АҚШ ЕЛШІЛІГІ МЕМТІЛДІ БІЛМЕЙ МЕ, ӘЛДЕ МЕНСІНБЕЙ МЕ?
Осыдан бірнеше апта бұрын «Abai.kz» ақпараттық порталында АҚШ Президенті Доналд Трамптың командасы Қазақстан мен Қырғызстанды шатастырып алғаны туралы мақала жарияланды. Мақаланың аты «Трамптың жобасы: Қазақстан ба, Қырғызстан ба?..» еді.
Аталған мақалада АҚШ Президенті Трамптың Орталық Азияға бағытталған бизнес жобасы жарияланғаны сөз болған. Естеріңізге сала кетейік, Трамп мырзаның жобасын Президент әкімшілігі жария еткен-ді. Алайда жобада Қазақстан картасының үстінен «Қырғызстан» деген бізбен көрші елдің аты бадырайып тұрып көрініс тапқан-ды. Сонда бұл қалай болғаны?! Трамптың бизнес жобасындағы ел Қазақстан ба, әлде Қырғызстан ба?
Жер көлемі жөнінен дүниежүзінде тоғызыншы мемлекетпіз. Қазақ жерінің қазба-байлықтың қоймасы екенін басқа білмесе де, АҚШ біледі. Одан қала берді АҚШ пен арадағы қарым-қатынастың жолға қойылғанына биыл ширек ғасырға жуықтайды.
Біз жоғарыдағы жайттың мән-жайын білмек ниетпен осыдан бірер күн бұрын АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігіне (Астана қаласындағы кеңсе) хабарластық.
Елшіліктегілер расыменде картада қате кеткендігін айтып, оның дереу түзетілгенін ескертті. Сондай-ақ елшілік, «Ол «Associated press» агенттігі жіберген қате. Сондықтан, бірден сол жаққа хабарласқаныңыз дұрыс» деп жауап хат жазып жіберді. Оның да ізі табылар деп тұрғанда тағы бір түйткілді мәселенің шеті шығып қалды.
Мейрам сайын тек қазақ тілінде құттықтау жасап, еліміздің батысындағы бабалар зиратына тәуап жасап жүрген Жорж Кроллдың елшілігінде қазақ тілінде сөйлейтін тірі жан табылмады. Олай дейтініміз, телефон тұтқасына әуелде «ағылшын тілінде» сөйлейтін оператор жауап берді. Біз айтар ойымызды бүге-шүгесіне дейін бүкпей жеткізу үшін «қазақ тілін» білетін маманды сұрадық. Сәлден соң, телефон тұтқасына келген қыз «орысша» сайрап қоя берді. Біз тиісінше, орыс тіліндегі қызметтен бас тарттық та, әрі қарай әңгімені «ағылшын тілінде» жалғастырдық.
Президенті Трамп, елшісі Жорж мынау елшіліктің ерсі әрекеті Тәуелсіз Қазақстан Республикасы азаматы ретінде бізді қатты ойландырғандықтан, оларға ескерту жасауға тура келді. Қазақстан дейтін дербес елде бөтен мемлекеттің тілінде қызмет көрсету, қала берді Қазақстандағы мемлекеттік тілді менсінбей (қазақ тілін), көрші мемлекеттің (орысша) тілінде жауап беру – Конституцияны басыну емей немене? Тілді менсінбеу – Егемендікті елемеу емес пе?..
Қазақстанда Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал орыс тілі – Ресейдің Мемлекеттік тілі. Бұл РФ Конституциясында тайға таңба басқандай жазылып тұр. Сонда мен Астанадағы елшілікке емес, Мәскеудегі кеңсеге хабарласып тұрмын ба? Жоқ, Астанаға. Онда не?
Қазақстан Республикасының картасын шатастырып шатылып жүрген АҚШ Президенті аппаратының саяси сауатсыздығы бар, енді оған елшіліктің ҚР Конституциясын мойындамауы қосылды. Біз алғаш рет ескерту жасағанда елшілік қызметкерлері ресми жауап жазып, онда біздің ескертуіміз ескерілетінін айтқан. Арада уақыт өтті. «Қазақстандағы мемлекеттік тілді елшілік қызметінен ысырып қойған Жорж Кролл кеңсесі не тындырды?» деп бүгін елшілікке қайта хабарластық. Баяғы жартас - бір жартас. Елшілікте екі тіл: ағылшын және орыс тілі. Біз ескерту жасағанымызды айттық. Оператор жігіт тұп-тура ертең хабарлассақ «қазақша» сөйлейтін маман болатынын айтып сендіруге тырысты. Сіз бұған сенер ме едіңіз?
Бұл сонда Доналд Трамптың Орталық Азиядағы Қазақстан дейтін дербес мемлекетті әм оның тілінің Конституция бойынша мемлекеттік мәртебесі бар екендігін білмейтіндігінің белгісі ме? Жоқ, білгенде қандай!.. Себебі, Доналд Трамп АҚШ президенті болып сайланбастан бұрын кәсіпкер болған. Қазір де солай. Ал оның шетелдік инвесторларының қатарында қазақстандық олигархтар өріп жүр. Оны да жазғанбыз. Әлде Машкеевичтер мен Храпуновтар Трамптың құлағына "Қазақстандағы АҚШ елшілігі қазақ тілін қолданбасын, қазақты қорлай түссін" деп кеңес берді ме екен?
Сөздің қысқасы, Қайрат Әбдірахманов тізгінін ұстаған Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Астанадағы елшілігіндегі жағдайды бақылауға алуы керек. Бұл біздің талап!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz