Сейсенбі, 17 Ақпан 2026
Әдебиет 127 0 пікір 17 Ақпан, 2026 сағат 13:05

Прозада ізденіс көп пе, іркіліс көп пе?

Сурет: Сайт мұрағатынан алынды.

«Өткеннің бәрі тарих» әрине, сол тарихқа бүгіннің көзімен қарап, ауыр-жеңілін салмақтап, таяз-тереңін барлап отырудың еш оғаттығы жоқ. Қайта, тағы бір өрлеуге көтерілудің бастамасы, іргетасы болып табылады.   

Қоғамның өз даму заңдылығы бар десек те, осынау жоғары ойлау қабілетіне ие парасатты адам болжамы сол нысанадан тым теріс кетпейді. Бірде болмаса, бірде дәл түсіп жатады. Ендеше, «мәдениет төңкерісінен» кейінгі оннеше жылдағы қытай қазақ әдебиетінің бел баласындай арда өсіп, кемелденіп келе жатқан прозаның жай-жапсарына бүгіннің биігінен бұрыла қарап, тілге тиек етіп, қал-қадірімізше барын бардай, жоғын жоқтай бағалап әдебиет сүйер қауымның талқысына салып, таразысына салу мақсатында қолымызға қалам алдық.

Өткен ғасырың 60-70-ші жылдарында аты әдебиет болғанымен, шын мәнінде үгіттік сипаттан аса алмаған, шындықтың шырайын кетірген жалған реалистік шығармалармен құндақталып, кетеуі кеткен қытай қазақ әдебиеті 70-ші жылдардың соңына келгенде заманның оңалуына сай тез түлеп, жанданып кетті. Әрине, мұнда ұзақ жыл еркін көсіле алмай іштен тынған, көптеген зәбір-қиянаттарды бастан өткерген сақа жазушылар зор құлшыныспен қолдарына қалам алып, өздері бастан өткерген сол бір зобалаң жылдардың күлкілі суреттерін, келеңсіз құбылыстарын, аянышты оқиғаларды тілге тиек етті.

Құғын-сүргінге түскен зиялылардың теңсіз-жапалы тұрмысын шынайы суреттеп, болмашы мансабын қарақан басының барлық пайдасына жұмсап, өзінше жарты патша болып жүрген Сарғұлақ сияқты бригадирдің тойымсыз, мәнсіз тірлігін өткір сынға алған «Рас па, әке?» атты әңгімесін марқұм Қаусылқан Қозыбайұлы дер кезінде жазса, марқұм Күнгей Мұқажанұлы сол бір сүреңсіз жылдардағы ізгілік пен жексұрындылықтың, адалдық пен арамдықтың тартысына құрылған, көркем сөз кестесін құраған «Тайталас» повестьтімен шындыққа, ізгілікке щөліркеген оқырман-қауымды елең еткізді. Бұл дүбірлі кезеңде боз бала кезінен-ақ өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көріп ысылған, ақиқат пен сандырақтың додасында көз ашқан, көкірек сезімі оянған орта жас жазушыларымыз да қарап тұрмады , көркем сөз майданында өз дарындарын сынға салды. Осынау көзжасы сарқылмаған, тоқтау-толасы жоқ арпалыстан бір демін алмаған әр кімдер келіп білегінің күшін, найзасының ұшын сынға салып, тәлейін байқап көретін байтақ сахараға тағы бәр әкімят ауысып, қоғамдық өзгеріс енгенде атқамінері де, атқосшысы да өз тірлігі үшін күрескен өмірді ң өліара кезеңін бейнелейтін Жақып Мырзақанұлының «Арман асуындасы», Оразбек Әбділдің «Ұстаз» романдары дүниеге келді. Бұдан кейін 50, 60, 70-ші жылдардағы қазақ шаруаларының тұрмысын бейнелеуге тырысқан, сол мақсат үдесінен белгілі дәрежеде шыққан Оразқан Ақыметұлының «Өзгерген өңір»,  Жұмабай Білалұлының «Жондағы жорықтар» романдары өмірге жолдама алып, оқырманның жылы қабылдауына ие болып, ШҰАР және Бүкіл Қытайлық саны аз ұлттар шығармаларын бағалап-силауда бас жүлде алды. Сондай-ақ Бұлантай Досжанұлының «Асыл арман», Оразанбай Егеубаевтің «Бұл да бір белес» повестьері де іркес-тіркес оқырманмен қауышты. Дегенмен, бұл кездегі шығармалар көптеген кемшілік-жетерсіздіктерден ада бола алмады. Жазушыларымыз жасампаздық таным жақта көптеген идеялық боқшалардан азат бола алмай, солақай саясаттың тұсауын толық үзе алмады. Сонымен шығармалары көркемдік жақтан тұралап, көне сүрдектің ізімен кетті. Тарихи фактілерге бір жақты қарап, халықтың өткенін жоққа шығарды. Өмір шындықтарын бұрмалап, мәлім дәрежеде солақай саясаттың шәшбауын көтерді. Әрине, бұл кемшіліктерді сол кездегі дәуірдің шектемесі деп білеміз. Дегенмен, осы кезеңдегі жазушыдарымыздың күрделі кейіпкер образын жаратұдағы ізденістерін, табыстарын атап өтуге әбден татиды. «Жондағы жорықтардағы» мұңлы, сырлы, тағдыры тайғақ болса да, жүрегі таза келіншек Балқия ешкімнің есінен көтерілмесе керек. Ал, «Өзгерген өңірдегі» дәуірдің, ұлттың күйінішті де күлкілі мінез-құлқын бір бойына жинаған Ұйпалақ бейнесі жалпы Қытай қазақ әдебиетіндегі үлкен табыс. Сондай-ақ романдағы өз маңдай терімен келген болымсыз мал-мүлкін қызғыштай қорып, амалдың жоғынан заманмен ымыраға келіп, дәрменсіз күйде жүрген Мұратбек, кедейлігін көлденең тартып дау-шар іздеп жүретін тынымы аз Бейсен обыраздары да бүгінгі күннің өлшемімен қарап қайтадан бағалауды талап етеді.

Саяси атмосфераның тіпті де жақсарып, қоғамдық жаңалықтардың молайуына байланысты жазушылардың жасампаздық құлшыныстары еселеп арта түсті де руқани өміріміздегі айтақалсын жаңалықтардың Бірі ретінде көп томды романдар дүниеге келе бастады. Қомпартия билік басына келу алдындағы қазақ сахарасының саяси, экономикалық болмысын мәлім аумақты түйін ете отырып кең ауқымда суреттейтін Тұрсынәлі Ырыскелдіұлының «Тасқын» трилогиясы, халықтың есінен әлі көтеріле қоймаған мәдениет революциясы сынды апатты жылдардың көркем шежіресін құрайтын Ғалым Қанапияұлының «Бұрқасын» трилогиясы міне осы тұстың тұшымды  жемістері болып табылады. Аталған романдар дүниеге келгеннен бастап атаусыз, ескерусіз қалмады. Оқырман арасында, сыншыар майданында зор аңыс тудырып, көптеген пікір-таластардың тамыздығы болды. «Бұрқасын» трилогиясы тұралы әдебиетшілер арасында әр жақты пікірлер айтылды. Өсер елдің әдебиеті үшін алғанда мұндай пікір-таластардың туылуы заңды құбылыс әрі дәуірдің талабы десе де мынаны баса айту керек. Бұл трилогия өзінің өмір суретін беріудегі біршама шыншылдығымен, кейіпкер харектрін жаратудағы даралығымен қытай қазақ әдебиеті тарихындағы сәтті жаратылған туындылардың бірі болып қалады.

Өмірдің өзгеруі, сананың жаңғыруы  жазушыларды бей-жай қалтырмады. Қаламгерлеріміз өздерінің бастан өткерген қиын-қыстау күндер мен тұрмыс жөніндегі ойлап-түйгендерін қаз-қалпында бейнелеп берумен шектелмей мәселенің қыры-сырына көркемдік тұрғыдан үңіле қарап, соны ізденістерге ден қоя бастады. Міне, осы кезде қытай қазақ прозасында өзіндік тың мәнер, жаңа қыр танытқан, шығармалары оқырман қауымның зор алқауына бөленген үш жазушы айырықша дараланып көзге түсті. Олар: Оразқан Ақметұлы, Жұмабай Білалұлы, Жақсылық Сәмитұлы еді.

Кісілік құқық аяқ асты етіліп, ақ пен қара шатастырылған жылдарда нақақ жаза көріп, амалсыз айырылысқан ғашық жардың көп жыл өткен соң қайтадан кезіккенде мүлде танымастай болып өзгеруі әсіресе рухани жақтан мүлде кембағалдық күйге түсіуі сынды ащы шындықты жазу арқылы мәдениет революциясының қоғамға әкелген рухани апатын көркем бейнелеп берген «Қызыл гүл» әңгімесінен кейін Оразқан Ақметұлы үздіксіз ізденіс үстінде келеді. Әр мезгілде жазылған «Көктемгі ойлар», «Жыр қайнары», «Адам мақаббаты», «Рақымбай» қатарлы әңгімелерінен бастап «Алыстағы оттар», «Ең соңғы көз жасы», «Сексенінші аула» атты повестьтеріне келіп жалғасқан жазушы жасампаздығына барлай қарасақ, көркем прозамыздың қаншалық деңгейге өсіп-есейгенін байқаймыз. Заттық мүддеден емес шын сүюден тұтанған адал мақаббаты жырлау, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеу, адамгершілікті , имандылықты пір тұту, сырты бүтін, іші түтін пенделердің кісі жиіркенер ішкі дүниесін қазып жазу арқылы өмірдің  мәнділігі –адал еңбекте екендігін көркем оймен жеткізу Оразқан Ақметұлы шығармаларының негізгі идеялық қазығы болып табылады. Оразқан нені жазса да көзсіз кірісіп, асығыс байлам жасамайды. Өмірдегі құбылыстарға талғампаздықпен қарап, ой елегінен өткізіп барып қолына қалам алатын жазушы. Сондықтан да оның шығармалары оқыла салып ұмыт болмайды. Оқырманды ойландырып, толғандырып барып , өмірге құштар етеді. Міне, бұдан Оразқанның моды қумайтын, желдің ығына жығылмайтын қатаң реалистік бағыттағы жазушы болып қалыптасқанын білеміз. О. Ақметұлы шығармаларының тілі қарапайым әрі ұғынықты дегенмен кейде осы қарапайымдылық қарабайырлыққа ұласып кетіп жүр. Ғылымның дамуы, техниканың күн санап жаңалануы адамдардың ойлау қабілетін күрделілестіріп отыр. Міне осы , күрделі ой-сананың бір көрінісі ретінде көркем шығармаларда ойды, танымды жырымдамай толық жеткізіп беру үшін күрделі сөйлемді көбірек қолдану бұл күнде майталман қаламгерлерге тән шеберлік болып табылады. Орекеңнің бұл жақтағы ізденістері әлі оқырманын қанағаттандырмайды. Сонымен бірге бір  сарын, бір ізбен кете беру-- жазушы үшін де абырой емес міне, осы жағын жазушыға ескерте кеткіміз келеді.

Жұмабай Білалұлының жасампаздығының қыры мен сыры әсіресе соңғы жылдардағы мазмұн мен форманы үйлестіре біліудегі соны ізденістері әрі қолға келтірген табыстары мүлде айырым әңгіменің арқауы. Бұл жөнінде сыншыларымыз тиіп-қашып сөз етіп жұр. Бұл жерде біз мақаламыздың көлеміне қарай қысқаша тоқталып өтеміз. Адам жанының сірілігін, төзімділігін сөз ететін, мәдениет төңкерісінің күрзісі қаншама рет түйгілесе де адамдық жолынан таймай, өмірге деген құштарлығын суытпай тірі жүрген қайсар адамдарды жырлайтын жазушының «Зауал» әңгімесі одан кейінгі автордың суреткерлік шеберлігін мол танытатын, өмірдегі ізгілік пен жексурындықтың тартысыр шынайы бейнелеген «Кешкен күндер» повесть өз тұсының үздік шығармалары болып саналады. Бұдан кейін де жазушы экологиялық тепе-теңдік, адамдар арасындағы моралдық қатынас т.б. сынды заманымыздағы көкейтесті мәселелерді түбірінен қозғап сәтті, сәтсіз ізденістер жасады. «Құстарым қайда—құштарым», «Арыстың ақырғы биі» повесть мен басқада әңгімелері жазушының осы ізденістерінің жанды  айғағы болып табылады.  Сондай-ақ Ж. Білалұлы қазақ тілінің бетін қалқымай тереңіне шөгіп, өзіне керекті інжу-маржанды мейлінше тере біліп, орнын тауып құлпырта қолданғандықтан оның әрбір шығармасының тілі сорғалап, төгіліп тұрады. Дегенмен, жазушының соңғы кездегі кейбір шығармаларында түсініксіз, орнын таппаған сөз-сөйлемдердің көбеюі , кейбір тіркестердің шұбалшаң болуы сынды кемшіліктер байқалып жүр. Ізденіс үстіндегі жазушының бұдан кейін өз шығармасына мұқият қарап жоғарыдағы ұсақ-түйек кемшіліктерден арылады деп білеміз.

Өмірдің ащы-тущысын әбден татып барып, қолына қайта қалам алғанда «Екінші  той» атты әңгімесімен оқырманды елең еткізген Жақсылық Сәмитұлы кейінгі көлемді шығармаларында нәзік лиризмге толы монолог тәсілін мол қолданып, кейіпкердің ішкі ой дүниесін қазып жазуға ден қоя бастады. Әйел бас кейіпкерлерінің ішкі ой-дүниесін бейнелегенде еш кібіртіктемей көсілуі, кейіпкер харектерін әрекет-тартыс үстінде сезімдік бояуын қанық беріп бірте-бірте ашуы міне, мұның бәрі де жазушы жасампаздығынан белгі берген әдебиетіміздің көсегесін көгертетін жақсы нышандар. Өткен ғасырдағы ресей әдебиетінде «Тургеневтің  әйелдері» деген термин қалыптасқан. Бұл ұғым Тургенев шығармаларында көп кездесетін, естен көтерілмейтін биязы, ибалы , білімді, текті , жоғары жік қауымынан шыққан әйел образдарды меңзейді. Сол сияқты Жақсылық қаламынан туған тал бойына ізгіліктің, көркемдіктің нұрын жиған, қатагез қара күштің құрбаны, кінасыз ару Гүлсара, туған жердің адал перзенті, үлкен жүрек иесі, әйел қауымының ізгі қасиетін бойына жинаған Сәлима, тағдыры тайғақ болса да еркек кіндіктінің ертеңінен үмітін үзбеген, оларға бақыт бағыштап, жақсылыққа, адалдыққа жебейтін Күлзира обыраздары өздерінің дара бітімімен Қытай қазақ әдебиетіндегі бір кезеңнің жемісі ретінде «Жақсылық арулары» деген ұғымды қалыптастырып тұрмай ма? Жақсылық Сәмит шығармалары әлде кімдер айтып жұргендей бір-бірінен аумайтын әйелдердің ғашық-машық хикаясы емес, әрбір шығарманың өн-бойынан халқымыздың дәстүрлі танымынан нәр алған жазушының дара ой-танымдары менмұндалап тұрады. «Гұлсара» повестьнің аяғында айтылатын бала Гүлсараның бойынан өмірдегі көркемдіктің, ізгіліктің үзілмей жалғастық табатынын көріп өмірге деген құштарлығымыз артса, «Атамекендегі» Сәлиманың мұңлы, сырлы өмір жолынан туған жер алтын бесік деген аталы сөздің байыбына барып, табанымыздың туған жердің топырағына тиіп жүргеніне шүкіршілік айтамыз. Ал, «Жаңа бекетте де» жазушы ұлтымыздың келеңсіз, әлсіз жақтарын ашып жазумен бірге, қолын жылы судан айырғысы келмейтін , әйелің тіршілігі отбасы-ошаққасыдан аспайды деп жүрген Күлзираның қысым, қорлық астында ауыр жан азабын арқалап, күйзеле жүріп жаңа болашағын бастағанын жазу арқылы оқырманын адал еңбекке жебеп мынау реформа заманында адамдардың ой-санасында туылып жатқан тың өзгерістерді, жаңа мен ескінің арасындағы қайшылық-қақтығыстарды шынайы бейнелейді. Ж. Сәмит өмірдегі жаңа бетбұрыстарды, замандастарымыздың рухани бет-бейнесін бейнелеуде өзге қаламгерлерден сергек те сезімтал. Жазушының жазылмаған шығармасы ең жақсы шығарма деген сөз бар. Сергек қаламгер енді қай биіктен көрінеді оны алда уақыт көрсетер.

80-ші жылдардың орта шеніне келгенде Қытай қазақ әдебиетінде кесек шығармалардың көбейумен бірге жазушылар бір сарын, бір ізбен кете бермей өз мүмкіндіктеріне сүйене отырып тақырып ауқымын кеңейте түсті. Бұрын тіс батпаған күрделі тың тақырыптарды  игеруге ұмтылыс жасады сонымен әдебиет алаңында көзге түсерлік, көңілге медеу боларлық тың сілкіністер белгі берді. Жақып Мырзақанұлы алғашқы романының ізін суытпай оқырманға ұсырған «Таңқұрай» атты романында Республика құрылғаннан кейінгі білім іздеп қиырға барған, өмір талқысына көп түскен қазақ зиялыларының өмірін арқау етті. Аталған роман әдебиетте алғаш рет қазақ зиялыларының өмірін кең ауқымда алып суреттеді әрі ертеден бері жалғасып келе жатқан ұлттар арасындағы құдандалық қарым-қатынастың аумалы-төкпелі замандағы бет-бедерін көркем тілмен шежірелеп берді. Сондықтан да «Таңқұрай» өзінің көркемдік шеберлік жақтағы аздаған кемістіктеріне қарамастан әдебиет тарихынан ойып орын алатын салмақты шығармалардың бірі болып қалады.  Әдебиеттегі бұдан кейінгі тосын жаңалық деп ақын, драматург Омаргазы Айтанұлының «Аң шадырын оқ табар» атты лрикалық–филосопиялық романын айтуға болады. Дәстүрлі сүрдекпен кетпей өлең өлкесіне өзіндік жаңалық әкелген майталман ақынымыз өзінің тырнақ алды көлемді прозалық шығармасында да тың қыр, жаңа серпін танытады. Романның жүлгесін құруда автор уақыт аясын барынша кішірейтіп адамдардың бір апталық ғұмырындағы кешірмелерін, толғаныстарын, қиялдарын, жадындағы істерді сүреттеп, бейнелеу арқылы 1950-ші жылдардағы қазақ сахарасына дендеп кірген зор қоғамдық өзгеріс кезіндегі ауыл адамдарының мінез-құлқынан, заман, келешек жөніндегі танымдарынан, ой-пікірлерінен майын тамыза сыр шертеді. Романның әлі де ашылмаған қыр-сыры мол сондықтан да бұл әңгіме осымен үзіліп қалмай бұдан кейінде жалғасты айтылады. Оқырман мен сыншылар да бей-жай қалмай шығарманың жақсы қасиеттерін танып-білу үшін ат салысады деген сенімдеміз.

Өткенге деген құштарлық, арысы есте жоқ ескі замандағы, берісі кеше ғана дүрілдеп өте шыққан жұрт жадынан көтеріле қоймаған тарихи оқиғаларды білсем, түсінсем одан тәжірибе-сабақ қортындылап ертеңге бағдарымды түзесем деген жақсы тілек, ізгі арман әрбір адамзат баласының ортақ ерекшелігі . Ал, осы тарихи оқиғаларды сол оқиғаларға тұтқа болған кесек тұлғаларды көркем шығарма арқылы танып, білудің , сырласып , мұңдасудың жөні бір басқа. Сондықтан да тарихи тақырып бүкіл әлем халықтарының әдебиетінде ежелден жазылып келе жатқан, жалғасты жазыла беретін құнарлы тақырып, қазылып бітпес кен. 80-ші жылдардың соңғы жартысында әдеби өмірімізде саннан көрі сапа негізгі орынға шыға бастаған кезде қаламгерлеріміздің ат басын тарихи тақырыпқа апарып тіреуі дәуір талабынан туған заңды құбылыс болмақ. Сонымен Қажғұмар  Шабданұлының «Қылмыс», «Зұқа батыр», Батырқан Құсбегиннің «Жан», Шайсұлтан Қызырұлының «Дабыл», «Бұлаң дүние», Шәміс Құмарұлының «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», Ақметолла Қалиұлының «Арда Алтай» сынды ұлттымыздың бір-бір кезеңдегі әлеуметтік өмірін, еркіндік, теңдік үшін күрескен жанкешті, көзжасқа толы күйінерлік те сүйінерлік қанды тарихын біршама реалистік тұрғы да суреттейтін романдар дүниеге келді. Тарихи роман жазу Қытай қазақ әдебиеті үшін әлі де болса дәстүрге айнала қойған жоқ сондықтан да оны аз уақытта игере қоюдың мүмкіндігі аз, қиындығы мол . Десе де аты аталған жазушылардың қиынға тартып, қамал бұзған жапакештігі еш кеткен жоқ, тарихи шығармаға ынтызар қауымның діттеген жерінен шығып қажетін қанағаттандырды. Әне, сондықтан жоғарыдағы шығармаларды дер кезінде жазылған, әдеби өрлеуіміздің бір белесі ретінде танылатын, оқырманға, келер ұрпаққа да тағылымы мол шығармалар деп қараймыз.

Осы оншақты жылдың аржақ-бержақ бедеріне құнттап көз салсақ, ілгерінді-кейінді болып тың ізденістер, сәтті қадамдары арқылы «баршамызды жыл келгендей жаңалық сезіндіретін» Шәміс Құмарұлы, Шаймұрат Қамзаұлы, Мәулітқан Әбілғазыұлы, Асылбек Сақышұлы, Қырбақ Нұрахынұлы, Мұқаметбай Байжігітұлы сынды бір топ жас жазушылардың қарасөз ауылына келіп қосылғанын байқаймыз. Аталған жазушылардың ішінде Шәміс Құмарұлы мен Шаймұрат Қамзаұлының аяқ алыстары елден ерек. Жапалы жасампаздық өмірдің бірқанша жылын артқа тастаған екі жазушы да қазір саннан сапаға өтіп әдебиетіміздің бүгінгі қал-жайын сөз ете қалсақ орағытып өте алмайтын қабырғалы қаламгерлер болып қалыптасты.

Жоғары оқу қабырғасында жүргенде-ақ «жығылсаң түйеден жығыл» дегендей үлкенге жүгіріп «Үміт ұшқыны» атты повесть жазған сол повестьнде көркемдік жақтан тым шеберлігін көрсете алмаса да жас талапкердің үлкен болашағын аңғартып, қалам қарымы  мен өмір бақылағыштығын байқатқан Шәміс Құмарұлы бұл күнде «Жусанды дала», «Қарамайлы аңызы», « Біртамшы қан» атты бірнеше повесть пен «Бөке батыр», Көз жасы сарқылмайды» атты екі романын оқырманға ұсынып үлгірді. Бұл цифр біздің әдебиетіміз үшін айтқанда тым аз емес. Туындағыш жазушының әдебиетке қосқан қомақты үлесін көрсетеді. Ш. Құмарұлы өз шығармаларына өте жауапкершілікпен қарайтын жазушы содан да болар әрбір шығармасы оқыла салып ұмыт болмайды оқырманын әсерлендіреді, реал өмірдегі құбылыстар жөнінде, өткен тарих тағылымдары тұралы ойға жетелейді.  Көркемдікті сүюге, ізгілікті ұмытпауға жебейді. «Жусанды дала» повестьнде қарапайым малшы отбасының ертеңге деген үміті мен күдігі тайталасқан қуанышқа, қасіретке, рақатқа, азапқа толы өмірін бір қырынан шынайы суреттеу арқылы қоғамымызда өмір сүріп отырған малды көтереге бергеннен кейін (коммуна тарап) малшаруашылығы райондарында білім саласының мүшкіл халге түскенін әрі адамдар санасындағы имандылық-инабаттылық өлшемінің төмендеп кетуі, қала мен ауыл арасындағы әлеуметтік парықтың ұлғаюы сынды келеңсіз құбылыстарды мамөңкелемей ашық сынап жазса, «Бөке батыр» романында елдігіміз бүлініп, еңсеміз түсіп күштінің аузына қарап , иіліп тұрған қасіретті замандағы халқымыздың бір бөлегі бастан кешкен, ел бастаған ер-азаматтар еркіндік, теңдік, әділет үшін күрескен жауынгер жылдардың сүркейлі, сұсты суретін өрнектеп береді. Сәбидің қорқынышты түс көріуімен басталған роман ақырында бір тайпа елдің ауыр қырғынға ұшырауымен барып аяқтайды. Әрине, күштінің заманында әлсіздің бас көтерем, теңдік сұраймын деп торғайдай тозуы жазылмайтын, айтылмайтын заңдылық. Алайда, өз арман-мұратың, сенім-намысың үшін күресу, майданыңда берік тұру, жеңіске жете алмасаң да сол жеңіс жолында мерт болуыңның өзі жеңіс. Бұл ерлігіңді заманың да, ұрпағың да қадірлейді, ардақтайды. Бөке батыр шейт болғанымен артында бұтағы оталса да, тамыры қырқылмаған елі қалды. Он екі жасында қолына мылтық алып, аң атып ауылын асырайтын Иман (романдағы бас кейіпкер Бөкенің немересі) қалды. Міне, бұдан көшпелі халықтың қанына сіңген ерліктің; еркіндік, теңдік аңсаған асқақ мұраттың өлмегенін ұрпаққа үлгі, мұра болып қалғанын аңғарамыз. Бұдан басқа бастан-аяқ ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыпымызды майын тамыза суреттейтін романның этнограпиялық құны айырым әңгіменің арқау екенін айта кетсек артық болмас.

