Жұма, 2 Қаңтар 2026
Мәдениет 525 0 пікір 2 Қаңтар, 2026 сағат 15:07

Белгілі фильмнің бейтаныс қырлары

Сурет: kino-teatr.ru сайтынан алынды.

Наталья Сиривля деген орыс кинотанушысы, өнер сыншысы бар.
Соның бір жазғанын оқып едім:

Н.С: «70-жылдар» деген арнайы құрметті ұғым бар біздің кино ортасында. Сәбет өкіметінің барлық адамды бірдей ғып теңгергіш, еркіндігі мен ерекшелігін жасырғыш, өз ойын айтуына тыйым салып, тыйып ұстағыш саясатына қарсылық сездіре бастау кезеңі. Өнерде. Аздап болса да. Бірақ сол «70-жылдар»... 1970 жылдан бастала салған жоқ. Тура 1975 жыл бітіп, 1976 жыл кіріп келер сәтте басталды.

Эльдар Рязановтың «Тағдыр тәлкегі» фильмінен!

Әрине, кинематографиялық техника тұрғысынан алғанда, бұл фильмнің быт-шытын шығаруға да болады – ірі пландар көп, көбі үйдің ішінде түсіріле берген, натура аз, сәл созылған эпизодтар да кездеседі...

Бірақ Рязанов фильмге, жалпы кино өнеріне совет өкіметінің саясатын аса жақтыра қоймай, кейбірі ашық айтып қап, кейбірі іштен тынған ақиқатшыл ақындардың өлеңдерін алып келді – Марина Цветаева мен Белла Ахмадуллинаны, Борис Пастернак пен Михаил Львовскийді, Александр Кочетков пен Владимир Киршонды. Композитор Микаэл Таривердиевтің соңынан тоқтамай қуып жүріп арнайы тоғыз ән жаздырды. Бәрі фильмде орындалады.

«Ана өлеңді алып таста, мына тұсын жөнде» деген кино шенеуніктеріне қаймықпай қарсы тұрды. Талқылау барысында табандап, талабынан танбады. Әннің, өлеңнің бәрін қорғап қалды.
Қазіргі балалар күлер, бірақ бұл – сол жылдар үшін әжептәуір ерлік еді. Осы үшін де құрметтегеніміз абзал»

Расында да, содан соң барып басталды ғой сәл-пәл еркіндік – Рязановтың өзінің «Гаражы» мен «Забытая мелодиясы», «О бедном гусаре замолвите словосы» мен «Дорогая Елена Сергеевнасы», Гайдайдың «Инкогнито из Петербурга» деген фильмі (15 жыл көрсетілмей, сөреде жатып, соңынан шықты, ютубта бар), Данелияның, Самсоновтың, Бежановтың, Сурикованың, Меньшовтың әйтеуір қадам-қадам болса да шындыққа ұмтылған дүниелері.

«Ұлы Октябрь революциясы бүкіл совет халқының көзін ашты» дегенде, бір кәріс: «Біздің көзімізді сәл-пәл ғана ашты», – деген екен ғой.

Сол сияқты «сәл-пәл ғана көзімізді ашқан» фильмдердің бірі.

«Тағдыр тәлкегі» 1976 жылдың 1 қаңтары күні КСРО телевизиясының Бірінші арнасынан алғаш рет көрсетілген. Бүгін тура 50 жыл болыпты.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар