деген атау кері шегініп, «қазақстандық» деген жалпылама терминнің көлеңкесінде қалды. Бұл – табиғи емес, тарихи әділетсіз құбылыс.

Кез келген мемлекет өзінің титулды ұлтымен танылады. Францияда – француз, Германияда – неміс, Жапонияда – жапон. Бұл елдерде азаматтық пен ұлттық атау өзара қарсы қойылмайды. Ешкім «француздықтар» немесе «немістік ұлт» деп жасанды атау ойлап тапқан жоқ. Өйткені мемлекеттің аты, тілі, мәдени коды сол ұлттың атымен тығыз байланысты. Қазақстан да осы заңдылықтан тыс болмауы керек. Қазақстан – қазақтың жері, қазақтың мемлекеті. Сондықтан бұл елдің азаматтарын жалпыұлттық деңгейде «қазақ» деп атау – қисынды әрі заңды.

Бұл арада өзге этностарды жоққа шығару немесе кемсіту емес. Керісінше, ортақ ұлттық кеңістікте барша азаматты бір тарихи атаудың айналасына топтастыру. Қазақ деген атау – этникалық тар ұғым ғана демейік, мемлекеттік, өркениеттік атау. Қазақстанды өз Отаным деп санайтын, оның заңын құрметтейтін, болашағын осы елмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ елінің азаматы ретінде қазақ атауын қабылдай алады. Бұл – интеграцияның ең жоғары, ең табиғи формасы.

Ұлттық атаудан қашу – ұлттық сенімсіздіктің белгісі. Егер біз өз мемлекетімізде өз атымызды ашық айта алмасақ, онда тәуелсіздігіміздің мәні қандай? Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі бар дейміз, бірақ күнделікті өмірде оны шетке ысырамыз. Қазақ ұлты – мемлекет құраушы ұлт дейміз, бірақ қоғамдық кеңістікте оны атап көрсетуге именеміз. Мұндай екіұдайылық ұлттың рухын әлсіретеді, келешекке деген сенімді кемітеді. Осыны – билік иесі, сондай-ақ, идеалогияны жүргізуші мемлекеттік қызметкерлер дұрыс және терең түсіну керек.

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ атауы ешқашан бөтенді сыртқа тепкен емес. Керісінше, бұл далаға келген талай жұрт қазақтың кең пейілінің арқасында паналады, тіршілік етті. Қазақ болу – тек қанмен өлшенбейді, ол – тағдырмен, ниетпен, таңдаумен өлшенеді. Осы елдің тарихын мойындап, тілін үйреніп, мәдениетін құрметтеген адам қазақ қоғамының ажырамас бөлігіне айналады. Сондықтан «қазақ» атауын ортақ ұлттық атау ретінде қабылдау – қоғамды бөлмейді, қайта тұтастыққа жетелейді.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлік те, мемлекет те уақыт өткен сайын әлсірейді. Ақпараттық кеңістікте, мәдени ықпалдастықта өз атауын, өз тілін, өз кодын сақтай алмаған халық жұтылып кету қаупіне ұшырайды. Қазақ атауын азаматтық деңгейде бекіту – тек символдық қадам емес, стратегиялық қажеттілік. Бұл ұрпақ санасында «мен кіммін?» деген сұраққа анық әрі нық жауап қалыптастырады.

Әрине, бұл проблема бір күнде шешілмейді. Ол үшін саяси ерік, идеологиялық айқындық, қоғамдық келісім қажет. Білім жүйесінде, ақпараттық саясатта, мәдени кеңістікте қазақ атауы мен қазақ тілінің үстемдігін табиғи түрде орнықтыру керек. Мемлекеттік құжаттарда, ресми риторикада «қазақстандық» сөзін шектен тыс қолданбай, «қазақ елі», «қазақ қоғамы» деген ұғымдарды батыл енгізу қажет. Сонда ғана ұлттық сана бір арнаға түседі.

«Қазақстандықтарды – қазақ деп айтатын уақыт келді» деу – өткенді жоққа шығару емес, болашақты айқындау. Бұл – өз мемлекетіне, өз тарихына, өз атына деген құрметтің көрінісі. Қазақ атауы биік тұрса, Қазақстан да биік тұрады. Ұлт ретінде ұйысу, мемлекет ретінде нығаю үшін біз ең алдымен өз атымызды өзіміз иеленуіміз керек. Енді оған именетін емес, мақтанатын уақыт келді.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір