Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 6060 0 пікір 10 Ақпан, 2016 сағат 03:49

БІЗ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ЖӘНЕ ҚАЙТПАҒАН КЕК

Адам баласы сонау ықылым замандардан бері қауымдасып өмір сүреді. Қауымдасып өмір сүру адамзаттың дамуына қарай түрлі формаға өтіп отырды. Біздің заманымыздағы соның бір формасы – әлеуметтік желі. Оның ішінде де ашық, жабық, жариялы топтарға бөлінеміз. Алып ақпарат жәшігі – интернеттің ішінде де осылайша, топтасып «өмір сүреміз». Әрине, әлеуметтік желіде тып-тыныш, мамыражай «өмір» жоқ. Қай кезде де бұрқ-сарқ қайнап жатады. Алайда, дәл осы әлеуметтік желі бүгінгі қоғамды, өмірді, яғни бізді бар қырынан «жарқыратып» көрсетіп тұрған айна. Ал сол айнадағы қоғамның бейнесінен әлденеден, әлдекімнен қанды кегі қайтпай, өмірге, айналасына тісін қайрап, ұрынарға қара таппай жүрген адамды көргендей боласың... Осы бір кекке толы қоғамның бейнесі қашан көрсең түңлігі желпілдеп тұратын әлеуметтік желідегі жылт еткен жақсылықты, ізгілікті, мейірімді, адами бейнені топан судай басып кетеді. Содан да әлеуметтік желіге кірерде үрейленетін халге жеттік. Әрі қарапайым бастауыш және орта білімдерін қайта толықтыруды өте қажет ететін нөпірдің сөз саптасы мен дарақылығынан, өзге былай тұрыпты, өзіне деген сәлде болса құрметінің жоқтығынан жаныңнан түңіліп, қорқасың. Сонда барып, қауымдасып өмір сүрудің қауіпті тұстарын сезінесің. Қаза берсең, қауіп көп... Мәселен, біздегі әлеуметтік желі «Көп - қорқытады, терең - батырады» дегеннің сойып қаптап қойған кебі. Қашан кірсең де желдей есіп желпініп желіде отыратын көп кімді қорқытпады, кімдерді тереңге батырып, тұншықтырмады дейсіз. Құдды, желідегі басты «армандары» сол ма дерсіз. Құрбандықтарын қорқытып, батырып жіберген соң, қанды кегінің тамшысы болса да қайтқандай жамырасып қалады...

Жалпы айтсақ, әлеуметтік желі қолданушыларына ортақ «мінз-құлық» бізде де бар. Мысалы, әдетте, адамдар бір-бірімен әңгімелескен кезде әңгіменің 43 пайызы өзі туралы болса, әлеуметтік желіде бұл көрсеткіш 80 пайызға өскен екен. Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылары да әйтеуір орайын тауып, (киім сатып алады; кездесуде отырады; қыдырып жүреді; ұшақта отырады; үлкен жиындарда жүреді; достарымен дастархандас болады; киноға, театрға барады; жұлдыздармен кездеседі; өзінің сонша сұлу болып жаратылғанына жүз бәленбайыншы рет таңқалып, түртінектеген бұзаудай ернін дүрдитіп, мүше-мүше болып сельфи жасайды; өзінің соншалықты терең білімді, сұңғыла адам екенін көрсетіп ғарыш туралы ойларын жазады; жер бетіндегі Құдайдың жалғыз адал, күнәсіз, пәк пендесі өзі екеніне әрі сақаланың әр талына шаң-тозаң емес, періште қонып отырғанына бек сенімді болғандықтан ендігі мақсаты қараңғы халықтың діни сауатын ашу деп біліп, бір ауыз сөзіне үш ауыз «уағыз» қыстырып «парызын» өтейді; қазақ тарихының білгірі, ұлт жанашыры, ұлт десе түн ұйқысын төрт бөлген, биліктің әр қадамын қидалап сынайды, қайырым күткен қазаққа тек лайк басуды ғана біледі, сөзіне қарасаң, бүкіл ұлтты мойнымен көтеріп жүрген ұлы күрескер; елді қыжыртып, бәріне миығынан күлген боп, іштей өзінің ақылды екеніне кезекті рет ырза болып, әзілге сүйеп шымшыма жазады тізе берсең, аш ішектей шұбатылып бітпейді) өзін көрсетеді. «әлеуметтік «Менін»» өзі қалағандай етіп, қолдан жасап, алға шығарады. Осылайша, әрегідік адами қасиеті сыр беріп «Кешіріңіздер, ұят болды, сонда да енді» деп жалғастыра береді. Бізде ғана емес, өзге елдерде де әлеуметтік желі құбылысы ретінде өсіп отырған бұл сырқат желіге байланғандардың өздерін алдап қана қоймай, осының бәрін үнсіз немесе өз өмірімен салыстыра қараушыларды өлімге итермелейді екен. Яғни, өзінен басқаның бәрі бай, бақытты, ештеңеден таршылық көрмей, өмірдің қызығын көріп, шалқып жүргеніне желіден (фото/видео, жазба) көріп, соған сенгендер өзін қолынан түк келмейтін қор сезініп, өміріне көңілі толмай, психологиялық соққы алып, ішкі тұрақсыздыққа ұрынып тіпті өлім туралы ойлайды бастайды. Ал, мұндай дүние жасөспірімдерге қалай әсер ететін ойлай беріңіз...

Әлбетте, адам табиғатында өзімшіл. Бұл әлеуметтік желіде қауымдасып отырғандардан ә дегенде байқалады. Әр адам өзіне назар аударылғанын, сөзін тыңдағанын, қауым ішінде өз мәртебесі, орны болғанын қалайды. Ал, әлеуметтік желі осыған төте әрі оңай жол ашты. Дәл осы әркім көзге түсіп қалуды, әр нәрсені бірінші болып білгенін білдіру мақсатындағы әрекеттердің жиынтығынан келіп, қоғамның мәдениеті, талғамы, қалауы, таңдауы, ойы, көзқарасы, сенімі бүкіл болмысы көрініс береді. Сөз басындағы қорқыту мен тереңге батырудың бір ұшы – желі қолданушыларының шынайы ішкі мәдениетінің айғағы. Мәселен, әлеуметтік желіде әлдебіреуді итше талап, есеңгірете соғып, тереңге батырды делік. Ал, сол адамның шын өмірдегі адами бейнесін, болмысын желідегі айтаққа ерген жұрттың көбі білмейді. Тек «Бәленше өстіді, ол оңбаған» деген бір ауыз сөз жетіп жатыр. Ал, қауымдасқан қалың адамның жариялы күнделігі іспетті делінетін желідегі мұндай әрекеттер қаншама адамның өмірін ойрандап, сағын сындырып, жігерін жасытып жатыр.

Әлеуметтік желідегі осы бір мінезді қарап отырып, бұл өшпенділік қайдан келді деген ойға қаласың. Біздің ше, мұның тамыры – халықтың тарихында. Қараңыз, үш жүз жылдық патшалық отарлық, одан кейінгі совет өкіметі – 370 жыл бодан болған халықтың бойында қайтпай қалған кек бар. Иә, Азаттық жолында болған іріл-ұсақты көтерілістердің бәрі жеңіліспен аяқталды. Кек қайтпады. Осы кек қазақ аналарының үнсіз ішіне жұта берген көз жасымен, өксігінен жиналып, құрсаққа түсіп, ұрпаққа берілді. Есіңізде болса, арагідік айтылатын «Тәуелсіздік бізге қантөгіссіз келді» дейтін әңгіме бар. Мұның ар жағында қайтпаған кек мәселесі жатыр. Тарихтың ұзына бойынан жиналып, ұрпаққа жалғасқан кекке Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қайта оянған халықтың ішкі сенімінің соңғы он жылдың бедеріне толықтай күйреуі қосылды. Қайтпаған кек, күйреген ішкі сенім. Біздің осындай бүгінгі ішкі болмыс күйіміздің пышақ жүзіндей бір қыры әлеуметтік желіде қырына келгенді қырып жатыр. Әрі интернеттің иірімдерінде бықсып жататын неше түрлі адам шошынатын ақпараттарды лег-легімен бөлісіп, жайбырақат отыруда қайтпаған кек пен күйреген ішкі сенімнің үстіне шыққан бағдары жоқ,белгісіз әлеуметтік өшпенділік. «Өзі құлағалы тұрған тауға қой жайып» дегендей, осындай ішкі ауыр күйдегі жұртты желіде «Қазақ десең өзіңе тиеді, ел болмаймыз, не деген сорлымыз» деген сыпатта жауапкершіліктен жұрдай адамдардың бүтін бір халықтың атынан қиналмай жаза салып, жанашығансымақ болып тұқыртуы әлгі өшпенділікті одан сайын ұлғайтайды.

Әрине, заң бар. Қолданыстағы заңға сәйскес, әлеуметтік желілер, чаттар, блоктар БАҚ – қа теңестірілген. Демек, кез келген әлеуметтік желі қолданушысы заңға қайшы әрекет жасаса, жауапкершілікке тартылады. Оның нақты мысалдары да бар. Бірақ, заң елдің ішіндегі кекті қайтарып, бір-біріне өшіккен өшпенділікті өшіре ала ма?..

Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір