Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Рух 22633 0 пікір 6 Ақпан, 2015 сағат 10:20

ТАЗАРҒЫҢ КЕЛСЕ, ТЕАТРҒА БАР!

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзімен бастағым келіп отыр. Кез келген елді ерекшелейтін мәдениеті мен әдебиеті, салт-санасы мен тарихы, рухани дүние танымы екені даусыз. Ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар дейді дана халқымыз. Сол сан түрлі өнердің ішінде театр өнері, театр мәдениетінің орны бір төбе. Әрбір театрдың тарихи жағынан қалыптасып дамуы, болашаққа қадам басуы, өсіп-өркендеуі, әр халықтың өмір-тұрмысымен, салт-санасымен, тағлымды тарихымен және ішкі мәдениетімен тығыз байланысты. Басқа өнер түрлері сияқты театр өнері де қоғамдық ой-сананың шарықтау шегі мен адами дүниетанымның жемісі.

Театр (грекше theatron – ойын-сауық орны; ойын-сауық) – сахналық өнердің өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін бір түрі; ойын-сауық немесе спектакль; түрлі сахналық ойын-сауықтар, сонымен қатар жалпы мәдени шараларды өткізілетін орын-жай.

Енді сонау Грекиядан бастау алып, қазақ топырағында театрдың дамуына тоқталсақ. Театр мәдениеті мен өнері біздің халық ауыз әдебиетінде жатыр. Қазақтың әдет-ғұрыптарындағы, салт-санасындағы, жоқтау өлеңдер, айтыс, мақал-мәтелдер, естірту, сыңсу сияқты фолькльорларымыз - қазақ театрының бастау көзі. Кезінде Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар ұйтқы болып ұйымдастырған Семейдегі шара ерекше өткен. Бұл оқиға ұлы Абайдың ұлы мұрасын халқымен қауыштыруға арналған игілікті іс болып, тарих бетіне жазылды. Қаламызда 1915 жылы өркендеп келе жатқан өнерді «Біржан мен Сара» айтысы төңірегіне тоғыстырып, сахналық көріністері мол бағдарламамен өткізілген ойын-сауық, орайына қарай ұйымдастырылатын ақындар айтысы, өлең-жыр, ән мен күй кештері жас бастамашылардың зор талпыныстары туғызған жаңа қойылымдар театрдың бастау алуына себеп болды.

Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы саналады. Оған дәлел, 1917 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен Ойқұдық жайлауында қойылған “Еңлік-Кебек” пьесасы қазақ еліндегі жаңа өнердің, қазақ театрының тұсаукесері болды. Қазақ мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, зор екпінді күш болды. Театр өнері қарыштап дами  бастады, алға қадам басты. Ойқұдықта ойлы дүниемен бастау алған рухани сілкініс, өнердің өркендеуіне ықпал етті. Мұхтар Омарханұлының бастауымен “Ес-Аймақ” театры 1920 жылдары қарқынды жұмыс атқарды. Рухани шөлдеген жұртты өнермен сусындатты.  Әйгілі Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Ғалиақпар Төребаев, Қалибек Қуанышбаев сынды майталман өнер иелері топтасып, театр өнері биікке қанат қақты.

1922-1925 жылдар аралығында Семейде Жұмат Шаниннің режиссерлігімен «Арқалық батыр», «Айлалы шал», «Торсықбай қу», «Сәкен Сейфулиннің «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар», «Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Ел ағасы», «Бәйбіше-тоқал», татарлардың «Ғалиябану» пьесалары сахналанып, «Ес-Аймақ» өзінің жас таланттармен толығып, шығармашылық ұжымның талпынысы, баршама материалдық базасы да бар театр ұжымы екенін толық дәлелдеп берді. Театрдың өркендеуіне жол ашылды.

Семей облыстық қазақ музыкалы-драма театры кәсіби өнер ордасы ретінде өз шымылдығын 1934 жылы 6 маусымда Ілияс Жансүгіровтың «Кек» пьесасымен ашты. Театрдың ресми түрде ашылуы осы уақытта болғандықтан театрдың 80 жылдығы соған сәйкес саналды.

Қазақстандағы таптық төңкерістің көріністерін «Кек», жаңа заман, жаңа өмір үлгісін «Майдан», сол замандағы төрешіл-тоғышарлықты суреттейтін «Талтаңбайдың тәртібі» пьесаларын сахналап, сомдалған бейнелер көрермендерге ой салып, әсерге бөледі. 1935 жылы сахналанған «Еңлік-Кебек», Жұмат Шаниннің «Шахтасы», В.Каршонның «Астық», Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз», «Ер Тарғын», «Түнгі сарын», «Қыз Жібек» спектакльдері театрды жаңа белестерге көтерді.

1941-1945 жылдары ел басына күн туған шақта өнер киесіне адал труппа актерлері өз тұғырынан тайған жоқ. Майданға аттанған жиырма жеті азаматтың орнын жоқтатпай, ұжым күндіз-түні еңбек етті. Қазақ даласындағы қайғылы жағдайларға қарамастан, елдің рухын көтеруге ат салысып, мәдениеттің өркендеуін тоқтатқан жоқ.

1954 жылы Абай атындағы Семей театрына Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков пен Шәкен Аймановтардың жолын ұстанған, үлкен мектеп көрген кәсіби театр маманы Бәйтен Омаров келеді. 1954-1971 жылдар аралығында театрдың бас режиссері болып еңбек еткен ол Гогольдің «Ревизорын»,  Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Айтматовтың «Ана – Жер ана», Тәжібаевтың «Майра», Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» мен «Жат елде», Әуезовтың «Қаракөз» бен «Еңлік-Кебек», Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты», Мұхамедхановтың «Комиссар Ғаббасов», Сатаровтың «Ғариб пен Сәнәм», Мұқановтың «Қашқар қызы», Шаңғытбаевтың «Ой, жігіттер-ай», Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльдерін сахналап, театрды тағы бір биікке көтерді.

Семей театрының, жалпы қазақ театрының керегесін кеңейтіп, уығын шаншыған, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Ғалиақбар Төребаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Фатима Әшкеева, Құрманбек Жандарбеков, Сіләмбек Қыдыралин, Хасен Байырманов, Халекет Ешмұратов, Гүлсім Әбдірахманова, Нуридден Атаханов, Рахия Сүлейменова, Байділдә Қалтаев, Рабиға Есімжанова, Сейфолла Мұхамеджанов, Мұқан Бектенов, Рысбек Жәкенов, Нұрмағанбет Әбішев, Күләш Сәкиева тағы басқа актерлер мен режиссерлердің қатары өмірін өнерге бағыштаған Ә.Жаңбырбаев, Б.Имаханов, Ж.Сәкенова, М.Бұланов, Б.Жұманов, Е.Нұрбаева, М.Бәкенов, И.Жарболов, Ә.Қожмұхамедов, М.Бақтияров, Б.Сыбанов, Ш.Бахтинова сынды таланттармен  толығып, тыңнан түрен салды. Бекен Имаханов сомдаған «Абай», Әбілқасым Жаңбырбаев бейнелеген Сырым, Күләш Сәкиева ойнаған «Майра», Тұратай Иісова тірілткен «Қаракөз» бәрі-бәрі қазақ өнерінің қарыштап дамуына ат салысып, театр абыройы артты.

1972 жылы театрға бас режиссер, әрі көркемдік жетекші болып Есмұқан Обаев тағайындалады. Бұл кісі өз талантының ашылуын ғана ойламай, театрды биік белестерге көтеруді мақсат тұтты. Биік-биік белестерден көрінді. Театр ұжымын талмай еңбектенуге ұмтылдырып, алға сүйреді. Е.Обаев театрда В.Шекспирдің, Ф.Эрвенің, Н.Гогольдің, М.Каримнің, М.Горькийдің пьесаларын сахналады. Қазақ классиктерінен Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қаракөз», «Айман-Шолпан», Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақансері - Ақтоқты», Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», «Мөлдір махаббат», «Қашқар қызы» пьесаларын қойып, заманауи тың идеялармен толықтырды. Көрермен қауымның да театрға ықыласын арттырды.

Семей театрында ең ұзақ еңбек еткен талантты режиссерлер Бәйтен Омаров пен Есмұқан Обаев еңбектері жоғары бағаланып, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Қазақстанның халық артисі» құрметті атақтарына ие болды.

Талантты сазгерлер Теміржан Базарбаев, Ғазиза Жұбанова, Әсет Бейсеуов, Мәуліт Рахымбаев, Олег Жанияровтар театрмен тығыз байланыста еңбек атқарды. Олар пьесалардың музыкасын жазып, әуезбен көркемдесе, Теміржан Базарбаев, Төкен Ибрагимовпен бірге «Жас Абай» музыкалы спектаклін жазды. Аталған спектакль Абай театрының классикалық репертуарына қосылды.

Республика басшылығы сонау соғыстың уақытында театр ұжымының еңбегін жоғары бағалап, Г.Әбдірахмановаға, Р.Жәкеновке, Х. Байырмановқа, Ш.Қалтаевқа, С.Қыдыралинге, Ж.Шаймардановаға, М.Кореновқа «Республикаға еңбегі сіңген артист» атағын берсе, сол үрдіс он жылдан соң жалғасын тауып С.Қыдыралин «Қазақстанның халық артисі» атанса, Ә.Жаңбырбаев пен Ж.Сәкеноваға «Республикаға еңбегі сіңген артисі» атағы берілді. Бұдан кейінгі кездерде Н.Атаханов, К.Сәкиева, Б.Имаханов, Ә.Жаңбырбаевтар Қазақстанның халық артистері құрметті атағына ие болса, Б.Мұхамеджанова, Мақсұт Бахтияров, Жұмабек Құнанбаев, Шайзат Бахтинова, Мұқатай Бұланов, Болат Сыбанов, Болат Ноғайбаевтар «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері» болды.

Абай атындағы Семей театрында еңбек еткен уақытында бас режиссер Ерсайын Төлеубай театр директоры Рақымғали Мыржықбаевпен бірге жас актерлерді кәсіби тәрбиелеуге ұмтылды. Қалыптасқан, оқу-үйрету мектебі іспетті студия өз жұмысын жемісті жалғастыра білді. Одан білім алып, қанаттанған жастар бірте-бірте өнерге құлаш сермеді. Театр майталмандары арттан ерген жас буынға білім-тәрбие беруде елеулі еңбек етті. Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Шайзат апай Бахтинованы, ҚР Мәдениет қайраткері Әсем Баированы, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Болат Ноғайбаевты жастарға үлгі болды дей аламыз.

Әр жылдарда театрға басшы болған Ғалиақпар Төребаев, Орынбек Беков, одан беріректе Отантай Кәрібжанов, Рақымғали Мыржықбаев, Адай Азаматов, тағы басқа іскер қолды, алғыр ойлы азаматтар өнер өрісін одан әрі шыңдап, театрдың ыстығы мен суығына бірдей шыдап, қазақ театрының қарыштап дамуына ат салысты.

Бүгінгі таңда Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрына ие болып, басшылық жасап отырған талантты актер, талай классикалық спектакльдер қойған режиссер, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бауыржан Төлековтің еңбегі де ересен. Бауыржан Халықұлы қаншама  рөл сомдады, еңбек пен жігердің арқасында биік белестерге көтерілді. Ол мынандай туындыларды сахналады: «Махаббат қызық, мол жылдар», «Ақ берен», «Ер Төстік», «Бәйшешек терген қыз», «Алдар Көсе»... Актер ретінде Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» - Бекболат, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» - Жапал, З..Исмағиловтың «Құдашасында» - Ілияс, М.Байджиевтің «Назында» - Ескендір, М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысында» - Алшағыр, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» - Тоқты, Ш.Айтматовтың «Боранды бекетінде» - Мәңгүрт образдарын сомдам, ел ықыласына бөленді.

2012 жылы театрдың көркемдік жетекшісі болып Жуасбек Ербол Тілеуқұлұлы тағайындалды. Білімді, білікті өнер иесі аз уақыт ішінде өзін кемеліне келген режиссер ретінде танытты. Ол сахналаған «Күшік куйеу», «Әріп терушінің әбігері», «Қош бол, Гүлсары», «Ғашықтар хикаясы» спектакльдері бүгінгі көрерменнің талғамынан шықты.

