Жұма, 29 Наурыз 2024
Рух 6565 1 пікір 26 Қазан, 2016 сағат 11:01

ЖЕЛТОҚСАН. КОМПАРТИЯНЫҢ САЯСИ ШЕШІМІН ТЕКСЕРУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

25 қазан күні  Астана қаласында КСРО-ның билігін үркітіп, зәре-құтын қашырған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына арналған «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Иә, ғылыми конференция! Конференция дегеннен-ақ, әдеттегі көп конференцияның бірі болған шығар деп қалмаңыз. Жоқ, бұл конференцияның жөн-жосығы мүлде бөлек, мүлде ерен болды. Бұл конференцияның өту барысынан-ақ, қазақылықтың нышанын аңғарасыз. Конфренция «Бедел сөз», «Кемел сөз», «Нұсқа сөз», «Түйін сөз» форматында өтті.  

1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісін  «халықаралық  аренада талқылау керек!» деп, бұл оқиғаның тарихи және қоғамдық мәні мен маңызының өзектілігін түсініп, оған халықаралық сипат беруге ұмтылған шет елдің белгілі ғалымдары  қазақтың қасіретті тарихын жан-жақты сөз етті. Ұлық жиында бүгінгі қазақтың намысын қайрап, жігерін жанитындай ұранды сөздер де айтылып қалып жатты. Сол сөздердің көкейімізге ұйығаны мыналар болды:

 Зайнедин Курманов, қырғызстандық ғалым:

-  Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісі – тұтас Орта Азия халқын ұйқысынан оятып, рухын көтерді!   

Абдулкадыр Ювалы ақсақал, түркиялық ғалым:

-  Баяғыда Еуропа еліндерінде ренесансс деген болған. Сол сияқты ХХ ғасырдың аяқталар тұсында қазақ жастары әділдік пен теңдік іздеп, азаттық сұрады. Сөйтіп, қазақ елі түркі халықтарының арасынан алғаш болып ХХІ ғасырдың табалдырығынан азат, еркін болып аттады. Қазақ жастарының бұл әрекеті – ояну дәуірінің басы болды. Бірақ, бүгінгі, қазақ, әлі күнге дейін өз тілдеріңді білмейсіңдер! Мен қарт адаммын. Солай бола тұра қазақ тілін Түркістандағы Ясауи атындағы университетте қызмет ете жүріп, үйреніп алдым.

Амангелді Айталы, философ:

-  Орыстың бір жазушысы: «Егер Германия КСРО-ға соғыс ашпаса, мен өзімнің орыс екенімді білмейтін едім», - депті. Сол сияқты 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі болмағанда, қазақ өзінің қазақ екенін ұмытар еді. 1986 жылғы Желтоқсан қазақтың кім екенін, қандай екенін төрткүл дүниеге танытты. Міне, содан бері 30 жыл өтіпті. Осы біз тағы да қазақ екенімізді ұмытып кеткен жоқпыз ба?!

Ал, варшавалық Владыслав Соколовскидың баяндамасы қазақ үшін тың әрі тағылымды болды. Осы конференцияның ең үлкен жаңалығы – польшалықтардың 1987 жылдың 18 маусымында-ақ, Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне орай почта маркасын шығаруы. Міне, содан бері 29 жыл өтсе де біз почта маркасы туралы ештеңе білмей келіппіз. 22 жасында шаһид кеткен қазақтың оғланы түрмеге түсіп, тар қапаста азап шегіп, жазасын өтеп жатқанында-ақ, оның ісін – ерлік деп танып, батырлығын польша халқына дәріптеген екен. Не деген құрмет! Құдай-ау, сол боздақты өз елі қаралап, нақақтан-нақақ жазалап жатқанда, өзге елдің, өзге ұлттың адамдары бағалаған екен!  Польшалықтардың бұл құрметін естіп, марканың суретін көріп, тебіреніп, толқып та алдық.  

25 ҚАЗАН... ЖАЙ ҒАНА СӘЙКЕСТІК БОЛМАСА КЕРЕК

Сонымен, не керек, шетелдік ғалымдар Желтоқсан-1986 жылғы көтерілістің мәнін халықаралық тұрғыдан танып, бағалау мәселесін көтерді. Компартияның Бас хатшысы  М.С. Горбочевтің және Бас Прокуратура, Жоғары Соттың шығарған шешімдерін саяси тұрғыдан тексеріп, анықталу жайы да сөз болды. Барлық ғалымның пікірі бір арнаға тоғысып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – жай оқиға емес, халықаралық саяси маңызы зор,  жастардың демократияға ұмтылуынан туындаған көтеріліс  деп бағаланды.

Кеше 25 қазан күні еді ғой. Өзіңіз білесіз, 25 қазан – бұрынғы «Республика»  күні мерекесі еді. Бұл күні – Қазақстан КСРО-ның құрамынан босап,  егемендік (сувериенттілік)  туралы деклорация қабылдаған еді. Желтоқсанға арналған шараның осымен тұспа-тұс келуі жай ғана сәйкестік  болмаса керек...

 АЙТМЫРЗАНЫҢ МЫРЗАЛЫҒЫ

 

Айтпақшы, конференция Елордадағы «Тәуелсіздік» сарайында өтуі керек еді. Бірақ, аяқ-астынан шешім өзгеріп, ұлық жиын қызметі тым қымбат «Рэдисон» қонақүйіне аусты. Мейлі ғой. Жоғарыда жиынға шет елден ғалымдар, саясаткерлер қатысқанын айттық. "Соны ескеріп Астана қаласының әкімдігі меймандарға түскі ас бермек болып еді", - дейді конференцияны ұйымдаструшлар. Алайда, әкімшілік  жеме-жемге келгенде уәделерінен айнып шыға келеді. Сөйтіп, ұйымдаструшы топ «енді қайттік?» деп абыржып тұрғанда Айтмырза есімді азамат нағыз мырзалық танытады. Танытқанда қайткен дейсіз ғой? Астанадағы бір бөлмелі пәтерін сатқанда соның ақшасын әкеліп «Рэдисонның» мейрамханасына «төккен». Нақтылап айтсақ, меймандарға, конференцияға қатысушылардың бәріне дастархан жайған. Құрманғазы Айтымрза Зейноллаұлы 1963 жылы Алматыдағы  Жүргенов атындағы өнер академиясында оқыған. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ерлердің бірі. ҚазССР ҚК 60-65-баптар бойынша 4 жылға бас бостандығынан айрылған. Қазір ол Астана қаласындағы суретшілер одағында қызмет етеді. Желтоқсан көтерілісін халықаралық деңгейде пайымдауға арналған конференцияның дастарханын желтоқсаншы көтерді. Желтоқсаншылардың бойында буырқанған рухтың бұл да бір көрінісі шығар.  

Елдос Тоқтарбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1576
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3587