Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2024
Қоғам 6133 0 пікір 18 Қаңтар, 2017 сағат 10:50

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ЭКОНОМИКАЛЫҚ «ШАҢДЫ ЖОРЫҒЫН» БАСТАДЫ

Қытай Қазақстан экономикасының әлсіз тұстарын іздестіріп, қолайлы тұсынан кіруге тырысуда. Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайы Қытайдың 51 кәсіпорнының (зауыттары) қазақ жеріне жасағалы отырған «шаңды жорығы» олардың әу бастан жоспарлаған экономикалық экспансиясына аса қолайлы шарттар туғызып берді.

Соңғы жылдар ішінде Қытай Қазақстан экономикасына бірнеше ондаған миллиард доллар ақша салды. Қазақстанға енген қытайлықтар ерте ме кеш пе ішкі рентабелді, аяқтан тұрып келе жатқан жергілікті кәсіпорындарды бәсекелестік тұрғысынан банкротқа түсіреді. Бара-бара қазақстандық акцияларды сатып алу арқылы экономикамыздың абсолютті билігіне, тетігіне қол жеткізеді. Мысалға қазірдің өзінде Грекия, Португалия, Италия секілді т.б. өзге де еуропалық елдердегі құнды қағаздарды жаппай сатып алып жатқанын айтуға болады.

Қытай шикізатқа бай елдердің бірі ретінде жаңа отаршылдық саясатын күшейтіп қана қоймай, сонымен бірге батыстық инвестиция мен технология есебінен өз өнеркәсібін тез арада техникалық тұрғыдан қайта жабдықтау мен күшейту арқылы да өзге елдерді, соның ішінде Қазақстанды экономикалық тұрғыдан экспансиялауға мықтап кірісті. Әлемге аста-төк байлығымен танылған Қазақстанның Тәуелсіз ел атанғанына ширек ғасыр болып қалды. Содан бері не өзгерді, не ұттық? Сонда ғана, біздің елдегі әдеттегідей биік трибуналардан қақсап айтылатын «құлпырып жатырмыз», «гүлденіп келеміз» деген жел сөздердің бәрі бос ұрандар екенін (керек десеңдер, бос сандырақ екенін) анық түсінесіздер. Сөйтіп «қара алтынға» бай екі елдегі, екі түрлі тірлік, бар шындықты ажыратып, ақ пен қараны көзге ұрып тұрып көрсететіні анық ақиқат. Мұны ауыл халқы мен қала арасындағы, бай мен орта тап (қарапайым халықты қоспағанда) арасындағы жер мен көктей тұрмыс, жалақы айырмашылығынан көруге болады. Қарсы уәж айтатындарға мен дайынмын. Сонымен елді тонап, жер байлығының несібесін өзіне бұйыртпау деген қоғам алдында, халықтың алдында, керек десеңдер, тарих алдында кешірілмейтін қылмыс дер едік. Бұл саясат: «Қазақстан мен Қытай әлеуеті өзара бірін-бірі толықтыруда, стратегиялық серіктестігіміз жарқын, келешегі нәтижелі және шынайы достық, түсіністік рухында дамуда» - деген үлкен сөздермен бүркемеленіп, олар мұның барлығын қазақ экономикасын көтеру мақсатында атқарып жатқан игі істеріндей көрсеткісі келеді. Қазіргі билік басындағы шенеуніктерге көп жақын жүрсең, көп ұзамай солардың сөзін сөйлеп, ықпалында кетуің де әбден мүмкін екенін айтқаным ғой.

Бүгінгі Қытай саясаты да таза агрессорлық бағытта жүруде. Тибетті, Синцзян-Ұйғыр мемлекетін, 1944 жылы Әлихан төренің басшылығындағы қазақтардың «Шығыс Түркістан» өкіметін соғыспен алғанын ұмытпайық. «Шығыс Түркістан» шын мәнісінде ол мемлекет дәрежесіндегі, республика деңгейіндегі үлкен үкімет болып құрылған еді. 1951 жылғы сәуірдің 29-ында «Шығыс Түркістандағы» азаттық көтерілісінің басшысы Оспан батыр Қытайдағы Үрімжі түрмесінде атылды. Іргелес жатқан ұлт республикаларын күшпен жаулап алып, халқын ассимиляцияға ұшыратуы қытайдың ежелгі агрессорлық ұстанымы. Агрессия тек соғыспен ғана жүрмейді, кей жағдайда жымысқы бейбіт жолмен де жүзеге асып жатады.

Мен бұған дейін де әлеуметтік желілерде ерте ме кеш пе мемлекет қытай тілін енгізу үшін "төрт тіл төрт құбылаң" саясатын бастайды деп едім. Айтқаным айдай келді. Олар қазірдің өзінде қазақ еліне енбей жатып барлық қытай компанияларында қытай тілін үйретуді, Қазақстанның ЖО "Конфуции ілімі" деген желеумен қытай тілі факультеттерін ашып, студенттерге (мәселен Ақтөбеде) қытай тілін міндеттеп оқытуды жаппай қолға алды. Соңғы кезде орта мектептерде қытай тілін оқытуды қолға ала бастады (мәселен қалалық №51 қазақ орта мектебі).

Енді міне қазақ жеріне қытайлықтардың адами экспансиясы басталды. Бұл аз болғандай құны 28 миллиард доллар болатын 51 зауыты көшірілетін болса, уақыты келгенде олар экономикамызда да абсолютті билікке ие болады. Бәсекелес, жаңадан тәй-тәй басып көтеріле бастаған қазақстандық өндірістерді банкротқа ұшыратпайтынына да ешкім кепілдік бере алмайды. Сөйтіп, банкротқа ұшыраған әрбір қазақстандық кәсіпорындар біртіндеп қытай меншігіне (акцияларын сатып алу жолымен) өте бастайды. Экономикамызда үстемдік алса, ерте ме кеш пе билік те соның қолына көшеді деген сөз. Қазақ: «жаман айтпай жақсы жоқ» дейді, сондықтан қытай агрессор емес деп, өз-өзімізді жұбатып, қамсыз-мұңсыз отыра бергеніміз де дұрыс болмас дегім келеді.

«Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек. Олар сауда жасап жүрiп-ақ қатын-бала, үмек-шүмегiмен сабанның топанындай ағылып келiп, сенiң жерiңе ата-қонысындай орнығып алады. Ел алу, жер алу – Қытайға түкiргеннен де оңай. Ол көптiгiмен алады. Қаулаған өрттей басып қалады. Қытай өзiмен қоңсылас елдердi соғысып жойған жоқ, сауда жасап жүрiп-ақ жұтып қойды. Бұл сияқты жер алу, ел алу әдiсiн дүние жаралғалы тарих жүзi көрген жоқ шығар...» деп Жүсiпбек Аймауытов айтқандай енді міне 51 кәсіпорнын арқалап тағы ішке сұғына енгелі жатыр. Оның соңынан мың-мыңдап, миллиондап жұмысшылары ағылады.

Ол аз болғандай алдағы ЭКСПО аясында да қытайлықтардың адами экспанциясы жалғасады. Қазіргі кезде бізде жемқорлық пен сыбайластықтың, жазылған заңдардан, жазылмаған заңдардың үстемі жүріп тұрған заманы емес пе... Осыны жақсы біліп алған олар ЭКСПО-ны Қытай қытайлықтарды Қазақстанға миллиондап кіргізудің, трамплиніне пайдаланудың «бақай есеп», басты жоспарына енгізіп қойыпты. Қазақстанда тұрақтап қалатын әрбір қытай азаматын қаржыландырудың жолдарын ойластырып, миллиардтаған юанын да әзірлеп қойған. ЭКСПО-дан кейін Қазақстанда қытайлықтардың еркін жүріп-тұруына, кіріп-шығуына, барлық бизнесіне, Қазақстанда тұрақтап қалуына да молынан жол ашылады. Бабаларымыз: «қазаққа заманақыр келсе ол қытай жағынан болады» дегені келіп тұр. Қытай жағынан мемлекеттігіміздің, бірлігіміздің, жеріміздің тұтастығының, тәуелсіздігіміздің тігісі сөгіле бастай ма деген қауіп бар.

С.Н.Қошаманұлы 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1890