ЛАТЫНҒА КӨШУГЕ КІМДЕР ҚАРСЫ?..
Латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғамда үлкен талқыға түскен тақырып. Кейінгі жылдары сәл саябырсыды. Бірақ, жұмыс тоқтаған жоқ. Былтыры Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бағдарлама қабылданғанын, жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтқан. Дегенмен, латынға өту мәселесіне қарсылық әлсін-әлсін байқалады. Мәселен, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары арасында «дағдарыс кезінде латынға өтуге ақша шашқанша, жұмыссыздықпен күреспей ме?» деген сарында пікірлер қылаң беріп жатыр.
Латынға ауысу мәселесі көтерілгенде қазақ қоғамының өзі екіге жарылып, бір қолдаса, енді бірі қарсы болған. Қазақстанда қазақ және орыс тілінде сөйлейтін екі қоғам бар екенін ескерсек, екіншісі о бастан қарсы позиция ұстанды. Әлі де солай.
Латын әліпбиіне көшудің түп мақсаты түсінікті. Ол – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру әрі бір тілді мемлекет болашағын қамтамасыз ету. Негізінде, мемлекеттік тіл – ту, елтаңба секілді Тәуелсіздіктің анық әрі ажырамас нышандары іспетті ешкім ешқандай қарсылық көрсетпейтіндей мемлекеттің саяси тәуелсіздігінің басты белгісі болып салтанат құруы тиіс еді. Бірақ, ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында билік саяси-ерік жігерінің аздығынан әрі орыс тілінің өктемдігінен қорқып, мемлекеттік тіл мәселесін екіұшты күйде қалдырды да, бұл өз кезегінде жыл өткен сайын күрделене берді. Осылайша, Тәуелсіздіктің ең негізгі тірегі әрі күнделікті қолданыстағы басты белгісі - қазақ тілі қазіргідей күйге түсті. Алайда, тілге қатысты қазақ қоғамының талабы уақыт өткен сайын бірде бәсеңсіп, бірде күшейіп отырды. Билік өз тарапынан түрлі айла-тәсіл қолданып көрді: «Мемлекеттік тілді қолдау қорының» құрылуы, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» ұраны көтерілуі. Бірақ, қазақ қоғамының мұндай саяси алдарқату тәсілдерге бой алдырмасы білінді. Ал, Конституцияға өзгеріс енгізуге кеш еді. Себебі, Ресейдегі империялық пиғылды саяси аренаға шығарған Путин режимі күш алды да соның ықпалы әсерінен Қазақстандағы орыс тілді қоғамға жан бітіп, тіл мәселесінде иілмеуге айналды және биліктегі негізгі ықпалды топтар, лауазымды қызметкерлер түгелдей орыс тілінде сөйледі. Тіпті ол тілден бас тарту оларға жойылып кетумен пара-пар болды. Осыдан келіп, мемлекеттік тіл мәселесі тіптен ушықты. Осы кезде ортаға латын әліпбиіне көшу ұсынысы тасталды. Қазақ қоғамының бір бөлігі бұл ұсыныстан қазақ тілінің Тәуелсіздігін көріп қуанды, қолдады. Екінші бөлігі, қарсы болды. Олардың ойында, бұған дейінгі кирилицада жазылған рухани мұрадан айырылып қалу қаупі болды.
Соған қарамастан, латынға ауысу соңғы жылдар бедерінде қоғамдық дәрежеде қызу талқыланған мәселе болды. Президент Назарбаев латын әліпбиіне көшуден ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ екенін де айтты. Кімдерді меңзегені түсінікті де.
Латын әліпбиі билік үшін ширек ғасырға кешіктіріп алған тіл мәселесін шешудегі ең оңтайлы нұсқа екені түсінікті. Сөйтіп, іске кірісті. Дәл қазіргі уақытта қоғам назарынан қалып қойса да бұл мәселенің үкімет тарапынан жүргізіліп жатқаны анық. Өйткені, бір мемлекет – бір тіл – бір халық стратегиялық мәселесін тездетпесе, Тәуелсіздік пен оның бірден бір алғышарты территориялық тұтастыққа қауіп төндіретінін билік Қырым оқиғасынан кейін анық білді. Латын әліпбиі Ресейдің халықаралық саясаттағы әрекетінің өзі жеделдетуге мәжбүр еткен шара. Тап, осы латынға көшуді Президент пен Үкімет әлі де қадағалап отыр деп сенеміз! Және алдағы сайлаудан соң жасақталатын Мәжіліс қарайтын заңдардың қатарынан осы латынға ауысу туралы да заңды көру – қоғамның арманы.
Нұра Матай
Abai.kz