Жұма, 12 Қыркүйек 2025
Абай мұрасы 172 0 пікір 12 Қыркүйек, 2025 сағат 12:31

Адамзаттың Абайы қазақтың Абайы бола алды ма?

Сурет: vecher.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда Абайтану үрдісінің басталғанына шамамен 100 жылдан асыпты. Абайдың артына қалдырған мұрасы: өлеңдері мен аудармалары 200 ге жуық, 45 қара сөзі мен 3 поэмасы және 20 ға жуық әндері. 

Тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақытта Абайтану саласында қаншама қарқынды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүріп жатса да, Абайды дұрыс танып, бәһра ала алмадық. Оған дәлелдің де керегі жоқ. Себебі Абайдың деңгейіне жету былай тұрсын, оның жолын ұстанған ақын жоқ қазақта.  Ең сорақысы – Абайдың аманатына амал жасап жатқан жан табу да қиынның қиыны қазір. Абайдың 180 жылдық мерейтойын қай бетімізбен, қалай тойлап жатқанымызға қайранмын!

Алланың өзі де рас сөзі де рас

Толғауы тоқсан қызыл тілді алыстан сермемей, төтесінен салайық. Абайдың шығармаларын «өлең» деп айтуға аузым бармайды. Себебі Абайдың «өлең сөздері» қазіргі кездегі қалыптасқан «өлең» түсінігінің шеңберіне мүлдем сыймады. Оны қалай атау керек екендігін  абайтанушылардың өздеріне қалдырайық та, өлең сөздің өлшемдеріне тоқталайық.

Абайдың мынау бір «өлең сөзіне» шама-шарқымыз келгенше  талдау жасап көрейікші. Біз өз тарапымыздан қанша терең талдадық дегенімізбен оның шынайы түп мағынасы мен рухани тұңғиығына толық жете алмайтынымыз анық. Десек те өреміз жеткен жерге дейін түсіне алсақ, Абайдың тереңін болжауға болады деп ойлаймыз.

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Му'мин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзідүр ол,
Тә'уилін білерлік ғылымың шақ.

Бұл жерде зейін аударатын мәселе: «Тә’уил» - Құран аяттарының астарлы, ішкі мағынасын түсіну, яғни тәпсірлеу, оймен ашу, түпкі мәніне ақылмен, ғылыммен жету. Ол тереңге жетуге «ғылымың шақ» деп отыр Абай.

Бірінші назар аударатын жағдай: Абайдың айтып отырған ғылымы мен қазіргі біз білетін ғылым – екеуінің аты бір болғанымен, заты басқа екі дүние. Екеуінің мақсаттары бір - зерттеу, тану болғанымен, зерттеу нысандары мен әдіс-тәсілдері басқа.

Қазіргі ғылымды бір сөзбен материалдық, евроцентрлік ғылым деп атауға болады. Ал Абайдың айтып отырғаны материалдық ғылыммен қоса, оның шеңберінен шығып кететін - рухани ілім. Бұл екі ғылымды Абайдың сөзімен айтатын болсақ: «көзге көрінетін» және «көзге көрінбейтін» ғылым. «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды (жетінші қара сөз)». Құранның «тә’уилін білерлік ғылымың шақ», яғни Құранның терең сырын түсінуге қазаргі материалдық ғылымның мүмкіндігі шектеулі.

Екінші назар аударатын мәселе: Материалдық ғылымның зерттеу нысаны макро және микро әлем болса, Абайдың айтып отырған ғылымы - рухани әлем.  Макро және микро әлемді зерттеу үшін ғалымдар телескоптар мен микроскоптардың көру қуатын кұшейтумен айналысса, Абайдың рухани әлеміне ену үшін ешқандай құрылғының қажеті жоқ. Алланың беріп қойған ақыл қуаты жеткілікті. Сондықтан да Құранда адам балаларына маңызды мәселеге назар аударуын талап етілгенде: «ақыл иелері» деген қаратпа сөз қолданылады.

Ақыл барлық адамда бар, бірақ оны әркім әртүрлі мақсатта пайдаланады. Көпшілік адам ақылды тек жеке бас мүддесінің қамы үшін жұмсайды. Сондықтан да Абай «айтушы мен тыңдаушы көбі надан, бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» деп оларды хайуанға теңейді: «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек».

Үшінші назар аударатын мәселе: Материалдық ғылымның субъектісіәлемді сырттан тану болса, Абай ғылымының субъектісіөзін тану арқылы Жаратушы мен оның жаратқан жаратылысын тану.

Ал енді «оған қалай қол жеткізуге болады?» деген сұрақ туады. Материалдық ғылымның таным әдіс-тәсілдерін бәріміз жақсы білеміз. Ал Абайдың таным әдіс-тәсілі - өзіңе, жүрегіңе үңілу: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла», «Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі асыл тас», «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек?», «Жүрегіме байқасам, инедейін таза емес». Бір сөзбен айтқанда, адам бес сезу мүшесі арқылы материалдық әлемнен ақпарат алатын болса, рухани әлеммен байланысты алтыншы сезу мүшесі жүрек арқылы орнатады: «жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі», «жүректе айна жоқ болса», «нұрын, сырын көруге, көкірегінде болсын көз».

Осы бағытта талдауды жалғастыра берсек, рухани ілімнің әлеміне, руханиятқа тереңдей береміз. «Тіршіліктің несі сән тереңге бет қоймаса». Абайдың тереңіне бойлауды, Абайдың аманатын орындаған інісі, әрі рухани шәкәрті Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ар ілімі» аясында жалғастырған жөн болады деп ойлаймыз. Қазірше Абайдың аманатын ары қарай жалғастырайық.

Жүз мың кеннің ең артығы немене екен?

Абайдың «Алланың сөзі» дегені – Құран Кәрім. Құранның құдіреті сол – ол тұнып тұрған материалдық ғылым мен рухани ілімнің қайнар көзі. Құран Кәрім -  Адам мен Ғаламның жаратылысы туралы барлық ғылымдар жиынтығының сығындысы, Жаратушы мен жаратылысты байланыстырушы ұлы  мұғжиза. Сондықтан да Құранмен сабақтастығы жоқ ғылым - ғылым емес, жалған ілім. Құранның ғылымынан ғибрат алып, жан дүниесін байытпаған ғалым – ғалым емес, залым.

Құран ғылымының құдіретін мыңнан бір ғана мысалдың аясында түсіндіріп көрейік. Ол үшін тағы да Абайдың өлең сөзіне жүгінуге тура келеді:

Қара жер адамзатқа болған мекен,
Қазына іші толған әр түрлі кен.
Ішінде жүз мың түрлі асылы бар,
Солардың ең артығы немене екен?

Абай өлең сөздеріндегі бұл жұмбақтың кездесуі кездейсоқтық емес. Себебі Абай жасырып отырған кен туралы арнайы сүре бар қасиетті Құранда және ол жай емес 114 сүренің дәл ортасында орналасқан 57-ші сүре «Хадид» деп аталады. Осы Хадид сүресінің 25-ші аяты, «Бисмилляны» бірінші аят деп есептесек 26-шы аятында осы кеннің қалай пайда болғаны мен қасиеті туралы айтылады. Әрине, бұл жұмбақтың шешімі Менделеев кестесіндегі 26-шы элемент туралы болып отыр. «57-ші сүренің аты мен 26-шы аятында сипатталған кеннің Менделеев кестесіндегі 26-шы ұяшықта орналасқан элементтің сай келуі заңдылық па, әлде кездейсоқтық па?» деген сұрақ туады. Біреулерге заңдылық, ал енді береуге кездейсоқтық болуы мүмкін.

Заңдылықтың пайдасына қарай бір мысал келтірейік. Құранның астарлы сырын сипаттайтын сандық «АБЖД» есебіне салатын болсақ, хадид (حديد, 8+4+10+4=26) сөзінің сандық мәні де 26. Ал енді зат есімнің алдына қойылатын аль ( ٱلْ, 30+1 ) – мағрифа артиклін қосатын болсақ, сүренің атауына сәйкес «аль-хадид» (الحديد) сандық мәні 57 шығады. Құрандағы сүренің реттік саны мен сүре атауының сандық мәні бірдей  (57) және сүреде сөз болып отырған кен атауының сандық мәні,  кен туралы айтылған аяттың реттік саны мен кеннің атомдық сандары да тең (26). Бұл енді біраз адамдарды ойландырып қоюы мүмкін, десе де заңдылық екеніне күмән келтіретіндер табылады.

Жалпы заңдылықтың бар-жоқтығын дәлелдейтін «математикалық индукция» деген әдіс бар. Сол әдіске салып Құранның Адам мен Ғаламның жаратылысы туралы ғылым екенін дәлелдеп көрейік.

Құран арап тілінде жазылған, ол  28 әріптен тұратын. Арап тілінің грамматикасына байланысты 14-і «Күн» әріптері, 14 «Ай» әріптері болып екіге бөлінеді. Математикалық индукция әдісі бойынша 14+14=28 деген заңдылықты базалық тұжырым (N=1) ретінде алайық. АБЖД есебінде қолданылатын сандар барлық бірлік, ондық, жүздік сандар және 1000 (мың) саны. Осы сандардың саны: бірлік сандар - 9, ондық сандар – 9, жүздік сандар – 9 және 1000 – 1. Барлық сандардың саны 9+9+9+1=28, ал барлық сандырдың қосындысы 5995 айналық сан шығады. Айналық санның оң жағы 5+9=14, сол жағы 9+5=14 (N=2).  Құрандағы әріптер мен сандардың құрылымынан заңдылықтың базалық тұжырымын екі рет кездестіріп отырмыз.

Математикалық индукция әдісіне сәйкес N=k, яғни кез келген k саны үшін Құранға қатысты тағы да осы базалық тұжырым бір рет орын алатын болса, онда оны заңдылық деп қабылдауға болады. Ақжан Машанидің «Жар ілімінде» келтіргеніндей Құран аятына сәйкес ол базалық тұжырым адамның денесі мен аспандағы айдың қозғалыс циклынан көруге болады. Адамның оң қолындағы саусақ буындарының саны 14, сол сияқты сол қолында да 14 буын бар. Барлығы адамның қолында ғана 14+14=28 саусақ буыны бар.

Хижра күнтізбесіне сәйкес айдың көріну фазасы 28 күн. Оның ішінде 14 толу фазасы болса, 14 күн солу фазасы. Қазақтың «он төртінде толған айдай» деп қыздың сұлулығын айдың толуымен суреттеудің астарында үлкен мән жатыр.

Құранның мәтіндік мағынасы оның терең сырының тозаңы ғана деуге болады. Мысалы,  Абай жұмбағында жасырылған кеннің Құранда алғаш «Исра» сүресінде (17:50) қатты тас сияқты екендігі сипатталса, одан кейін «Сәбә’» сүресінде оның балқитын күйі айтылады: «Расында Дәуітке өз жанымыздан нығмет бердік, ... жұмсақ қылдық» (34:10). Осы екі рет айтылған сөздердің арасындағы аяттар саны 1538 – бұл оның балқу температурасымен дәл сәйкес келеді. Осындай мәтіндік құрылымдағы сандардың сиқырлы сырларына қарап, Құранның ұлы мұғжиза екенін мойындамау мүмкін емес ақылы бар адамға.

АБЖД есебіне сай Құрандағы әрбір әріпті сан ретінде қарайтын болсақ,  Адам мен Ғаламның жаратылысы былай тұрсын, Ғаламның жаралғанынан бастап ақыр заманға дейінгі аралықтағы барлық  өркениеттер мен олардың даму заңдылықтары сандық құпия түрінде жазылған ғаламдық деректер базасы деуге болады. Оның терең сырын түсінуге бастағы мидың әлеуеті жетпейді, оған тек жүректегі иманның қуатымен жетуге болады: «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас», «Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі»

Ғылым сол - үшеуінің жөнін білмек

Абайдың ең көп мән беріп, мағынасын ашуға күш салған сөзі – ғылым, қайрат, ақыл мен жүрек. «Ғылым сол – үшеуінің жөнін білмек» деген Абайдың ғылымға берген анықтамасынан асқан аксиома жоқ түсінігі бар адамға. Абайдың пайдаланып тұрған үш сөздің шын атаулары: «жүрек» - рух, «қайрат» - нәпсі, «ақыл» - ақыл. Адам бойындағы осы үш қуаттың мекені, бір бірімен түйіскен түйіні-торабы, бір бірімен байланысқан жері - жүрек.

Жүректің, бұлшық еттердің түсі - қызыл, қанның түсі де қызыл. Олардың  қызыл түсті болуының сыры неде? Оған жауап беру үшін де жоғарыдағы Абайдың жұмбағын жүгінуге тура келеді.  Адамның бойындағы барлық жасушаларға қажетті оттегіні шеберлікпен жеткізу мен қабылдап алу қызметі де соған байланысты. Ол өз алдына бірнеше томдық кітапқа арқау болатын үлкен ғылым.

Адамның психологиясы, қазіргі кезде трендке айналған эмоцияналды интеллекті - қазақша айтқанда көңіл құпиялары мен рухани-адамгершілік деңгейі осы үш қуаттың (ақыл-ақыл, қайрат-нәпсі, жүрек-рух) өзара қарым-қатынасы мен өсу-өшу  күйінің сыртқы көрінісі.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

Абайдың әрбір өлең сөзі – ақиқат аксиомасы,  ғылыми концепт. Оны өлең деп ғылымнан мақұрымдар айтады. Қазіргі ғылымның соңғы ашқан жаңалығы – адам қанының құрамы ойына қарай өзгеру қабілеті.  Адам ойланғанда ми белгілі бір нейрохимиялық сигналдар шағарады. Бұл сигналдар эмоция тудырады, ал эмоция ағзада гармондық және физиологиялық өзгерістерге алып келеді. Бір сөзбен айтқанда адамның ниетіне қарай ой туындайды, ал ой эмоцияға айналып, адам ағзасына әсер етеді.

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге байландым
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?

Әрекет қайталана берсе, әдетке айналады, әдеттен мінез қалыптасады. «Бір қылған екі қылады, екі қылған әдет қалыды».

Үш-төрт жылғы әдетің
Өзіңе болар жендетің.

Адамның мінезі тағдырына айналады. Осы рухани-психолоиялық себеп-салдар сабақтастықты Абай қалай көркем суреттейді десеңші. Бұл ғылымды өте жақсы білген, жіті меңгерген адам ғана осылай жеткізе алады. Тәрбиенің теориясы мен технологиясын түп тамырына шейін терең білетін кемеңгер ғана «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп батыл айта алады. Бұл өз алдына үлкен бір ғылым. Бірақ, өкінішке орай, қолда бар алтынның қадірі жоқ. Білім саласының білгірлері Абайға  емес, батыс пен шығыстың таңсықтарына әуестеніп әлек. Қазақша айтқанда, «саудың асын ішіп – аурудың ісін істейді».

Самородный сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны,
Садағаң кеткір сұрайды
Самарқанның бөзіне.

Бұл әбден жауыр болған тақырып болғандықтан, ары қарай соза бермей, зейінімізді бастапқы жұмбақтың шешіміне бұрайық. Себебі нәтиже шығатын болса, осы уақытқа шейін шығар еді:

Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Одан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас - бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас..

Абай жұмбағының шешімі мен оның ғылыми маңыздылығының салмағына қайран қалмау мүмкінсіз. Қалайша ой табиғаты мүлдем бөлек қанның құрамын өзгерте алады? Оның себебі қанға қызыл реңк беріп және сыртқы әсерге бейімделіп тұрған қандағы гемоглабиннің негізгі элементінің табиғатына байланысты.  Оның табиғаты - металл, металл болғанда да ферромагнит, яғни магниттік қасиетке ие. Ойдың табиғаты - өте жоғары жиіліктегі электромагниттік толқын, ал электромагниттік толқын, электр және магнит өрістерінің өрімі болғандықтан, магнит өрісі мен ферромагнит бір бірімен әсерлесетінін 8-ші сыныптың оқушысы да біледі. Ғылыми түрде  бәрі қарапайым, түсінуге болады.

Менделеев кестесінде кездесетін барлық элементтердің түзілуі жер бетінде қалыптасқан болса, Абай жұмбағындағы «жүз мың кеннің ең асылы» ғана Құранда айтылғандай Ғарышта түзіліп, жерге метеорит жаңбырлары түрінде түскен жалғыз металл. Бұл құбылыстың да расытығын соңғы ғылыми жаңалықтар мойындап отыр.  Ол кеннің асыл екендігі сол, онсыз  техника мен технологияның дамуы еш мүмкінсіз. «... онда мықты күш, әрі адамзат үшін қажеттер бар» (57:25).

Біздің пайымымызша Абай  ғылым деп Құрандағы материалдық және рухани ілімді тұтас таныған.  Себебі материалдық ғылымды басқаша заһири, ал рухани ілімді батини, немесе ладуни  деп те атайды. 38-ші қара сөзде осы екі сөзді Абай қатар қолданады: «... сіздің заһирыңыздағы ғибадат - батиныңыздағы иманның көлеңкесі».

Абай 17-ші қара сөзін былай аяқтайды: «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы,  депті». Бұл тұжырым Құранда үш жерде кездесетін аяттың мағынасы: Мұндағы «қалпыңа» («қалб» -жүрек) жүрегіңе, ал «кітаптың айтқаны» - Құранның аяты деген сөз (26:88-89). 

«Құран рас, Алланың сөзідүр ол, Тә'уилін білерлік ғылымың шақ» деп Абай заһири ғылымды, яғни материалдық-евроцентрлік, немесе атеистік ғылымды айтады.

Ұстазы жоқ ақынның ұстазы - анық шайтан

Абай аманатына ең үлкен қиянат жасаушылардың бір парасы - өздерін Абайдай алып санап жүрген, ақын сөзінен садаға кеткір ақынсымақтар.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

«Ақын деген кім, ақын сөзінің мағынасы нені білдіреді?» деген сұраққа тұшымды, бірауызды жауап жоқ тіл-әдебиет ғылымында. Ақын сөзінің этимологиясына қатысты ғалымдардың пікірлері әр түрлі. Біреулер  судың ағыны сияқты «сөзге ағып тұрған», яғни «ағын» сөзінен шыққан десе, енді біреулері түбірі «ақ, ақыл» сөзінен шығады, яғни  ақыл айтуға шебер адам, сөз иесі, ой мен сезімді сөйлетуші адам дегенге келтіреді. Осы сияқты әр түрлі пікірлер көп.

Біздің ойымызша, мәселе сөздің шығу этимологиясынан көрі, тұлғаның рухани деңгейі мен қоғамдағы алатын орнына, халыққа қызмет жасау статусына байланысты болса керек. Қазақ даласында ілім иелерінің рухани деңгейлеріне байланысты өте көп атаулары бар: мүрид, молда, дамолла, имам, қари, мақсұм, ишан, қалпе, ахун, сопы, пір, баб, әулие, машайық, т.б..

Молда, имам, қари, дамолла, мақсұм, т.б. сияқты атаулар шариғат деңгейіндегі ілімі мен қызметіне қарай берілетін лауазым аттары. Бұл атаулар қазірдің өзінде де маңызын жойған жоқ және елмен етене араласып өз қызметтерін жалғастыруда. Алайда мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық деңгейін дамытуға олардың қосатын үлестері ауыз толтырып айтуға келмейді. Керісінше, пайдасынан зияны көбірек. Себебі олардың білім деңгейлері шариғат аясынан ары аспайды, сондықтан шариғат шеңберінен шыға алмай, әр түрлі бағыттар мен тармақтарға топтасып, рухани құны жоқ құлшылық қылудың шарттары мен ережелері айналасында дауласудан шаршамайды. Ең қауіптісі - өз көзқарастарымен сәйкес келмейтін адамдарды «теріс жолда жүр» деп жауласуға дейін дайын тұрады. Бұл мемлекет тұрақтылығына қауіп төндіретін өте үлкен қатер!

Олардың ең үлкен кемшілігі – өздерінің білімін арттырып, рухани кемелдендіруден көрі дүние түршілігін артық көруі. Абай оларды көп сынайтыны да сондықтан:

Наданның көңілін басып тұр,
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бірақ шаруасы

Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай болып сәлдесі.
Малқұмар көңілі бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?

Ал енді ишан, қалпе, ахун, сопы, пір, баб, әулие, машайық, т.б.. сияқты атаулар рухани білімдерін арттырып, өз жан-дүниелерін кемелдену жолына арнаған адамдарға тиесілі. Шариғаттан кейінгі тариқат, мағрифат, ақиқат деңгейлеріне жетуге байланысты олардың дәрежелері де әртүрлі болып келеді. Біздің мақсатымыз ақын сөзінің мағынасын ашу болғандықтан, назарымыз «ахун» деген аттауда болмақ.

Адам шариғат ілімін меңгеріп, келесі рухани кемелденудің сатысы тариқат деңгейіне көтерілу үшін алдымен өзінің жан тазалығымен, көкірек көзін ашумен айаналысады.

Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Үштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.

Жаны тазарып, көкірек көзіне сәуле қона бастағанда, адам рухани әлемнен ақпараттар ала алатын қабілетке ие болады. Қазақтың халық ауыз әдебиетіндегі ең көп кездесетін қысылтаяң кездердегі табан астында қиюын қиыстырып,  суырып салып айтатын даналық сөздер мен ұрандар, баталар мен өсиеттер, көсем сөздер мен кесім сөздер, т. б. хикметтер - ақылдың арқасында емес, көкірек көзінің ашылуынан туатын қасиет.

Рухани кемелдену жолында  «Ұстазы жоқтың – ұстазы шайтан» деген қағида бар. Рухани салмағы өте маңызды бұл қағидаға көпшілік жеңіл қарайды. Сондықтан да сол шайтанның өрмек-торына қалай түскенін білмей қалады.

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Бір-ақ шумақ өлең сөзбен Абай раухани азғындаудың ішкі себеп-салдарын сипаттап беріп отыр. Әрбір адамның жүрегінде жоғарыда айтылған үш қуаттан бөлек адамды рухан  әлем тарапынан әсер етіп тұратын тағы да екі қосымша рухани қуат көздері бар, олар: адамға жақсы ой салып, тура жолға жетелейтін періште мен адамды азғырып, азғындыққа итермелейтін шайтан. Рухани кемелденуге ұмтылған адамның рухани ұстазы болмаса, ол өзінің шайтанның жетегіне қалай кетіп қалғанын сезбей қалады. Ғайыптан дарындылық пайда болып, шабыты келгенде аяқ астынан өлең шығара салатын қасиетке ие болады. Өзін керемет ақын санап, елдің көзіне түсу үшін, мансап пен мақтанның соңында жүргенін бедел мен абырой санайды. Бірақ та, оның «абыройлы» болып жүргені шәкеңнің арқасы екені үш ұйықтаса да түсіне кірмейді.

Малғұнның адамдарды қалай азғырып, өрмегін қалай құратыны туралы Құранда екі жүзден астам аяттар бар. Ал енді адамды өзінің есегіне айналдырып алған ақындар арқылы азғындыққа қалай жетелейтіні туралы арнайы 26-шы «Ақындар» сүресін түсірген. Бұл сүреде шебер Алла жеті пайғамбардың мысалында өлең сөздің табиғатын тамаша талдап, хикметтің адам жүрегінен қалай шығатын механизміне шейін суреттеп береді: «Сенімді Рух оны сенің жүрегіңе ескертушілерден болуың үшін анық араб тілінде түсірді» (26:192-195).

Шайтанның есегі мен шын ақынның, өлең мен өлең сөдің арасындағы  айырмашылықты ажыратып алмай, адамның адасуы мен азғындыққа ұшырауының алдын алу мүмкінсіз.

Ғылымдағы Абайдың жеткен биіктігі мен қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі туралы қазіргі қазақ ғалымдарының берген бағасы - тек  тамсану мен таңырқау, өз деңгейінде сипаттау мен суреттеуден аспайды. Себебі олар Абай көрген рухани ұстаздарды көрмеді және атеисттік, материалисттік ғылымның мектебінің тәрбиесінен шыққан. Рухани кемелденудің теориясы мен технологиясынан, яғни батини – тариқат ілімінен бейхабар, жүрек хикметінсіз, тек ақыл қуатының арқасында  материалдық ғылымға сүйеніп Абайды тану, түсіну - мүмкінсіз. Хикметтің дәмін татып, ішкі сырын аңғаратын есті болмай, сыртын көріп таңданудан ары аса алмай жүрген жайымыз бар.

Не пайда бар мың адам,
Сыртын көріп таңдансын.
Онан дағы бір есті,
Ішкі сырын аңғарсын.

Абай мен өлең сөздеріне дәл баға берген өінің замандасы - жыр алыбы Жамбыл Жабаев. Абайдың өзін көрмесе де, өлең сөздерін оқып: «Абай - өлең сөздің пайғамбары» деген екен. Абай мен Жамбыл заманында әлі де болса, рухани тұрғыда тариқат деңгейіне көтерілген көзі тірі ишандар мен  ахундар көп болған. Ишандар көбінесе ұстаздықпен айналысса, ахундар ұстаздықпен қатар адамдарға Алланың хикметін уағыздап, елді бірлікке, адамгершілікке шықырып жүрген руханият көсемдері мен көшбасшылары болған, елдің рухани ұйытқыларының  қызметін атқарған. Қазақтың нағыз ақындары деп осы ахундарды таныса қисынға келеді, шындыққа да жанасады. Абайдай даналар мен Жамбылдай жыршы-жыраулардың дүниеге келуі қазақ даласындағы ишандар мен ахундардың арқасы. Бір сөзбен айтқанда, «ақын» сөзінің шығу тегі «ахун» сөзімен тамырлас деуге болады.

Ашық интернет дерек көздері мен баспа беттерінде қазақ дласындағы ахундар мен ишандар жайлы тарихи деректер өте көп. Мақаламыздың рухани мағынасының дәлелі ретінде сондай деректердің екі-үшеуін келтіре кетейік.

Абайдың әкесі Құнанбайдың жақын рухани досы болған Досжан ишан жайлы деректер өте көп. Меккеге Досжан ишан Нұрфайыс ишан және Жұмағали ишанмен 1874 жылы Құнанбай тобымен бірге қажылық сапарға барған. Досжан Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Досжан ишан Меккеге үш рет барып, Абайдың әкесі Құнанбаймен танысып, екеуі бірлесіп Тәкие-қонақ үй салдырған. Аталған қонақ үй Досжан ишан атына жазылады.

«Абайдың әкесі Құнанбай Меккеге бара жатқан екінші сапарында Сыр еліне келгенде Қалжан ахуннан бата сұрапты. Құнанбай Қалжан ахунға «Менің сүйегім Меккеде қалса, Пайғамбар жатқан жерде өліп кетсем де арман жоқ деген бата бер» деп сұраған. Біреуге өлім тілеу оңай ма? Бұған дейін ешбір жауаптан қысылмаған ахун тілегіне іркіліп қалыпты. Қасында тұрған туған ағасы Бозжан ахун: – Батаны мен берейін «Ер тілегі болса қалсын, Ел тілегі болса келсін!» деп бата берген екен. Содан елдің тілегі қабыл болып, Құнанбай екінші рет қажылықтан аман-есен оралған екен.

Құнанбайдың ауылында Тұрсынқожа деген ишан болған екен. Құнанбай оның шын қожа екеніне күмәнданып, қалжыңдап «қожамысың, сартпысың?» деп тиісіп жүреді екен. Бірде Құнанбай жалайырлар барымталап әкеткен асыл тұқымды бір үйір жылқысын Жетісу жақтан айдап келе жатады. Жолай жол көрсеткен жанашыр ақсақалдар Қаратал өзенінің Балқашқа құяр сағасында өткел барын, мүмкіндігінше ол жерге қонбауларын ескертеді. Себебі торуылдап жүретін қарақшылар барын айтады.

Жолды алдын реті солай келіп, қауіпті жерге қонуға тура келеді. Таң ата «жау шапты!» деген дабылдан барлығы атқа қонып өзеннің өткеліне қарай жылқыларды айдай бастайды. Көктем кезі өзеннің мұзы жарылып өту мүмкінсіз болады. Сонда Құнанбайдың ойына Тұрсынқожа түсіп, «Көмектес!» деп атын шақырып айқайлап, өзенге қойып кетеді. Барлығы аман есен өзеннен өтіп арттарына қараса, қарақшылардың суға батып жатқанын көреді.

Жолда Құнанбай қасындағы атқосшысына үлкен айғырдың баласын Тұрсынқожаға алып баруын тапсырады. Ауылына жеткенде «үлкен айғырды қоса бер» дейді. Жолда Құнанбай Тұрсынқожаға ұшырасады, сонда Тұрсынқожа амандық саулық сұрасқаннан соң:

-Құнеке, айтатын болсаң, сеніп айтпайсың ба? Сенбейтін болсаң, несіне айттың, зорға үлгердім ғой, қарашы мынаны?! деп көйлегін көтеріп, жон арқасын көрсетеді. Арқасындағы ат тұяқтарының ізін көріп, Құнанбай Тұрсынқожаның шын қожа екеніне иман келтірген екен.

Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы!

Абай мұрасының құндылығын екі тұрғыда бағалауға болады. Біріншісі, ғылыми: Абай өз заманындағы барлық қолы жеткен әдебиет пен ғылым жетістіктерін зерделеп, өмірлік тәжірибесі, ақыл таразысы мен ар-ұжданының сынынан өткізіп, қазақты, қала берді адамзат баласын қараңғылықтан алып шығатын жол табуға ұмтылды, ұрпақ тәрбиелейтін заманауи ілімнің іргетасын қалады. Екіншісі, әдеби құндылығы: өсиет-өнегелерін өлең сөзбен өріп, өлең қалпымен өрнектеді, қалғанын қара сөзбен жазды. Поэмалары, аудармалары мен әндері - өз алдына бір төбе.

Абай ұрпақ тәрбиелейтін ілімнің заманауи іргетасын қалағанымен, арманына жете алмады, себебі оны кемеліне жеткізуге мұршасы жетпеді. Сол үшін де өзегі өртеніп, өмірден өкінішпен өтті. Абайдың аманатын арқалап, қол жеткізе алмаған арманын іске асыру мақсатында немере інісі, әрі шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы ағасының қазасынан кейін жылын күтпей алыс сапарға аттанды. Таяу шығыс елдері мен Түркияны, Европа елдері мен Ресейді аралап, жеті жыл дегенде елге оралды. Мекке-Мәдина, Стамбул және Кәрі құрлық кітапханаларын түгел сүзіп, соңғы ғылымның жетістіктері мен құнды кітаптарды алып келді.  Шыңғыс тауының бөктерінде саятшылық құрып, алашордашыларға қосылмай, ізденісін ары қарай жалғастыруға кірісті. Шәкәрім Құдайбердіұлы Абайдың аманатына адал болып, арманын орындады. Ол өз алдына бөлек үлкен бір әңгіме.

Абай өзі көзі тірісінде қол жеткізген жетістігі -  адамзатты тәрбиелейтін заманауи ілімнің әдіс-тәсілдері мен көрнекі құралдарын жасады. Қазіргі ғылыми тілмен айтқанда тәрбие әдіс-тәсілдерінің ғылыми-теориялық негіздерін қалап, тәрбие білімінің қайнар көзін көрсетіп, оны қолдану әдіс тәсілдерін шыңына жеткізіп, кемелдендіріп кетті.

Әлемнің бірінші ұстазы әл-Фараби: «Тәлім – тек сөз арқылы, ал тәрбие – сөз де, әрекет те арқылы болады» десе, қазақ тілінің атасы Ақымет Байтұрсынұлы «Көрнек өнердің ішіндегі асылы – сөз өнері. Өнердің ең алды – сөз өнері» дейді. Абай Құнанбайұлы осы сөз өнерінің қыр-сыры мен құдіретін көрсетіп, кемеліне жеткізді. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» деп, тыңдаушысына нық сеніммен айтып отырғаны да сондықтан.

Ал енді ғылым мен тәрбие ілімінің қайнар көзі - Құран Кәрім мен пайғамбардың (с.ғ.с) хадистеріне  Абай кәміл сеніммен иман келтірді. Сондықтан да Абай сөздің басы - аят-хадис дейді:

«Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітмысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы?»

Құран Кәрімнің мазмұны мен мәтіндік құрылымына назар салып қарасаң, тұнып тұрған ғажайып ұйқастар мен керемет сөздік үйлесімдерді көресің.  Аяттардың мағынасына зейін салып оқитын болсаң өзінен өзі әр түрлі әуендер келіп, жүрегің әндетіп сала береді. Бұл жүректегі рухтың қасиеті: рух өзінің азығын ән, әуен, әуез арқылы алады.

Абайдың жаңашыл, тың ұйқастарды дүниеге алып келуінің себебі де осы Құран Кәрімнің ғажайып мәтіндік құрылым қоры болса керек. Оны Құран аяттары мен Абай өлең сөздеріндегі ұйқастарды салыстырып,  оңай аңғаруға болады. Мысалы, Абайдың «Сегіз аяғы» мен «Тин» сүресінің мазмұндық мағынасы мен өлең сөз құрылымдарының ұйқасы айна қатесіз дәл келеді: «Расында адамды ең көркем бейнеде жараттық. Сосын оны төмендердің төменіне қайтардық. Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер басқа. Оларға таусылмас сыйлық бар. Олай болса, сендерді сауаптан кейін не жоққа шығарады?(95:4-7)». Абайдың «Сегіз аяғын» сегіз аяттан түратын Тин сүресінің өлең сөз құрылымындағы тәпсірі деуге болады.

Рухтың, яғни жанның негізгі азығы – ғибратты ой. Ол туралы Абай өзінің жетінші қара сөзінде тамаша талдаулар жасап, соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіреді: «Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді».

Ғибратты ой жанға азық болып, жақсы сіңуі үшін оны берудің де дұрыс әдіс-тәсілдері бар. Рухтың азығы тамақ ретінде жанға сіңіп, санада мәңгі сақталуы үшін жадқа  жазылуы қажет. Ал жадқа жақсы жадылану (жақсы жатталуы) мақсатында, яғни жаттауға ыңғайлы болуы үшін ғибратты ойды өлең қылпымен берген тиімді. Өз кезегінде өлеңді әнге айналдырып айтса, тіпті, таптырмайтын тамаша тәсіл болады. Осы әдіс-тәсілдердің бәрін Абай тамаша меңгеріп, ұрпақты тәрбиелеу мақсатында жұмыстанды:

«Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып көңлін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ» 

Ғибратты ой, Құран тілімен айтсақ - көркем сөз, Абайша айтсақ – өлең сөз, барлығының заты,  рухани-энергетикалық табиғаты бірдей - жоғары жиіліктегі электромагниттік толқын.  Адам ғибратты ойдың дыбысы мен жазуын көз-құлақ арқылы қабылдап, тікелей миға жіберсе, ол ақылдың таразысынан өтіп, қысқа мерзімді жадта сақталады, уақыт өтуімен өшіп қалады, тез ұмытылады. Ал ғибратты ойдың дыбысымен қоса жүрек өз жиілігіндегі энергетикалық толқынын қабылдаса, ол эмоция тудырады. Эмоциялар кезінде адреналин мен кортизол бөлінеді. Бұл гормондар ми нейрондарының арасындағы байланыстарды күшейтіп, есте сақтауды жеңілдетеді. Ақпарат ұзақ мерзімді жадта сақталады.

Үгіт-насихат айтушы ақын өлең сөз қалпындағы ғибратты ойды өз әуеніне ыңғайлы өлең форматына салып тыңдаушыға жеткізсе өлеңнің, ән-жырдың жүрекке жетер жылуы, энергетикалық күш-қуаты болады.

Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Ән салар, жатқа алар,
Түбінде құр қалар.

Рухани азықты адам толғауы тоқсан қызыл тілдің көмегімен рухани әлемнен осындай үзілмейтін үйлесімді тізбек арқылы алады: «Бір тәуір дос тым-ақ керек, ойы мен тілі бөлінбес».

Қазіргі ғылымның құрығы жетпей жүрген құбылыс - осы рухани тізбек үйлесімділігінің сыры мен заңдылығы. Ол сырды Абай жақсы білді, себебі ол туралы аят-хадистерде тайға таңда басқандай білім қоры жетерлік: «Олар жер жүзімен жүрсе еді, сонда жүректері арқылы түсініп, құлақтары арқылы тыңдар еді. Шын мәнінде, көздер соқыр болмайды, бірақ көкіректегі жүректер соқыр болады» (22:46). Ол білімді Абай бізге былай баяндайды:

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

Рухани тізбек үйлесімділігін Абай осы бір-ақ шумақ өлең сөзге сыйдырып отыр. Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжып келетін толқынды жүрек қабылдайды. Жүрек пен миды байланыстырып тұрған ақылдың сәулесімен ол ақпаратқа айналып миға жадыланады. Дүниенің ляззаты міне, осылай ғибратты ойдың үйлесімді тізбек арқылы өлең сөзге айналып, миға жадыланғанында. Ғибратты ой тек құлақ арқылы қабылданса, ондай сыйды ала алмайды.

Бұл дүниенің ләззәтін ала алмайтын «ойсыз құлақ» деп кімді айтады Абай?  «Өлең сөздің патшасы» дегеннің, яғни ғибратты ойдың төресі – елеу, екшеу, сұрыптаудан өткен, мән-мағынасы толық, ойы анық, көркем түрде айтылғанын, сараланған сөздің ең асылы - сөздің сарасы екенін ұға алмайтындарды айтады.

Қайран тіл, қайран сөз - наданға қадірсіз

Қазіргі кезде қазақ тілінің қадірсіздігі жанымызға батады. Неге? деген заңды сұрақ маза бермейді ойлы адамға.  Абайды да бұл сұрақтың мазалағаны анық. Бірақ Абайдың заманы мен қазіргі кездің айырмашылығы жер мен көктей емес пе? Абайдың заманында бірен-саран переселендер мен  орыс отарлаушылары ғана болмаса, өзге ұлттардың қазақ тіліне ықпалы болмады және қазақша білмейтін қазақ кездестіру мүмкінсіз болатын. Ал қазір болса, қазақ тілді отбасы балаларының тілдері орыс тілінде шығуда, ағылшын тілінде шығып жатқан жағдайлар да бар. Бұл дерттің себебі неде?

Бұл дерттің себебі сол баяғы Абай айтқан тіл мен сөздің наданға қадірсіздігінде. Абайдың қадірсіз деп нені меңзегеніне мән бере бермейміз. Ол үшін алдымен тіл мен сөздің не екеніне, олардың ұқсастықтары мен айырмашылығы неде екінін түсініп алған дұрыс болар.

Мынадай қарапайым сұрақтан бастайық. Алдымен сөз пайда болды ма, әлде тіл ме?  Бұл сұраққа заманауи ғылым нақты жауап бере алмайды. Біреулері алдымен тіл пайда болды: «тіл адамның миында биологиялық бейімділік ретінде қалыптасқан, адамдар алдымен қарым-қатынастың күрделі құрылымы - тілді дамытты, содан кейін ғана сол тілдің ішінде жеке сөздер қалыптасты деген тұжырымды алға тартады». Енді біреулері алдымен сөз - атаулары пайда болды: «адамдар алдымен заттарды, құбылыстарды белгілейтін жеке атауларды қолданған, ол кезде толық грамматика болмаған, тек «сөздік қор» және қарапайым комбинациялар болған, кейінірек сол сөздерді жүйелейтін грамматикалық тіл пайда болды» деген көзқарасты ұстанады.

«Ең көне адам - гоминидтер дыбыстық сигналдарды қолданған, бірақ ол толық тіл емес, «лексикалық прототіл» болған. Тілдің күрделі формасы шамамен 50–100 мың жыл бұрын Homo sapiens кезеңінде пайда болған» деген тұжырымдар да бар.

Ал енді Абайша сөздің басы аят-хадиске сүйенетін болсақ, алдымен сөз сосын тіл пайда болған деген нақты аяттар бар. Одан да әрі қарай ой жүгіртсек, руханиятта «Дүниенің жаратылысынан бұрын сөз болған» деген тәмсіл бар. Дүниенің жаратылысы да Алланың әмірімен, яғни «Бол!» деген бұйрық сөзімен жаратылғаны Құранда бірнеше аяттарда айтылады: «Ол, көктер мен жерді жоқтан бар етуші. Егер бір істің болуын қаласа, сонда тек қана оған «БОЛ!» дейді. Ол бола қалады» (2:117). Бұл аяттардан сөздің шексіз жасампаздық күш-қуатқа ие екенін аңғара аламыз. Қазақтың «Әсері жоқ сөз - өлі сөз. Бидің айтқанын құл да айтады, аузының дуасы жоқ. Жақсы сөз жараны да жазады. Жылы киім тәнді жылытар, жылы сөз жанды жылытар. Жақсы сөзге жан семіреді, жаман сөзге жан түршігеді. Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады. Сөз сүйектен өтеді. т.с.с» деген мақалдарының астарында сөздің осы энергетикалық әсер ету қасиеті жатыр.

«Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Ақымет Байтұрсынұлы: «Не нәрсе жайынан жазса да Абай түсіндіріп, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады» дейді. Сөздің энергетикалық өлшемін Абай жайдың  қуатымен салыстырып былай түсіндіреді:

Қуаты оттай бұрқырап,
Уәзінге өлшеп тізілген.
Жаңбырлы жайдай сырқырап,
Көк бұлттан үзілген.

Ең әлсіз жайдың қуаты жуықтап 1 триллион Вт  ал күштілері одан шамамен 300 есе қуаттырақ болады. Елестетуге оңай болу үшін мынадай салыстыру келтіруге болады. Үйде қолданатын 100 ваттық шамның он милларды бір мезетте жанатын болса, ең әлсіз жайдың қуатымен пара пар болады екен. Бұл сандық салыстыруларды біз бостан бос келтіріп отырған жоқпыз. Сөздің дыбыстық толқын ретінде энергиясынан бөлек, рухани-энергетикалық қуаты әлдеқайда орасан зор күшке ие. Жоғарыда сөз болған Құнанбайды Қаратал өзенінің өткелінде қарақшылардан құтқарған Тұрсынқожа ишанның кереметін материалдық, атеистік, евроцентрлік ғылым тұрғысынан түсіндіру мүмкінсіз және заманауи түсініктегі адамның ақылы қабылдамайды. Ондай мысалдар қазақ даласында жетіп артылады: Маңғыстаудаға Бекет ата мен 362 әулие, Сайрамдағы сансыз бап, Жетісу мен Сарыарқа даласындағы сансыз әулелер, Абайдың замандасы теріскейдегі Мәшһүр Жүсіп барлығы тариқат деңгейіндегі, көкірек көздері ашылған, сөздің жасампаздық құдіретін қолдана алатын қасиетке ие болған,  адамдықтың шын мұратына жеткен жандар.

