Жұма, 20 Желтоқсан 2024
Қоғам 10248 0 пікір 19 Қараша, 2015 сағат 20:51

ПРОТОН ҚАЗАҚ ДАЛАСЫН 2030-ҒА ДЕЙІН УЛАЙДЫ

Қазақстан Байқоңырдан “Протон” ұшыруды 2030 жылға қарай тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы Abai.kz порталы nur.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қазақстан гептилмен ұшатын “Протон” зымыран тасығыштарын “Байқоңыр” ғарыш айлағынан ұшыруды 2030 жылға қарай тоқтатуы мүмкін. Жақында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай деп мәлімдеген (http://www.nur.kz/kk/962162-qazaqstan-bayqonhyrdan-proton-ushyrud.html).


“Біз оны ертерек жасағымыз келген, өйткені ол, әсіресе апатты жағдайларда (ұшатын “Протон” зымыран тасығыштарын ұшыруды) зиян келтіреді. Бүгінде “Протондарды” ұшыру сызбасы мен кестесі бекітіліп қойған. Бүгінде біз жылына 15 ракета ұшырамыз, 2025 жылға қарай бесеу болады, 2030 жылға қарай “Пртондарды” ұшыруды мүлдем тоқтатамыз деп үміттенеміз”, — деді Мұcабаев “Байқоңыр” ғарыш айлағының құрылғанына 60 жыл толуға арналған кездесуде.


Рас, дүние жүзіндегі ғарыштық державаларда бірнеше ғарыш айлағы бар. Мысал ретінде, Жапонияны, АҚШ-ты, Қытайды алайық. Қытайда үш ғарыш айлағы бар, енді төртіншісін салуда. Сол сияқты Ресейдің Плесецкіде бір ғарыш айлағы бар. Соған қарамай  улы гептилмен ұшырылатын «Протон» зымыран тасымалдағышын біздің Байқоңырдан ұшыруда.

Бірақ, былтыр мамыр айында құлаған “Протоннан” кейін Қазақстан даласында бұрын-соңды адам көріп, құлақ естімеген бәлекеттер көбейді.

Киелі даланы күйдірген гептил уы қазақ даласына қанша  құласа да қыңқ демейтін қазақ билігі – тағы бір Ресейдің «протонын» 2030 жылға дейін ұшыруды жоспарлапты. Ал жергілікті тұрғындардың зәресін алған у тасығаш  зымырандар кейінгі тоғыз жылда тоғыз рет құлаған. Егер де Байқоңырдан ұшып жатқан зымырандардың табиғатқа, адамзатқа әкелер ешбір қауіп-қатері жоқ десек, онда «жауырды жаба тоқып», ақиқатқа қиянат жасаған болар едік. Ашылғанына биыл алпыс жыл толып отырған ғарыш айлағының қоршаған ортаға, табиғатқа, сол айналадағы адамдардың тұрмыс-тiршiлiгiне, өсiм­дiктер мен жануарлар дүние­сiне елеулi зиян келтiрiп жатқаны жасырын емес. Бұл жөнiнен бас­қасын былай қойғанда, ауық-ауық апатқа ұшырап, елдi дүрлiктiрiп отыратын “Протонның” “жырын” сөз етсек те жеткiлiктi.

«Жас Алаштың» мәлеметтеріне сүйенсек, 1967 жылдан бері 404 “Протон” тасығыш-зымыраны ғарышқа ұшырылған болса, соның 49-ының жолы болмапты (http://qamshy.kz/home/show/1384).

Ал осыдан екі жыл бұрын әлгі «протон» Байқоңырдан улы бұлт боп үйірілгенде ресейліктер Қазақ даласына, Қазақстан азаматтарына келген орасан зор көлемдегі зиянды емес, қалталарынан өтемақы ретінде шығатын шығынды есептеп әуреге түсті. Ал біздің шенеуніктердің көпшілігі «қоршаған ортаға да, азаматтарға да төнген қауіп жоқ» деуден танбады.

“Протон” апатынан кейін Қазақстанда бірқатар белсенді “Антигептил” экологиялық тобына бірігіп, Астанада қарсылық шараларын ұйымдастырған. Алайда, белсенділердің уәжіне пысқырып та қараған Үкімет жоқ. Ал билік пен Мәсімов үкіметінің бар ойлағаны «Байқоңырдан ресейліктер кетсе, оның жұмысы тоқтап, біздің табысымыз ортайып қалады» деген қара бастың қамы ғана. Қамсыз күнде қан жұтып жатқан қарашаның қамын ойласа, өз үкіметі өстір ме еді?!

Негізі «Роскосмос» қазір ға­рыш­қа қатысты маңызды жобаларда «Протонның» орнына «Союзды» құп­ көреді деп жүрміз. Алайда, ауыр жүктерді тозығы жеткен, пайдалану мерзімі аяқталған «Протонмен» ұшыруды әдет­ке айналдырған. Кейбір дерек­тер­ге сүйенсек, 600 тонна гептил құлаған апат – Қазақстан жеріне «Про­тон­ның» 32-ші рет құлауы. Әрі 10 млн. гектарға тең Қазақ жерін сынақ алаңына айналдырғаны үшін ресейліктер елімізге небары 27 млн. доллар төлейді деген. Рас ол да төленбеді.  Табиғатты, қор­шаған ортаны, бабадан балаға мирас болған қасиетті топырақты тоздырған полигондардан түскен пайдаға күн көретіндей Қазақ Үкіметінің басына не күн туды қазақ?! 10 млн. гектар жерді қалай, қайтіп пайдаланып жатқанын да білмейміз, тек болмашы тиын-тебенге мәзбіз...

1. 28/02/2006. “Протон-М” зымыран-тасығышы (ЗТ) “Арабсат-4а” ғарыш аппаратын белгiлен­ген орбитаға шығара алмады.

2. 06/09/2007. “ДжейСиСат” серiгiн орбитаға шығару барысында “Протон-М” тасығыштың екiншi және үшiншi бөлiгi ұшу жолынан ауытқып кеттi. Ол Жезқазғаннан 40 шақырымдай жерге құлап, сол маңдағы елдi мекен­дердi әбiгерге салды. Қоршаған орта, айналаға, ауаға, суға, жан-жануалар мен өсiмдiктерге елеулi залал келтiрдi.

3. 15/03/2008. “Протон-М” ЗТ тағы да “АМС-14” байланыс серiгiн мөлшерленген орбитаға шығара алмады. Ғарыштық аппарат уақытынан бұрын бөлiнiп қалды.

4. 05/12/2010. “Протон-М” ЗТ үш “ГЛОНАСС” ғарыштық серiгiн белгiленген орбитаға шығара алмай құлады.

5. 18/08/2011. “Протон-М” зымыраны “Экспресс-АМ-4” ғарыш аппаратын жобаланған орбитаға шығара алмады.

6. 06/08/2012. “Протон-М” ЗТ “Бриз-М” блогымен “Экспресс-МД” және “Телком-3” серiкте­рiн бел­­гiленген орбитаға шығара алмады.

7. 02/07/2013. “Протон-М” ЗТ “ДМ-03а” блогы және “ГЛОНАСС” аппаратымен ұшып бара жатып, 17-секундта апатқа ұшырады.

8. 16/05/2014. “Экспресс-АМ4Р” серiгiн алып бара жатқан “Протон-М” зымыраны басқарушы қозғалтқыштың бұзылуынан апатқа ұшырап, оның қалдықтары атмосферада жанып кеттi.

9. 16/05/2015. MexSat-1 мексикалық ғарыш серiгiн шығару барысында да “Протон-М” ЗТ 500-шi секундта күтпеген жағдай болып, атмосферада жалын құшты. 

Соңғы уақыттарда бүкіл Қазақстанда орын алып жатқан түрлі апаттардың себебі әлі күнге жұмбақ қалғанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Десе де бұған аса мән беріп жүргеніміз шамалы. БАҚ біраз уақыт бажайлағанымен, мәселенің ізіне май шам алып түскен ешкім жоқ. Бұрын соңды, естіп, көрмеген жұмбақ апаттарға шет елдерден маман алдырып, зерттегенімізбен тұжырымдамада көрсеткен себептерге сенгіңіз келмейді.

Мысалы:  Калачидегі ұйқы дерті мен Қазақстанның бірнеше қалаларында естен танып, екі бүктеліп жатқан жасөспірімдердің мүшкіл жағдайына бей-жай қалдырмайтыны анық. Десе де бұның себебі әлі жұмбақ қалуда. Сонан кейін, қазақ даласында қызыл кітапқа енген, мемлекеттің айрықша қорғауына алынған ақбөкендердің жаппай қырылуының де себебі айтылған жоқ. Ал Өскеменде лашын құсы, Алматыда қарғалар адамдарға шабуыл жасай бастады. Бұрын-соңды, бұндайды естіп пе едіңіз?!  Талдқорған қаласындағы сауда үйлерінің бірінде еңгезердей ер азамат 4 сағат бойы тұрған орнында сіресіп қатып қалған. Осы және өзге де тылсым аурулардың себін қазақ түгілі әлемнің мамандары таба алмай отыр. Ескере кететін бір ақиқат – осы бәлекеттердің барлығы Ресей «протоны» құлап, «гептил» уы шашылғаннан кейін пайда болды.

Түйін: Бүтін ғарышымыздың тізгінін сеніп тапсырған қаһарманымыздың өзі «Байқоңырдағы «Протонның» құлауы заңнамалық тұрғыда апатқа жатпайды» деп Ресей мүддесіне қызмет етіп отырғанда, басқасынан не сұраймыз. 17 миллион халықтың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіріп отырған гептилден бас тартуға «ақсақал биліктің» қауқары жетпейтініне көзіміз баяғыда-ақ жеткен. Біздің биліктің Байқоңырға бейтарап қарайтыны белгілі.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

(Мақалаға Семей полигонынан зардап шеккен балалардың суреттері беріліп отыр. Егер ғарыш кемелерін гептилмен ұшыруды доғармасақ, Семей қасіреті қайталануы әбден мүмкін.)

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1893