Жұма, 4 Қыркүйек 2026
Ақмылтық 362 0 пікір 4 Қыркүйек, 2026 сағат 13:53

Жалқау елдің жеріне «қытай» қаптайды

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қайбір жылы (анығырақ айтсам, 2018 жылдың көктемі) әкейден мұраға қалған қыстаулық қораның шатырын жаңалау керек болып, ауылға бардым. Ауылға барып, қолы шебер, қара жұмысқа әбден ысылған жігіттермен сөйлестім. «Бауырлар, «осылай да осылай» «Қасен қожалығындағы» қораның төбесін жабауға жәрдем қылыңдар. Құрылыс материалдары, әне-міне, қаладан келіп қалады. Таудағы біздің үйге барып жатасыңдар. Төрт уақыт тамақтарың дайын тұрады. Моншаны қалаған уақыттарыңда жағып, түсе беріңдер. Еңбекақыларыңды жақсылап төлейміз. Жұмыс біткен соң, бас-басыңа және бір қой, қысқа қарай ортақтасып сойып алыңдар – әулетіміздің атынан бір жылқы «атайық». «Көреміз», – деді олар. Сол «көремізбен» бауырларым нақты жауаптарын айтпай жүріп алды. Мен енді ауылға қоңырау шалып, ұста Сәкенмен сөйлесейін:

– Брат, не шештіңдер? Бригадаң дайын ба?

– Дайын емес.

– Ендеше сенің бригадаң дайын болғанша, күтейін.

– Күтпей-ақ қой.

– Неге?

– Жұмыс ауыр ғой, қазір ешкім ауыр жұмыс істегісі келмейді.

– Ауыр болғанда... қораның төбесін ашып, қайта жабу керек.

– Өй, сендердің қораларың тым ұзын. Балкілері де жуан, әлі шірімеген сияқты ғой. Оның бәрін бұзып, ортасына түсіру керек, сосын, қорадан сүйреп шығару керек. Техника болмаса, болмайды.

– Техника жағына алаң болма, жиендерге айтайын, тракторларымен келіп, тазалап, күреп берсін.

– Ай, сонда да... соның қажет жоқ.

– Ненің қажеті жоқ?

– Жұмыстың деймін.

– Ау, тегін емес, ақыларыңды төлеймін деп отырмын. Кісі ақысын жемеуге әкеміз үйреткен. Бір ауылдамыз, сұраған ақшаларыңды бермей, біз бір жаққа қашып кетпейміз ғой.

– Қазір аулдағы жігіттер жұмысқа шықпайды.

– Сонда не істейді? Бала-шағасын қайтіп бағып жүр?

– Біразының әйелі мектепте мұғалім. Біразы балаларына пособие алады. Кейбірінің пенсионер әке-шешесі бар дегендей. Ал, көбі қалаға таксабайттайд. Бір күнде кемі 10-15 мың теңге тауып жібереді. Сондай ақша тауып жүрген жігіттер ай бойы айдаладағы қораның төбесін жамап жүрмейді, білдің бе?!. Қалада тұрады екенмін деп, сен, бірәтишка, аса көп неғыла берме, ақша табудың жолын біз де білеміз. Түсіндің бе?

– Жақсы, түсіндім.

Содан, амал кем, ауылға гастарбайтер өзбек ағайындарды алып баруға тура келді. Өзбек туғандар қаланың базарынан «құрылыста пайдаланатын құрал-жабдықтар мен екі қап күріш, пәленбай кило сәбіз, пияз, сумай, жарты қап насыбай» алыңыз деді. Ішіндегі бір қылжақбастау жігіт, «ака, ароқни дә олиің» деп, қосып қойды))) Бәрін алдым.

Өзбектер алыс қыстауға барған күннің ертеңінде білектерін сыбанып тастап жұмысқа кірісті де, 700-800 қой мен 100 бастай ірі-қараға арналған бұрынғы «сәбетский қораны» сәбіременный қылып жаңалап берді. Ой, жасаң! Ақшаға да аса көп ауыз аша бермейді екен өздері. Тағы да жасаң!

Ал, осыдан түйіндеп айтпағым не? Айтпағым: қазақтың жастары (бәрі емес, әрине) жан қинап жұмыс жасамайтын жалқау, көкжасық болып барады. Жеңіл жүріп, желіп жүріп көп ақша тауып, тез баюға құмар. Сондағы кәсібі – алып сату. Қала берді – көнетоз машиналарының артынан көк түтінін төгіп қала мен ауыл арасында адам тасу. Еңкейіп еңбек еткісі келмейді.

