Жұма, 20 Желтоқсан 2024
Қоғам 13027 0 пікір 18 Қараша, 2015 сағат 08:11

АРАБ ДӘСТҮРШІЛДІГІ ҚАЗАҚТЫ ҚАЙДА АПАРАДЫ?

 

Қазіргі күні қазақ халқының дәстүрлі діні ретінде «араб дәстүршілдігі» уағыздалып келеді. Әрі бұл жол қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізі ретінде және бірден бір дұрыс жол ретінде көрсетілуде. Әсіресе, әруақ пен әулиеге қатысты қалыптасқан «Аллаға серік қосу» мәселесі өзін дінге сенемін, мұсылманмын дейтін жастардың көпшілігінің санасын жаулап үлгерді.

 

Діни сенім мен танымдағы бұл өзгерістердің бұлай белең алуы қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негіздерін толығымен шайып барады. Бұл ертеңгі күні қазақ халқының исламдық діни салт-дәстүрінің толығымен киелілік сипатынан ажыртып, халық санасынан өшуіне әкелетін қауіпті құбылысқа айналып отыр.  Егерде бұл бағыт ары қарай жалғаса беретін болса, онда қазақ халқының діни танымы толығымен өзгеріске түсіп, қазақ халқы жаңа діни танымға ылайық жаңа мәдениет қалыптастыруға мәжбүр болады. Осыған байланысты қазіргі біздегі негізгі діни бағыт ретінде қабылданып отырған «араб дәстүршілдігінің» қалыптасу кезеңі мен  себептеріне қатысты тарихи деректерді алға шығару қазіргі қажеттілігі туындап отыр. Ендігі кезекте, осы мәселені тереңірек зерттеп, тарихын жазған түрік ғалымдарының пікіріне жол берейік.  

Ахл ал-Хадис тобының қалыптасуы

Ахл ал-Хадис сүннет пен ескіден алған әңгімелерді негізге алған, дәстүршіл діни түсінікті жоғары қойған топтың аты болатын. Олар Исламның негізі болып табылатын Құран мен Пайғамбар сүннеті және сахабалар мен табииндардың айтқандарын негізге алып, соларды ғана исламдық танымның негізі етті. Бұлардың тысында қалған жеке көзқарас пен ақыл дәлелдерді қолдануға қарсы болды. Исламның екінші ғасыры ортасында қалыптасқан бұл таным жүйесі Ахл ал-Хадис, Ахл ас-сунна немесе асхаб ал-хадис деп аталды.

Хижраның II/VIII ғасыр ортасында Ислам дүниесінде харижилер, муржи‘а, ши‘а, қадарийа/муғтазила сияқты көптеген ағымдар ортаға шықты және олардың бір бөлігі әлі қалыптасу үстінде еді. Бұл ағымдардың шығуымен Исламға жаңа пікірлер (бидғат) мен көзқарастар дүниеге келді. Бұрын пікірталастарда сөз болмаған тақырыптар күн тәртібіне шықты. Бұрындары тек Кітап пен сүннет шеңберінде қолданылатын ақыл мен рей (көзқарас), қиас, енді түрлі мәселелерді шешуде көп қолданылатын негіз ретінде қарастырыла бастады.

Ши‘алар имамат тақырыбын, муржи‘ийлер иман мәселесін, мұғтазила бес негіз тақырыбын және ақылды, бірсыпыра жағдайларда ақылмен табылған дәлелдерді жиі-жиі қолдана бастады. Және бұл мәселеде айрықша атап өтілетін мәселе – бұл бағыттағы өз пікірлеріне жәрдем беру ниетімен кейбір мазхаб өкілдері бірсыпыра хадисті ойдан шығару әрекетіне де барды.

Бұл қиасқа қатысты пікір қайшылығы нәтижесінде ислам қоғамы ішінде таным негіздері әртүрлі топтарды ортаға шығарды.

Оның үстіне мұсылмандардың шетжерлік мәдениетпен жақындасуы басқа діни және философиялық бағыттар арасындағы пікірталастың шығып, қоюлануы, Аббаси билеушілерінің ши‘а, муржи‘а мен зейдийа ағымдарымен жақындасуы, бұл шеңбер тысында қалғандардың тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Бұл Ислам дүниесіндегі пікір қайшылығының шығуымен қатар, хадисті жақтаушылардың қарсылығын тудырды және осы қарсылықтың нәтижесінде олардың белгілі топқа бірігуіне ықпал етті.   Бұл жағдайлар ахл-и сүннет жақтастарының жеке бағыт ретінде қалыптасуына әкелді. Шындығында бұл бағыт ахл-и хадис тарапынан құрылды және олар барлық бағыттарға қарсы күресте ахл-и сүннеттің ту ұстаушылығын қолдарына алды.

Харижилік, муржийа, шийа, мутазила сияқты рухани ұстанымдарының бірлігі негізінде ұйымдасқан топтар мен саяси мүдде тұрғысынан топтасқан топтарға қарсы соққы беретін ұйымдасқан күш ретінде ортаға шыққан Ахл-и хадис өкілдері мұсылмандарды бөлшектеуден сақтау үшін қоғамдық өмірдің идеалы ретінде Пайғамбар заманын алды және қоғамды соған ұқсас формада бірлік пен тұтастық негізінде қалыптастыруды мақсат етті. Бұл себептен оларда Кітапқа сай, шешімін Пайғамбар хадистері мен сахабалар мен табииндердің сөздерін бір жерге жинап, тақырыптарға қарай топтастырып, негізгі көзқарасты хадистерге негіздеп, сол рухани негізге ұластыруды мақсаты болды. Кітап пен хадиске негізделмеген көзқарасты (қиасты) қабыл етпеген және ондай көзқарасты қолдайтындарды сынайтын топ ортаға шықты.

Жалпы Ислам дерек көздерінде ахл-хадис, асхаб ал-асар, сахиб ас-сунна өкілдеріне, олардың көзқарастарына көп орын бөлінген. Бұл тұлғалардың өмірін зерттегенде бұл бағыт өкілдерінің II ғасыр басынан III ғасыр басына дейінгі аралықта өмір сүргенін көруге болады.

Бағдаттағы муғтазила өкілдері мен ахл-и хадис өкілдері арасындағы болған пікірталастар тартысында бұл бағыттың күшті бір формада болғанын және олардың өздерінің соңынан ергендермен тең дәрежеде болғандығын көреміз. Сол кезеңде Бағдаттағы ахл-и хадис ғұламаларынан Абу Убейд Қасым бин Селим, Абу Ибрахим Халид және Ахмед бин Ханбал бар еді.

Кейбір деректер муғтазийла, харижи муржийа, сабейа, шииа топтарында болмағандардың негізгі ұйыстырушы күші сахиб ас-сунна болғандығы оларға ахл ас-сунна және сахиб ас-сунна уа жамаға аты берілгендігі, олардың ішіндегі аз ғана бөлігінің ахл ал-хадис өкілдері болғандығы жазылған.

Бұл аталған топтарда сүннет сөзі «бидғатқа» қарсы деген мағынада қолданылды. Мұндай атпен негізгі құрылым ішінде «сахиб ас-сунна және жамаға» және басқа аттармен танылған кейбір топтар болғандығы айтылады. Ал ахл-и хадис олардың ішінде ерекше топ болғандығы атап көрсетіледі.

Ахл-и хадис тек хадистерді жинаушы және аңыздарды көшірушімен ғана айналысқан кәсіби топ емес еді. Бұл топ өздерінің көзқарасын қорғай жүріп, сол  жолдағы пікірталастар мен тартыстарда өсіп, жетілді. Мақалат пен түрлі аңыздарда ахл-и хадисті муғтазила, муржийа, харижилер, шииа сияқты Исламның сенім жүйесіндегі ортаға шыққан тәуелсіз бір сенімдік мазхаб ретінде муржианың немесе ахл ас-суннаттың бір төменгі тобы ретінде еске алынады.

Суннаны жақтаушылардан шыққан Ашари (324/935) мұсылмандарды он топқа бөледі және оларды харижилер, муржийа, шийа және муғтазила деп атап көрсетіп, олардың қатарына асхаб ал-хадисті де қосады. Сонымен қоса Асхаб ал-хадис пен ахл-и сүннеттің сенімдік көзқарастарына арнайы орын бөледі.

Халиф Мамун кезеңіндегі Құранның жаратылғандығы туралы пікірталастар және осыған байланысты жасалған қысым мен зұлымдық, сунни топтар ішінен ақылды пайдалануды терістеген, тек мәтінді негізге алатын көзқарасты ұстанған топты алға шығарды.

Ахл-и хадистің жұлдызы Мутауаккил кезеңінен бастап жарқырай бастады. Осы кезеңде Ахмад ибн Ханбал «(241/855) және Абд ал-Азиз ал-Макки (239/854) ахл-и хадис өкілдерінің мутазилаға қарсы топтың басында болды.

Ахл-хадис Исламның иман, ғибадат, ахлақ және басқа ғибадаттарды бір-бірінен айырудың мүмкін еместігін қолға алу үстінде болды. Сол себептен, олардың жазған «Китаб ал-асар» атты еңбектерінде иман, ақида, ахлақ, ғибадат сияқты құлшылық түрлері бір-бірінен ажырамас, бүтін ретінде қарастырылды. Ахл-и хадистің көзқарастары таухид, иман мен үлкен күнә, адамның әректі мен тағдыр, имамат пен саясат, бидғат және басқа тақырыптарда топтастырылды. Оларға көзқарастарында қарағанда Алла бір және одан басқа Тәңір жоқ. Әзіреті Мұхаммед Оның Елшісі, нәбиі әрі құлы. Алланың бұдан басқа да есімдері бар. Иман ниет және амалдан тұрады. Тағы бір негізгі анықтамада иман – тілмен айтып, мойынұсыну, жүрекпен бекіту, дене мүшелерімен амал ету.  Иман Исламнан басқа нәрсе. Амалдар иманның бөлігі. Бұлардың жиынтығы 70 бөліктен(қалдық) асады. Иман артар және азайар. Иманды «Алла қаласа, мен мүминмын және үміт етермін. Мен мүмимін» деген формада ереже бойынша айтуы керек. Жер жүзінде жасалған жақсылық пен зұлымдықтың барлығы Алладан. Әрбір нәрсе Оның қалауымен болар. Әр жаратылғанның бір ажалы бар. Пайғамбар серіктерінің ең абзалдары кезегімен Әзіреті Абу Бәкір, Әзіреті Омар, Әзіреті Оспан, Әзіреті Али болатын. Әзіреті Пайғамбардан соңғы адамдардың ішіндегі ең жоғарылары де осы төртеуі болатын. Кітап пен сүннете не әмір етілсе, соған мойынұсынып, неге тыйым салса, олардан қашатын. Дін басшылары болған салафтарға мойынұсынатын еді.

Ахл-и хадис көзқарастарын Ахмет Ханбалдың шәкірттері Сирия, Араб түбегі, Хорасан, Мауараннахр өлкелеріне, Имам Маликтің шәкірттері арқылы Андалусияаға, Имам Шафи жақтастарының Мысыр мен Солтүстік Африка мен тағы басқа Ислам өлкелеріне тарады. Шафийлік, белігілі бір өлкеде Маликилік, белгілі бір уақыттан соңра ахл-и сүннетің каламдық бағыты болған Ашарилікті қабылдады және тарихта онымен бірге болды. Сенімдік және каламдық жүйемен бірлікте өкіл болған ханбалилік ахл-и хадистің ең негізгі шектен шыққан тобы болып қалды.

Ахл-и сүннеттің пікір шеңбері (діни-танымдық көзқарасның қалыптасуы)  

Ахл-и сүннетің саяси, каламдық, философиялық, метафизикалық, сопылық, фихқтық көзқарастары уақыт өте қалыптасып, орнықты. Ахл-и сүннеттің тарихи қалыптасуында тарихи-саяси тәжрибе мен биллеушілер маңызды роль атқарды. Ахл-и сүннеттің саяси шеңберін анықтаған екі маңызды пікір бар еді: Біріншісі, Әзіреті Пайғамбардан кейін алғашқы заңды халифаның  Әзіреті Абу Бәкір, одан кейін Әзіреті Омар, Әзіреті Оспан, Әзіреті Алидің кезегімен болуы бұлардың тарихи дәуірінің  ізгілік кезеңі болғандығы туралы пікір еді. Екіншісі, Жамал және Сиффин соғысында өлгендерден  Алланың ақыретте есебін алады деген үкім мен сахабалардың мұсылмандармен соғысып, өлтіргені үшін кәпірге шығарылмауы және олар туралы жаман сөз айтуға болмайды деген пікірдің қалыптасуы еді. Мұның артынан кейбір ерекшеліктері болса да, негізінен имам мен халифаларға мүмин де болса, пасық та болса да мойынсыну керектігі туралы пікірдің  қалыптасуы, қоғамның тұрақтылығын сақтау тұрғысынан ақида кітаптарында маңызды орын алды.

Имамат/ халифат туралы ең күшті пікірталастар мен қақтығыстар негізінде орталық діни топ пен шийалар, кейде харижилер арасында болды. Ахл-и сүннеттің саяси көзқарастары харижилік пен шийаларға қарсы, солардың билікке таласына тосқауыл қоятындай мақсатта қалыптастырылды және көбіне олар күнделікті саяси тартысты сөз етпей, оның орнына тарихтағы тарихи оқиғаларды айтқанды дұрыс көрді. Халиф шындық иесі болатын адамдардың бейат пен сайлауда іс басына келуімен қорғалса да, «Имамдардың Құрайш тайпасынан болуы» аңызы негіз ретінде қабыл етіп, халифалардың құрайыш тайпасынан болу шарты бекітілді.

Ахл-и сүннеттің құрылымдық жүйесін қалыптастырған калам ғылымының негізгі шарттары қалыптасқанша ахл-и сүннет  тарапынан имамның бекітілуі мен еркімен іске асырылуы, күпір мен  иманының бір-біріне қарсы болуы, үлкен күннәның күпірге шығарылмайтыны, үлкен күні істеген жанның діннен шығарылмауы, жақсылық пен зұлымдықтың Алладан болуы сияқты көзқарастар қабылданды. Ерте кезден бастап бұған берік болмаса да «ахл-и қыбла кәпіге шығарылмайды» деген  тұжырым қабылданып, бекітілді. Адам баласының шексіз еркіндігі туралы біршама пікір, негіз ретінде терістелді. Бұл ұстанымдар негізінен харижилердің күпірге шығару және муғтазиланың «үлкен күнә істеген не кәпір, не мұсылман емес» деген тұжырым негізіне қарсы жасалған еді және ол ахл-и сүннеттің айырмас бөлшегі ретінде қабылданды.  Хижраның екінші және үшінші  ғасырларында Алланың сипаттарының және оның затының бірдей немесе олай еместігі туралы және Құранның қолдан жазылмағандығы туралы негіздер ахл-и сүннеттің ажырамас бөлшегіне айналды.

Жалпы Ахл-и сннет құрамына кіретін Рей жақтастары мен ахл ал-хадис тарапынан жазылған алғашқы дерккөздеріндегі ақида негіздері жазбаларында баптар топтастырылып, былайша тізілгенін көруге болады:

