Дін

"ИНТЕРНЕТ РАДИКАЛДЫҚ ТОПТАРДЫҢ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛДЫ"

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

 

Суретте: саясаттанушы Ерлан Қарин

Сурет  Ерлан Қариннің facebook парақшасынан алынды.

Сириядағы соғыс қимылдарына қатысып жатқан ИШИМ («Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті», арабша ДАЕШ деп аталып кеткен – ред.) содырлар ұйымы биыл күтпеген жерден Ирактың біраз аумағына бақылау орнатып, «жиһад жолымен халифат құрғандарын» жариялады. Дүние жүзі бойынша бірқатар исламшыл топтардан жақтастар тапқан ИШИМ содырларының қатарына қосылып жатқандардың ішінде жүздеген қазақстандықтың бар екені хабарлана бастады. Азаттық бұл құбылысты зерттеп жүрген саясаттанушы Ерлан Қаринмен Қазақстандағы «діни радикализмнің» сипаттары жайында сұхбаттасты.

Азаттық: - Соңғы уақытта Қазақстанның әр аймағынан ИШИМ-ге қосылып, Сириядағы саяси режимге қарсы соғысып жүрген жүздеген «жиһадшы қазақстандықтар» туралы хабар тарай бастады. Бір байқалғаны – олардың көпшілігі Орталық және Солтүстік Қазақстан аймақтарынан шыққан азаматтар. Әсіресе, Жезқазған мен Екібастұз жиі айтылады. Бұл аймақтарда жекелеген адамдардың ИШИМ-нің қатарына тартылу үрдісінің күштірек болу себебі неде деп ойлайсыз?

Ерлан Қарин: - Сіз айтып отырған елді мекендерден азаматтардың Ирак пен Сирияға аттануының негізгі екі себебін айтуға болады.

Сарапшылардың жиі келтіретін себептерінің бірі – осы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері. Бұл қалаларды бұрын «депрессивтік елді мекендер» деп атайтынбыз. Яғни бірқатар сарапшылардың пікірінше, облыстық даму үрдісінен тыс қалып, қаржы жетіспеушілігінен немесе өндіріс орындарының тоқтап қалуы себебінен жұмыссыздықтың, не тағы да басқа әлеуметтік проблемалардың тууына байланысты сол қалалардағы жастар қылмысқа және радикалдық топтарға тартыла бастады. Оның соңы кейбір жастардың Ауғанстан-Пәкістан шекара аймағына, Сирияға кетуіне ұласты. Алайда жастардың радикалдық қозғалыстарға тартылуын тек әлеуметтік-экономикалық факторлармен байланыстыруға да болмайды. Бәрі бірдей жұмыссыз, немесе жағдайы жоқ отбасылардын шыққан емес. Оның үстіне, аталған елді мекендерге соңғы жылдары үкіметтен көп көңіл бөлініп, қаржы бөлініп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдайлар жасалып жатыр.

Екінші себепті таза социологиялық құбылыс деп айтуға болады. Өмірдің басқа да салаларында болып жатқан жайттар сияқты таныстық факторы рөл ойнайды. Осы аталған аймақтан Ауғанстан мен Сирия сияқты елдерге кеткен бірінші толқын көбіне өз таныстары мен достарын қатарларына тартады.   2010-2011 жылдардағы «Джунд әл-Халифат» атты ұйымның тарихын зерттегенімде оған қосылған қазақстандықтардың көпшілігі Қазақстанның батыс аймағынан болатын. Олай болу себептері де осы айтқанымдай – өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерімен қатар осы өңірден шыққан азаматтар құрдастыр мен достарын рекрут етіп қатарларына тартқан болатын. Бірінші өкілдер қай өңірден кетсе, кейінгілерін де сол өңірден, таныстарының арасынан тартады.

Жергілікті сарапшылардың назарына ілінбей жүрген тағы бір фактор – қазақстандықтар өз елінде жүргенде ғана радикалдық топтарға қосылып жатқан жоқ, шетелде жүріп осындай топтардың («жиһадшы-исламшыл» топтар – ред.) қатарына ілініп кетіп жатқандар бар. Және аз емес. Мысалы биылғы мамырда Алматыда бір 20 жастағы жігіт сотталды. Ол жігіт отбасымен Швецияда тұрып жатып осындай радикалдық топтың ықпалына түсіп, сол жақтан Сирияға аттанып кеткен. Немесе АҚШ-та сапармен болған бір Қазақстанның азаматшасы белгілі бір жағдайлармен сол жақтағы бір кісілердің ықпалына түсіп, Сириядағы радикалдық топтарға көмек ретінде ақша жібергені туралы америкалық құқық органдары анықтаған болатын.

Азаттық: - Соңғы кездері Қазақстан билігі ИШИМ-нің, я басқа да радикалдық-экстремистік топтардың интернеттегі ақпараттық үгіт-насихатын тек тыйым салу арқылы шектеуге тырысып жатқаны байқалады. Мұндай тәсіл «жиһадқа шақыру» идеологиясының, діни-экстремистік идеялардың таралуын тежей ала ма?

Ерлан Қарин: - Шынында да интернет жиһадқа шақыру идеологиясын насихаттау үшін радикалдық топтардың қуатты құралына айналды. Сирияға Қазақстан мен Орталық Азиядан кетіп жатқан азаматтарға қатысты үлкен бір зерттеуімді аяқтап қалдым. Осы зерттеудегі үлкен бір тарау интернеттегі діни радикалдық үгіт-насихат туралы. Егер 5-10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыратын болсақ, ол кезде діни үгіт-насихат арнайы сайттар арқылы жүргізілетін. Соған сәйкес арнайы қызмет пен құқық қорғау органдары осындай радикалдық сайттарды бұғаттаумен, тыйым салумен айналысатын. Бірақ қазір жағдай өте қатты өзгерді. Себебі радикалдық топтар сайттарды ғана емес, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін де кеңірек пайдалана бастады. Сайттармен қатар Twitter және Facebook желілерін қолданады. Мен құсаған сарапшыларды қатты алаңдататыны – «ВКонтакте» және «Одноклассники» деген сияқты әсіресе жастардың жиі қолданатын әлеуметтік желілерін пайдаланады. Радикалдық діни идеялар ашықтан ашық, өте көп таратылады. Жақында жергілікті БАҚ жариялаған деректерге сенсек, Қазақстанның бас прокуратурасы осындай кейбір роликтерді алғызып тастау туралы YouTube желісімен келісімге келе алса, «ВКонтакте» желісінің әкімшілігі келіспеген болып шықты.

Амал жоқ, құқық қорғау органдары радикалдық топтардың интернеттегі және басқа да арналардағы үгіт-насихатын тежеу үшін күрес жүргізіп келе жатыр. Алайда, менің ойымша, нақты бір жас азаматты қолына қару алдырып жиһадқа итермелейтін Twitter мен Facebook-тің өзі емес. Негізгі себеп ол азаматтың күнделікті өмірінде болып жатқан нақты объективті оқиғалар. Twitter мен Facebook тек танысу құралы. Құқық қорғау органдары басқа да факторлармен күресуі керек. Бірақ бұл мәселелердің кейбірі құқық қорғау органдарының компетенциясынан тыс нәрселер.

Азаттық: - ИШИМ сияқты халықаралық деңгейде танымал экстремистік ұйымдардың немесе Қазақстанның арнайы қызметтері «қатер» ретінде жиі айтатын «Джунд әл-Халифат» сияқты аймақтық деңгейде белгілі ұйымдардың ықтимал террористік әрекеттерімен күрес науқаны елдегі басқа, бейбіт діни азшылық топтардың сенім бостандығын шектеп, қызмет аясын одан сайын тарылтып жібермей ме? Мұны сұрап отырған себебім - «Джунд әл Халифат» туралы жазып бітірген жаңа кітабыңызды әзірлеу кезінде Қазақстанның бірқатар аймақтарын аралап, көптеген топ өкілдерімен кездесіпсіз. Зерттеуші ретінде не байқадыңыз?

Ерлан Қарин: - Зерттеуімде терроризм стратегиясы мен тактикасын жеке мәселе ретінде алып қарадым. Ал елде болып жатқан діни процестерге терең үңіле алмадым. Бірақ дегенмен бір байқағаным, елдегі қалыптасқан жағдайға әсер еткен факторлардың бірі – діни салада жүйелі жұмыстың болмауы. Ал мемлекет тарапынан жасалған жаңа шаралар елдегі түрлі діни топтардың қарсылығына тап болған сияқты. Енді қазір бұл саясат қайта қаралып, билік жұмсақтау тәсілге көшкендей. Жақында үкіметті қайта құру кезінде Дін істері жөніндегі агенттіктің бір министрлік құрамында жай комитет болып қалуы мемлкекеттің дін саясаты бойынша жүйелі түрде жаңа бір стратегияға көшкенін немесе, діни топтармен қарым-қатынасын жұмсартуға әрекет етуіне ұқсайды.

Облыстарды аралап жүргенде байқағаным – кейбір «радикалдық» деп сипатталған діни топтар де-юро заңсыз деп танылғанымен, де-факто өз жұмысын жасап жатыр. Ондай топ мүшелерінің бас қосуына тыйым салынып жатпаған сияқты. Олардың ашық түрде, кең ауқымда үгіт-насихат жүргізуіне рұқсат берілмейді, дегенмен олар өз ішінде қызметтерін атқарып жатыр. Бұл құбылыс билікте осы мәселені шешуге қатысты ізденіс бар екенін көрсетеді. Бірақ бұл ізденістің бір орталығы жоқ сияқты. Құқыққорғау органдарында – бір көзқарас, дін істері комитетінде – басқа көзқарас қалыптасқан, ал әрбір аймақтағы жергілікті билік жергілікті жағдай мен діни топтардың ерекшелігіне қатысты өзінше бір эксперименталдық саясат жүргізіп жатқан сияқты.

Азаттық: - Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан - Ғалым Боқаш

Дереккөз: http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_

interview_with_karin_on_religious_radicalism/26580095.html

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Діни салада жүйелі жұмыс жоқ

13 пікір 2308 рет оқылды Қосылған: 15.09.14
    • #1
    • Абай
    • дн, 15/09/2014 - 14:48

    Ерланның айтқандары шындыққа негізделген. Бұл мәселеге осылай үш-төр қырынан жүиелі түрде қарау керек. Мұның бір кілтипаны "өтпелі кезеңнің" заңдылықтарында жатыр. Ереке, осыған көп көңіл бөлсеңіздер екен. Өйткені өткеннің бәрін теріске шығарып тастап, ал рухани салада жаңадан береріміз жеткіліксіз болғандықтан жастар "далада" қалып иландырғанның жетегінде кетуде. Оның үсіне Ерекең айтқандай діни тұрғыда түсіндіру жұмыстары өте нашар. Өкіметтің дін саласындағы өкілдері дін ілімінен жұрдай, ал Муфтият пен дін басылары, имамдардың діни ілімі азды көпті болғанмен тәжрибе, тағлымы жоқтың қасы. Әрбір жаңадан оқып келген имам оқымаған жұртқа қарап өзін ғалым санайды, бұл болсада білімсіздіктің, хикметтің жоқтығы. Ал саяси, әлеуметтік, тарихи және халықаралық ахуалдан имамдарымыз тіптен білімсіз.
    Бір ғана мысал Ливанда оқып келген екі қаридың сөзі мен іс амалдарына қарасаңыз жетіп жатыр. Бірі облыстық дін агенттігінде басшы, бірі обылыста имам. Бес, алты жыл тек құранды жаттап келіп, енді елге ілім үйреткісі келеді, ал іс жүзінді елді бүлікке бастап қырылыстырып отыр. Діни білімі аз болсада Әбдсаттар Дербісәлі тәжрибелік танытып көптеген ізгі істерді атқарды. Әсіресе еліміз мұсылмандарының біргуіне көп ықпал етті. Ал қазір қазақ мұсылмандаын бірбіріне жек көрсетуде. Осыдан келіп экстримистік ағымдарға кететіндердің саны артпаса кемімейді. Жастармен солардың деңгейіне сай, діни, дүнелік ғылымы тұрғысынан, тарихи мысалдарды қолдана отырып, қазіргі ішкі, сыртқы халықаралық жағдайдың ахуалын түсіндіре отырып сөйлессе басым көпшілігі көп нәрсені ұғар еді әрі "жихадқа" шақырушыларға өздері де қарсылық көрсететін еді. Бұл істерге тек ынта, ғылми негіз, тәжрибемен қаруланған мамандар топталып мемлекет көмек берсе дін саласында көптеген жаманшылықтың алдын алуға болар еді. Жалпы дін саласында жаңалық пен асығыстықтан сақтану керек.

    • #2
    • Adam
    • дн, 15/09/2014 - 15:00

    Сұқбат қажетті мәселені көтерген. Осы тақырыпқа қосымша ретінде "Шын" кз да шыққан Асылқан Избайровтың сұқбатынан үзінді. "Бүгінде қоғамда Исламның ресми құрылымдарының өкілдері (әрине, бәрі емес) радикалды ұйымдарға қарсы бірлесе қимылдаудың орнына, күн тәртібіне өзге мәселені – «Аллаһ қайда?» деген сұрақты шығарып, фитна тудырып жүр. Ал, бұл кім көрінгеннің талқылауына болмайтын, Ислам ғұламалары зерттейтін өте нәзік мәселе. Аллаһтың есім-сипаты туралы мәселені қоғамды бөлуге пайдалану үлкен күнә, қылмыс. Ол терең теологиялық тақырып және бұл діни радикализм мәселесін шешетін нәрсе емес. Мұны мен қайталаудан жалықпаймын. Біз қазір алдын алу жұмыстарын өте сауатты ұйымдастырып, тәкпіршілдік пен хурудж идеологиясының, ИШИМ идеологиясының бет перделерін ашып, сақтық шараларын мұқият жүргізуіміз керек."

    • #3
    • о
    • дн, 15/09/2014 - 15:02

    Ерлан мырзаның сөзі ойландырды.

    • #4
    • Adam
    • дн, 15/09/2014 - 15:10

    Ғалым Боқашта бір сұқбатында қазақ мұсылмандарының жікке бөлінуінің тигізетін зардаптары жайлы сөз қозғаған еді. Сыртта жүргендіктен біз байқамаған қырлары мүмкін айқын көрінетінде болар, осы жайлы ойларын бөліссе екен. Оның алдын қалай алуға болады екен?

    • #5
    • 01
    • дн, 15/09/2014 - 16:26

    АҒАЙЫН, МҰХТАР ТАЙЖАНҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРЕЙІК!

    http://jaqsy.kz/article/view?id=405

    • #6
    • адамды күлкіден шаршатып тастамандар
    • дн, 15/09/2014 - 17:56

    карин - ғалым? карьерист, проходимец, екіжүзді сұмырай!

    • #7
    • https://www.youtube.com/watch?v=7lDRTNcePDQ
    • дн, 15/09/2014 - 19:05

    https://www.youtube.com/watch?v=7lDRTNcePDQ

    • #8
    • Адал
    • дн, 15/09/2014 - 22:42

    Тақырып дәл қойылған. Қазақстанда шыққан діни кітаптардың аясын тарылтып, дұрыс кітаптардың өзін шектеп, сатылу орындарын 100 пайыздан 10 пайызға дейін қысқартқаанан кейін жұрт интернетке кірмегенде Лама Шарйптің үйіне кірсін бе? Ол істеріін істеп, Мусиндердің тапсырмасын артығымен орындап, жастарды жарға таяп тайып тұрды. Сонда надан саясаты арқылы жастарды, халықты интернетке итермелеп тыққан биліктің өзі болып шықпай ма? Бұл саясатқа КНБ ның мамандары да, Нурмубарак университетінің ұстаздары да, депутаттар мен ғалымдарда анық дәлелдермен қарсылығын білдіргенмен Лама Шаріп трактор секілді таптап, ешкімді де пысқырған жоқ, өйткені оған солай бұйрық берілген. Енді уақыт көрсеткендей бұл саясаттың зардабы келе бастады. Енді кітаптардың сатылуын бүрынғы қалыпқа кетірмей интернет жамағатын арттыра береміз, яғни сыртқа еліктеуші, еруші такфирші, экстримистерді интернет арқылы өзіміз дайындатқан боламыз. Діни әдебиеттерді сатуға рұқсат берілген көптеген ірі кітап фирмалары ислам дініне қатысты кітапты сатудан ашық бас тартты. Бір ғана "Меломан" секілді алыптардың бас тартуы не тұрады. Ерлан мырза осы мәселені шешуге мәселені зерттеуші ретінде өз үлесіңізді қоссаңыз.

    • #9
    • Бейбіт
    • дн, 15/09/2014 - 23:16

    Бұл қозғалыстардың барлығының артында салафиттер тұр. Олар барлық жерге ықпалын жүргізуде.

    • #10
    • ШАЛА Казахпын
    • сс, 16/09/2014 - 0:59

    Не ищите ПЕРВАЯ ЛЮБОВЬ а занимайтесь делом: ..... https://www.youtube.com/watch?v=YYkNFK5uE4g

    • #11
    • Мурат
    • сс, 16/09/2014 - 1:25

    Әлеуметтік желілер арқылы экстремизмге жаны жақын жастарды табу оңай іс. Ең қызығы танысып бір-екі сойлескеннен басталады. Біріншіден жастарға еліміздің зайырлы екені әрі барлық кемістіктері тізіліп айтылған соң "Ал енді әділдік қайда?", "Бұл үдерісті өзгерту қажет емес пе?" және "Біз енді не істей аламыз?" деген секілді сұрақтар қойылады. Қаны қызу, атылып тұрған азаматтарымыздан "Әріне, біз бұны бірден және күрт өзгертеміз!" дегенін естіген мезетте тығыз араласып, айналасындағы қоғамнан бірте-бірте ажыратып, санасына бұрмаланған жыхад тұжырымын бекітуге кіріседі. Осылайша қарапайым жастарымыз иісі мұсылманға харам болған шетелдің қызыл қан майданына аттандырылады.

    • #12
    • ШАЛА Казахпын
    • сс, 16/09/2014 - 12:47

    Пайғамбар: “Раббым! Рас менің елім бұл Құранды тастап қойды” деді. ....Коран;сура 25-30.

    • #13
    • осы карин деген кім?
    • жб, 28/09/2014 - 9:39

    жоо орнында жүргенде бір бишара, өзімен өзі, өз оқитын топта ешкіммен және жеке болып жүрген, шалапұт! кейбір мүғалімдерге жалынып көмек сұраған курстық немесе дипломдық жұмыстарды жазу! ал, данышпан, білігер, ғалымға айналған! қандай масқара, өтірік және цирк!

Пікір қосу

  • 4 + 34 =

Вход