Шаймұрат Қамзаұлының тақырып ауқымы біршама кең. Жазушы қандай тақырыпқа барса да көп сөзділікке, қазымырлыққа салынбай ершімділік пен елпектік көрсетіп қысқа жазады әрі барлық шығармаларында өзіндік ой, дара таным менмұндалап оқырманын енжар қалдырмай, тез баурап кетеді. Мейлі ертеректе жазылған «Маған керегі үлгі», «Қамшыгер» әңгімелері болсын, кейінгі «Таңбалы құл», «Кадрлік штат» повестьтері болсын бәрінде де ұлттық салт-сананы, әдет-ғұрыпты жеттік білетін, бүгінгі тұрмысымыздың ұңғыл-шұңғылына жіті көз салып, көп бас қатыратын нежазса да көп ойланып, кең саралап барып жазатын ізденімпаз жазушының өзіне тән қолтаңбасы танылады. Әсіресе, таяуда жәрияланған, бүгінгі өміріміздің көлеңке жағын едәуір қазып жазған «Кадрлік штат» атты повестьы жазушының ғана емес туған әдебиетіміздің беделін көтеретін сәтті шығарма. Ш. Құмар мен Ш. Қамзаұлынан басқа жоғарыда аты аталған жас жазушыларымыздың да алды қазір бірнеше кітап, бес-алты повесть жариялап үлгірді. Шынында, бұл жазушылардың жасампаздық шабытпен өндірте жазуын әрбір әдебиет сүйер қауымның қуана құптайтыны хақ. Дегенмен, бір ұлт әдебиеті үшін де, бір жазушы үшін де табыс санның көбеюімен емес, сапаның жақсаруымен есептелсе керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде жоғарыдағы аты аталған жас жазушыларымыз әлі де оқырманды елең еткізердей татымды шығарма бере қойған жоқ.   Кейіпкер харектерін жаратуда қалыптасып қалған ескі дағдыдан аса алмай, оқиға қуалап, сөзуарлыққа салынып кетіп жүр. Әдебиет ауылына қадам басқан жаңа буын даралық пен шеберлікті бойына сіңіріп өз әуенімен, тың сүрлеумен жүрмесе топтан озып шығып, жұртты мойындатуы қиынның қиыны болмақ. Дегенмен, шеберлік ешкімнің маңдайына туадан пітпейді, тынымсыз ізденістен келеді. Ендеше, біраз жылдан бері жасампаздық еңбектің ыстық-суығын тең көрген жас жазушыларымыз өздеріне қатаң талап қойып, оқырманның өздерінен күткен үмітін жерге қалтырмайды. Көркемдік ойлаудың тың сатысына көтеріледі деп сенеміз.

Өсіп-өркендеу үстіндегі бір ұлт әдебиеті әсте томаға-тұйық күйде дамымаса керек. Туысқан ұлттар арасындағы әдеби жақтағы өзара барыс-келіс, тәжірибе алмасу сонымен барын бағалап, жоғын іздей отырып ортақ даму сынды ертеден келе жатқан тамаша үрдіс—бүкіл адамзаттың зейін-зердесі информацияға шоғырланған бүгінгі дәуірде тіпті де маңызын жоймаса керек. Әрине, әдеби барыс-келістің ұлттар арасында аударма арқылы жүзеге асып жататындығы одан кейін өзара насихаттың маңызды екендігі жұртқа аян дегенмен аударманың аты аударма бір ұлттың озық шығармаларын төгіп-шашпай сол қалпында өзге ұлт оқырмандарына жеткізіп беру қашан да кез-келген кісінің қолынан келетін жеңіл жұмыс емес әне сондықтан да білімі мен білігі жеткен саны аз ұлт жазушыларының жетекші ұлттар тілінде шығарма жазуы бұл күнде саны аз ұлттар әдебиетін әлем халқына таныстыратын, насихаттайтын бірден-бір төте жол болып отыр. Қытай қаазқ әдебиетінде міне осы бұтақ жаңа-жаңа гүл ашып, өркен жайып, өз жемісін бере бастады. Бұл буынның төлбасы 1979 жылы бүкіл қытайлық озық әдеби шығармаларды бағалап-марапаттауда «Нұрман қарт және оның тазысы Барыс» атты әңгімесі жүлде алған, одан беріде тынбай ізденіп ел іші-сыртына аты-жөні таныс болған қытай , қазақ, ұйғыр тілдерінде төрт-бес жинағы шыққан Әкбар Мәжитұлы болып табылады. Одан кейін Еркеш Құрманбекқызы, Қайша Тәбараққызы, Еркін Ниязбекұлы сынды жас жазушыларымыз осы отаудың уығын шаншып, іргесін көтере бастады. Бұл жазушылар шығармаларын қытай тілінде жазғанымен, олардың жасампаздық шабыттарының қайнар бұлағы қазақ өмірі болып отыр. Осы бір көшпелі халықтың сүйінуге де күйінуге де татитын өткен тарих қойнауына қалтырған іздері, кесек мінездері , бүгінгі атадардың, аналардың, жастардың, сәбилердің сенім-нанымдары, тағдыр, өмір жөніндегі өкініш-үміттері, туған жерге деген уыз мақаббары міне, осының бәрінен жазушыларымыз сорғалата сыр төгіп, қалам тербеуде. Республика оқырмандары үшін де олардың шығармаларының құны осы ұлттық салт-санаға, таным-талғамға суғарылған қасиетінен танылса керек.

Қытай қазақ әдебиетінің қарасөз атты керуен көшінің оншақты жылдан бергі басып өткен жолына қысқаша көз қыдыртқанымызда көрген-білгеніміз, сол көрген-білгенді жазып жеткізгеніміз осыншалық болды. Десе де , мынаны қайталап айтайық, осы оншақты жылдың ішінде жазушыларымыз толассыз ізденуі арқасында, бірталай табыстар қолға келді. Майталман қаламгерлеріміз көсіле шауып, жаңа таланттар көзге түсті. Тарихи тақырыптар мен фантастикалық тақырыптар да игеріле бастады. Балалар прозасында да игі бастамалар жарыққа шықты. Заманымыздағы көкейтесті мәселелерді сөз еткен шығармалар түтін үзбей баспа бетін көруде. Міне, мұның бәрі де прозамыздағы игі ізденістер. Дегенмен іркілістер де жоқ емес. Көпсанды жазушыларымыз идеяларына әбден ірге теуіп қалған дәстүрлі көзқарастардан толық арыла алмағандықтан шындыққа түзу қарамай , сипай қамшылап өте шығуға әбден үйреніп алғандықтан, мазмұн жағынан, формалық ізденістен болсын тер төгіп, жан қинап іздену жетісе бермейтіндіктен әлі де уақыт талабымен үндесе алмайтын, өткенді қайталайтын жасық шығармалар дүнгиеге келуде.  Әсіресе, қытай әдебиетіне дендеп кірген дұниеге әйгілі озық шығармалардан өнеге-үлгі алу, жаңа шыққан ағымдарды әдебиетімізге енгізу жағында өте кенже қалдық. Бір ұлттың әдебиетінің көркейіп-гүлденуі үшін әсте бір ізбен, бір сүрдекпен кете бермеген жөн. «Барлық гүл шешек ату, жалпы жарыса үн қату» бағытын дәйекті сәулелендіріп пайдалануға, ғибырат алуға болатын, қолайымызға жағатын адамзатқа ортақ озық әдеби ағымдарды түсініп-білмей, тексеріп-зерттемей тұрып шетке қақпауымыз тиіс. Қайта, туған әдебиетіміздің көсегесін көгерту жолында игеруіміз, тұйық, бір сарынды күйді бұзып, шыт-жаңа, думанды әдеби атмосфера жаратуымыз тиіс. Сонда ғана жоғымыз табылып, барымыз кемелдене түседі.

(1991 жылы «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналы 3-ші сан)

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір