Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Міне, көрдің бе? 7930 0 пікір 13 Қазан, 2016 сағат 12:58

"МАЙДАНГЕР ҚАЗАҚ ОФИЦЕРЛЕРІНІҢ САНЫ 12 МЫҢҒА ЖЕТТІ"

 

Сайтымыздың авторы, белгілі саясаткер ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ өзі жиі сұхбат беретіні рас. Бірақ ол кісінің өзінің біреуден сұхбат алғанын көрмеппіз. Сол дәстүрін бұзып, Әбекең бізге мына сұхбатын жолдапты.

Осы жолы ол танымал журналист, белгілі қоғам қайраткері, Атырау қаласында шығатын мемлекетаралық «Алтын ғасыр» газетінің редакторы, тарихшы ЖҰМАБАЙ ДОСПАНОВПЕН (суретте) өте бір қызық әрі маңызды тақырып төңірегінде әңгімелескен екен.  

abai.kz        

 

- Жұмеке! Қазақ үшін бір үлкен еңбек сіңіріпсіз - «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты өткен жылы жарық көрген 10 томдық кітабыңызды екінші басылымға 25 том етіп дайындауды аяқтапсыз, құттықтаймын! Тура Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 25 том болып тұр ғой!

Сіз – ғалым, не кәсіби әскер сапындағы қызметкер емессіз. Тұтас бір ғылыми-зерттеу институты атқаруға тиіс жұмысты бір өзіңіз жасап тастадыңыз! Осы талабыңызға не түрткі болды?

- Қай істің де себеп-салдары болады. Отан алдындағы әскери борышымды Моңғолияда Улан-Батор қаласында орналасқан 39-жалпыәскерлік армия штабының ерекше бөлімінде өтедім. Қатардағы жауынгер бола тұра, аға лейтенанттың лауазымын атқардым, соның жарты айлығын алып тұрдым.

Ешқашан ұмытпаймын, 1971-жылдың 8-шілдесінде КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы Алексей Косыгин келді. Делегация мүшелері (ішінде Қазақстан Үкіметінің басшысы Б. Әшімов бар) армиямыздың штабында болды. Моңғолияның бірінші тұлғасы Ю.Цеденбалмен бірге Алексей Николаевич қолын беріп менімен амандасты да, бірнеше сұрақ қойды. Мен секілді қатардағы жауынгер үшін бұл ерекше есте қалар жайт еді.

Осы кездесуден кейін бір апта өткен соң ана делегациядан бөлек Моңғолияның Батыры атағы берілуіне байланысты Совет Одағының Батыры, авиация маршалы В.А.Судец те Улан-Баторға жете қалды. Штабтағы кездесу кезінде ол маған назар аударып, кім екенімді сұрады. Гурьевтен екенімді естігенінде оның қап-қара қалың қастары қозғалып кетті. Екеу-ара тілдесуімізді сол күйінде жеткізейін.

-Постой солдат, пос-то-ой! Ты говоришь, что из Гурьева? У меня воевал один командир авиаэскадрильи, майор-казах из Гурьева. Как же его фамилия?.. Вот память... Да, почти тридцать лет прошел, как он погиб...

Мен әскери тәртіппен тақ ете қалдым:

-Товарищ маршал, разрешите мне!

-Разрешаю.

-Идрисов Ермухан?!

 -Так точно, он!!! Да, Идрисов! Спасибо, тебе. Ты, дорогой, станешь настоящим патриотом Родины и своего казахского народа. Казахи сильный народ, очень хорошо воевали. Идрисов - если бы не погиб в сорок третьем, войну закончил бы единственным командиром авиаполка среди казахов.

Осы күндері өкінетінім, әттең сол кезде қазақ жігіті, авиация генерал-майоры Мүдәріс (Хамза) Зайсановтың 27 жасында, 1939-жылы-ақ авиация полкының командирі,  1942-жылы Моңғолия Әскери-әуе күштерінің тұңғыш қолбасшысы болғанын білмегенім. Зайсанов -  Ю.Цеденбалмен бірге «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Судец - Зайсановты тануы мүмкін, бірақ оның қазақ екенін білмеген тәрізді.

Айтпай кете алмаймын, 1971-жылдың шілде-тамыз айларында Қазақ КСР-інің халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ауылдасым Нұрмұхан Жантөрин бір мезгілде «Мосфильм» мен Свердловск киностудиясының екі фильміне түсуге Моңғолияға келіп, армия штабында қабылдауда болғанында, оның: «Сонда қалай, бауырым, мына армияңның алапат музейінен бір қазақ офицерін көре алмадым. Ұлы Отан соғысында офицер қазақтар тым аз болғаны ма? Неге біз олардың саны мен сапасын білмейміз? Осы мәселемен неге ешкім айналыспайды?» деп, ренішін менімен бөліскенінде не айтарымды білмедім. Балалықтан жаңа шыққан 19-да ғанамын ғой, көмейіме тас тығылып, үнсіз қалдым.

