"КӨК БАЗАРДА" КӨП ҚЫТАЙ ЖҮР. ҚХР ӨКІМЕТІ АЛАҢДАУЛЫ
«Көк базардың» ішіндегі асханалардан түстенетініміз бар. Қашан барсақ та, алдымыздан топтасып, 20-30 ханзу ұлтының адамдары шыға келеді. "Олар базарда не істеп жүр?", "Оларды тексеріп жатқан құзіретті органдар бар ма?" деген секілді сұрақтар көкейімізге оралады.
Бүгінде отыздан астам қытай алдымызды кесіп өте берді. «Көк базардағы көкөністер сатылатын қатарда әр жемісті бір ұстап, бағасын сұраған болады. Аяқты алшаң тастайды. Еркін. Олардың бұл жүрістері біздің кәсіби қызығушылығымызды тудырып: «Кім ағылшынша біледі?» деп сұрадық. Ішіндегі жолбасшысылары аздап ағылшынша сөйлейді екен.
- Сіздер кімсіздер? Мұнда не қылып жүрсіздер? - дедік төтелете.
- Бізді қайтесің, өзің кімсің? - деді жолбастаушы фотоаппаратымызды қолымен итеріп тастап.
- Журналист едік, ҚР Заңы бойынша біз кез-келген жерден ақпарат алуға құқылымыз, - дедік біз.
Сол-ақ екен жолбастаушы басқаша сайрап қоя берді.
«Бұл кісілер туристтер, ертең Қытайға қайтады. Быды, быды..»
Бұл бір ғана дерек. «Көк базардағы» сатушылар бұлардың соңғы кезде тым көбейіп кеткенін айтады. Біздің елімізде қазір дәл осындай «туристердің» қаншасы жүр? Белгісіз...
«Көк базар» - қалталы туристер аралайтын сауда орталығы емес. Бұл – арзан азық-түлік сатып алатын жер. Мұндай базарда ұзақ мерзімге жететін азық-түлік алушылар жүреді.
Біздің алдымыздан шыққан осы отыз адам отыз отбасының азық-түлігін сатып алып жүргендер емес пе? Күдік деген жаман ғой. Олар «Қазақ жерін жалға алып, одан шыққан өнімді қаншаға сатамыз?» деп арманның ақ пырағына мықтап мінгендер болуы да әбден мүмкін ғой.
Сіз не дейсіз?
Түйін: Бүгін Қытай Өкіметі арнайы бұйрық шығарып, Қазақстанда ертең болуы ықтимал митингке байланысты өз азаматтарын сақ болуға шақырыпты. Олардың қауіпсіздігі мен сақтығын, әрине, біздің құқық қорғау органдары өз мойындарына жүктеп отыр. Сондай-ақ, Қазақстандағы қытай азматтарының хал-ахуалына ҚХР-мен арада сауда-саттықтың ыңғайымен шапқылап, қытай кәсіпкерлерімен қоян қолтық қарым-қатынас жасайтын ҚР азаматтары да алаңдайтын шығар...
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz