Жұма, 2 Мамыр 2025
Әдебиет 353 0 пікір 2 Мамыр, 2025 сағат 09:31

Алтын сандық

Сурет: kk.wikipedia.org сайтынан алынды.

Эссе

Үлгі, үрдіс және үштаған
Тарқамайтын құмары,
Тілтанудың шынары.
Тұғыры алтын сырлы сөз –
Тағдырының тұмары!
(Тақырыптың тұздығы)

Академик Шора Сарыбаевтың туғанына жүз жыл толды. Жүз жыл! Ол жер бетіндегі жасын ғұмырында сол жүз жылдың тоқсан үшінші белесін көріп кетті. Міне, енді, ардақты ағаның рухын ұлықтаған жеті жылды артқа тастап, ғасырлық белесіне де жеттік. Жалпы, ғасырлық ғибрат қалдырған Шора Сарыбаевты кім деп танимыз?

Ол – ең алдымен, қазақ тіл білімінің тарихында айрықша із салған танымал ғалым. Екіншіден, өз саласының шыңына шыққан зерделі зерттеуші, атақты академик. Үшіншіден, ұзақ жыл қызмет істеген Тіл білімі институты директорының орынбасары болған білікті басшы. Төртіншіден, үлкенге де, кішіге де сыйлы, ешкімге де жаттығы жоқ ақкөңіл азамат. Бесіншіден, жоғары оқу орнында талай жыл дәріс берген парасатты профессор. Алтыншыдан, бірнеше шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Жетіншіден, төңірегін күміс күлкімен көмкерген, өз ортасын қашанда той-думанға айналдырып жүрген әйгілі әзілкеш. Сегізіншіден, «Қайрат» футбол командасының орталық стадионда өткен бірде-бір ойынын қаза қылып көрмеген, тіпті жалғыз ұлының есімін де соның атымен атаған жанкешті жанкүйер. Тоғызыншыдан, өзі қалаған бұйымын қалауынша жинаған көнекөз коллекционер. Оныншыдан...

Кейде қолынан көп іс келетін жан-жақты адамды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп дәріптеп жатамыз. Шора ағамыздың өзі ықыластанып атқаратын шаруаларын асықпай санамалап көрсек, ол кісінің қырлары сегіз тұрмақ, он сегізден де асып кететін тәрізді. Ғибратты ғалым қай кезде де көңілді жүрді. Көңілді жүрген соң қолайына келетін қай іске де пейілі бұрылған болуы керек.

Шора Сарыбаев осыдан жүз жыл бұрын Ташкент қаласында әйгілі ағартушы Шамғали Сарыбаевтың отбасында туған. Қазақ зиялыларының талайының табаны тиген шежірелі шаһарда дүниеге келген ол сәби кезінен-ақ ұлт ұлағатын санаға сіңірген сыңайлы. Осылайша балалық шағында бағытын түзеп, бағдарын айқындап алған пайымды перзент бүкіл тағдырын тіл білімімен байланыстырғанды жөн санады. Бұл ғылымның сан алуан тармақтарына терең бойлап, диалектология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, морфология, алтайтану салаларына түрен салды.

Ол үлгісі мен үрдісі қалыптасқан, дәстүрі бай классикалық ғылымның көрнекті өкілі болды. Қолға алған зерттеулерінің қай-қайсысына да білек сыбанып кірісті. Ғылыми еңбектерінің бәрі дерлік кейінгі буынның қолынан түспейтін құнды дүниелерге айналды. Бұрынғы одақтың барлық республикаларына тарайтын беделді ғылыми журналдарға оның мақалалары үзбей басылып тұрды. Ол сапалы ой-пікірлері мен сындарлы ұсыныстарын жариялап, қалың жұртшылықтың ықыласын иелену арқылы тумысынан зиялылар әулетінің бойтұмары іспетті Сарыбаев деген ататекті белгілі брендке айналдырды. Әрине, екі ғасыр ішінде елге мәлім болған басқа Сарыбаевтардың да өзіндік орны бар. Бірақ тілтанудың тұғырлы тұлғасы боп қалыптасқан бұл Сарыбаевтың жөні бөлек.

Соңғы жиырма жылдың бедерінде Ұлттық Ғылым академиясының тіл білімі саласындағы төрт бірдей академигі ел-жұртқа кеңінен танымал болды. Олар – Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздықова, Шора Сарыбаев және Өмірзақ Айтбаев. Әсіресе тоқсаннан асқан алдыңғы үшеуінің сергектігіне қарап, жүз жастың есігін еркін ашатын шығар дейтінбіз. Бірақ ғасыр жасау олардың маңдайына жазылмапты.

Ел арасына тарап кеткен «Сан қырлы Сарыбаев» деген тіркес бар. Шора ағамыз ойға оралғанда оның әмбебаптығы туралы айтылмай қоймайды. Бірақ бәрібір оның ғылымы бірінші кезекте тұрады. Ғалымның қалдырған мұрасы бүгінгі зерттеушілердің кәдесіне толық жарап келеді. Ана бір жылы Шора ағамыздың талай жыл бойы жинаған құнды кітаптары, дәлірек айтқанда, жеке ғылыми кітапханасы Астанадағы ұлттық академиялық кітапханаға табысталды. Өте сирек жәдігерліктерге айналған бұл кітаптар мәдениет ошағының мазмұнын байытып, мәртебесін арттыра түсті. Тілші-ғалымды академик дәрежесіне дейін жеткізген қастерлі қазына әлі де талай ұрпақтың ғылым жолына түсуіне септігін тигізеді деп сенеміз.

Өз саласында зор табысқа кенелген зиялы зерттеуші лингвистикамен айналысудың рахатын ештеңеге де айырбастамайды. Қалған тірлігінің бәрі ғылымды ілгерілетіп, соған деген ықыласын арттыра түсу жолындағы қосымша әрекеттер болатын. Шора Шамғалиұлы мұны өте жақсы түсінді.

Ол бір қарағанда жұмсақ жүректі, аса ақкөңіл адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол жұмсақтықтың ар жағында мақсаткерлік пен қайсарлық атойлап тұрады. Қолға алған шаруасын аяғына жеткізбей тынбайды. Білім мен ғылым жолында ешқашан аянып қалмайды.

Шора Сарыбаев о баста нағыз ғылым адамының денсаулығы мықты, жаны таза, санасы сергек, көңілі көтеріңкі болуы керек деген қағиданы берік ұстанған-ды. Сол себепті жас күнінен өзін-өзі күткен деп ойлаймыз. Ғылым әлеміндегі ұзақ сапарға жақсылап дайындалған тәрізді. «Күлкі – денсаулық дәрумені», «Сергектік – сана тазалығының кепілі», «Уайым-қайғыдан аулақ болу – миды тынықтырудың кілті», «Қимыл-қозғалыс – жүйелі жұмыстың тетігі», «Әдемі әзіл – орнықты ойдың бастауы» деген секілді ескірмейтін ережелерді қаперіне алып, алға қарай адымдай берді. Сол сергектіктің арқасы шығар, өмірге деген құштарлығы мен құлшынысы алабөтен еді. Бастаған ісін қашанда үлгінің үрдісіне, өнегенің өлшеміне айналдырады.

Енді бүгін жеті жылы кем бір ғасырдың салмағын сараласақ, ғибратқа толы кезең болғанын көреміз. Ғасыр ғибраты. Ғибрат ғасыры. Бұл – алдымен ерен еңбектің ғасыры. Шора ағамыз тынбай жұмыс істегенді ғана білді. Екіншіден, өмірлік өнегенің ғасыры. Ол ғылыми еңбектері арқылы талай ұрпаққа үлгі көрсетті. Үшіншіден, тағылымды тәрбиенің ғасыры. Ол өзінің іс-әрекеті, мақсат-мұраты, аманатқа адалдығы арқылы бірнеше буынды тәрбиеледі.

Осы үш қасиеті оның үйлесімді үштағаны еді дей аламыз.

Сыр, сапар және сұхбат
Көргендіні сыйлайды,
Көңіліңді қимайды.
Күлкілердің түрінен,
Коллекция жинайды!
(Тақырыптың тұздығы)

Тоқсаныншы жылдардың аяғында Сыр еліне Шора Сарыбаев келді. Жалғыз келген жоқ. Қасында ең жақын шәкірті Кәрімбек Құрманәлиев бар. Кәрімбекті сонау студент кезімнен жақсы білемін. Жап-жас күнінде Алматы шет тілдері институтында құрылған «Тұлпар» деген әдеби ұйымды басқарып, өзге оқу орындарындағы әріптестерімен тығыз байланыс жасап тұратын еді. Сол мезгілде таныстық. Ғылымға бәрімізден ерте келді. «Ғылыми жетекшім – өте жайлы адам», – деп қуанып жүретін. Шора Сарыбаевты айтады екен ғой.

Тыным таппай жортып, Омбы қазақтарының тілін зерттеді. Солтүстік жаққа қайта-қайта сапар шекті. Ақыры Шөкеңнің жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғады. Содан бері ол Шора ағамызды туған әкесінен кем көрмейді. Қайда барса да жанында жүреді. Ұстазының айтқанын екі етпейді. Жеке көлігімен қалаған жиынына алып барады. Ол кісі әбден жұмысын бітіріп шыққанша сыртта сарылып күтіп тұрады.

Енді, міне, сол дәстүр бойынша Шөкеңді ертіп, Сыр бойына келіп отыр. Бұл тұста Кәрімбек Қазақ қыздар педагогикалық институтының шет тілдері кафедрасын басқаратын еді. Ұмытпасам, ол еліміз бойынша сол тұстағы ең жас кафедра меңгерушісінің бірі болды-ау деймін. Жетекшісі де, шәкірті де бірінен-бірі өткен жігерлі. Сол жігердің арқасында әкелі-балалы екеуі осы күндері Сыр бойында жортып жүрді.

Көп ұзамай Шора ағаның Сыр еліне келген себебін де анықтап біліп алдық. Қызылорда қаласында оның ең жақын адамдарының бірі Әніс Жақыпов тұрады. Осындағы университеттің профессоры. Жұртқа өте сыйлы адам. Ғибратты ғалым. Ертеректе түйе атауларын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған. Сол еңбек еліміздің тілші-ғалымдарынан жоғары баға алған. Әніс ағаның танымдық кітабын табанынан таусылып кітапханадан іздеп жүргендерді талай көрдік. Түйе атауларын тізіп, жіктеп-жіліктеп, талдап-таразылаған әрі тиянақты жазылған бірден-бір еңбек болса, неге іздемесін?!

Әлеуетті Әнекең – өмір бойы Сыр бойында қызмет істеген профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың зерделі замандасы. Кешегі елге тұтқа болған әйгілі Әукеңдер дүниеден өткен соң Әніс аға байырғы оқу орны ақсақалдарының бірі боп қалған-ды. Бірақ біз осы кезге дейін бұл ағамыздың Шора Сарыбаевпен етене араласатынын білмеппіз.

Сол Әніс ағаға біз де бөтен емеспіз. Соның алдында ғана Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры боп қызмет істеп, қала әкімінің орынбасарлығына ауысқан бетіміз. Ардақты ағалар Алматыдан келген меймандармен бірге біздің де дастархандас болғанымызды жөн санапты. Сол тұстағы Қызылорда қалалық телерадиокомпаниясының төрағасы Шаһизада Әбдікәрімов те қасымызда жүрді.

Әніс ағаның үйінде отырмыз. Кәрімбек жетекшісіне де, жетекшісінің жолдасына да өте еркін сөйлейді. Елден бұрын кандидаттық қорғап, кандидат бола тұра профессорлық атаққа қол жеткізіп, айдарынан жел есіп тұрған кезі. Шора Шамғалиұлы бір әңгімені өз жөнімен бастап келе жатса, «Ой, көке, бұл онша қызық емес, одан да ана бір күлдіргі оқиғаны айтыңызшы», – деп кимелеп кетеді. Оған сөзімді бөлдің деп, реніш білдіріп жатқан Шөкең жоқ. Ерке баласына бір қарап қойып, әңгімесін келген жерінен әрі қарай жалғай түседі. Шәкіртінің де көңілін қалдырмайды.

Мен Шора Шамғалиұлымен алғаш рет дастархандас болғандықтан, олардың жарасымды сұхбатына көп араласпай, елге танымал екі кісіні асықпай тыңдадым да отырдым. Екеуі де – көненің көзі. Сөздері шегедей. Әзілі жебедей. Қалжыңы кесіп түседі. Бірақ зілі жоқ. Бір-бірін ара-тұра іліп-шалып қояды. Сондай жарасымды. Әсіресе, Шөкең. Жұдырықтай ғана кісі. Өте тартымды адам. Айналасын күлкіге көміп отырады екен. Әзіл-қалжың айтқанның өзінде тыңдаушысына бірді-екілі пайдалы дерек ұсынады. Сені жалықтырмайды. Қайта қанаттандырып, тағы не айтар екен дегізіп, еліктіріп әкетеді. Туысы бөлек тұлға. Харизма дегеніңіз бір басында жеткілікті көрінді. Сөзді қалағанынша ойнатады. Тілден жаңылмайды. Әйтеуір бірдеңе тауып алады. Сәл-пәл сылтып басып жүрсе де, дене қозғалысы жеп-жеңіл. Тез қимылдайды. Шапшаң жылжиды. Ауық-ауық біздің Кәрімбекті де қалжыңмен қажап-қажап жібереді.

Бұл жолы біз – Кәрімбек екеуміз екі білімді ғалым – Шора Сарыбаев пен Әніс Жақыповтың сындарлы сұхбатының куәсі болдық. Екеуі де – өте терең. Қазіргі тіл мәдениеті мәселелерін сөз етті. Тілдік қолданыстарға қатысты оралымды ойларын айтты. Әр сөзі селт еткізеді. Әкімдікке келген соң журналист кезімде қолымнан тастамайтын диктофонымның қайда қалғанын ұмытқан едім. Енді соған өкініп отырмын...

Бір жағынан, қонақ сыйлағанымыз бар, екіншіден, Кәрімбекпен қашаннан қалыптасқан жолдастығымыз бар, Шора ағамыз Алматысына аттанып кеткенше хабар үзгеніміз жоқ. Осындай елге танымал зиялы кісілер келгенде Сыр бойындағылар бір жасап қалатын еді. Шора ағамыз да бұл жолы Қызылордаға өзгеше леп әкелді.

Бізді таң қалдырған нәрсе – осындай аты мәшһүр адамның аса қарапайымдылығы. Қарапайым киінеді. Қарапайым сөйлейді. Қарапайым қимылдайды. Бірақ қарабайырлықтан аулақ. Қадірлі қарапайымдылық. Мұның да сырын түсінгендейміз. Ғылымды алғашқы кезекке қойып, мансап мәселесіне бас ауыртпағаннан-ау деп түйдік іштей. Менмендіктен аулақ. Кіммен болса да, емін-еркін араласып-құраласып кете береді. Әйтпесе, әйгілі шаңырақта өсіп-өніп, әлеуетті әулеттің тәрбиесін көрген ол қалай асқақтаймын десе де еркінде емес пе? Ол сол қарапайымдылықты қасиет тұтты. Қарапайымдылық оның қастерлі қағидасына айналды.

Шамғалидың Шорасы ақкөңіл кейіппен, ақжарқын қалыппен ғұмыр кешті. Әрине, арасында қабағына кірбің ұялап, кейістік білдіріп отыратын кезі де болады. Бірақ мұндай сәті ұзаққа созылмайды. Сәлден соң бұлттан босаған күндей жадырап, жүзіне шуақ тарап, шаттыққа бөленіп шыға келеді.

Осындай көтеріңкі көңіл-күй оған үнемі жігер берді. Қуатына қуат қосты. Тоқсанның төбесіне шықты. Жүздің жотасына жақындады. Сөйтіп, қазақ ғылымына ұшан-теңіз пайда келтірді.