Абайдың аттарын атап медет сұрайтын шығыс шайырларының барлығы да осы өлкенің өкілдері:

Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд.

Адам бойына бітетін даналық пен парасаттылық, көсемдік пен кемеңгерлік, көрегендік пен кемелдік, өз кемшіліктерімен күресіп, өзін рухани дамытумен айналысқан кез-келген жанға қол жетімді. Ғибратты оймен азықтанып, рухы әбден семірген адамның ойлау қабілеті тариқат деңгейіне көтеріледі, нәтижесінде рухани әлеуеті ашылып, әдеттен тыс тылсым қасиеттерге ие болады. Қазіргі кезде тренд болып жүрген «миллионерлер мен миллиардерлердің ойлауы» мен рухани ойлаудың мехенизмдері ұқсас. Бірақ миллиардерлердің ойлау деңгейлері материалдық дүние өрісінің сатыларына көтерілгенімен рухани деңгейге жете алмайды.

Миллиардерлер ойлау қабілеттері арқылы материалдық игіліктерге иелік етіп, оған әсер ете алады, сол арқылы олар өздеріне байлықты басқара алатын қабілетке ие болады. Ал тариқат деңгейіне көтерілу үшін адам дүнияуи игіліктерден бас тартуы қажет.

Адам баласының адам болуының алғышарты – бойындағы ақыл-сезімі арқылы ғибратты ой ойлай алу қабілетін қалыптастыру. Бойында ғибратты ой ойлай алатын адамның бұл өмірде қол жеткізбейтін биігі, сырын түсінбеген терең тұңғиығы болмайды.

Малда да бар жан мен тән,
Ақыл-сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса.

Ондай қабілетке жету үшін адамға ең маңыздысы жан азығы - ғибратты ой, яғни өлең сөз қажет. Тіл ойдың тәні  болса,  жаны – сөз. Тіл-әдебиет ғылымдарына жан бітіру үшін осы қағидаларды қатаң ұстану қажет. Қазіргі кездегі қазақ тілінің қадірсіздігі жаны кетіп, тәні қалғанында. Материалдық, евроцентрлік ғылым құрсауының кесірінен ғалымдар «қазақ тілін тірілтеміз» деп жанмен емес, тәнмен әбігер болуда. Жаны жоқ тәннен қайыр жоқ. Сол сияқты жаны жоқ қазақ тілінен қайран жоқ. Қазақ тілін тірілту үшін евроцентрлік ғылымның құрсауынан шығып, әл-Фараби іргетасын қалаған, Қожа Ақымет Яасауи кемеліне жеткезгін, Абай заманауи қалыпта қайта жаңғыртқан, әлемде теңдесі жоқ рухани ілімдер жүйесі – жүрек ілімін ғылыми негізге алу қажет. Олай болмаған жағдайда осы уақытқа дейін май шықпайтын малтаны бекер босқа езе береміз.

Ақыл мен хауас барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр.
Мұтәкәллимин, мантикин
Бекер босқа езедүр

Қайда барып оңайын?

Ғылымның мақсаты - ақиқатты тану, дүниенің шынайы бейнесін қалыптастыру және сол білімді адамзат игілігіне жарату. Кез-келген зерттеудің рухани, мәдени, әлеуметтік-экономикалық пайдасы болмаса, босқа кеткен шығын шығын болып есептеледі. Осы тұрғыдан алғанда абайтану ғылыми-зерттеу саласының қазаққа пайдасы бар ма? Абайтану мен Абайды таныту саласына аз қаражат жұмсалып жатқан жоқ мемлекет қазынасынан.  Жұмсалып жатқан қаражаттың қайтарымын немен, қалай өлшейміз? Қазаққа қандай игілік болып қайтып жатыр?

«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде  бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» дейді Абай. Абайтанудың 100 жылдық межесінде өзімізге өзіміз есеп беріп көрейікші. Біздің пайымымызшы Абайдың аманатын ақтаған, ауыз толтырып айтуға тұрарлық, қазаққа рухани азық бола алатын үш тұлғаның еңбектерін атауға болады: Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ар» ілімі, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопясы мен Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми айналымға енгізген Абайдың «Толық адам» ілімі.

Мың-сан абайтанушылардың армиясы жүріп, мемлекеттік идеологияны жасай алмай отырмыз. Адамзат деңгейіндегі ұлы Абайдай данасы бар мемлекеттің ұлттық идеологиясының болмауы абайтанушылар үшін сын емес па? Мемлекеттік идеология былай тұрсын, білім саласының тәрбие тұжырымдамасын да жасай алмай отырған абайтанушыларға қандай баға беруге болады?

2020 жыл,  қаңтар айының 8-ші жұлдызы күні Абайдың 175 жылдық мерейтойының қарсаңында, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді стратегиялық мәнді мақаласы жарық көрді. «Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» дей келе, сол кездегі Білім және ғылым министрлігіне тікелей тапсырма берген еді: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін»..

Көп ұзамай ғалымдардың жұмыс тобы құрылып, Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде жаңа білім стандарты мен білім мазмұнын жасау жобасы басталды. Бірақ, көп ұзамай, сол кездегі министрдің алдына барған жоба бекітілмей, кері қайтарылды. Содан бері ол жобаның аты да аталмай, ұмыт қалды. Президенттің ұлт  пен ұрпақ тәрбиесі үшін үлкен стратегиялық маңызы бар  тапсырмасын аяқ асты еткен экс-мининстр Асхат Аймағамбетовтың азаматтығын қалай бағалаймыз?

2025 жылы президент Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда тәрбие мәселесін көтеріп, тағы да тапсырма берді Оқу-ағарту минитрлігіне: «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрқашан қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан білім мен тәрбиеге қатар айрықша назар аудару өте маңызды».

Қазақстандағы қаншама акадеимя, университтетер, ғылыми-зерттеу иституттардың педагогика саласында жұмыс жасап жүрген жүздеген ғалымдар мен абайтанушылар армиясы жасай алмаған дүниені «Білім-инновация лицей» мұғалімдері жасап шықты. Оған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы», сосын «Адал азамат» деген атау беріліп, Қазақстанның білім жүйесіне еніп жатыр. Біздің пайымымызша пайда болған жаңа дүние тәрбиеден көрі тәлімнің әдіс-тәсілдеріне, «Құқықтану»  сияқты жаңа контент пен сол контентті заманауи әдіс-тәсілдер арқылы меңгертудің жаңа пәніне көбірек ұқсайтын сияқты.

Шынын айту керек, тәлімдік тұрғыдан алғанда алғанда Сара апамыздың «Өзін-өзі тану» пәні әлдеқайда пайдалырақ еді. Себебі 2008 ші жылдан бері бастау алған бұл үдеріске қазынаның қаншама қаражаты жұмсалды, мықты педагог-психолог ғалымдардан жасақталған дүйім бір институт жұмыс жасады. Жасалынған жұмыстар тәжірибе алаңдарында сынақтан өтіп, халықаралық сарпшылардың назарынан өтті. Жоғарғы оқу орындарында мыңдаған мамандар оқытылып, «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі деген дипломдар берілді.  Бұл пәнге тек бір нәрсе ғана жетіспеді: мазмұнын ұлттық контентпен, ұлттық құндылықтармен алмастырса әлемде теңдесі жоқ пән болар еді. Қайран, қаншама далаға кеткен қаражат пен еңбек! Келмеске кеткен халық қаражатының сұрауына кім жауап береді?

Ғылыми негізінен көрі саяси салмағы басым «Адал азамат» біртұтас тәрбие беру бағдарламасын білім жүйесіне енгізерде осы мәселелер ақыл таразысына тартылды ма екен? Себебі әділетті «Жаңа Қазақстанға» адал азаматтардан бөлек мейірімді, жомарт, қанағатшыл, т.б. қасиеттерге ие адамдар да керек шығар.  Ертеңгі күн, саяси ахуалдың өзгеруіне қарай тағдыр талқысы қалай болатынын кім білсін ?

Тәрбие мәселесін  пән арқылы шешетін болсақ, мына мәселені ойда ұстауымыз қажет. Барлық пәндер мазмұны жағынан «тәрбиелік» және «білімдік» болып екіге бөлінеді. Білімдік пәндерге жаратылыстану пәндері мен тарих, тілдер, т.б. жатса, тәрбиелік пәндерге әдебиет, музыка, көркемсурет, еңбек, спорт, хореография, сақыналық қойылым, т. б жатады. Пәнаралық байланыс әдіс-тәсілдерін пайдаланып, әдебиет пен өнер пәндерінің мазмұнын ұлттық құндылықтармен байытсақ және  Абайдың өлең сөз тәсілін қолданатын болсақ, проблеманың жартысы шешіліп қалар еді. Ол дүниеге қолымыз жету үшін тағы да бес-алты жыл өтуі керек шығар.

Дүркіретіп Абайдың 180 жылдық мерейтойын өткіздік. Миллиардтаған қаржыдан қазақтың қазынасына қандай пайда келді? Жұмсалған қаражаттың саяси-экономикалық және рухани-әлеуметтік тиімділігіне баға беру - әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Оны тойдың тізгінін ұстаған Берік Уәли мырза береді деген үміттеміз.

Біз өз тарапымыздан тойдың шарықтау шыңы болған «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы мен «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты ғылыми-практикалық конференцияға баға беріп өтуді жөн көріп отырмыз.

Айтыстың әлемде басқа ұлттарда кездесе бермейтін теңдесі жоқ өнер және оның қоғамдағы рухани қызметінің қандай екендігін айтып жату артық болар. Алайда сол киелі өнерді халықтың санасын оятуда орынды пайдаланудың орнына, оны мал табу мен мансап қуудың құралына айналдырып алған ақындарға не айтуға болады?

Егер Абай тіріліп келіп, айтысты бастан аяқ тыңдар болса, ақындарға «өлең сөздің сарасын қиыннан қиыстырып шығаратын ер емес», «ынсп-ұят, ар-намысты керек қылмаған ез» дер ма еді, бәлкім одан да қаттырақ айтар ма еді бір Аллаға аян.  Өз туған жерінде жүріп еңсесі езілген елдің кем-кетігін айтып, олардың санасын оятатын, рухына дем беретін өлең сөз айтудың орнына, қаймана қара қазақ қадалып қарап отырғанда «қыздың кетігіне қалануды» айтқан ақыннан не қайыр, не үлгі, не өнеге? Санасы белден төмен сондай ақынды «сұлу айтыс жасады» деп финалға шығарып, бас жүлде берген әділқазылардың санасында ұят деген қасиеттің сәулесі де қалмаған ба? Айтқаны әкімге - әмір, министрге - міндет болмағасын ақын атанып не керек?   Ұлтқа үлгі боларлық көсем, халықтың шерін билікке басып айтатын шешен болмағасын оларды дәріптеп, астына ат мінгізу ақымақтық емес па?

Ғылыми-практикалық конференцияда министр Саясат Нұрбек Абайдың «Толық адам» ілімінің негізінде тәрбие концепциясының жасалып жатқандығы туралы үш рет қайталап айтты. Бірақ оның «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен байланысы бары, я жоғы туралы ешнәрсе айтылмады. Екі министрліктің жасап жатқан екі түрлі тәрбие тұжырымдамаларының қай жерде, қалай түйісетіні қызық болды бізге. Аспанда Үркер мен Айдың тоғысын көруге ынтыққандай күтуден басқа амал жоқ.

Елге танымал абайтанушылардың баяндамаларын тыңдап, салымыз суға кетті. Себебі ғылымның мақсаты тек таным емес, игілік алып келу екенін ескерсек, абайтанушылардың еңбектерінен елге пайдасы тиетін игілікті көре алмадық.  «Мың жүрек, бір жүрек» атты баяндамада Абайдың еңбектеріндегі жүрек күйінің түрлерін санап таңырқау, басқаша айтқанда,  статистикамен айналысу неге керек? Одан да бір ғана күйдің табиғатын ашып, соның психологиясын талдап, жақсылық болса арттыру, ал жамандық болса алдын алудың амалдарын ұсынса пайда болар ма еді?

Енді бір баяндамада  «рационализм», «иррационализм» деген философиялық-ғылыми терминдерді қолданудың куәсі болдық. «Абайда иррационализм басымырақ» деген сөзді қарапайым қазаққа қалай түсіндіруге болады? Абайдың танымын тек материалистік-рационалистік ғылым шеңберімен шектеу жеткіліксіз. Абай дүниетанымы - терең рухани ілім. Теологиялық тұрғыдан алғанда, ол шариғат деңгейінен биік, тариқаттық рухани кемелдікке жақын, терең дүниетаным иесі

Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.

Материалистік, евроцентрлік ғылымның жасап берген ақиқатты танытпаудың құрсауынан құтылмай, қазақ дүниетанымының рухани тереңдігін, ұлттық құндылықтардың табиғатын тану мүмкін емес. Сәйкесінше, ұлттық сананы ояту, сөнген рухын жандандыру да мүмкінсіз. Сондықтан да қазіргі қазақтың күні қараң, болашағы бұлыңғыр.

Қазақ пәлсапасының қазіргі беделділерінің бірі, академик ағамыздың: «Абай сияқты данышпандарды ешқашан танып болмайсың. Біз Абайды таныдық деген абайтанушылар бар, олардың ақыл-есі дұрыс па?» деп айды аспанға бір-ақ шығарғаны соның көрінісі.

Сонда Абай еңбектерін жанын пида етіп не үшін жазды? Елден асқан ақын болып, артқы ұрпақ өмір бойы өзіне тамсанып мақтаумен өтсін, күрмек кәсіппен айналыссын деді ма? Ескі Қазақстанның аты бар да заты жоқ іске аспаған жобалары сияқты ғылымсымақтың (псевдоғылым) қазаққа не пайдасы бар?

Ғылым мен білімнің сыйқы мынау, ұлттың ар-намысы, ұяты, жан дүниесінің айнасы -  ақындардың түрі анау.

Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін - өсекші, жүртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей

Ерұлан Жиенбаев

Abai.kz

0 пікір