Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8845 0 пікір 12 Наурыз, 2017 сағат 11:40

15 ЖАСТАҒЫ САУАТСЫЗ СҮНДЕТТІҢ МЕКТЕПКЕ БАРҒЫСЫ КЕЛЕДІ

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші

орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің,

ҚР Білім және Ғылым министрі

Ерлан Сағадиевтің назарына!

Редакциямызға «Алтын-орда» базарының маңындағы «Ақсай» саяжайында (Алматы облысы, Қарасай ауданы) 15 жасқа келгенше мектеп табалдырығын аттап көрмеген Сүндет атты бала тұрады» деген хабар түсті. Ұлжалғас есімді апайымыз кішкене баланың болашақ тағдырына алаңдайтынын айтып, «тиісті орындарға Сүндетің жайын жеткізсеңіздер» деген өтінішін білдірді.

Ұлжалғас апай кәсіпкер ретінде заңды тіркеуден өтіп, үйінің қасынан салынған бірнеше бөлмелі пәтерді жалға береді екен. Соңғы кездері шыққан заң бойынша әр азаматты тіркеуге алу керектігін біледі. Бірақ, қыстың көзі қырауда не құжаты, не жағдайы жоқ 15 жастағы бала мен анасын қуып жіберуге дәті жетпеген. Енді не де болса, осы екі жанға көмегін беріп, аналық мейірімін көрсетуге бел байлаған сыңайлы.

Ұлжалғас апай бізді бастап 15 жасқа келгенше сауат ашпаған Сүндет тұратын құжыраға әкелді. Қуықтай ғана бөлмеде отырған баланың анасымен сөйлесе бастадық.

– Аты-жөніңіз кім?

– Тұрымбетова Сұлтангүл.

– Қай жақтан келдіңіз?

– Қарақалпақстаннан...

– Қазақстанға көшіп келгеніңізге қанша болды?

– 2010 жылы келдік. 7 жыл.

– Балаңыздың жасы нешеде?

– 15-те.

– Мектепке ешқашан бармады ба?

– Барды. Қарақалпақстанда бірінші сыныпты оқыды.

– Ендеше хат таниды екен ғой.

– Ол жақта латынша оқытты. Сосын оқыған жоқ! Бұл жақтың әрпін білмейді.

– Сан біле ме?

– Ұмытып қалды.

– Баланың аты-жөні кім?

– Тұрымбетов Сүндет. 

– Қазақстан азаматтығын алдыңыз ба?

– Құжаттарымды жоғалтып алғанмын.

– Құжаттарыңыз жасалса, туған жеріңізге қайтар ма едіңіз?

 – Қайтар едім.

– Ол жаққа барып не істейсіз?

– Білмеймін.

Біз Сүндет Тұрымбетовтен «Мектепте оқығың келе ме?» деп сұрадық. Оның орнына анасы «Иә, оқығысы келеді. Бірақ жағдайымыз жоқ» деп жауап берді.

ХХІ ғасырда үштілділік оқу жүйесін енгізіп, ғаламға жар салып жатқан елміз. Білім саласында министр ауысқан сайын су жаңа реформа жасауға кіріседі. Сол реформалардың "шапағаты" 15 жасқа келгенше бір әріп үйренбеген Сүндет Тұрымбетовке тимей, айналып өтіп кеткен.

Біздің елде 15 жасқа келгенше сауатын ашпаған жалғыз Сүндет пе?

 

"Ақсай" саяжайының тұрғындарының айтуынша, «Алтын-орда» маңында жұмыс іздеп, көшенің бойында қаз-қатар тізілген қандастарымыздың көбі жоқшылықтың кесірінен ішерге ас, киерге киім таппай отыр. Олардың да  балалары мектепке бара алмай отырса керек. Әрине, Сүндет секілді қолмен ұстап, нақты көзбен көрмеген соң, қанша баланың мемлекет міндеттеген тегін оқуға қолы жетпей жүргенін айта алмаймыз.

Түйін

Балалары мектепке бармайтын, көшесі қоқыстан тазаланбайтын, қаланың да, Қарасай ауданының да назарынан тыс қалған осы бір елдімекенде тағы да қанша сәби таршылықтың зардабын шегіп жатыр екен. Ойлаудың өзі қорқынышты. 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417