Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Азия форумы 6596 9 пікір 14 Тамыз, 2019 сағат 15:20

«Қазақ әлемді оқып отыр, әлем неге қазақты оқымайды?..»

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм Тәуелсіз еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді. Азия елдері қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен әлемге беделді халықаралық сыйлықтардың жүлдегерлері, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған қаламгерлер бас қосады. Біз осы айтулы шара қарсаңыңда ақын-жазушылар арасында арнайы сұрақтарға жауап іздеген едік. Бүгін соның бір парасын ұсынып отырмыз.

Сұрақтар:

1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Серік Ақсұңқарұлы:

«ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕДЕ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНА ТЕҢ КЕЛЕР ҚҰБЫЛЫС ЖОҚ»

Картинки по запросу Серік Ақсұңқарұлы:

1. «Азия елдері қаламгерлерінің I форумында» ең әуелі «Әдебиет әлемге керек пе?», «Әдебиет мемлекетке керек пе, мемлекет әдебиетке неліктен жеткілікті түрде көңіл бөлмей отыр?» деген мәселелер аясында ой қозғалу керек.

2. Әлем әдебиетінде қазақ поэзиясының алар орны ерекше. Шынымды айтсам, бүгінгі өркениетті елу елдің әдебиетінен де қазіргі қазақ поэзиясымен тайталаса алар бір  жұртты көре алмай отырмын.  Сонау эпостық жырлардан, жыраулар поэзиясынан бастап, бертіндегі Абай, Мағжан, Ілияс, Қасым, Мұқағалиға дейінгі аралықта қаншама жауһар дүниелер бар. Қазақ жырының әлеуеті өте зор, болмыс-бітімі де елден ерекше. Соған қарамастан, қазақ жырының әлемдік кеңістікте бой көрсетуі өз дәрежесінде болмай тұр. Іргемізде көршілес жатқан орыстардың өзі Абайды аудара алмады. Абайды аудара алмағаннан кейін, Ілияс та, Мұқағали да, Қасым да өз дәрежесінде тәржімаланбағаны өз-өзінен белгілі ғой? Қазақ әдебиетінің озық үлгілерін әлем тілдеріне көркемдігі мен қасиетін сақтай отырып, өз деңгейінде аударуды ең негізгі мәселе ретінде қолға алу керек. Батыс әдебиеті жарнамасымен мықты болып отыр. Бізде ол жоқтың қасы...

3-4. Қазақ әдебиеті әлем кеңістігі өз алдына, Азия жұртына да әлі толықтай танылып үлгермеді.Ұлттық әдебиетіміз осы күнге дейін біраз биікті алды, әрине. Кемшілігі неде? Насихаты жоқ! Осы Азия елдері форумын  пайдаланып, әдебиеттің озық үлгілерін әлемге танытудың алғышарттарын жасауға болар еді. Бізде «Қасым бар, Мұқағали бар, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбай, Қабдеш Жұмаділ, Фариза,  Дулат Исабек бар, Рахымжан Отарбай бар!» – деп айтуымыз керек! Бір-бірімізді қызғанбай.... Өзімізді өзіміз мойындасақ, басқа ел де бізді  мойындайды!

5. Әлем әдебиетінің проблемасы осы жиында менсіз де айтыла жатар? Қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселесі оның насихатының төмендігі екенін айттық. Әлем қазақ қаламгерлерінің әлі күнге дейін қаламақы да  алмайтынын естісе, ұяттың көкесі сол болар еді... Ұлы классикалық туындыларымызды бізден басқа ешкім білмей отыр, мәселе – осында.

Серік Сағынтай, жазушы:

"ҚАЗАҚ ӘЛЕМДІ ОҚЫП ОТЫР, ӘЛЕМ НЕГЕ ҚАЗАҚТЫ ОҚЫМАЙДЫ?.."

Картинки по запросу Серік Сағынтай
1. Кез келген форум, басқосу халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын болса, ең алдымен ол жиында ұлт ішіндегі, үй іші-ауыл арасындағы әңгімелерден жоғары дүниелер сөз болуы керек. Бізде де ондай мәселе жетерлік қой. Форум барысында ең алдымен, аударма мәселесі қозғалуы керек деп ойлаймын. Өз қиырыңды шиырлай бермей, жаңа кеңістіктерге шығу үшін ең әуелі аударма саласының дұрыс болғаны жөн. Қай заманда да қазақ ішінде қалып қойып, алыс-жақын шетелдерге танылмаған ақын-жазушы аз болмаған. Қазір де баршылық. Оның үстіне шетел әдебиетін өзге тілдерде оқи алатын, түсіне-тұшына алатын ұрпақ қалыптасып та қалды. Біз ең әуелі аударма институтын одан әрі дамытып, шет тілдерден қазақшаға қотарып, елдің миына салмақ сала бермей, қазақ әдебиетін өзге тілдерге аудару мақсатын ұстануымыз керек шығар. Қазақ әлемді оқып отыр, әлем неге қазақты оқымайды?..

2. Форумда сөз тисе,  осындай әдеби байланыстарды нығайтуға арналған шаралар көбеюін тілге тиек етер ем. Тәжірибе алмасу кәсіби қаламгерлер үшін аса керек-ақ.

3. Біз тамыры тереңге кеткен, дәстүрі қалыптасқан көне ел болсақ та, кәсіби әдебиетіміз әлі жас деуге болады. Кеңестік кездегі әдеби-мәдени институттар қалыптастырған ой-сана бізді дамытты ма, әлде кері кетірді ме? Басқа елдерде әдебиет құбылыстары қалай өрбуде? Бір елге қарасаң, артта қалып қойғандаймыз, бір елге қарасақ, оза шауып бара жатқандаймыз. Кешегі ұлы әдебиетіміз -  ауыз әдебиеті мұралары тарапынан қарасақ, ойып тұрып алар орынымыз бар, қазіргі әдебиетке қарасақ, әйтеуір көшке ілесіп келе жатқандаймыз...

4. Қазақ әдебиетінің жетістігі ұлы дүниелерінің деңгейі арқылы анықталады, кемшілігі нашар, орташадан төмен дүниелердің көбейіп бара жатқаны арқылы айқындалады ғой. Қазір бізде ұлы дүниелерді насихаттау, тираждау кеміп, халтураны аспандату атқа мініп тұр. Бұл – ең әуелі адал әдеби сынның болмауынан. Әдеби сыны адал жұмыс істейтін, сын институттары ретке келтірілген елдерде даму бар. Ал, бізде "жақсы мен жаманды айыратын" халық бар ма? Әлеужелідегі әлдебіреулерді "жұлдыз" деп танып, тақпақшылар тайраңдап жүр. Әлемдегі Әдебиет деген ұлы дүниенің заңды мұрагері боп отырған Кино өнерімен іші пысып, зеріккен-еріккеннің бәрі айналыса бастады. Зейнетке шыққан үлкендер "жазушы" бола бастағалы қашан. Осындай дүниелердің ара-жігін ажыратып, саралайтын уақыт өтіп барады...

5. Әлем әдебиетінде қандай мәселе болса, ол қазақ әдебиетіне де ортақ. Қазақ әдебиетінде қандай мәселе болса, ол да әлемге ортақ. Жалпы, әдебиет деген ұлтқа  бөлінбейді ғой, ұлттың тілі арқылы ғана өзінше өрнек табады. Осы тұрғыдан қарасақ, жаппай интернеттену, жаһандану, жарнамалану деген проблема бар. Қайда қарасаң да, өз-өзін жарнамалаған жазушылар, әлдекімге есеп беріп, елеңдеген ақындар. Осы жарнамашылдық пен есеп бергіштік құртады елді. Күллі әлемге ортақ мәселелер ғой. Әуелі өз арыңның алдында (айтпақшы, әдебиет  – ардың ісі еді ғой) есеп бере алу керек емес пе...

Abai.kz

9 пікір