Осы күні бәріміз: «Ойбой, қазақтың жеріне қытай қаптап кетті!» – деп бозборан болып жүрміз. Әрине, жатып ішетін жалқау елдің жеріне қытай қаптайды.

«Бабаларымыз батыр болған», «бабаларымыздан қалған байтақ жер» дегенді айтқанда, еліріп, ешкікөзденіп кететініміз тағы бар. Соны айтып отырып бабалардан аманатқа қалған байтақ жерді қолдан беруге үнсіз келіскендейміз. Оған басты себеп: тағы да қайталап айтайын – жалқаулығымыз.

Қазір Қытай инвесторлары келіп ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар салып жатыр. Мақта мен егістік алқаптарына да тұмсық сұқты. Қытай жерді тақтайдай қылып тегістеп, күрделі тыңайтқыштарды мейілінше қосып, мол өнім алады екен. Алған шикі өнімді жақын маңдағы кәсіпорындарғы жеткізіп, өңдейтін көрінеді. Міне, сол кәсіпорындарға қазақтың жастары жұмыс істеуге бармайды. Неге? Өйткені, қытай тәртіпті қатты қадағалайды екен. Қытайдың тәртібі бойынша жұмысқа кешігіп келуге болмайды. Ішіп келуге болмайды. Жөн-жосықсыз жұмыстан сұрануға болмайды. Ұрыс-керіс шығаруға болмайды.

Көрдіңіз бе, қытайдың «болмайдысы» көп. Ал, қазекең үшін «болмайды» деген талап болмайды. Ол еркін-жүріп тұруы керек. Ол ұйқысы қанғанша, талтүске дейін талып ұйықтап жатуы керек. Жұмысқа келгеннен кейін түстік ішуі керек. Темекі шегуі керек. Тісін шұқуы керек. Тағы басқа қажеттіліктерін өтеп бітісімен, ертерек үйіне қайтуы керек. Айлық қолға тиер-тиместен жуу керек. Қазаққа бәрі керек, бірақ, жан қинайтын жұмыс пен тәртіп, талап керек емес.

Осы «анау керек», «мынау керекпен» қазекем даласы мен қаласын жұмыстан қажымайтын қытекеңдерге беріп-ақ жатыр. Ақыры «керектер» туралы сөз қозғадық па, онда осы удай ащы шындықты да мойындауымыз керек.

Ал, қытай неге қаптауда? Қытай инвесторлары қазақ арасынан шаруа мен жұмысшы таппаған соң, өз елінің азаматтарын үйіп-төгіп, қаптатып әкеліп жатыр. Олар маман ханзудың қасына бір «жаман ханзуды» ілестіріп әкелсе, Үкіметі қосымша ақы төлейді. Жағдайын жасайды. Шетелдерге инвестиция салуға барынша мүмкіндік туғыза түседі. Міне, мәселе қайда? Демек, бізге де бір шешімді қимыл-әрекет, пәрмені күшті бұйрық, тіпті, заң қажет!

Ол не десеңіз айтайын: аймақтарда, өңірлерде қытай инвесторлары ашып тастаған, немесе жаңадан салып жатқан кәсіпорындардың бәрінде сол аймақта, сол өңірде туып-өскен қазақ азаматтарын жұмыс істеуге мәжбүрлеу керек. Ел ішін тәртіпке, еңбекқорлыққа қайтадан бейімдеу керек. Әйтпесе... мына түрімізбен... жергілікті әкім-қаралар – бір, жалқау жұрт қолдан екі беріп... жерімізден айырлып қалатын сияқтымыз... (Құдай сақтасын!).

Бұл – менің жеке пікірім. Бәлкім, артық кетіп отырған да болармын. Қытай инвесторлары, мүмкін, қазақ жастарын шаруа маңына әдейі жолатпайтын шығар? Олай болса, біздің жауапты органдар мәселеге үңіліп, түбегейлі мән берсін.

Менің тілегім: еңбек етуден қашпайық, даланы да, қаланы да өзіміз игерейік. Қытайдан болсын, басқадан болсын үйренетімізді үйренейік те, дүние байлығымызға өзіміз ие болайық.

Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 803
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2129
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 539
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 516