Жексенбі, 20 Қазан 2019
610 2 пікір 7 Қазан, 2019 сағат 11:15

Атырау перзентханасының дәрігерлері "жаңа туған нәрестені өлтірді" деген күдікке ілінді

Атырау облыстық перзентханасының директоры мен акушер-гинекологы "жаңа туған нәрестені қасақана өлтірді" деген күдікке ілініп, үстерінен "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл туралы 4 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдула мәлімдеді. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева шетінеген нәрестенің шешесі мен туыстарынан кешірім сұраған.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда "дәрігерлер өмірге келген нәрестені өлдіге санап, құжат толтырып жіберген. Бірақ кейін нәрестенің тірі екені анықталған. Ал дәрігерлер базаға енген құжатты өзгертпеу үшін нәрестені тоңазытқышқа салған".

Шыңғыс Қабдуланың сөзінше, "нәрестені тоңазытқышта қалдыру туралы бұйрықты Атырау облыстық перзентхана директоры берген" деген күдік бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілінің сөзінше, бұл жайт перзентхана директорына қатысы бар өзге істі тексеру кезінде белгілі болған. Кабуланың сөзінше, перзентхана директоры "шетінеген тағы бір нәрестеге жасалған сараптаманы өз пайдасына шешу үшін Атырау облыстық сот-медицина институтының басшысына 300 мың теңге (шамамен 800 доллар) пара берген" деген күдікке ілінген.

"Ол демеушілердің ақшасына шетелге демалысқа кеткен. Біз тексеру кезінде оның телефон арқылы әріптестеріне нәрестені мұздатқышқа салу туралы бұйрық бергенін естідік. Перзентханаға дереу жеткенімізбен үлгермедік. Сәби мұздатқышта жансыз жатты" деді Кабдула.

Abai.kz

2 пікір