Қазақстанның халық артисі, үш орденнің иегері, 90 жастағы Күляш Сакиева, Қазақстанның халық артисі, Семей және  Абай ауданының құрметті азаматы Бекен Имаханов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Шайзат Бахтинова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ноғайбаев, ҚР мәдениет қайраткері, сазгер Сапарбек Әшімбеков, ҚР мәдениет қайраткері Әсем Баирова, ҚР мәдениет қайраткері, әнші-актер Мырзахан Сыдықов, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Бақыт Тойымбаева, ҚР мәдениет қайраткері Айман Манекина, ҚР мәдениет қайраткері Шолпан Муханбетова, сахна шебері, актер-әнші Азамат Нұрқамыс, театрдың белді әншісі Бекзат Омашев, сахна шебері Галия Дәрменбаева, ҚР мәдениет саласының үздігі, сахна шебері Сәндібала Бекбаева, актер, сахна шебері Сұлушаш Төлекова, ҚР мәдениет қайраткері Нұрбағила Чинкебаева, музыканттар Владимир Лаптев, Нұрбек Ташкенбаев, актер Айтбек Тәшімбетов, сазгер, музыкант Муратбек Омаров, балет артистері - ҚР мәдениет қайраткері Рыстықайша Иманбекова, ҚР мәдениет саласының үздігі Альмира Айдарханова, бас суретші Жанна Жүнісова, актер Әсел Нұрланова, актер Динара Қабышева, балет артистері Римма Егізбаева, Жанат Үмбетжанова, Луиза Байсаева, Зарина Жүнісбекова абыроймен еңбек етіп келеді. Шығар биік, алар асу алда. Шынайы өнердің келешегі айқын, жолы даңғыл. 

Театр Каирде өткен Халықаралық және Республикалық фестивальдердің лауреаты. Республика көлемінде өтіп жатқан барлық мәдени-іс шаралардың басы-қасында жүреді. Театр жыл сайын өз репертуарларын жаңартып, заманға сай жаңа бағыт ұстанып келеді.

80 жылдық тарихы бар Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрының өткен жылғы еңбегі ұшан-теңіз. Абай театрының шығармашылық ұжымы республика көлеміндегі фестивальдерге жиі қатысып, көрші аймақтарда да өнер көрсетуде. Мәселен, Өскеменде ашылған Қабанбай ескерткішінің тұсаукесерін ұйымдастырып алғыс хатпен марапатталды. Павлодарда өткен  Аймақтық театр фестиваліне қатысып, «Әдебиетті насихаттағаны үшін» номинациясын қанжығаға байлап келді. Сонымен қатар театр ұжымы облыстағы аудандарды аралап, гастрольдік сапармен сәтті шығармашылық кештер қойып қайтты. Күршім, Тарбағағатай, Абай, Жарма аудандарының тұрғылықты халқынан ерекше қошемет алып қайтты. Қалбатаудан өткен Ер Жәнібек ескерткішінің ашылуына сүбелі үлес қосып, театрдың шығармашылық ұжымы ерекше көзге түсті. Абай елінде, Жидебай жерінде режиссер Досқан Жолжақсыновтың түсіріп жатқанҚұнанбай фильміне де қаншама актерлар түсіп, үлкен көмек танытты.

Театр репертуарына келетін болсақ, жаңа туындылармен толығуда. Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адамын», Е.Төлебайдың «Қасқырлар» спектаклін сахналады, тың ертегілер дайындалуда. 

Бүгінгі таңда театр ұжымы киелі қара шаңырақта тату-тәтті, шығармашылық байланыста ғұмыр кешіп келеді. Мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзінше үлес қосып, биік шыңдардан көрінуде. Қазіргі театр тіршілігі қарқынды дамуда, заман талаптарына сай, жаңа үлгідеге пьесаларды сахналауда. Жалынды, дарынды жастармен толыққан театрдың терезесі тең деп айтсақ артық емес. Кейінгі буынға жол көрсететін ақсақал ардагерлеріміз де жемісті еңбек етуде. Абай театрының алар асуы әлі алда, көрерменнің қошеметіне бөленіп, елдің алғысын алған өнер иелерінің де биікке қаққан қанаттары талмасын деп тілейміз. 

Мерей ҚАРТОВ,

Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Семей.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511