  1. Иман Алланың барлығы мен бірлігіне, Пайғамбарларының Алланың тарапынан жіберілгендігін толығымен қабыл ету.
  2. Иман негіздері Аллаға, періщтелеріне, кітаптарына, елшілеріне, өлгеннен кейін қайта тіріліп, жауап беруге, жақсылық пен жамандық, ащылық пен тәттілік тағдырға сенумен қалыптасар.
  3. Алла біреу, одан басқа құдай жоқ, ол еш нәрсеген мұхтаж емес, ...
  4. Алланың есімдері бар, бірақ олар Алланың басқа нәрсе екендігін білдірмейді. Ол біледі, есітеді, көреді, құдірет иесі. Алланың бұл сипаттары жаратқан құлдарының сипаттарына ұқсамайды.
  5. Әзіреті Мұхаммет Оның Елшісі, Пайғамбары және құлы.
  6. Құран Алланың сөзі және қолдан жаратылған емес.
  7. Жер жүзіндегі барлық жақсылық пен жамандық Алладан және әр бір нәрсе оның қалауымен болар.
  8. Алладан басқа Жаратушы жоқ. Құлдарының жақсы және жаман әрекеттерінің барлығын жаратқан бір Алла. Құлдар еш нәрсені жаратуға қабілетті емес.
  9. Мүминдерді мойынұсындырып, бақытқа бөлеген, кәпірлердің аяқтарын жаңылыс бастырған бір Алла.
  10. Мүминдер көздерімен айды көргендей, ақырет күні Алланы көреді. Кәпірлер болса көрмейді.
  11.  Құблаға мойынұсынған ешбір адам зина, ұрлық және басқа жаман істерді істеген күналары үшін  діннен шығарылмайды. Олар біле тұрып, үлкен күнә істейтін болса да, бірақ олардың имандары мүмин болып қалады. Таухид пен ықыласпен өлген болса, Алла оны қаласа оны кешірер, қаласа күнәсына лайық азабын берер. Алайда, оны мәңгілікке тозағында қалдырмас.
  12.  Үлкен күнә иесінің тозақтық болатындығына, Таухидке мойынұсынғандардың пейіштік болатындығына үкім етілмес. Бұлардың жағдайы Алланың еркінде.
  13.  Алланың Елшісінің шапағаты мен қабір азабы рас. Шапағат үлкен күнә істегендер үшін жасалады.
  14.  Хауыз, кәусар, қыл көпір Алланың құлдарынан есеп алуы шын.
  15.  Алланың Пайғамбарына серік болған алғашқы мұсылмандарға құрмет көрсетіліп, олардың үлкен, кіші күнәлары сыналмайды және балағаттауға болмайды.
  16.  Асхабтың ең жоғарғылары тізіміне Әзіреті Абу Бәкір, Әзіреті Омар, Әзіреті Оспан және Әзіреті Али кіреді. Әзіреті Пайғамбардың соңғы адамдардың ішіндегі адамгершілігі мол, ізгілері осы төрт халифалар еді.
  17.  Айт намаздары, жұма намаздары және жамағат намаздардары әдепті немесе әдепсіз имамның артынан оқыла береді.
  18.  Мәсінің үстіне мәсіх тарту сүннет және сапарда, тұрған жерінде қолдануына болады.
  19.  Мұсылман басшыларының табысты, бай болуы үшін дұға етіледі.
  20.  Пайғамбардың миғраж сапары шын.
  21.  Мүнкір Нәнкір шын.
  22.  Ахл-и қыбланың әдепті және әдепсіз адамдарына жаназа намазы оқылады.
  23.  Пейіш пен тозақ шын. Екеуі де жаратылған. Қиамет күні шүбәсіз болады.
  24.  Өлген де, өлтірген де ажалымен өледі. Әрбір жаратылғанның ажалы бар.
  25.  Құлдардың иелік еткен ризығының барлығы, арам болсын, адал болсын, Алладан.  
  26.  Жамағаттан айрылмау және бірлік пен ынтымақты бұзуға болмайды.

Біз Ахл ас-сунна уа-л жамағаның екі бағыты Абу Ханифа негізін салған Ханафи мазхабы мен Ахл-и сунна топтарының қалыптасу тарихына арналған қысқаша талдауға тоқталдық. Осы талдаудың өзі екі бағыты арасында өте үлкен айырмашылықтар бар екендігіне көз жеткіздік. Абу Ханифа бастаған Ахл ар-Рай тобының Құран мен Сүннетке ғана сүйенбей, бұл екі қайнарда шешімі табылмаған мәселелерді шешуде ақылды да пайдаланды. Және ақылмен табылған шешімдерді еркін қолданатын еді. Сонымен қатар, Абу Ханифа бастаған топ, иман-сенім мәселелерін негіздеуде ақылды қолдану арқылы калам ғылымын да дамытты. Хиджаздағы ахл-и сүннет өкілдері Абу Ханифа мен оның серіктерін Құран мен хадис шеңберінен шығып, күрделі мәселелерді шешуде ақылды қолданғаны «бидғат» (жаңалық қосу) және адасқандығы үшін айыптайтын. Мысалы, Малики мазхабының негізін салған Имам Малик: «Кім дінді калам жолымен үйренетін болса, ойына келгенін айтар» деген пікірде болды. Ал, шафий мазхабының негізін салушы Имам Шафи болса, «Ислам діні туралы калам кітаптарынан пайдалануға болмайды. Себебі, калам ілім ретінде қабылданған емес» деген пікірде болды. Ханбали мазхабының негізін қалаған Ахмет Ханбал болса, «Каламмен шұғылданғандардың жүрек пен саналарының азғындағандығы назар аудартады,-деді.[1] Олар қалайда, Исламдағы араб халқының рухани-мәдени ықпалын сақтап қалғысы келді. Алайда олардың бұл әрекеті ислам дінінің ішкі қуатын шектейтіндерін ойламады. Олар ойлау, ойлану исламға кері ықпалын тигізеді деген түсінікте болды. Ал, ислам дінін қабылдаған араб емес халықтарға Ислам мен Құранның ішкі мазмұнын білу қажеттігі барлығын, сол арқылы Исламның ұлылығына бас иерін түсінбеді. Жалпы, ахл ар-Рай тобының бағытын халафийа деп атады. Бұл басқаша айтқанда «Исламға соңынан кіргендер» жолы дегенді білдіретін еді.

Абу Ханифа болса, қоғам ішінде туындағын мәселелерді ушықтырмай шешу мақсатында ол ондай шараларға барды. Алайда, оның бағытын Хиджаздағы Ахл-хадис, ахл-и сүннет өкілдері қабылдаған жоқ. Олар барынша Абу Ханифа жолын айыптаумен кетті. 

Ал, ахл-и хадис болса, Әзіреті Пайғамбардың бір хадисіндегі «Ең қайырлы, жақсы нәсіл болатындар мұсылмандар ішіндегі «алғашқы салих нәсілдерім» деген болатын. Олар осыны негізге ала отырып, сахабалар мен табийндер кезіндегі Ислам қоғамын қалыптастыруды мақсат етті және ол жолды «салафийа» жолы деп атады. Ол халафтардың жолын Құран мен сүннетттен алыстататын жол деп түсінді. Олар сонымен қатар, сопылық, тақуалық жолдарды да бидғат және адасушылық ретінде бағалады.[2] Ахл-и хадис тобына шафийа, маликийа, ханбалийа мазхабтары кіретін еді.

Бұл екі бағыт арасындағы қайшылық хижраның төртінші ғасырының соңына дейін жалғасты. Бұл екі бағытты алғаш біріктірмек болған Имам Матуриди мен Имам Ашари болды. Одан кейін мазхабтар тарихының белгілі тұлғалары Абд ал-Қадыр Бағдади мен Шахристани болды. Алайда, бұл екі бағыт арасындағы айырмашалық онымен жойылып кеткен жоқ. Керісінше, мезгіл-мезгіл шығып, қақтығысқа түсіп отырды. Алғашқы көрініс беруі, ахл-и хадис өкілдерінің бел алып, жалпы Ислам әлеміне ықпалын жүргізген кезеңі V/X-VII/XIII ғғ. арасы болды. Бұл кезеңде бүкіл Ислам әлемі тоқырауға түсіп, іштей қырқыс дәуірін басынан кешірді. Бұл кезеңде сопылық тариқаттардың Исламның негізі-Иманды қайта қалпына келтіруі ғана ислам дінінің қайтадан рухани күшке айналуына мүмкіндік берді. Бұл ханафи мазхабы шеңберінде, Абу Ханифаның дін мен шариғатты бөліп қарастыруының арқасында мүмкін болды. Бұл кезеңде сопылық тариқаттардың шығуымен Исламды қабылдаған халықтар өздерінің дәстүрлі мәдениетттерін қайтадан қалпына келтірген болатын. Міне түрік ғалымдары «араб дәстүршідігінің»  қалыптасуын осылайша баяндайды. Ендігі кезекте осы «араб дәстүршілдігі» бізге қалай келді деген сұраққа қысқаша жауап беріп көрелік.

«Араб дәстүршілдігінің» қазақ даласына келуі Ресей империясының қазақ даласын діни-идеологиялық тұрғыдан игеру үшін қолданған саясатымен байланысты болатын. Қазақ халқы өзінің дәстүрлі діни танымы аясында қалатын болса, оңайлықпен мойын ұсына қоймайтынын сезінген отаршылдар қазақтың діни сенім негіздері мен діни танымын өзгерту керектігін түсінді. Ол үшін 1756 жылдан бастап, діни басқарма ашып, арнайы қазақ даласы үшін Уфа қаласында медреседе молдалар дайындата бастаған. Керек десе, ол кезде әлі Қазақ хандығы ыдырымаған кезі болатын. Ресей отаршылдары өздеріне мойынұсынған жерлерге осы молдаларды жібере отырып, қазақ халқының дәстүрлі діни танымын өзгертуге күш салды. Ол молдалар қазақ арасында «заказной молдалар» деп аталды. Олардың әрекеттермен қазақ зиялылары жүз елу жылдай күресті. Кеңес өкіметі орнаған соң атеистік кезең келгені белгілі. 1943 жылы Сталиннің шешімен мешіттер қайта ашылғанда, бұл жүйе қайта жалғасын тапты. Сол кездегі Орта Азия халықтары үшін Ташкентте ашылған Діни Басқарма басшылығына келген Бабахан қары қандай бағытта болғанын білмеймін. Ол кісі қайтыс болған соң, оның орнына отырған оның ұлы Зиауддин Бабаханов Орта Азияға алғаш Кеңес өкіметінің көмегімен уаххабилікті әкелген Шами дамулланың шәкірті болатын. Бұл кісі Кеңес өкіметіне де, уаххабилерге де адал қызмет еткен сияқты. Ол ұзақ жылдар бойы Кеңес өкіметі мен Сауд Арабиясы арасындағы жалғастырушы жалғыз көпір болды. Кеңес өкіметінің кезінде уаххабилік әдебиеттің Орта Азияға дендеп енуіне сол кісінің үлесі болғандығына дау жоқ. Және Кеңес өкіметінің уаххабилік идеологияның мұсылмандар арасына кеңінен таралуына мүдделі болғандығын, сол арқылы мұсылман халықтарын дәстүлі мәдениетінен ажырату мақсатында болғандығын да айтуымыз керек. Кеңес өкіметі ыдыраған соң Өзбекстан жерінде уаххабиліктің бірден белең алып кетуі осындай факторлармен тікелей байланысты. Қазіргі еліміздегі мешіттер сол патшалы Ресейден бастау алып, Кеңес өкіметі кезінде уаххабилік таным негіздерімен суарылған орталықтар болатын. Сол Кеңес өкімет кезеңінде діни сауаты бар кісілердің көпшілігі сол мешіттерге бармайтын. «Неге бармайсыз?»-деп сұрасаң, «Е, балам, біздің жол бөлектеу»-деп күліп қоя салатын Қазір сол бағыттарынан мешіттер әлі ажырай қойған жоқ. Оның үстіне қаншама жасты біз шетелдерге жіберіп оқытып, әкелдік. Мұның бәрі қазақтың дәстүрлі діни танымын түсінбейтін, түсіне алмайтын имамдар қатарын көбейтіп отыр. Ал, ондай бағытта дайындалған имамдардың қазақ халқының дәстүрлі діни танымынан хабары болмауы заңды құбылыс. Сондықтан қазіргі мешіттердегі діни уағыздың қазақ халқының діни танымымен сай келмеуі заңдылық екендігін түсінуіміз керек. Олар түсінбейді екен деп, имамдарды бұлай еркіне жібере беретін болсақ, онда ертең қазақ халқын тарихтан кетіретініміз анық. Сонда не ісемек керек? 

Зікірия Жандарбек

Abai.kz


[1]Mehmet Ali Büyükkara. Sunnet Ehli, Rey Ehli, Hadis Ehli, Selefilik, Vehhebılik Kavramları Üzerine Bazı Açıklamalar // Ehl-i sunnet ve’l-Cemaat: Tarihi Seyri, Kapsamı ve Algılanışı. IGMG. Köln, 2014. Ss. 84-85.

[2] Сонда, 85 б.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1895