Жұма, 29 Наурыз 2024
Қауіп еткеннен айтамын 4697 0 пікір 18 Қаңтар, 2015 сағат 11:13

ӘЛЕМДІ ЭКСТРЕМИЗМ ЕЛЕСІ КЕЗІП ЖҮР

Айтары жоқ, биылғы жаңа жыл дүниені дүр сілкіндірген «ПАРИЖ ЛАҢКЕСТІГІМЕН» басталды. Журналистер мен полиция қызметкерлері, қала берді қарапайым адамдар қаза болды. Жұмыр жер бетінде ТРАУР жарияланды. Қызық... әрі қайғылы. Өте қайғылы. Қызық дейтін себебіміз – әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде әсіресе Сирия мен Иракта екі күннің бірінде лаңкестік оқиғалар орын алып, адамдар»қойдай қырылып» жатса да, елең еткен ешкім болған емес. Бұл елдердегі лаңкестіктер, бұл елдердегі «қойдай қырылып» жатқандар кейбіреулер үшін, әсіресе АҚШ пен Еуропа елдері үшін «күн тәртібіндегі болуға тиіс» әрекеттер сияқты қабылданып келді. Қабылданып жатыр да. Қабылдана беретін де шығар... өйткені қарапайым халық емес, саясаттың «қабырғасын қақыратқан» халықаралық деңгейді сарапшылардың көпшілігі осылай ойлайды. Ал енді бұл елдердің барлығы да негізінен Ислам дінін ұстанған мұсылман мемлекеттері екенін ескеретін болсақ, «неге бұлай болуға тиісті?» деген сұраққа ешкімнің жауап бергісі... дәлірегі – бұл сұраққа ешкімнің жауап тапқысы келмейді. Қырып жатқандар да, қырылып жатқандар да мұсылмандар деп есептеледі. Елдердің көпшілігінде. Қырылып жатқандар қарапайым мұсылмандар, бұған дау жоқ, ал енді қырып жатқандар ше? Қырып жатқандар да мұсылмандар ма? Тағы да қызық, өйткені бет-ауыздарын тұмшалап алған лаңкестердің мұсылмандар екенін әлі күнге дейін ешкім халықаралық СОТ деңгейінде дәлелдеген жоқ. Тіпті осы жерде «Аллаһу акбар!» деп автоматтан оқ жаудырғандардың барлығын мұсылмандар деп қабылдай берген дұрыс па өзі?» деген заңды сұрақ та туындайды. «Мұсылмандар террористер!» деп АҚШ немесе ЕУРОПА айтса бітті, бүкіл жер бетінде жүз пайыз солай қабылдануға тиіс тәрізді.

НЕГЕ?

Жауабы БАР болса да, жауабы ЖОҚ сұрақ.

Франциялық «Шарли ЭБДО» сатиралық журналының негізгі ұстанған бағытына қарсылық білдірген нигерліктер күні кеше ғана өз астаналары Ниамей қаласында орналасқан жеті бірдей шіркеуді өртеп жіберді. Қарап отырсақ, дінаралық СОҒЫС өрті (бетін аулақ қылсын әрине) тұтанайын деп келе жатқан сияқты. Кім кінәлі? Жауабы бар болса да, жауабы жоқ сұрақ. Атам заманнан бері әлемді аузына қаратып, «МЕН» деген патшалардың өздеріне қолын сүйгізетін Рим Папасы да күні кеше ғана айтты – «Мұхаммед пайғамбарды карикатуралаған «шарлиэбдолықтар» сияқты... адамдардың діни наным-сенімін қорлауға болмайды» деп. Тыңдап жатқан, Рим Папасының ақыл-кеңесін керек қылып жатқан ешкім жоқ. Дәлірегі – Рим Папасының ақыл-кеңесін керек қылып жатқан «шарлиэбдолықтар» жоқ, олар (немесе олардың артында тұрғандар) Мұхаммед пайғамбардың карикатураларын тағы да шытырлатып шығарып жатыр. Естіген адамның есі бүлінетін... 7 миллион таралыммен! «Мұндай таралым дүниежүзінің бір де бір елінің бір де бір басылымында болмаған!» деп өздері мақтанып жатыр. Сонда «шарлиэбдолықтардың» өздері сезініп-түйсіне ме екен – уақытша ғана болатын мұндай таралымға өз әріптестерінің «мәйіттері арқылы» қол жеткізіп отырғандықтарын? Бұл не сонда – еуропалық СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ма, әлде сөз бостандығының «шекпенін жамыла отырып» кейбіреулердің (мәселен, арнайы қызметтің деген сияқты) тапсырысын орындау ма? Әркім әрқалай ойлайды. Мұндайды.

Лаңкестік оқиғаларға байланысты біраз жылдардан бері «ИСЛАМ ЭКСТРЕМИЗМІ» деген халықаралық терминнің пайда болғанын бәріміз білеміз, әйтсе де «экстремизм» атаулыны «бір шыбықпен айдап әкеліп», ИСЛАМға тели салу қаншалықты дұрыс? Мүлде дұрыс емес, мұны да бәріміз жақсы білеміз. Алайда осынау термин туралы бір де бір саясаткер немесе сала маманы, бір де бір ғалым немесе дін өкілі түсінік беріп, терминді «беймарал» пайдаланатындарға бір ауыз «ТӘЙТ!» деген емес. Соның салдары болар, байқап қарасам, соңғы кездері орыс тілінде жарияланып жатқан кейбір ақпараттарда    «ИСЛАМИСТ» немесе ИСЛАМИСТЫ деген тіркестер пайда болыпты. Яғни, лаңкестікке қатысы бар-ау деген күдіктіге немесе күдіктілерге «исламист», «исламисты» деп ат қойып, айдар тағады. Бұл қалай сонда? Мұны қалай түсінуге болады сонда? Мұсылман адам әлбетте «исламшы» болмай ма, а? Әлде мен бірдеңені шатастырып отырмын ба? Менің түсінуімше, кез-келген лаңкестік «діни зкстремизм» ретінде Исламға да, басқаға да таңылмауға тиісті. Мұндай оқиғалардың соңы, яғни Париждегі лаңкестік мен Ниамейдегі шіркеулерді өртеу сияқты оқиғалардың соңы... дінаралық СОҒЫСқа ұласып кетуі тіпті де ғажап емес. «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» демейтін бе еді?!

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544