Қазақ майдангер-офицерлердің санының, есімдерінің жариялауын 1975-жылдан бастап талмастан ұзақ күттім. Жеңіс күнін ерекшелеп атап өтетін мерекелі бесжылдықтар жаңа естелік медальдарымен өтіп жатты, бірақ мен ойлаған мәселе қозғалмады.

2005-жылдың бас жағында ҚР Қорғаныс министрлігінің полковнигі тележурналист қыздың сұрағына Ұлы Отан соғысына 500-ден кем емес қазақ офицерлер қатысқанын, оларды әлі ешкім анықтамағанын айтты. Тағы 5 жыл күттім. Жеңістің 65 жылдығына да офицерлеріміз туралы жинақ жарық көрмеді.

Содан, 2010-жылдың қыркүйегінде ол кітапты өз бетімше дайындауға кірісіп кеттім. Ресми материалдардан Екінші дүниежүзілік соғысқа 600 мың қазақ бүкіл Кеңес Одағы бойынша қатысқанын оқыған едім, қара есепке салғанда 300 жауынгерден жоқ дегенде 1 офицер шығуы тиіс, яғни кітабыма 2000 офицерден кем енбеуін бастапқы мақсат еттім.

-Былтырғы 10 томдығыңызға 8,5 мың адамды енгізсеңіз, мына 25 томыңызда - 12 мың адам. Бұл өзі Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардың қатысуы туралы тың дерек қой! Бұл санның түп негізі қайда жатыр?

 -Мен әлсін-әлі баспалы, электронды БАҚ-қа хабарландырулар беруімен қатар, жарияланған материалдарды қадағалап отырдым. Қажетті майдангардердің кем дегенде 85 пайызын РФ Қорғаныс министрлігінің «Подвиг народа» мен «Мемориал» порталдарынан таптым. 2011-жылдың қаңтарынан 2016-жылдың қыркүйегі аралығында осы порталдардан 18 миллионға тарта адамды сүзіп шықтым. Бір айға 264-265 мың адамнан келеді.

Тылсым күш деген ғажап қой, отыз шақты адам – сол арқылы табылды.

Сенесіз бе, сенбейсіз бе, білмеймін, бірақ шынымды айтайын: өлі жандардың өздері шықты. Қалай болғанын солардың біреуін мысал етіп келтірейін.

Түнгі екі жарымда, түсіме, басын таңдырған жаралы майор еніп, орыс тілінде: «Я – казах, Минюс!..» деді де, жоқ болды. Дереу компьютерімді қосып, Минюс деген есімді іздедім. Табылмады. Ертеректегі қазақтар бала шетіней берсе – өмірге енді келгеніне қазаққа келмейтін басқаша ат қояды, «министерство юстиции дегенді қысқартып қойған шығар» ойда болғанмын. Арада екі күн өткенде ол қайтадан көрініп, бұл жолы: «Фамилия - Миниус, имя - Шаймерден, я из Кызылорды, погиб в сорок пятом» деп толық айтты. Еш қиналмай, сол бойда таптым. Полк командирін, комиссарын, командирдің саяси орынбасары қызметін атқарған, 4 орденмен (екеуі «Жауынгерлік Қызыл Ту») марапатталған, шынында да 1945-жылдың 12-наурызында Венгрияда қаза тапқан. Ресейдің Алтай өлкесінде дүниеге келген Мужикбаев Яков Васильевич, Кутайбергин Михаил Сергеевич, Аббакир Петр Александрович, Булубаев Александр Иванович, тәжікстандықтар: Абрамбаев, Алимбетов, Комратовтар да, қалған 20 офицер де, жұмбақ күйде өздері, мені тауып алған...

-Осы 12 мың офицердің қаншасы Қазақстанда және оның сыртында дүниеге келген?

 -10,5 мыңы – Қазақстанда, қалғандары сыртында. Ең көбі: ішкі аймақтар арасында – Батыс Қазақстан облысы – 1 мың адам, сыртқы мемлекеттерден Ресей Федерациясы алда – 1077 қазақ офицер.

- Офицерлік корпустың сапалық құрамы ше?

-  Қазақтан тек соғыс жылдары шыққаны мен оған тікелей қатысқаны - 267 аға офицер (3 генерал-майор, 9 полковник, 30 подполковник, 225 майор) - бар офицеріміздің 1,32 пайызы. Орталық Азиядағы 6 ұлт: өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, қарақалпақ, ұйғырлардыкін қосып есептегенде біздікінен 4 есе кем – 3 мыңға жетер-жетпес.

Қандастарымыз батальондарды басқаруда ерекше танылды. Оған мына көрсеткіштер дәлел. Батальон командирі – 177, батальон комиссары (1942-жылдың қазанында жойылған батальон командирімен тең лауазым) – 84. Осы уақытқа дейін қазақтан 20 шақты ғана батальон командирі шыққаны жазылып келген еді.

1941-жылдың шілдесінде ол лауазымға тағайындалған Бауыржан Момышұлы – 16-шы, ал, Совет Одағының Батыры атағымен 1945-жылдың ақпанында батальонды басқаруға алған Сағадат Нұрмағамбетов – 171-ші болып тұр. Баукең тірісінде осы тізімді көрсе, балаша қуанар еді...

Полк командирі – 16, полк комиссары – 10. Бригада басшылығында: командир – 1, әскери комиссар – 3, командирдің саяси орынбасары – 2,  саяси бөлім бастығы – 7, командирдің саптық орынбасары – 5, әскери трибуналының төрағасы – 1, әскери прокуроры – 1. Дивизия басшылығында: командир – 2,  әскери комиссар – 3, командирдің саяси орынбасары – 1, саяси бөлім бастығы – 2, командирдің саптық орынбасары – 2, әскери трибуналдың төрағасы – 1, әскери прокурор – 1. «СМЕРШ» қарсы барлаудың полк, бригада, дивизия, корпус штабтары жандарындағы  жедел өкілеттілері – 59.

Екінші дүниежүзілік соғыста 87 қазақ офицері ұшқыш болған. Бұған дейін офицер-ұшқыштарымыздың 10 шақтысын ғана біліп, атап келгенбіз.

Қазақ халқының 20 офицер қызы майданда ерлермен бірдей жауапты міндеттерді абыроймен атқарды, есімдерін танытты. 

-Қазақтан шыққан  офицерлердің бізге әзірше беймәлім ерліктері туралы да қолда бар деректерге сүйеніп айтып берсеңіз.

1942-жылдың желтоқсанында қаза болған 1-танк бригадасы құрамындағы Т-34 танктер ротасының командирі, аға лейтенант Жұмаш Рахметовтің экипажы сол жылдың тек шілдесі мен желтоқсаны аралығында жаудың 4 танкісін, 15 зеңбірегін, 36 ДЗОТын, 6 минометін, 19 пулеметін жойып, 300-ге тарта жауынгері мен офицерін өлтірген.     

Сталинград қаласындағы 102.0 биіктік – Мамай қорғанын фашистер 1942-жылдың 27-қыркүйегінде иеленіп алған-ды. Қаланы бақылауда өте маңызды саналатын ол биіктікте жаудың алмасып тұратын мың адамы - жеңіл зеңбіректерімен, минометтерімен, төрт жаққа ірі калибрлі пулеметтері орнатылған ДЗОТ-тарымен 62-армияның әскерлерін 3,5 ай бойына үлкен шығынға қалдырып, жоғарыға жолатпай қойған. Сол биіктікті 1943-жылдың 9-қаңтарында 284-атқыштар дивизиясы 1045-атқыштар полкы құрамындағы 2-атқыштар батальоны (командирі 26 жастағы қазақ жігіті - лейтенант Шамшит Қабдонасов) бірінші болып басып алды.

1944-жылдың 26-маусымында 19-гвардиялық танк бригадасының танк командирі лейтенант Қасым Сәрсембаевтың экипажы қарсыластың 1 танкісін, әскери жүк тиеген 16 автомашинасын, 40 арбасын, 1 танкке қарсы зеңбірегін, 5 пулеметін қиратып, 80-ге тарта автоматшыларын ажал құштырды. Бұның бәрі - бір күн ішінде.

Астраханның қазағы, 4 орденнің иегері, танк командирі лейтенант Ильяс Бектемісов экипажымен 1944-жылдың 1-шілдесінен 1945-жылдың 1-наурызы аралығында, яғни 8 ай ішінде жаудың 13 зеңбірегін, 1 «Фердинанд» өздігінен жүретін ауыр артиллерия қондырғысын, 22 пулеметін, 6 минометін, 8 автомашинасын, әскери жарақ тиелген 16 арба-шанасын талқандап, 185 гитлершілді о дүниелік етеді.

СУ-76 командирі лейтенант Жанғали Берқалиев 1944-жылдың 21-қарашасынан 1945-жылдың 10-наурызына дейін, 3,5 ай ішінде ауыр жараланып саптан шыққанынша - немістердің 1 «Тигр» ауыр танкісін, 1 «Фердинанд» өздігінен жүретін ауыр артиллерия қондырғысын, 4 орта танкісін, 12 зеңбірегін, 16 пулеметін, 8 жүк автомашинасын қиратып, 100-ге тарта жаяу әскерін жояды. Ол да 4 орденмен марапатталған.

1942-жылдың 18-мамырынан 1943-жылдың 26-қаңтары аралығында 116-атқыштар дивизиясының 441-атқыштар полкы құрамындағы пулемет ротасының командирі аға лейтенант Сапар Оралбеков бір өзі 750-ге тарта фашисті өлім құштырған, осы уақытта оның ротасы 1700 жауды жойған, яғни жауға келтірілген мына зор шығынның 44 пайызы соның жеке үлесінде.

Ұлы Отан соғысында Қызыл Армияның 10 пулеметшісі 130-дан артық қарсыласты жойған. Бірінші орында шешен жігіт Ханпаша Нурадилов – 920 адам, 2-ші орында - біздің Оралбеков (750), 3-5-ші тұрғандар С.Пугаев (350), А.Жежеря (343), В.Чемодуров (311). Оралбековтен өзгесіне түгелімен Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Бұл көрсеткішті дәлелдейтін құжаттар да қолымда.

Полк командирі майор Емельяновтың – аға лейтенант Оралбековті орденге ұсынғандағы қолы қойылған, мөрі басылған марапаттау бетшесі қолымда, өлген 750 неміс көрсетілген.

Менде Екінші дүниежүзілік соғыстағы кеңестік жауыгерлердің түрлі жоғары көрсеткіштері бар. Мысалы, қызылордалық кіші сержант Тайымбет Көмекбаев жаяу әскердегі атқыш-жауынгерлер арасында 103 жауды өлтіріп, және 12-сін тұтқынға алып, 9-шы болып тұр. Тағы бір қызылордалық миномет взводының командирі, лейтенант Дүйсенбай Шыныбеков 1944-жылдың шілдесінде қаза тапқанынша тек снайперлік винтовкасымен 172 қарсыласты мәңгілікке жер жастандырған...

37 офицер Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың ішінде Талғат Бигелдинов бұл жоғары атақты екі мәрте иеленсе, 1945-жылдың ақпанында Кеңес Одағының Батыры атанған С.Нұрмағамбетовтің батальоны 14-сәуірден 3 мамырға дейін қарулы 1245 қарсыласты өлтіріп, 2217-сін тұтқындайды, 36 пулеметті жойып, 3 танк пен соншама өздігінен жүретін артиллерия қондырғысын қиратады. Берлин іргесі мен ішіндегі ұрыстарды шебер жүргізгені және жеке ерен ерлігі үшін сол жылдың 8-мамырында осы атаққа екінші рет ұсынылады, бірақ берілмейді.

Соғыста және 33 қазақ офицер Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанмен ала алмаған. Олардың ішінде атқыштар ротасының командирі Қабыш Көктаев 1944-жылдың 12-тамызында, сосын екінші рет 1945-жылдың 4-ақпанында ұсынылғанда, орнына Ленин және «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендері беріледі.

- Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы С.Нұрмағамбетов соғыста 20 жасында батальон командирі, осы жасында майор болған бірден-бір қазақ па?

- 20 жасында подполковник атқаратын лауазымда болғандар 5 батальон командирі: Төлекеев Капьят (1942), Сырғабаев Қасым (1943), Қоңырбаев Ораз (1943), Оспанов Қаби (1944), Нұрмағамбетов Сағадат (1945). Төлекеев 21 жасында (1943) полк командирінің сап бойынша орынбасары болған, екі апта жаралы полк командирінің міндетін атқарған.

20 жасында майор шенін алғандар: Төлекеев К. (1943 ақпаны), Сырғабаев Қ. (1944 ақпаны), Нұрмағамбетов С. (1945 ақпаны). 

- Ғажап екен. Бұл бес адамның аты-жөнін еліміздегі офицерлер дайындайтын оқу орындарының көрнекті жеріне жазып, суреттерімен іліп қою керек.

- Әміржан, ұсынысыңыз өте орынды. Мектептердегі бастапқы әскери дайындық пәніне де қосқанды жөн санаймын.

- Он томдығыңыз өткен жылы Атыраудағы «Ағатай» баспасында жарық көрді. Оған мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсетілмегенін де білемін. Ал, енді бұрынғыдан көлемі 2,5 есе көп, Қазақ елі үшін аса қажетті, зор маңызы бар,  таяуда ғана жазып бітірген 25 томдық кітабыңыздың басылуы шешілген бе?

- «Ағатай» баспасының директоры, белгілі қаламгер Қойшығұл Жылқышиев қаражат табуға жұмыстануда, жақында Астанаға барып келді. «Ақша жағы қиындап кетті, көрерміз» деп шала үміттендірушілерден оңды нәтиже болар-болмасын білмеймін. Ресейдің екі аймағындағы қазақ қанды азаматтар биылғы көктемде Қазақстан Үкіметі қолдамаған жағдайда өздері шағын таралыммен шығаруға ынта білдірген...

- Алдыңғы 10 том да осал емес, 8 мыңнан астам қандас майдангер-офицерлерімізді енгіздіңіз. Соның нәтижесі қандай, кітап шыққалы бір жарым жылдан асты ғой, өзі. Мектептен бастап арнайы орта, жоғары оқу орындары түгел алды ма? Әскери оқу орындары мен бөлімшелері ше? Тиісті мемлекеттік органдар осы кітапты таратуға атсалысты ма? Патриоттық тәрбиеде ерекше орыны бар, бір емес, бірнеше ғасыр бойы ұрпақтарымыз пайдаланатын қолдағы, қиындықпен жинақталған тарихи мұраның қадыр-қасиетін біліп, соны халыққа жеткізуге мұрындық болды ма, Жұмеке?

- Тұсаукесер сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің арқасында Астанада жоғары деңгейде өтті. Ол бір ай бұрын Атырауда менімен арнайы кездесіп, тұсаукесерді парламенттік деңгейде өткізуге ұсыныс жасаған. Оған Парламенттің қос палатасынан 13 депутат, министрліктер өкілдері, ғалымдар, әскерилер қатысты, 120 орындық залға 30 курсант сыймай қалды.  Парламент депутаттары Қ.Сұлтанов, С.Еңсегенов, солардың қатарындағы қос генерал-лейтенант Б.Ертаев пен А.Тасболатов, Берлинді алған атқыштар взводының командирі, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденінің иегері, 92 жастағы Қаден Бекенов, т.б. сөз сөйледі. Еңсегенов мырза менің бұл кітапты 4,5 жыл дайындауымда мемлекеттен еш қаржы алмастан, оның 30-40 миллиондай теңгесінің қазынада қалуына жағдай туғызғанымды мінбеден қадап тұрып айтты.

Былтырғы қыркүйекте Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов үйіме ризашылық хатын жіберді.

Елімізде Отанға деген сүйіспеншіліктің, оны қорғаушыларға құрметтің мемлекеттік тұрғыда патриоттық тәрбиенің жоққа жақындап қалғаны жаныма батады. Бірде-бір әкім өздіктерінен кітапқа сұраныс жасамады. Білім саласында да солай. Ешкім мені аудиториялық кездесу өткізуге шақырған жоқ. Мектептер мен колледждерде бастапқы әскери дайындық пәні бар. Әскери қаруды шашып тастап, қайта жинауды террористердің балалары да біледі, Отансыз оларға патриоттық тәлім-тәрбиенің қажеті жоқ.

- Қызық екен! Амалсыз бір салыстыру жасайыншы. Сіз екі кітапты бес жылдан астам уақыт тапжылмай отырып, көз майын тауысып жаздыңыз. Қаншама уақыт, қыруар еңбек! Ал сол сияқты төрт жылда бір өтетін Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың доллардан бастап, сыйақы беріліп жатады! Сонда бұл үкімет кітап шығаруға бөлінетін қаржыны есептегенде Сіз жазған осындай, энциклопедиялық сипаттағы, әрбір мектептің, кітапхананың, әрбір майдангердің ұрпағының үйінің төрінде тұруға лайық кітапқа қажет қаржыны қарастырмағаны ма?! Керек болса, бұл кітаптың қаламақысы да болуы керек қой!

-Иә, ол кітапқа мемлекет тарапынан қолдау болмағасын, сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің демеушілер іздеуіне тура келді. Осы жолы қалай шешілетінін бір Алла біледі...

Ұлы Абай айтқан: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан», мемлекетімдегі бір кетікті бітегеніме, Отаныма, халқыма қажетті істі тындырғасын марқайып жүрмін...

 -Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әміржан ҚОСАНОВ

Алматы-Атырау-Алматы,  13 қазан 2016 жыл

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499