Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Құйылсын көшің 7169 0 пікір 2 Қараша, 2016 сағат 16:15

ЫДЫРЫСОВ ШЕШКЕН ТҮЙІНДІ ҚАСЫМОВ НЕГЕ ШЕШЕ АЛМАЙДЫ?

Басқа мемлекеттерге қарағанда, Қытайдан келетін қандастарымыздың жолы ауыр. Соған байланысты, өткен жылы Мәжілісте Көші-қон заңы талқыланған кезде соны жеңілдетуге тырыстық. Гүлнар Сейтмағамбетова жетекшілік еткен жұмыс тобында екі мәселе ең көп талқыға түсті. Біріншісі – сол Қытайдан оралған қазақтардың соттылығының бар, не жоқтығына байланысты «анықтама», екіншісі – Үрімжідегі визаның кезегі. Бекер обалы не, депутаттар бұл кедергіні жоюға барын салып бақты.  

Сонда біз оқуға келетін жастарға кезексіз виза беруді заңдастыруға ұсыныс жасағанбыз. Бұл ұсыныс депутат Нұртай Сабильянов жағынан көтеріліп, үш отырыста талқыға түскен. Бірақ, Сыртқы істер министрлігінің өкілі Керім Қожамбердиев мырза басшысымен ақылдаса келіп, этникалық қазақтарға үш жылға көп мәртелі виза беру тәртібін жолға қоюға уәде беріп, біздің Н.Сабильянов жағынан берген ұсынысымызды қайтартып тастаған.

Міне, Сыртқы істер министрлігі сол уәдесінде тұрды. Құдайға шүкір, Қытайдан өзге мемлекетке шығуға құжаттары толық 800 мыңнан астам этникалық қазақ бар екен. Енді сол қандастарымыздың Қазақстанға келуге ниет білдіргендеріне біздің консулдық қызмет бір жолда 3 жылға жарамды виза беретін болды.

Бұл туралы кеше Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев мәлімдеді. Сонымен, қандастарымыздың Саудабаев саудасын бітірген виза мәселесі тарихта болмаған деңгейде шешілді. Ерлан Ыдырысов ерледі! Бұл шешімге бүкіл Алаш жұрты алғыс айтып жатыр!

Енді, тастай қатып тарамысы жібімей отырған – Ішкі істер министрі Қ.Қасымов мырза ғана! Өзі қол қойған  «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаты» деген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің №992 бұйрығының  10 тармағының 7-тармақшасына «егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда;» деген бір ауыз ескертпе қосуға құлқы жоқ! Айта-айта шаршадық. Қытайдан келген оралман ағайын, міне, тұрақты тіркеуге тұра алмай, әлі сорлап жүр! Күнде үш уақ қарғанады олар!

Айналып келгенде, бәрі министрдің мемлекетшілдігі мен кәсіби сауатына байланысты болып тұр!

Әйтпесе, Е.Ыдырысов шешкен түйінді Қ.Қасымов неге шеше алмайды?!! Екеуі егіз қозы секілді – бір мемлекеттің біреуі Ішкі, біреуі Сыртқы істер министрі!

Ауыт Мұқибек, Астана

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3287
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5850