Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Қоғам 7694 0 пікір 13 Маусым, 2016 сағат 15:42

ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ: АҚТӨБЕДЕГІ ЖАҒДАЙ КЕЗ КЕЛГЕН ҚАЛАДА ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН

Жақында Ақтөбедегі терактіге қатысты қазақстандық және шетелдік БАҚ-та түрлі талқылаулар жүрді.  Әсіресе, құдайы көршіміз Ресейдің ақпараттық арналары Ақтөбе оқиғасына қатты «алаңдаушылық» білдіріп, тікелей эфир арқылы дүркін-дүркін бағдарламалар ұйымдастырды. Солардың бірі «РБК» арнасындағы Таманцевтің  бағдарламасына қазақстандық саясаткер Әміржан Қосанов та қатысқан болатын. Дәл осы бағдарлама барысында ресейлік саясаткер Евсеев Ақтөбедегі оқиғаға қатысты, РФ әскери көмек беруі тиіс екендігін айтты.

Осыған байланысты саясаткер Әміржан Қосанов мырза «Abai.kz» порталына арнайы сұхбат берген болатын.

-Қазақстандағы ресейлік арналардың про-кремльдік агрессорлық, дезинформациялық саясатты ұстанып жұмыс жасайтынын білеміз. Жақында өзіңіз қатысқан «РБК» арнасындағы Таманцевтің де бағдарламасы дәстүрлі сценарийге түзілген екен. Бағдарлама барысында РФ Ақтөбедегі оқиғаға қатысты біздің елге «көмектесу» туралы ойлары да айтылды...

Ресейдегі БАҚ жағдайы бізде қалыптасқан ахуалға айна қатесіз ұқсайды ғой: шын мәнінде баламалы болмаса, абсолютті түрде тәуелсіз БАҚ болмайды. БАҚ болмаса, қалғанының бәрі Кремльдің ақпараттық қолшоқпары емес пе?! Сондықтан да өзінің біршама либерализміне, ара-тұра балама ой-пікір иелеріне мінбер беріп тұратынына қарамастан, РБК арнасы да сол Кремль өз қолымен жасаған прокруст төсегіндегі қалыптан асып кете алмай отыр ғой. Бәрі де шектеулі, бәрі де реттеулі. Әсіресе, геосаяси мәселелерге қатысты кремльдік цензура зор екені айдан анық.

Оның үстіне мен сол хабарда айтқан «Қырым аннексиясынан кейін Ресей қарулы күштеріне кешегі Совет Одағының құрамында болған республикалардың (бүгінде – тәуелсіз мемлекеттер) көзқарасы басқаша, яғни ертең басқа да елдің аумақтарын Ресейдің ұлттық мүддесі бар деген желеумен «Крым наш» дегендей, «пәленше жер біздікі» деп айтпасына кім кепіл?» деген сыңайдағы сөзім оларға түрпідей тигені байқалып қалды.

- Бұл хабарды жасау арқылы Кремль өзінің негізгі  көзқарасын байқатты ғой, демек...

- Әрине, телеарнаның бір хабарынан соншалықты үлкен түйін түю артықтау болар. Бірақ, меніңше, осы хабар Кремльдің ресми көзқарасының айнасы іспеттес боп тұр.

Студия қонағы Евсеев мырзаның «Если бы Россия хотела бы присоединить» деп бастап, Батыс Қазақстанды атап қалуында үлкен мән жатыр. Фрейд бойынша деген сөз бар, яғни ойындағысын осылайша байқамай айтып қалады.

Және де «Қазақстанда билік ауысып жатса, біздің көмектесуіміз керек» деген сыңайда пікір білдіруі де небір жаман ойларға жетелейді. Яғни, Ресейдегі белгілі бір топтар ішінде талқылау барысында осы тақырып қозғалатыны рас болып тұрғыны ғой.

- Десек те, Евсеевтің сөзінің жаны бар сияқты. Қазақстан дүние жүзінде ешкімнен қорықпайды. Тек Ресей мен Қытай десе үркіп шығамыз...

- Бұл өзі Ресейдің ресми билікке бір табан жақын зерттеу орталықтарының жиі пайдаланып жүрген бір тезисі. Оның артында бізді басқа өркениетті әлемнен ажыратып, «көршілік парызды» негізге алып, өз қорасына кіргізу ниеті жатыр. Шындығына келсек, кез келген мемлекет тек қана көршілерімен күн көрем деген стратегия құрмауы тиіс. Қазір әлем архитектурасы өзгеріп жатыр, ғаламдық геосаяси қайта құру жүріп жатыр. Сондықтан да қасыңдағы көршімен жақсы бола тұрып, алыстағы «ағайынды» да ұмытпау керек!

-Бізде экстримизммен күрес туралы сонау жылдардан бері айтып келе жатқанымызбен, билік бұған аса мән бермеген еді. Әсіресе, жұрттың да, жоғары биліктің де назары «Жер мәселесіне» ауып кеткен тұста, дәстүрлі емес діни ағымдар назардан тыс қалып қойды. Бұған себеп болатын тағы бірнеше фактор бар... 

- Экстремизмнің де экстремизмі бар! Мәселен, өз басым осы жылдар бойына: «Қазақстан Конституциясы мен заңдарының аясында қимыл-әрекет жасайтын ресми саяси оппозиция ауадай қажет! Нақ осы күштер ел ішіндегі билікке наразы әрі оның саясатына балама пікір айта алатын прогресшіл азаматтарды біріктіруі керек. Және сол оппозиция мемлекет пен Тәуелсіздік мүддесін билікпен бірге қорғауы тиіс» деп айтып келе жатырмын. 

Билік болса, сол отаншыл, заңшыл, шектен шықпайтын, әсіре радикалды емес оппозицияның көзін өз қолымен құртты. Біреулерді сатып алды, екіншісін қорқытып-үркітіп, саяси алаңнан кетірді, ең мықтыларын – өлтірді, не соттап, түрмеге жапты, не шетел асырды! Қазір бізде оппозициялық деп атауға моральдық құқы бар заңды партия жоқ!

Енді, міне, біз секілді легалды оппозицияны тұқыртып, легалды емес, ешбір заңды мойындамайтын, ең бастысы, қолына қару ұстап, көшеге шығудан қаймықпайтын, ешқашан мәмілеге келмейтін оппозиция тауып алды!

Мұның өзі, Ақтөбедегі оқиға көрсетіп отырғандай, ағымдағы биліктің ғана емес, тұтас мемлекеттің болашағына, оның конституциялық іргетасына қауіп туғызатынын барша жұрт түсінуі тиіс!

- Біздің елде, осы уақытқа дейін көргеніміздей, себептің алдын алумен емес, салдарымен күресу дейтін індет бар. Ақтөбеде үлкен теракті орын алды. Қаралы күн жарияланды. Бұл ел тарихындағы 7-қаралы күн еді. Сабақ болды дейміз-ау, бірақ одан шығарған қорытынды қандай болмақ? 2010-жылғы лаңкестік шабуылдардан да біз сабақ алдық дедік. Бірақ, бұл қайталанды. Осыдан кейін де қайталанбасына кім кепіл?

- Тиісті қорытындыны сонау Жаңаөзен қанды қырғынынан кейін жасау керек еді. Содан кейін де елдің бірқатар жерінде терактілер болды. Тергеу қайда? Осы оқиғалардың нақты идеологтары мен ұйымдастырушылары қайда? Неге осы трагедиялардың түпкі себептері анықталмады? Гәп сонда! Өткен терактілер кезінде бір де бір террорист қолға түспеп еді. Сұрайтын адам қалмады. Қазір олар қолға түсіп отыр. Енді тергеу органдары олардың бет-жүзін, берген мәліметтерін қалың жұртшылыққа көрсетуі тиіс. Әйтпесе, жасыратын несі бар, ел ішінде Ақтөбе трагедиясына қатысты әртүрлі гу-гу әңгіме бар.

Және де біздегі ең басты кемшілік - билік бәз-баяғы қалпы:  «Осы терактілерді тек қана сырттағы жаудың ниеті, солар нұсқау берді, қаржыландырды» деп, бар кінәні шетелдегі күштерге артып, өз жауапкершілігінен ат-тонын ала қашып отыр.

Әйтпесе, жастар жайдан-жай қолына қару ұстап көшеге шыға бермейді ғой?! Оның тек қана идеологиялық (теріс ағымдарды айтып отырмын) қана емес, әлеуметтік-экономикалық себептері бар емес пе? Жастар арасындағы жұмыссыздықтың өзі не тұрады?! Оқиын десе, үйленейін десе – ақша жоқ! Әкімдерге барса, олар шарасыз. Ал радикалды діншілдер ол жастардың үйіне өз аяқатырмен келеді, жанашырлық танытады, көмек береді. Сөйтіп, жастар оларға өз ықтиярымен ереді.

Міне, күштеу органдары «Ақтөбеде антитеррорлық операция аяқталды» деп рапорт беріп жатыр.

Ал Ақтөбе, Қазақстандағы көп қаланың бірі ғана. Ал жоғарыда аталған проблемалар Қазақстанның кез келген аумағында бар, соны тағы ескерусіз қалдырды.

-Түсінікті, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3500