ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ ЖАСАҚТАЛАДЫ. ЫҢҒАЙ ПЕНСИОНЕРЛЕРДЕН...
Бүгін Қазақстан парламентінің төменгі палатасы депутаттары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан мәжлісті мерзімінен бұрын таратуды сұраған. Бұл туралы «abai.kz» порталы «Азаттықа» сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Мәжілістің бүгінгі отырысында парламенттегі үш саяси партия – «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» фракциялары атынан депутат Владислав Косарев мырза бесінші шақырылымдағы парламентті таратып, оның орнына жаңа сайлау өткізуді сұраған.
«Біріншіден, қазіргі мәжіліс өзінің міндетін толық орындап, ұлт жоспарының заңдық негізін құрды. Парламент 80 заң қабылдады. Қазір жаңа тарихи кезең туып келеді. Елде модернизация басталып жатыр және президент реформасының барлық бағыты бойынша іске асуы үшін партиялардың сайлаушылар тарапынан жаңа мандатқа ие болғаны маңызды»,-дейді Владислав Косарев мырза.
Айта кетейік, осының алдында қазақстандық БАҚ-та кезектен тыс Парламент мәжілісі депутаттарының сайлауы биыл наурыз айында өтетіні туралы ақпарат тараған.
Қолданыстағы заңнама бойынша, Мәжіліс депутаттарының сайлауы палата депутаттарының өкілеттігі аяқталуынан екі айдан кеш емес мерзімде өтуі тиіс. Қазіргі Мәжіліс депутаттары 2012 жылдың қаңтар айында сайланған болатын. Онда «Нұр Отан» партиясы 80,99 пайыз, «Ақ жол» партиясы 7,47, Қазақстанның халықтық комунистік партиясы 7,19 пайыз дауыс жинаған еді.
Қазақстан Конституциясына сай, бүгінде Мәжілісте 107 депутат бар. олардың 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланады.
Қазақстандағы Парламент сайлауы туралы сыбыстар мен дақпырттар аз айтылған жоқ. Бесінші шақырымды қалғып, мүлгіп, ілініп-шалынып, өткерген депутаттардың енді алтыншы шақырылымнан дәмесі дардай болса керек. Парламенттің мәжілісті тарату туралы ұсынысының астарында не жатуы мүмкін? Пайым парасатымыз жеткенше, бажайлап көрейік.
Өткен жолы Үкімет теңгені тентіретіп жібергенде қараша халық өздері сайлаған Парламентке жәутеңдеп қарады. Әттең! Геронтократиялық жүйеге ынты-шынтасымен берілген демогог депутаттар теңге теңселіп таргеттеліп жатқанда «ләм-мим» деп жақ ашпады. Осыдан кейін-ақ, халықтың билікке деген сені түгелдей жоғалды. Ал пәрменсіз парламент қайтсін?! Оның үстіне қазіргі парламенттегілердің дені – «аутсайдерлер» екеніне талас жоқ. Парламенттегі аттарын адам баласы білмейтін 107 депутаттың да жоғарыдағы 600 мыңнан үлес иемденіп отырғаны рас қой. Мысалы, Бычкова, Бищимбаев, Базарбаев, Дүйсебаев, Дүйсенғалиев, Киколенько, Каппель, Киянский, Логутов, Маковский, Милютин, Никитинская, Пепенин, Сорокин, Тимещенко, Ферхо т.б. дейтіндердің депутаттық сауал жасап немесе БАҚ алдында сөйлеген сөздерін естідіңіз ба? Жоқ!
Солардың әккілері қазірден бастап Елбасы мен Үкіметтің маңайын торуылдай бастаған секілді. Негізі біздің түсінігімізде Парламент — Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы. Алайда, Қазақстан Парламентінің бүгінгі күйі – «кімнің тарысы піссе – соның тауығына айналған». Қазақстан Парламентiнiң депутаттары туралы том-том қағытпалар жазуға болатын шығар, сiрә. Халықтың әлеуметтiк проблемалары туралы ұсыныстар айтуға келгенде үндерi әрең шығатын депутаттар Ақ Орда жақтан бұйрық түссе, танаурап жүріп тау қопарып тастауға дайын. Шамасы, Ақ Орданың ауласынан тағы бір пәрмен жетсе керек, «айлығымыз аз», «асханамыз нашар» деп жылап жүрген депутаттар енді алтыншы шақырылымнан дәмелі екен.
Түйін: Енді бізге "Парламент керек пе, керек емес пе?" деген өнбейтін пікірталастардың орнына "Сол Мәжілісте кімдер отыруы керек?" деген сауалға жауап іздеу керек шығар.
Ширек ғасырдан бері аттан түспей келе жатқан шенеуніктердің шау тартып жатса да, майлы креслодан айырылмақ түрі жоқ. Елбасының ерекше назарына ілінген «пенсионерлер» ел тізгінін ұстап, саяси жүйеміз толық геронтократияға айналғаны жасырын емес. Иә, сол – ақсақалдардың билік жүргізу принципі.
(Дәл осы Брежнеевтің билеуі кезінде КСРО жоғарғы кеңесі мүшелерінің ең жасы 70-тен кем болмаған деседі)
Осы тұста Мұхаңның (Мұхтар Шахан) «12-3=?» деген өлеңі есіме түседі. Дәл бүгінгі көріністі суреттейді.
Рас, олар тәжірбиелі, әккі, оң мен солын байыппен аңғарады. Саясатта ұзақ жылдар бойы келе жатыр. Дегенмен, қариялар билігі – Конституцияда айтылған демократтықтан алыстап, өз мақсатына жету үшін адамдарға жалған уәде бергіш, деректерді бұрмалағыш және жел сөз, жалған жарнаманың ығына жығылғыш һәм басшыға жағынғыш – демагогтарға айналып кеткені де шындық.
Пенсионерлер қаптаған парламентте пәрмен жоқ. Бұл дегеніңіз барып тұрған – деспотия!
Жоғары билік жастарға сенбейді ме, сонда? Әйтпегенде, ақыл өресі Әбіқаевтан кем емес, Кулагин мен Школьниктерді он орап әкететін қаншама жас саясаткерлер тасады жүр? Солардың көбісін, мемекет өзі арнайы «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқытып, шеберліктер шыңдатып, дайындаған еді ғой. Ол үшін де, қазынадан қыруар қаржы бөлінген. Сол мамандар қайда?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz