Жұма, 29 Наурыз 2024
Шынның жүзі 9358 0 пікір 11 Шілде, 2016 сағат 10:10

ЖЕРДІ ШЕТЕЛГЕ ЖАЛҒА БЕРУ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЛМЫС

 Жерге байланысты жарияланған мораториядағы негізгі мәселе, – ол 1,7 млн га жерді шетелге (Қытайға), не шетелдік үлесі бар компанияларға 25 жылға жалға беру туралы 2015 жылы қарашада Жер Кодексіне енген өзгеріс. Жер комиссияның облыстардағы отырыстарында осыған байланысты сұрақтар мен талаптар, жалпы қаралатын мәселелердің 80 пайыздан астамын құрағанмен, ол қоғамды екіге бөліп, біржақты келісім таппай келеді. Осы мәселеге байланысты жасалған зерттеулер мен халықаралық тәжірибеге сүйенсек, төмендегідей қорытынды жасауға болады:

1). Жалға берілетін жерде негізінен (80% дейін) шетелдік мамандар мен жұмысшылар жұмыс істейді. Оның, Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етудегі үлесі өте төмен (20-25% деңгейінде) және мұнайгаз т.б. салалардағы тәжірибе көрсеткендей ол жерде істейтін, шетелдің азаматтармен квалификациясы бірдей біздің мамандардың табыстары 5-8 есе төмен яғни бұл жерде ашық дескриминацияны көреміз.

2). Жерді жалға беру, - ол өзіміздің азаматтардың а/ш дамытуға тікелей араласуына кедергі келтіреді және отандық агробизнесті дамытпайды. Ол ауылдық жердегі 40%-дан астам жұмыссыздық пен баспанасыз жүрген 50-55% жастардың  мәселесін шешпейді. Оны шетелдік компанияларға берген мұнайгаз саласындағы отандық (Ұлттық және жеке) компаниялардың үлесінің 18%-дан аспауынан көреміз. Жалпы елдегі шетелдік компаниялардың ешқайсысы істеп жатқан жерлерінде әлеуметтік мәселелерді шешуге (бала-бақша, мектеп, аурухана салу т.б.) араласқан емес;

3). «Инвестиция мен жаңа технология тарту үшін жерді жалға беру керек» дейтіндердің уәждері негізсіз. Себебі, соңғы 25 жылда Қазақстан жерді жалға бермей-ақ, «Джон-Дир», «Кейс», «Класс» т.б. әлемдегі алдыңғы қатарлы компаниялардың а/ш техникаларын алуда ТМД елдерінің алдында;

4). Соңғы 25 жылда а/ш-ның елдің ЖІӨ-індегі үлесінің 41%–ға түсіп кетуінің негізгі себебі, ол РФ мен Белоруссияға қарағанда осы уақытқа дейін мемлекеттен а/ш бөлінетін қаржының 10-16 есе төмен болуында. А/ш мемлекеттік бағдарлама арқылы және оның қолдауымен дамиды. Ал, оны дамытудағы шетелдік инвестицияның (қарыздың) үлесі белгілі бір кезде небәрі 15-20% болуы мүмкін. Бірақ, оның осы саланы немесе елдің экономикасын түбінде банкротқа кетіріп, ол елді инвесторға тәуелді ету қаупі жоғары. Оны түсінген Австралия Қытайға млн гектардай құмайт жерін жалға беруден бас тартты;

5). Ресейдің Қиыр Шығысында ҚХР компаниялары мен шаруалары жалға алған жерлер 5-10 жылдан кейін пайдалануға жарамсыз болып, сол жердің халқы жеміс пен көкөністі сырттан әкеледі. Ол, жерді шетелге жалға берудің экологиялық тұрғыдан зиянды, экономикалық тиімсіз екенін көрсетеді;

6). Жалпы, тарихта бір де бір ел жерін шетелге қысқа, не ұзақ мерзімге жалға беріп а/ш, не экономикасын дамытты деген болмаған. Ол нонсенс!

7). Керісінше, қазақ өткен ғасырда РФ, ҚХР және Өзбекстанға кеткен 100 млн гектардай жерінен айырылып отыр. Сондықтан, ол ешкімге жер қарыз емес, көршілері оған жер қарыз.

Жерінің біраз бөлігін Израильға берген Палестина тәуелсіздігінен айырылудың аз-ақ алдында тұрса, Вьетнам Қытайға белгілі уақытқа жалға берген жерін кері қайтара алмай отыр. Тәжікстан да территориясының 5/2 бөлігін құрайтын Бадахшан облысынан айырылудың алдында тұр...;

8). 1994 жылы Қазақстанның 10 млн гектардай жерін Ресей әскери полигон ретінде 80 жылға жалға алды. Ол полигондардың аймағында онкологиялық ауырулардың деңгейі орташастатистикалық деңгейден 10-12 есе, ана мен бала өлімі 2-3 есе жоғары. Қазақстанның ішінде Ресейдің полигондары мен әскерінің болуы –ол аннексияның бір түрі. Елдегі қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында Ресейдің Қазақстандағы әскери полигонын жауып, ондағы әскерді елден шығару мәселесін қойды;

9). Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге 50 жылға жалға беруден де Қазақстан экологиясы орны толмас зардап шегуде. Соңғы жылдары 7 рет жарылған Протон зымыранының әрбір жарылысының залалы бір атом бомбасының жарылысына тең.

10). Осы көктемдегі болған 7-8 қалада митингілердің себебі, ол жерді 25 жылға шетелге (Қытайға) жалға беруге қарсы наразылықтан туындаған еді. Қоғамда, оны елдің тәуелсіздігіне тікелей төнетін қауіп деп түсінді және ол күдік әлі күнге сейілген жоқ. Жер мемлекеттің негізі болғандықтан, қандай түрде де болса көршіге жер беру – ол болашақтағы бір шиеленсітің басы. Сондықтан, қоғамда жерді шетелге жалға беруді мемлекетке істеліп отырған сатқындық деп қарауда.

Ал, Қазақстан стратегиялық көршілерімен мәңгі татулықта болғысы келсе, онда барлық экономикалық, саяси, мәдени байланыстарды өзінің жер тұтастығына нұсқан келтірмейтін тұрғыдан жүргізуі керек. Бұл мемлекет тұтастығының көне заманнан келе жатқан қағидасы. Егер біз осы ұстанымға берік болсақ, онда Түркі қағанаты кезінен келе жатқан «Мәңгі Ел» идеясын іске асырамыз!

Жанұзақ ӘКІМ, Жер комиссиясының мүшесі  

Abai.kz               

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621