Шора көкем ертелі-кеш ерінбей еңбектенгенінің арқасында өмірден өткенше бақ-берекеден ажыраған жоқ.

Зерде, зейін және зерттеу
Тура жолға бастайды,
Теріс жолға баспайды.
Тіл туралы сөз болса,
Тіліп айтып тастайды!
(Тақырыптың тұздығы)

Зерттеушіге зейін мен зерде керек. Зейінді адам байқампаз болады. Ешнәрсені де назарынан тас қалдырмайды. Титтей деректің өзін талдап-таразылап, тұжырым жасауға бейім тұрады. Бұл – Шора секілді теңіз түбінен маржан терген адамдай тірнектеп сөз жинаған білімдар бейнеткерге әбден қажет қасиет. Ол сол қасиетті жастайынан бойына сіңірді. Жалпы, оған о бастан «керек тастың ауырлығы жоқ» деген ұлағатты ұстаным әсте жат емес-ті. Тәуір мәліметті көзі шалса, дереу жанынан тастамайтын дәптеріне түртіп қояды. Бүгін кәдеге аспауы мүмкін, бірақ кейін іздесең таптырмайтын дүниеге айналмақ. Осы заңдылықты кейіпкеріміз ежелден жақсы білетін. Жасынан жидашылыққа табиғаты жақын тілші ғалым сирек ұшырасатын сөздердің де көрнекті коллекциясын жасады деуге болады.

Сонымен қатар, ғылыммен түбегейлі айналысатын адамның зерделі болғаны жөн. Сеңдей сапырылысқан дерек пен дәйекті үнемі жадыңда ұстау, ұстап қана қоймай, миыңда сақтап-сұрыптау оңай емес. Бұл жағынан Шора Сарыбаевтың қарым-қабілеті қайран қалдырады. Қырық жыл бұрын көргені мен елу жыл бұрын естігенін ешқашан ұмытпайды. Соның бәрін ғылыми жұмысына ұқыптылықпен пайдаланады.

Шора Шамғалиұлы бір сұхбатында «анекдоттарды жақсы көремін» депті. Ол шынында да анекдоттардың шырайын шығарып, әсерлі етіп айтатын. Бұған жұмыс барысында талай рет куә болдық. Айналасын күлкіге көміп тұрады. Жаңағы сұхбатында жиған коллекциясында екі мыңға жуық анекдот бар екенін де жайып салыпты. Соның кейбірін өзі шығарған деседі. Ал енді бірқатарын атақты актер Құдайберген Сұлтанбаев сахна төрінде интермедия түрінде жұртшылыққа ұсыныпты. «Осының бәрі ғылым адамына керек пе?» деген ой келеді кейде. Бұл оған пайдалы ма, әлде онсыз да уақыты жетпей жататын зерттеушінің аяғына тұсау салатын нәрсе ме? Шора Сарыбаевтың бұған берер жауабы дайын. Әрине, қажет. Анекдот дегеніміз – күлкі. Күлкі дегеніміз – денсаулық. Ал денсаулық дегеніміз – ғылыми жұмыстың қуатты күші. Күлкі өмірді ұзартады. Көңіліңді көтеріп, санаңды сергітетін сол анекдоттар Шөкеңді ешқашан таусылмайтын тынымсыз еңбекке жігерлендірген жоқ па?!

Зердесі мен зейіні мықты болған соң әйгілі әкесінің өнегелі өмірбаянына, өзінің балалық шағына қатысты әсерлі эпизодтарды да есінде ұстап қалған. Ташкентте дүниеге келіп, 1934 жылы Алматыға қоныс аударған Шора көкеміз баршаға белгілі 12-мектепте оқыпты. Ол Жамбыл туралы алғаш мақала жазған Шамғали Сарыбаев екенін елдің есіне салып қоюды әсте ұмытпайды. Бұл мақала жиырмасыншы жылдарда Ташкентте шығып тұрған «Терме» журналында жарияланған.

Тілдің табиғатын тереңнен танитын ширақ Шамғали ұғымтал ұлының болашағын ертерек ойлапты. Айналасындағылардың бәрі орысша сөйлеп жүргенін, жас ұрпақтың шетінен солардың жетегінде кетіп бара жатқанын көрген ол түбегейлі шешімге бел буады. Қалаға көндіге бастаған Шораның қазақшасы жұтаңданып қалмасын деп, 12-мектептің ауылдан келген оқушыларды оқытатын интернатына орналастырады. Соның арқасында бала тілге жүйрік болады.

Шораның зердесіне сақтаған мына бір мәліметі назар аударарлық. Шамғали қоныстанған үйді әр кезеңде әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасов пен атақты күйші Дина Нұрпейісова мекен етіпті. Қажымұқан әкесінің досы көрінеді. «Бір жыл бізбен бірге тұрды. Қажымұқанның етігін шешіп, көмектесеміз. Аяғына орайтын шұлғауы ұзын болатын. Болат екеуміз оны үйден шығарып саламыз. Соғыс уақытындағы трамвайдың есіктері кіп-кішкентай еді, ал ол сыймайды оған. Біз бәріміз Қажымұқанды трамвайдың есігінен итеріп кіргіземіз. Сосын итеріп шығарып аламыз», – дейді ол өзінің естелігінде. Шораның айтуынша, Қажымұқан тамақты да өте аз ішеді екен. Тәбеті жоқ көрінеді. Керісінше, бұл оны қомағай деп ойлапты.

Ал дәулескер күйші Дина Нұрпейісова өз үйінде жөндеу жүріп жатқандықтан алты ай бойы бұлардың шаңырағында тұрыпты. Сол мезгілде ол Болатқа домбыра тартуды үйретеді. Кетерінде оған өз домбырасын сыйлап, батасын береді. Мұның бәрі Шора ағамыздың сұхбатында айтылған. «Дина картаны да тәп-тәуір ойнайтын. Бізге карта ойнауды үйреткен сол кісі», – деп ағынан жарылады әйгілі тілші ғалым.

Шөкең атақты аяқ доп шеберлерінің есім-сойларын жатқа білсе де, спорттың бұл түріне қатысты оқиғаларды хатқа түсіріп отырған. Мәселен, «Қайрат» футбол командасы туралы 100 альбомнан тұратын шежіре түзген. Бір ғана футбол туралы елу шақты мақала жазыпты. Тіпті 1970 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатына барып, әлем құлақ түрген доп додасын көзімен көрген. Футболға қатысты жинаған деректерінің өзінен кішігірім музей жасақтауға болар. Үш мың мақалды біріктірген он бес келісті каталогы мен қазақ күлкісінің алпыс төрт түрінің салиқалы сипаттамасы – коллекционер ғалымның жанкешті еңбегінің жемісі.

Ал өз есіміне байланысты әзілге саятын зерттеулері тіпті қызық. Ол азан шақырып қойған атының түрлі халықтың тілінде қалай дыбысталатынын тізбелеп көрсетеді. Мысалы, қазақша – Шора, қырғызша – Чоро, жапонша – Шораяма... Осылай кете береді. Сөйтіп, алаштың Шорасынан шығыстың Шораямасына айналғанға дейінгі өз ныспысының даму эволюциясын жасап шығады.

Шора көкеміздің зейіні мен зердесіне едәуір салмақ түсірген жағымсыз жәйттер де жеткілікті. 1960 жылы «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» деген еңбегі басылып жатқан жерінен туралып кетеді. Туралатындай бар еді. Автор Алаш арыстарын есімдерін қысқартып берсе де, еңбектерін жұртшылыққа мейлінше таныстырмақ болған-ды. Соны қырағы көздер байқап қалған. Сол шырғалаңға толы күндерде Шораға ағамыз цехқа барып, жұмысшылармен келісіп, сый-сыяпатын беріп, өз кітабының туралған үш данасын және туралып үлгермеген үш данасын аттай қалап алады. Осы сәтте көз майын тауысып жазған дүниесінің екі мың данасы көз алдында қидаланып жатты.

Әйтсе де соның бәрі тілші ғалымды әбден ширықтырып, шарболаттай шыңдады. Шора Сарыбаев «Қазіргі қазақ тілі», «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі», «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі», «Жаңа атаулар сөздігі», «Қазақтың аймақтық лексикографиясы», «Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші» атты 6 томдық, «Түркітану әдебиетінің библиографиясы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Қазақ диалектологиясы», «Қазақ лексикасындағы жаңа сөздер», «Қазақ тіл білімінің мәселелері», «Қазақ өңірлік сөздігі», «Орыс-қазақ сөздігі» және басқа еңбектердің төлавторы, телавторы немесе құрастырушысы болды.

Ол қарағайдың қарсы біткен бұтағы секілді қиындық атаулыға мойымай, сын-сынақтың бәрін де жеңіп шықты. Осыдан соң Нәріктің ұлы ер Шораны дамылсыз дәріптейтініміз секілді, халықтың ұлы ер Шораны да әрдайым есте ұстағанымыз абзал.

Ғылым, күлкі және футбол
Жоғары оның өресі,
Жұқалтаңдау денесі.
Жан алысып, жан берген,
Жанкүйердің төресі!
(Тақырыптың тұздығы)

Шора Шамғалиұлы жаңа ғасырдың басынан бері «Қайнар» университетінде жұмыс істеді. Бұл бір Алматыдағы қазақ зиялыларының басын қосқан ерекше оқу орны еді. Осы тұста ғылыми еңбегімізді қорғаған бізді «Қайнарға» факультет деканы, академик Өмірзақ Айтбаев пен оның орынбасары Мақпал Оразбек жұмысқа шақырды. Осылайша Шора ағамен бірге қызмет істедік. «Қайнардың» филология факультетіне өңкей бір сайдың тасындай ойлы оқытушылар жинақталған-ды. Тілші-ғалымдар Өмірзақ Айтбаев, Зейнеп Базарбаева, Сапарғали Омарбеков, фольклортанушы Болатжан Әбілқасымов студенттер алдында лекция оқитын. Солардың арасында Шора Сарыбаев ағамыз жасындай жарқылдап жүрер еді.

Жалпы, Еренғайып Омаров ағамыз басқаратын «Қайнар» университеті оқу корпусы шағын, аудиториялары ықшам болғанымен, бірлігі жарасқан білім ордасы-тұғын. Сол бірліктің берекелі болуына Шора Шамғалиұлы да мол үлес қосты. Оны студенттер өте жақсы көреді. Себебі өзі де әзіл қалжың айтып, әрбір студентті баурап алады. Әйтеуір лекцияның үзілісінде ұл-қыз Шөкеңді ортаға алып, айналсоқтап шықпай қояды. Мейірімді әрі ақкөңіл адам кімге ұнамаушы еді?!

Университет ұжымы Шора Сарыбаевқа ерекше құрметпен қарады. Оның үстіне оқу орны басшыларының бірі Кәрімбек Құрманәлиев Шора ағамыздың шәкірті болған соң, бұл құрмет еселене түсті. Осында өткен жиырма жыл Шора Сарыбаевтың бақытты кезеңі деп білеміз. «Қайнардың» қайнарынан қанып ішкен мезгілде бұған біздің анық көзіміз жетті.

«Қайнар» университетінің профессорлары мен оқытушылар құрамы түрлі іс-шараларға қатысып тұрады. Мұндайда Шора ағамыз өте белсенді боп кетеді. Кейде студенттер алдында өнер көрсетеді. Шөкең өнер көрсеткенде анау-мынау әртістерің шаң қауып қалады-ау. Ол темірдей тәртіпті ұстанып, сіресе қатқан оқытушылар санатынан болған жоқ. Егер ғылым жолын қумай, өнердің соқпағына түскенде де қара үзіп шыққандай бар екен. Жасы ұлғайғанына қарамастан еркін қимылдайды.

Кәрімбекпен бірге Шора ағамыздың үйіне бірнеше рет бардым. Бұл шаңырақты үй дегеннен гөрі мұражай немесе мұрағат деген дұрысырақ болар еді. Қабырғадағы сөрелерде кітап өз алдына, жарты ғасырдан бері жиналған газет қиындылары қатталып тұр. Бәрі де ұқыпты жинақталған. Кез-келген папканы қойған жерінен тауып береді. Ол – ол ма, соның бәрінің дерегі арнайы картотекаға жинақталған. Сол картотеканы өз қолымен түзген – тағы да Шөкең. Кітапханашы да, мұрағатшы да, тұтынушы да – бір өзі. Яғни, бір өзі – бір институт. Енді оған коллекция жинаушылығын қосыңыз. Бұл материалдарға да шуақты шаңырақтың бір бұрышынан орын берілген. Не кездеспейді дейсіз мұнда?! Сирек бұйымдар мүйісі. Сирек сөздер тізбесі. Сирек деректер қоймасы. Қысқасы, бұл жерде сирек емес нәрсе жоқ.

Спортпен шұғылданбаса да, спортшыларды шектен тыс жақсы көргені баршаға мәлім. Әсіресе футбол десе, ішкен асын жерге қоятын. Ілгеріректе маңдайға басқан жалғыз командамыз – «Қайрат» ойнаған мезгілде құдайы беріп қалатын. Күн райы құбылып, жаңбыр жауып тұрса да, ұйтқып жел соғып кетсе де, ашық аспан астындағы стадионның төрінде отырады. Жай отырмайды, әйгілі футбол жанкүйерлері – атақты қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов пен арқалы ақын Тұманбай Молдағалиевтің маңайынан ұзамай, алаңдағы ойыншының бәрін түгелдеп, әрқайсысына лайықты баға береді. Тұманбай ақын сол жылдардың ескірмес естелігі ретінде «Футбол келді» деген баршаға белгілі өлеңін жазғаны мәлім. Шындығында, бұл жыр теңдессіз спорт журналисі Сейдағаңа арналған. Алайда осы шымыр шумақтар аяқ доп үшін жан алысып, жан беріскен жанкүйер Шора ағамыздың да болмыс-бітімін айқын танытатын сияқты:

Ішкен асын жерге қойған доп десе,
Арамызда сол бір қазақ жоқ, бәсе...
Үндемейді үңірейіп Алматы,
Бір ағайын шығар еді әйтпесе.
Намыс ұлы, нар намыстың баласы,
Басталды ғой футболшылар додасы.
Ұйқы көрмей жүретін бұл кезіңде,
Неғып үнсіз ұйықтап жатсың, ағасы?!
Жігер қанда, үміт барда өлмейсің,
Ажал иттің айтқанына көнбейсің.
Футбол келді, сенің әсем футболың,
Аласұрып неге түрегелмейсің?!

Бүгінде футбол десе жанын беруге бар осынау ағаларымыздың бәрі де мәңгі ұйқыда жатыр. Қазір ұлт футболының қожырап кеткені стадионның қыр арқасына қонып алып, қарауыл қарап отыратын сол кісілердің жоқтығынан ба екен, кім білсін?!

* * *

Ғылым, күлкі және футбол... Былай қарасаң, бұл үшеуі мүлде қабыспайтын ұғымдар секілді көрінеді. Жоқ, қабысады екен. Шора Сарыбаев көңілді күлкі мен жанкешті жанкүйерліктен алған жалын-жігерін ғылымды өркендетуге жұмсапты. Сол күш-қайрат оны тіл білімінің шыңына шығарды.

Жұрт жадындағы жүзжылдықтың нағыз тағылымы осы!

* * *

Академик Шора Сарыбаев «бір өзі – бір институт» десе де, «бір өзі – бір мұрағат» десе де, «бір өзі – бір театр» десе де жарасатын, ғибраты ғажап адам еді. Оның соңында қалған миятты мұраны құнды қазынаға толы алтын сандыққа балайтынымыз анық.

Бірыңғай сөз жауһары жинақталған сиқырлы сандықтың кілтін тапсақ, талай құпияға қанықтыратын болады әлі...

* * *

(«Ана тілі» газеті, 1 мамыр 2025 жыл)

Бауыржан Омарұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 353
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 382
Бәрекелді!

«Родословная казахских ханов»: всемирное признание

Керимсал Жубатканов 358